«Тракторшының махаббаты»: мен Дженнипермін бе?

2013 жылы жарыққа шыққан телесериал халық назарын бірден өзіне аударып, көпшілікті баурап алды. Бас продюсер Баян Мақсатқызы, қоюшы режиссер Асқар Ұзабаев пен сценарист Данияр Күмісбаевтың біріге жасаған жұмысы өзінің қызықты оқиға желісімен, жарасымды әзілімен және де ауылдың әсем пейзаждарымен өзге отандық өнімдерден ерекшеленді.

Теледидардан YouTube пен онлайн сериалдарға көшіп бара жатқан мезгілде, «Тракторшының махаббатын» тамашалау үшін мыңдаған отбасы кешке бірге жиналатын. Ал ондағы басты кейіпкер Дженнипер сол уақыттағы жастардың күйін көрсеткендей болды. 

Сюжет

Қалада өз кәсібімен айналысып, жарналамарда түрлі рөлдерді сомдайтын Белла есімді әйел өз тойына асығып бара жатып, кенеттен трассада жол апатына ұшырайды. Сол жерден өтіп бара жатқан Жасұлан есімді тракторшы оны көріп, құтқарып алады және ауылдағы үйіне апарады.

Белла тірі қалғанымен, ол есін жоғалтып, не өзінің есімін, не тегін, не жанұясын еске түсіре алмайды. Ал Белланың қайдан келіп, кім екенін табу біршама уақыт алады. Солайша, Белла есін жиғанынша Жасұланның үйінде қалып, ауылдағылар оны Дженнипер атап, жаңа хикая басталады.

Жаңа өмір

Телесериалдың басты кейіпкері Дженнипер есін жоғалтпастан бұрын қазақ болып, қазақ тілін білгенімен де тек қана орысша сөйлеп, айналасындағы жұмысшылар мен қарт кісілерге құрмет көрсетпей, ылғи дөрекі мінез танытып, қазақ мәдениетіне жат адам болатын. Осыған қоса, оның айналасындағы адамдарға деген қарым-қатынасы қынжылтады. Жылы сөздің орнына қатал кеңес беріп, ал махаббатын тек сыйлықтар арқылы көрсететін. Мәселен, ол өзінің қасында жүріп, кәсіпке үйреніп жүрген және қолдау іздеген сіңілісіне де «Бұл бизнес әлемі. Бұл жерде тек мықтылар жүреді», – дейді.

Өзін ылғи суық ұстап, ешкімге сенімі жоқ Белла тіпті әкесіне де өзінің балалық шағы мен шын аты жайлы сөз қозғауға тыйым салатын. Ал, бірінші бөлімде басқа сөздерден бөлек ол «Заткнись, а» («Аузыңды жапшы, а» – аудармасы), деген сөзді жиі қолданғанын байқауға болады. Солайша, бірінші бөлімнен Белланың табысты кәсібі мен беделі оның ұшқыр ойы, мықты мінезі мен еңбекқорлығы арқылы келгенін көрсетеді. Алайда, бұның бәріне қарамастан Белланың бақытсыз екендігі көрермендерге айдан анық.

Бірақ, жол апатынан кейін оның жаңа өмірі басталады. Бір күні ауылда оянған ол ендігі ауыл тұрғындарының тіршілігімен өмір сүре бастайды. Таза қазақша сөйлеп, жергілікті өнімді қолданып, үй шаруасын жасап, сондағы мерекелік іс-шараларға қатысады. Дегенмен, ең маңыздысы – Дженнипер ауыл тұрғындарымен біртұтас болып, оған дейін сезбеген мейірімге толы қоғам мен әрдайым көмекке келетін жақын адамдарды табады.

Сол ауыл мен Жасұланның отбасысына бауыр басып қалған кезде, Беллаға өзінің бұрынғы өмірі есіне түседі. Сол сәтте, қаланың қатал ортасында өскен мықты кәсіпкер Белла мен ауылдың Дженнипері бір адамға айналады. Оның мінезі сақталғанымен де, дүниетанымы өзгеріп, жүрегі адами жылулыққа толады. Айтпақшы, ол сериал соңында өзінің шын атын қабылдап, Биғайша болады. Бұл қабылдау Белла/Дженнипердің қаншалықты өзгергенін көрсететін символ деп санауға болады. 

