Lauryn Hill: аңызға айналған әртіс орала ма?

Лорин Хиллды «хип-хоп жанрының анасы» дейді. Бұл атақты өнерпаз бір-ақ альбоммен алды. Жақында Лорин араға 26 жыл салып, екінші альбомын шығарғалы жатыр деген хабар тарады. Бұған, әрине, әзірше сену қиын. Өнерпаздың өткен ғасырда шығарған альбомы неге әлі күнге дейін хит болып отыр? Лориннің музыка тарихындағы рөлі қандай? 98mag авторы Әлима Әмірәлинаның талдауын оқыңыз.

Лорин Хилл – әнші, рэпер, актриса әрі продюсер. Оның «Miseducation of Lauryn Hill» атты дебют альбомы шыға сала классикаға айналды. Одан бері 26 жыл өтсе де, альбом әлі де жоғары бағаланып, биыл Apple Music-тегі «Ең үздік альбомдар» тізімінде көш бастады. Бұл тізім америкалық тыңдарманға арнап жасалған дерсіз, әрине. Дегенмен Хиллдың музыкасы көп әртіске зор ықпал етті. Кендрик Ламар, Канье Уест, Бейонсе деп кете береді. Лориннің музыкасы әсер етпеген адам жоқ сияқты.

Fugees time

Лорин музыкалық мансабын Fugees атты хип-хоп триосынан бастады. Орта мектеп оқушыларынан құрылған топ бірнеше рет ребрендиң жасап, ақыры Fugees деген атқа тоқтады. Бұл атау гаити-америкалықтарды қорлайтын refugees сөзінен шыққан.

Топтың алғашқы альбомы көптің назарын аудара қоймады. Дегенмен атақ көп күттірмеді. «The Score» деп аталатын, мұқабасы Godfather стилінде жасалған альбом 1996 жылдың хиті болды. Альбомдағы «Killing Me Softly With His Song» әні әсіресе қатты тарады. Ескі «Ready or Not» R’n’B әнінің жаңа интерпретациясын қазіргі тыңдарман жақсы тануы керек. Өкінішке қарай, бұл танымал альбом трионың соңғы жұмысы еді.

Miseducation of Lauryn Hill

1998 жылы Лорин «Miseducation of Lauryn Hill» атты дебют альбомын шығарды. Бұл нағыз классикаға айналды. Сыншылар оны неосоул альбом деп атайды. Кейбіреу үшін бұл – хип-хоп, регги мен соулдың қоспасы. «Miseducation» – концептуал альбом. Махаббат тақырыбын ашқан туынды. Романтикалық махаббат, отбасылық махаббат, өзіңізге деген махаббат туралы сыр шертеді.

Альбомдағы «Doo Woop» әні әлі күнге дейін хит атағынан айырылған емес. «Ex Factor» Дрейктің «Nice for What» шығармасына сэмпл ретінде қолданылды да, ән мәдени жадта сақталып қалды. «To Zion» трегі әлемдегі ең дарынды гитаристің бірі Карлос Сантананың сүйемелдеуімен жас ананың ұлына деген махаббаты туралы әдемі оқиғаны баяндайды.

Кейбір әндерінде әртіс тыңдарманға ақыл үйретеді. Бір қызығы, «Doo Woop» әні орташа қарқынмен көңілді ырғақта еркекке де, әйелге де өзін қалай ұстаған жөн екенін айтады. «Superstar» мен «Final Hour» әндерінде әртістің жауапкершілігі мен міндеттеріне көбірек көңіл бөлінеді. «Шабыттандыратын музыка жазыңыз» дейді Хилл ханым.

Лорин бұл альбомға барын салған – күшті вокалдық қабілеті бар әнші ретінде диапазонын көрсеткен, уақыт сынына төтеп бере алатын ән жазған, рэпер ретінде де шеберлігін дәлелдеп кеткен. Ең бастысы, ол осы таланттардың бәрін бір альбомға біріктіріп, басқаларға жол көрсетер деңгейге жеткізді.

Лорин Хиллдың жалғыз альбомы классикаға айналғаны басқа өнерпаздардың альбом қандай болуы керек, қандай нәтижеге жетуге ұмтылуым керек деген сұрағына жақсы жауап болды.

Мәдениетке әсері

Apple Music компаниясы Хиллдың альбомын 100 үздік альбом тізімінің басына қойғаны дұрыс па? Білмеймін.

