Childish Gambino. Ескі де жаңа Atavista альбомы

Көпшілік әнші ретінде танитын Дональд Гловер aka Childish Gambino — нағыз сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз. Ол әртістігінен бөлек продюсер, режиссер, актер, жазушы, рэпер әрі стендапер екенін білемісіз? Қай іске кіріссе де, қолынан келмейтіні жоқ талант дерсіз. Дональд Гловер таяуда ескі де жаңа альбом шығарып, тыңдарманды тәнті етті. Бірақ мені мазалайтын бір сұрақ бар.

Алғашқы сын

Кәмелет жасына толмаған Childish Gambino-ның әдеби ағылшын тіліндегі тапқыр тіркес пен агрессив битке толы Camp атты алғашқы альбомы сынға қалды. Рэпер альбомда өзінің ешкімге ұнамайтын, тіпті өзі сияқты қара нәсілді америкалықтарға да жат екенін ашық айтады. Орыстар орыс деп қабылдамайтын, қазақтар да қатарына қоспайтын бәріне бөтенге айналған кейбір отандасымыз бастан кешетін екіұдай күйдің америкалық мысалын Gambino-ның осы альбомынан таба аласыз. Бұл туындыға қол соққандар көп болмады.

Кейінірек Because the Internet атты концептуал альбомы шықты. Онда Gambino инди-рок пен рэптің үнін әсем үндестірген. Осы туындыдан соң әртіс туралы көпшіліктің ойы өзгере бастады. Awaken, My Love! альбомы тыңдарман санын көбейтіп, Гловердің әртіс ретінде атағын өсірген. Альбоммен қатар 2010 жылдардағы ең тамаша шоулардың бірі — «Атланта» сериалы шықты. Гловер онда бас рөлді сомдайды. Кенет Gambino 21 ғасырдағы біртуар таланттың қатарында атала бастады.

2018 жылы Гловер This Is America әнін шығарды. Америка қоғамындағы өзекті мәселелерді бір бейнеге сыйдырып, әлемдік жұлдызға айналып шыға келді. 2019 жылы Гловер осы әні үшін Грэммиді екі бірдей номинацияда жеңіп алды. Туынды сайын таңқалдырудан танбайтын өнерпаздың келесі альбомын асыға күтетін аудитория осылайша үлкейе берді. Мен де солардың бірімін.

 

3.15.20

2020 жылы Дональд Гловер алғаш рет лақап атпен емес, өз есімімен альбом шығарды. Тректердің басым бөлігі атаусыз, клип пен промосыз жарияланды. Өзім бұл альбомды шала піскен нанға ұқсатамын: кей трек тым ұзақ, кейбірінде миксиң үйлеспейді. Сыншылар альбомға орташа баға беріп, тыңдаған адам да көп болмады. Gambino-ны Because The Internet альбомынан бері тыңдап келе жатқан менің өзім осы альбомдағы алғашқы тректен-ақ жалығып, басқаларын сосын тыңдайын дегенмін. Альбом туралы кейін ұмытып та кетіппін.  

Оның үстіне альбом шыққан 2020 жылы әлемде үлкен оқиғалар болып жатты. Әсіресе Америка қоғамы мыңдаған адамның өмірін жалмаған коронавирус індеті мен Жорж Флойдтың қазасы сияқты сұмдық жайттардан есеңгіреп отырған. Гловер осы альбомында миллиондардың мәселесін дөп басқан қасиетінен айырылғандай көрініп қалды.

 

 

Atavista (2024)

Таяуда Childish Gambino Atavista атты альбомын шығарды. Өнерпаздың өзі оны «3.15.20 альбомының аяқталған нұсқасы» деп сипаттайды. Төрт жыл бұрынғы альбомдағы кейбір трек біршама өзгеріп, қайта шыққан. Миксиң мәселесі шешілгендей. Мысалы, To Be Hunted әнінің алғашқы және кейінгі нұсқаларын салыстырып көріңізші. Басс пен вокал әуелгідей қатар келіп, құлаққа түрпідей тимейді. Бірнеше ән тректер тізімінен шығып қалған. Фанаттары алты жыл күткен Human Sacrifice әні де осы альбомға еніпті. 

Бұл альбом Childish Gambino осы уақытқа дейін шығарған барлық туындыдан оқ бойы озық тұр. Өнер де, тыңдарман да әлеуметтік желілердің құлы болған заманда бәрін биге шақырып, оған Algorythm деп ат қойғаны 2013 жылғы Gambino-ны еске түсірді. Human Sacrifice әні пендеуи қарым-қатынас емес, рухани қанағат іздейтін ересек туралы айтатын тұңғыш альбомындағы Camp әніне ұқсайды. To Be Hunted трегі — Redbone әнінің көңілдірек нұсқасы, ал Psilobae-ні тыңдағанда алғашқы альбомдағы Les әні есіңізге түседі. 

Тым кеш емес пе?

Гловердің де пандемияға дейінгі көптеген өнерпаз сияқты мүлт кеткен кезі болған емес. Не істесе де, әр туындысынан оның тума талант екеніне сеніміміз арта түсетін. Алайда пандемия бізге селебрити де адам екенін, олар да қателесетінін үйретті.

Альбомның әуелгі нұсқасы жарияланғанда әртістің әкесі қайтыс болып, баласы туып, жеке өміріндегі өзгерістерден ес жия алмай жүрген. Сол кездегі күйін шығармасынан да байқауға болады. Альбомның аппақ мұқабасына аты да жазылмаған, промоушыны да жүргізілген жоқ. Мұнысы сол кезде батыл шешім көрінді. Табыстан гөрі төл өнерім құндырақ дегендей ой тастаған. (Альбомның сатылымы, айтпақшы, расымен баяу жүрді.) Енді ескі альбомындағы тректерді жаңартып, оны қайта шығарғанда Гловер сол кездегі ойынан бас тартқандай әсер қалдырды. 

 

Little Foot Big Foot 

Әртіске айтылған тағы бір сын бар. 2018 жылы Израэль Дарамола атты автор Childish Gambino-ның әуелде әндерін ақ нәсілді америкалық қыздар жатқа білетін әйгілі рэпер ретінде танылып, біраз уақыттан соң өзінің қара нәсілді екеніне екпін қойғанын жазды. Сыншы өнерпаздың This Is America трегі туралы айтып отыр. Дарамола «Бұл Гловердің тыңдарманға сөзсіз өтетін, ұтымды тақырыпқа ғана жазатын рэперге айналғанын көрсетпей ме?» деп сұрайды. Оның атын әйгілей түскен бұл әннен соң зорлық-зомбылыққа қарсы үндеуден гөрі бейнеклипке пародия мен мем көбірек шықты. Гловер айтқысы келген ой осылайша көпке жетпей қалды.

Gambino-ның ерекшелігі сол — ол өзіне айтылған сынмен санасады. Мұны таяуда шыққан Little Foot Big Foot бейнеклибінен байқауға болады. Жадыраған Gambino баурап әкететін әуенге мың бұралып билеп жатса да, залдағы көпшілік міз бақпайды. Кенет Гловердің кейіпкері бір адамды кездейсоқ атып өлтіргенде жұрт ду күледі. Сол сәттен бастап залдағы жұрт оған қол соғып, қосыла билей бастайды. Қара нәсілді адамды көз алдымызда өлтірмейінше Гловердің өнерінде мән мен мазмұн болмағандай. Расымен, This Is America-дан кейін оның ескі де жаңа барлық жұмысы мінсіз туынды деп қабылдана бастады. 

Gambino күрт өскен атағына қуанды. Тума талант деген мақтау-мадақтың бәрін қабылдап, әр сұхбатында өзінің жұмбақ болмысының бір қырын ашып, фанаттарын қуантқысы келетіндей көрінетін. Мәдениет институттарының марапатына бөленді. Ол төл туынды мен атақ әкелетін ән таласқа түскенде екіншісін таңдайтынындай әсер қалдырды. 2020 жылы ешқашан турға шықпайтынын айтып уәде бергені де есімізде. Бірақ қазір тағы бір турға әзірленіп жатыр деген ақпарат бар.

 

Оған бірнеше рет әйелдерді, әсіресе, қара нәсілді әйелдерді жек көреді деген айып тағылған. Гловердің өзі бұл туралы сұраққа нақты жауап бермейді. Азиялықтарды фетишизациялайды деген сынға да ұшырады. Mr. and Mrs. Smith шоуында осы айыпқа жауап беру мүмкіндігі туғанда Гловер  әңгімені оғаш әзілге айналдырып, сұрақтан жалтарды. 

Бірақ Childish Gambino талантты әртіс екеніне дауым жоқ. Жаңа альбомын 20 рет тыңдасаң да жалықпайсың. Ол өнерпаз ретінде өз-өзімен күресіп, аудитория қоятын сұраққа жауап іздеуден жалықпайды. Atavista альбомы оның толқыған, жауап іздеген жан-дүниесін тыныштандыру талпынысы сияқты.

Әртістің кейінгі альбомы ұнаса да, оның ескі туындыларды өңдеп, неге қайта шығарғанын түсіне алар емеспін. Әлде Гловер әуелдегі бәріне бөтен адам образынан айнып, тума талант деген мақтауға тоқмейілсіп кетті ме? Childish Gambino-ның келесі жұмысынан бұл сұрағыма жауап табатын сияқтымын.

 

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Стиль
#мода
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
Культура
#кино
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
Ликбез
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
«Время жить»: эмоциональные качели  с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
Культура
#кино
«Время жить»: эмоциональные качели с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски
Культура
#кино
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски