Бақытсыз Аяулым, бейшара Раушан
Аяулым мектеп-интернатында оқиды. Басқа балалар оны қатарға қоспайды. Саяқ жүретін бойжеткеннің өзі құралпы қыздардан көрмейтін қорлығы жоқ. Аяулымның мұңды жанарынан мейірім мен махаббатқа мұқтаж адамды жазбай танимыз.
Бойжеткен анасының махаббатына зәру. Интернатта соққыға жығылған Аяулымның көгерген бет-жүзін көрсе де, анасы Раушанның аузынан бір ауыз жылы сөз шықпайды. Қызына жекіп қана сөйлейді. Аяулымның әкесінің қазасын да көліктің алдында отырған қалпы суық естіртеді.
Фильм өте ауыр. Әкесінен айырылған Аяулымның, жесір қалған Раушанның жоқтауға мүмкіндігі жоқ. Жаназадан соң күйеуі кезінде қарыз алған адамдар бірінен соң бірі келіп, Раушаннан марқұмның берешегін өтеп беруді сұрайды. Тұрмысы онсыз да жетісіп тұрмаған екеудің тіршілігі тіптен қиындай түседі.
Техникалық құрғыдан талдасақ, оператордың жұмысы, таңдалған палитр мен локациялар ұнады. Бұл үшеуі сұрқай атмосфераны сезіндіріп, көрерменді екеуінің сүреңсіз өмірге тартып әкетеді.
Фильм өзіме екі бөлімнен тұратындай көрінді. Екеуі бір-біріне ұқсамайды. Жеке-жеке талдап шығайын.
Қоғамдағы мәселелер
Фильмнің алғашқы жартысы мүлтіксіз шыққан. Кейіпкерлердің образын бас рөлдегі актрисалар шебер сомдаған. Аяулымның рөліндегі Әмина Ермекованың үнемі бәсең сөйлейтіні, нұры сөнген тұңғиық көзі кейіпкердің болмысын ашқан. Ал Раушанды ойнаған Гүзел Жан суық әрі қатал адам болғанымен, іштей әбден шаршаған бақытсыз әйелдің бейнесін шебер көрсеткен. Аяулымның қорғансыз бала екенін, ал анасының арпалыстан шаршаған, бірақ тіршілік үшін күресуге мәжбүр кісі екенін көреміз. Раушан осал адам емес, бірақ патриархал қоғамда тым қауқарсыз.
Фильмнің алғашқы бөлігінде отбасындағы ауыр сәттер кадрдан тыс өтеді. Мысалы, Аяулымның әкесі неден қайтыс болғанын көрсетпейді. Қаралы хабарды көрермен Аяулыммен бірге естиді. Бұл Раушан мен Аяулым өз өмірлерінің қожайыны емес, тағдырдың тауқыметін шарасыз қабылдайтын көнбіс адамдар екенін аңғартқандай.
Автор жанама түрде қоғамдағы көп мәселені көтереді. Мектептегі буллиң, шалғай елді мекендердегі күнкөріс қиындығы, әйелдердің жұмыс орнында сексуал харассментке ұшырауы — соның бірнешеуі ғана.
Қысқа ғана сахнамен көрсетілген әмеңгерлік тақырыбына тоқталайын. Раушанның енесі келінін марқұм күйеуінің інісіне қосқысы келеді. Енесі Раушанға «Сені басқа еркектерден қорғайтын азамат қажет» дейді. Бұл — қазақ қоғамында әйелдің, әсіресе жесір қалған әйелдің қаншалықты қорғансыз екенін әшкерелейтін эпизод. Автор бұл дәстүрді бейтарап көрсеткен. Әмеңгерлік дұрыс па, бұрыс па деген сұраққа көрерменнің өзі жауап береді.
Фильмнің бір осал тұсы — бас кейіпкерлерден өзге актерлік құрамның ойыны. Кейбір актер мен актрисаның жасанды сөйлеу мәнерінен диалогтер жаттанды екені көрініп тұр.
Үмітсіздік
Фильмнің екінші жартысында динамика өзгереді. Аяулым мен Раушанның бірсыдырғы ауыр өмірі нағыз аласапыранға айналады. Раушан марқұм күйеуіне кезінде қарыз берген адаммен шарасыз төсектес болады. Бұдан соң оның құрсағына бала бітіп, әйел кезекті қиындықпен арпалысуға көшеді.
Фильм Қаңтар оқиғасын жанама түрде көрсеткен. Әлеуметтік талап айтып, билікке қарсы ұран көтергендер көшеде өлік кейпінде кетіп барады. Раушан түсік тастап, өлім мен өмір арасында арпалысып жатқанда теледидардан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертпестен оқ атуға бұйрық берген сәті көрсетіледі. Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза тапқан.
Аяулым дүрбелеңнің ортасына кездейсоқ тап болып, ақырында таксиге отырып кетеді. Наразы адамдар мен жанған көліктердің маңынан өтіп бара жатқан такси жүргізушісі көтерілістен пайда жоғын, түбінде ештеңе өзгермейтінін айтып налиды. Бұл үзінді фильмдегі үмітсіздік атмосферасының бояуын қоюлата түседі.
Неге көруіміз керек
Шәрипа Оразбаеваның бұл фильмі — әр қазақ әйелі бастан кешетін үрей, мектеп пен қоғамдағы қысым, ендігі оғаш көрінетін ескі дәстүрлер жайлы талқы тудыратын күрделі де маңызды туынды. Фильмнің өзіме әсер еткені сонша — жасанды диалогтер мен екіұдай ойға жетелейтін саяси емеуріндеріне кешіріммен қарадым.
Ауыр күндерді бастан кешкен Аяулым анасының құшағына, өзіне бір сәт жылы шырай танытқанына сондай мұқтаж еді. Бірақ Раушан қызын интернатқа шығарып салып тұрғанда бір-ақ құшақтайды. Тым кеш жеткен жылулық бойжеткеннің жан жарасын жаза ала ма?.. Бұл фильм жақсылыққа деген үмітті тұншықтырады. Онысы режиссердің тасжүректігінен емес, картинаның шынайлығынан.
Қазақта «тұл» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Тұл — жесір қалған келіншек. Тұл — құрсақ көтермеген әйел. Тұл — тақыр кедей адам. Тұл — жалғызілікті кісі. Тұл — пайдасыз, бекер, бос дүние. Режиссер Шәрипа Оразбаева «Тұл» фильмінде осы сөздің қай мағынасын арқау еткені, Раушан мен Аяулымға қай сипатты таңып тұрғанын ашық айтпайды. Оны әркім өзі шешеді.