6ELLUCCI, Qiyal Darian
«Ne kerek»
Мүлдем жасырын 6ELLUCCI тобының Qiyal Darian-мен бірлесе жазылған алғашқы трегі тоталды капитализм мен байлар байып, кедейлер кедейленетін қоғамда Алматының алтын шаршысынан тыс екі жарым миллион шаршы километрде өмір сүретін, яки күн көретін жандардың жан айқайындай.
Соның өзінде трек қараңғы түнекте жарығын жоғалтпай, жарқын болашақ пен отбасысы үшін өз ісінің майталманы болып жарып шыққысы келетін нақты буынның нағыз бет-бейнесіне айналды.
dudeontheguitar
qūlağym sende
Дина Нұрпейісованың күйі мен қазақ халық әндерінің сэмплдерінен тұратын «qūlağym sende»-нің бастапқы ойы әйелдерге құлақ салу мен дауыс беру болса, Нұрбектің өз тамырларына орала отыра, сезімдер мен тарихты өз бойынан өткізіп, анасының киім тігіп отырып шырқаған әнін сэмпл қылып алуы – тек әйел болмысын зерттеу емес, Нұрбектің бойындағы анасы мен әпкелерінен дарыған қасиеттерден бас тартпай, қабылдауының белгісі болды.
Ayau
«AYAULYM»
Бір жыл ішінде отандық сахнадағы R&B жанрында өз орнын нық қалыптастырған «Закрытый клуб» лейблінің әртісі, Ayau-дың алғашқы «AYAULYM» үнтаспасы жасөспірімнің күнделігі мен жүрегіндегі ойларының әндерге айналған кейпіндей.
19 жасар Аяулым алғашқы бала мах аббатын бастан кешіп, пәк махаббаттың уақыт өте уайым мен қоштасуға әкелетінін әртүрлі жанрлар арқылы жеткізе отыра, соның өзінде сәби көзімен көрген жарық сәулесін жоғалтпай, тыңдарманға үміт сыйлайды.
Shiza
«ET»
Асхат Жолшиевтің үнтаспасы тыңдармандардың ұзақ уақыт бойы Оңтүстіктен көз алмауына себепкер болды. Ұзақ маринадталып» қуырылғанымен күйіп кетпеген балғын, дәмді ет көшелерде әр көліктен шығып тұратын айқай-шуға толы бэнгерлер мен жеке сезімдерге толы оқиғалар мен ой лектерінің жиынтығы болып шықты.
Edigee
«Quraq»
Өз диджей-сеттерінде батыстық поп-әндерден гөрі Орталық Азияның көне әндеріне басым беретін Едіге Batyr Lab музыкалық резиденциясының барысында алғаш рет тректер жинағын жазбалады. Құрақ – «адамның басы құралсын» деген ырыммен тігілетін көрпе.
Қазақ халық әндерінің техно жанрында әрленген баламасы және тойдағы тойшыл қауымның биі мен vogue бидің қосындысынан тұратын визуал – құрақ көрпедей күрделі құрылымды, әр оюы ортақ бейнені қалыптастыратын ауқымды туынды болып шықты.
Скриптонит
«7»
Соғыстың басына дейін мәскеулік өмірдің жалғандығы мен Павлодардағы өмірдің елестері туралы оқып келген отыздан асқан Әділ Қазақстанға оралып, ел мен сырттай тірі, іштей өлі жандардың бейнесі туралы ой легін оқып, өз жан дүниесімен бөлісіп, бірнеше қабатты күрделі музыкалық әрлеуімен тыңдармандарды өз әлеміне еңгізеді.
Darkhan Juzz
aūe
Дархан Жүнісбектің өмірден өткеннен кейін туған күнінде жарық көрген үнінің таспасы тыңдармандар асыға күткен осыған дейін естіген әндері мен жаңа туындыларынан тұрады.
Музыкадағы белгілі буын өкілдерінің келуіне себепкер болған жанның жаңа ән жинағы Дарханның шығармашылығында бар жылы, жарқын жарық сәулені жоғалтпай, тоқтаусыз өмірдің ырғағын деректейтіндей. Сонымен қатар, әр әнде дауыстың жаңғырық болып шығуы жүрекке тым жақын болып естілгенімен, алыстан шығып тұрғанын сездіреді.