Akha – қазіргі қазақстандық музыка сахнасында жиі аталатын есімдердің бірі. Spotify-да 100 мыңнан астам тыңдаушылары бар әнші, өзінің бірінші толық қазақ тілінде жазылған EP-ді баршамызға ұсынды.
Біз Akha-мен шығармашылық процесі туралы сөйлесіп, оның топ-3 альбомы, музыкасымен беретін хабары мен келешек жоспарларын біліп алдық!
Музыкаңызды өз сөзіңізбен қалай сипаттар едіңіз?
Мен үшін әндерім – ішкі сезімдерімнен туған жемісім. Керек кезде қолдап, керек кезде жұбатып қасыңнан табылатын әсерлі әндер болғанын қалаймын. Сондай-ақ тыңдармандарым да менің шығармашылығым мен әндерімді дос-серігі ретінде қабыл алатына үміттенемін.
Музыкаңызбен қандай да бір месседж жіберуді мақсат етесіз бе?
Мен әрқашан да жанкүйерлеріме, тыңдармандарыма өнер арқылы жақсы хабар беруге тырысамын. Аллаға тәуекел етіп, өзіңе деген сеніммен алға басу, өз жолыңнан таймау. Осындай хабарды әндерімнен әрқашан таба аласыз.
Осы жолы EP-дің таза қазақ тілінде шығаруға алдын ала мақсат қойғансыз ба?
Негізінде, қазақша альбом жазамын деген жоспар болмаған. Жәй студияда бір өлең жазғанбыз. Кейін шабытқа беріліп, 2-3 күннің ішінде қалай ЕР жазып шығарғанымызды байқамай да қалдық. Шығармашылық теңіздің толқынына бағындым десем болады.
Шығармашылық жұмысыңызда тілдің рөлі қандай?
Менің ойымша, маңызы жеткілікті мол. Адамдар әуенді тыңдаудан бөлек, мағынасына да үңіледі. Сондықтан, әннің сөзіне, тіліне немқұрайлы қарауға болмайды.
Сіздің музыкалық стиліңізге барынша әсер еткен кім?
2000-шы жылдағы Американдық «R&B» сахнасы үлкен септігін тигізді. Есімде қалған әншілерден Usher, Mario және Massari сияқты атай аламын. Сонымен қатар Drake. Ал біздің әншілерден, маған үлгі аларлық Jah Khalib-ты атап өткім келеді.
TOP-3 альбомыңыз?
- Jah Khalib — «E.G.O»
- SIR — «Chasing Summer»
- Miyagi & Эндшпиль — «Narrative»
Сіздің ойыңызша, визуалды аспектінің әнші жұмысында қандай маңызы қандай
Әрине, маңызы зор. Біріншіден, визуал мен концепт әртістің танымалдылығына ықпал етеді. Екіншіден, визуал – әртістің ішкі жан дүниесінің көрінісі мен мазмұны. Визуалға қарап, әншінің сол мезетте қандай эмоцияда болғанын түсіне аламыз. Бәрі оперативті дұрыс амалмен орындалған жағдайда, әншінің өнерін толықтыратын элемент бола алады.
Арманыңыздағы коллаборация кіммен болар еді?
Metro Boomin және Kendrick Lamar. Осы әртістердің өнері маған жақын, ал әндерінен ерекше шынайылықты көруге болады. Шынайылық казіргі кезде сирек кездесетін, өте қатты бағаланатын қасиет деп көремін. Әсіресе қазіргі, ойын-сауыққа толы музыка индустриясында.
Осы EP-ді құру жұмыс процесінде күтпеген қиыншылықтарға тап болған сәттер кездесті ма?
Шығармашылық жағынан ешқандай қиындықтар тап болмағанмен, «мастеринг» пен «сведение» кезінде, кейбір жерде даусы тым қатты, кей жерде тыныш болып шықты. Оның себебі, мүмкін, асуғышылық болар. Дегенмен, осындай ақауларды альбомның шығуына бір апта қалғанда түзеп өзгерттік.
Фильмнің саундтрегі үшін ән жазу және альбом әнін жазу арасында қандай айырмашылықтар бар?
Шығармашылық процесстің өзі ұқсас болғанымен, мақсаты әр түрлі екенін ескеру керек. Альбом үшін жазылған ән – әртістің өміріне байланысты, сезіміңді қалауынша толықтап білдіре аласың, ал киноға жазылған саундтрек – сол киноның оқиғасын сипаттауға арналғандықтан, белгілі бір тақырыппен ғана шектелесің. Осы екі шығармашылық тәсілдің өзгешелігіне қарамастан, музыканы әр түрлі мақсатта жаза алатыныма қуаныштымын.
Сіздің ойыңызша қазіргі қазақстандық музыка сахнасы қандай күйде?
Өте жақсы күйде. Тек ұйымдастыру жағын реттеу керек деп ойлаймын. Мысалы, кейде ұйымдастырушылар концерттің жақсы өтуін емес, тек ақша мәселесін ойлайтын секілді. Соның әсерінен сахнанын «киелігі» ұмытылады. Мен әнші және әртіс ретінде, мені қолдап келген тыңдармандарым жақсы көңіл күйде уақыт өткізгенін қалаймын.
Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
Еліміздің жас әншілерін қолдау мақсатымен, әнші ретінде, келешекте үлкен лейбл ашқым келеді. Ал жеке адам ретінде, болашақта жақсы әке болуға бел будым. Бірақ осының ішінде ең маңыздысы – жақсы адам болып қалу.
Әнші болуды армандайтын балаға қандай кеңес берерсіз?
Өзіңе деген сенімді жоғалтпа! Сенің шығармашылығың, өнерің тек саған керек. Сонымен қатар басқалардың жетістігіне қызғанба, оның артында үлкен еңбек тұрғанын ұмытпау керек. Ең бастысы – әр іске шынайы көңіл бөлу керек. «Жүректен шыққан ән, жүрекке жетеді» деген сөзге қатты сенемін.