Мен Джениппермін бе?

Әрине, Дженнипердің бастапқы жеті бөлімде жасайтын істері мен қылықтары орынсыз көрінеді. Ал оның ауыл тұрмысына деген менсінбеушілік көзқарасы кейде тіпті ызаландырады. Осыған қоса, ол ауыл тұрғындарын мәдениетсіз, ал тамақты жиіркенішті санайтын.

Сол мезгілде ВКонтакте желісінде отырып, Tumblr мен 2014-2015 жылдарының трендтерін қуалап жүрген жастар өздерін сол Дженнипердің бейнесінде көргендей болатын. «Софт-гранж», түрлі орысша мен ағылшынша пабликтер мен Кардашьян отбасысының жаңалықтарынан тұрған онлайн әлемде деколонизацияның не екенін мүлдем білмейтінбіз. Бірақ, Дженниперге қарап, өзіңнің де орыстанып кеткеніңді іштей түсінесің… ұяласың

Жасұланның жергілікті өнім сату арқылы кәсіп құруын, ауыл болып кешкі отырыстардың қызығын, Дженнипердің түнге қарай нан мен айранды сүйсініп жегенін, мектеп оқушыларының бір-біріне деген сезімдерін қазақша білдіргенін көріп, сен де сол ауылдың бөлшегі болғың келеді. Ал эпизодтардың ортасында ойнайтын Дос-Мұқасанның орындалуындағы «Ахау Бикем» халық әні мен соңында Құрмаш Маханның «Аяулым» әнін естігеніңде сол әлемге тіптен бар бойыңмен ғашық боласың. 

Қорытынды

Әрине, 2013 жылы шыққан сериалды қазіргі заманның призмасы арқылы қарасақ көптеген проблематика табамыз. Мәселен, ауылда болған жағдайлардың басым бөлігі жасөспірімдерге арналған қайта тәрбиелеу лагеріне ұқсайды.

Бұл сериалдың қазіргі Қазақстанның кино индустриясындағы 21 ғасыр қазақ әйелінің, әсіресе көпшілікке танымал мизогинді «келін» образына қосқан үлесін жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, үй шаруасын жасауды үйренген Дженнипер айналасындағылардың көзінде жақсы әйелге айнала қалады және сол үшін құрметке ие болады. Алайда, бұл сериалда жастар арасындағы маскүнемдік, депрессия және тағы да басқа әлеуметтік мәселелер ашық көрсетілген. Сондықтан, 2024 жылдың көрермендеріне де бұл сериал өзекті болатыны анық. 

Деколонизация тақырыбына қайтып келетін болсақ, оның өте ауқымды ұғым екендігі сөзсіз. Ал оның шын мәні ауылдық өмірдің романтизациясымен келе қоймайтын нәрсе. Дегенімен де, өз тарихың мен мәдениетіңнен алшақтап бара жатқан кезеңінде осындай отбасылық телесериал дәл табылады. Ортаның әсерінен өз қазақи болмысын ұмыта бастаған сол уақыттың жастары үшін «Тракторшының махаббаты» жеке ішкі рефлексияға итермелеген бірден бір құрал болды.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Второй сезон «Аркейна»: больше, громче и ярче
Культура
#кино
Второй сезон «Аркейна»: больше, громче и ярче
Идём на перформанс «Корова» Маши Голым
Город
#события
Идём на перформанс «Корова» Маши Голым
Как создавался казахский дубляж «Моаны 2»
Культура
#кино
Как создавался казахский дубляж «Моаны 2»
Фэшн-перформанс QYSTAU четырёх казахстанских дизайнеров состоится в Алматы
Стиль
#мода
Фэшн-перформанс QYSTAU четырёх казахстанских дизайнеров состоится в Алматы
В Астане пройдёт ярмарка талантов Creative One
Город
#события
В Астане пройдёт ярмарка талантов Creative One