Мәдени ықпалы тұрғысынан, сөзсіз, көш бастап тұрғаны анық. Альбом осы ғасырдың поп жұлдызының көбі қатардағы жас тыңдарман болып жүргенде шықты. Осы ғасырда жазылған кез келген танымал альбомнан Лориннің жинағының жаңғырығын естуге болады. Канье Уест «The College Dropout» альбомына, Бейонсе «4» жинағына, Ариана Гранде «Sweetener» альбомына Хиллдың туындысынан шабыт алған.

Лорин 1999 жылы Греммиде «Жыл альбомы» номинациясында жеңген алғашқы хип-хоп әртіс болды. Осылайша жанрда өкілдеріне жол ашып берді.

Екінші жағынан, альбомға деген шексіз құрмет жанрдағы «үлкенді сыйла» деген қысымның салдары да болуы мүмкін. Lil Yachty 2Pac-ты ешқашан тыңдамайтынын айтқанда өнерпазды сынағандар көп болды. Хип-хоп пен рэп – тарихқа, қайдан шыққаныңызға және жанрға не әсер еткеніне назар аудару өте маңызды саналатын жанр. Ал The Miseducation – кезінде жанрды байытып, оның алға жылжуына ықпал еткен шығарма.

Өткен ғасырдың аяғында шыққан альбом ескіріп кеткен жоқ па деген сұрақ туады. Расымен, музыка – өте жылдам дамып жатқан сала. Әдебиет жарты ғасыр сайын алға жылжып отырса, музыкада он жыл ішінде сан түрлі құбылыс болады.

Лориннің жинағы кейбір аспектілерде ескірген болуы мүмкін. Мәселен, лирикалық тұрғыдан біршама консерватив ойлар айтқан тұстары бар. Дегенмен өлмейтін тақырыптар жөніндегі ойы, шынайы әрі сезімтал сөздері ерекше әсерлі естіледі. Музыка тыңдағанда одан басқа не керек?

Даулы тұлға

Қанша талантты десек те, Лорин Хиллдың даулы тұлға екені көпке аян. Әртіс альбомында адал махаббат туралы айтқанымен, өзі әйелі, бала-шағасы бар еркектермен кездесіп жүргені бар.

Лориннің балалары да анасының кейде орынсыз қатал болып, жан жарасын салғанын айтқан. Салық төлегісі келмей, 3 ай түрмеде отырып та шыққан. Кейде концерт әдебін бұзып, екі сағатқа дейін кешігіп келген кезі болды.

Өзін Хилл ханым деп айтуды талап ететін әртіспен жұмыс істеу де оңай емес. Жалғыз альбомын жазған музыканттар тобы еңбегімізге лайық ақша төленбеді деп шағынған. Дауды сотқа жеткізбей, Хилл топқа өтемақы төлеген. Екінші альбомын жазарда лейбл өнерпаздың үйіне студия салса да, әртіс альбом жазатын уақытты еш түсіндірместен шегере берген.

Жас кезінде-ақ үлкен жетістікке жетіп, артынша бала сүйіп, музыка саласының сынағына бетпе-бет келді. Лорин өнер мен коммерцияны ұштастыра алмаған сияқты.

Келесі альбом шыға ма?

Біз Лорин Хиллдың жаңа альбомына мұқтажбыз ба? Әлде әлем өнерпаздың жалғыз еңбегін місе тұта ма?

Музыка шығарумен емес, шығармай жүргенімен танымал бірнеше әртіс бар. Мысалы, Фрэнк Оушен, Рианнаны айтайық. Норманидің жанкүйерлері өнерпаздың ешқашан дебют альбом шығармайтынына сенімді болды. Vampire Weekend-тің жаңа альбомын жұрт жылдап күтті. SZA-ның тыңдармандары оның үшінші альбомын ұзақ күтуге әзір.

Өнерпаздан туынды күткен сайын, оған артылатын үміттің салмағы да ауырлай береді. Бір сәтте енді ештеңе шықпас деп қаласыз. Осылайша жылдар өтіп, әртіс басқа бір салаға кетеді не прокрастинация тұтқынына айналады.

Жақында Хилл екінші альбомы шығатынын хабарлаған. Бірақ оның өнерін жақсы білетін адам ретінде айтайын, Хилл ханымның уәдесіне ешқашан сенбеңіз! Жаңа жинақ шығарғанына оны тыңдап шыққан соң сенемін. Сізге де солай етуге кеңес беремін.

Жаңа альбом шықсын, шықпасын – музыка Хиллсыз-ақ дами бермек. Әрине, Лориннің кезінде сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпаймыз.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Стиль
#мода
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
Культура
#кино
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
Ликбез
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
«Время жить»: эмоциональные качели  с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
Культура
#кино
«Время жить»: эмоциональные качели с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски
Культура
#кино
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски