«Маған күлкілі емес» — жапон драматургі Митани Кокидің «Күлкі академиясы» атты кітабы негізінде қойылған пьеса. Коки бұл туындысын 1996 жылы жарыққа шығарып, бірден көптің ыстық ықыласына бөленді. 2004 жылы кітап негізінде «Күлкі университеті» деген фильм түсірілді.
Түпнұсқа мінсіз туынды болғандықтан 2act театрының қойылымы да тамаша шықты деуге болады. Бірақ спекталь авторлардың еңбегі де зор. Олар көп елде сахналанған пьесаны жаңа қырынан ашу үшін тырысып баққан.
Пьеса желісі бойынша, оқиға 1940 жылдары Жапонияда өрбиді. Соғыс қажытқан халық отанға деген сүйіспеншілікті оятатын туындыға мұқтаж халде еді. Соны түсінген жас драматург Хадзими Цубаки «Жулио мен Ромьетта» атты комедиясын сахналамақ болады. Бірақ әуелі Сасаки Мацуо есімді театр цензорының рұқсатын алуы керек. Бұрын әскерде істеген цензорға комедия жанры ұнамайтын болып шығады. Ол драматург Цубакиден спектакльдің көп тұсын өзгертуді талап етеді. Әуелде бұған шамданған автор цензор айтқан түзетулерді енгізе келе туынды бастапқы нұсқасынан да күлкілі бола бастағанын аңғарады. Ақырында қойылым сол кездегі Жапонияны өткір сынайтын саяси сатираға айналады.
Жас драматург қиын сәтте жұртты күлдіріп, келер күнге үміт сыйлағысы келеді. Ал цензор халықты әскери тәртіппен уысында ұстаған Жапония билігінің сол кездегі саясатын бейнелейді.
2act театры қойған «Маған күлкілі емес» — мықты комедия. Актерлер — Виталий Шенгиреев пен Иван Кривушин кейіпкерлердің көп қырын ашады. Осы жерде театрға тән сценаграфияны айта кеткен жөн. Декорация аз болса да, кейіпкерлер динамикасы айқын көрінеді.
Мысалы, цензор Сасаки әуелде драматург Цубакиге биіктен қарап отырады. Оқиға желісімен екеуінің қарым-қатынасы жақсара түсіп, арадағы алшақтық азая бастайды. Ақырында екеуі қатар отырып, жақын достарша сырласады. Жүзі суық, болмысы қатал Сасаки өзін актер әрі комик ретінде тани бастайды. Цензордың табиғи метаморфозасы әр адамның бойында эмпатия мен адамгершілік бар деген үміт сыйлайды. Шынайы өнер қатайған жүректі жібітетінін көресіз.
Пьесасын цензорға қарсыласпастан өзгертуге келіскен Цубаки әріптестерінің сынына қалады. Бірақ оған мойымастан цензормен үнсіз күресін жалғастыра береді. Түбі дегеніне жетеді.
Цензураға бағынбай, туындысын өзгертпеген, бірақ көпшілікке ойын айта алмаған автор мықты ма, әлде цензураға көндігіп, жанама түрде болса да, идеясын жеткізген автордың әрекеті дұрыс па? Қойылымнан соң көрермен осы сұраққа жауап іздейді.
2act театрындағы актерлердің неге бұл туындыны сахналаймыз деп шешкені анық. Шығармашылық құрам Ресей Украинаға соғыс бастағанда Мәскеудің басқыншылық саясатын айыптап, Алматыға көшкен. Соғыс кезіндегі цензураға көндігу не мойынсұнбау, өз елінің саясатын қолдау не оған наразылық білдіру сияқты сауалдар оларды да толғандырса керек.
Қойылымда көтерілген мәселе Қазақстанға да таңсық емес. Тоталитарлық жүйе шынайы өнерді басып-жаныштайды. Оған қалай қарсылық білдірген жөн? 2act театры драматург Цубакидің бұл сауалға жауабын шебер жеткізе алған.
Фотограф: Дмитрий Шигапов @kidonlsd
Дәрия Темірханның басқа мақалалары: