Қазақтың жас ақындары нені жырлайды? Заманауи поэзияға шолу

«Елде қазақша жазатын ақындар да, орысша жазатындар да ізденісте: бірі — жаңа формаларды, екіншісі өзінің кімдігін іздейді» дейді жазушы, аудармашы Сафина Ақтай. ′98mag авторы заманауи поэзия өкілдерінің шығармашылығын шолып, өздерімен тілдесіп, «Қазақстан ақыны қаншалықты еркін жазады?» деген сұраққа жауап іздеді.

Мұқабаға üi küiı кешінде qazaq indie супертобының қатысуымен қойылған Әнуар Дүйсенбиновтің «Балхаш снится» перформасынан үзінді қойылған. АРТиШОК, 23 наурыз, 2024 жыл, Алматы.

Қазақ поэзиясындағы құбылыс

Әйгілі неміс философы Мартин Хайдеггер поэзия өнерде ақиқат тудырады деген пікірді алға тартады. Философ үшін жер бетіндегі барлық өнер түрі — поэзия. Ал Аристотель өзінің «Поэтика» еңбегінде «Поэзия — өмірдің өзіне еліктеу» деп түсіндіреді. Поэзия тілдің онтологиялық шындығы деген пайымға салсақ, ол тілдің төл құдіретін ашып, оның болмысын айқындайды.

Қазіргі қазақ поэзиясы екі параллель кеңістікте өмір сүріп, өз болмысында мультикултурал әдебиет жасады. Бірінші кезекте, оның болмысын ашушы тіл болса, екіншіден, поэзия дәстүрлі және модернистік формада өз кімдігін іздейді.

Заманауи қазақ әдебиеті даму үрдісін тоқтатпай, нарық қоғамына бейімделіп, жаңа есімдермен толығып жатыр. Бұрынғы қазақ әдебиеті социалистік тәжірибеге сүйеніп, ұжымдық қауымдастыққа иек артып, шығармашылығын насихаттауды жүзеге асырса, қазір белгілі бір мүдделерден ада тәуелсіз авторлар көбейгені Қазақстан әдебиетінің жаңа кезеңге аяқ басқанының белгісі деп пайымдауға болады.

Қазақстанда жас ақындар өлеңдері арқылы күнделікті тұрмыстың қалыпты құбылыстарынан бастап елдегі әлеуметтік-саяси, мәдени, тарихи тақырыптарды қамтуға тырысады.

Қазақша жазатын ақындар арасында дәстүрлі формадан бас тартып, өзіндік жаңа форма іздеу сәнге айналса, орыс тілді әдеби ортада Қазақстандағы мультикултурал кеңістікте кімдігін іздеудегі әртүрлі қақтығыстары мен деколониал процесс барысында айқындаған, бұрын өзіне жат болған сезімдері көрініс табады.

Біз аталған қайшылықтар қиылысында қалам тербейтін қазақстандық үш ақынның поэзиясын түсінуге тырысамыз. Олардың өзінен алған сұхбаттарды ұсынып, поэзиясындағы протестік көңіл-күй, еркіндік, төл болмысын іздеу жолындағы тәжірибесі мен сезімі туралы баяндаймыз. 

«Әке, мен сені іздеп жүріп өзімді жоғалттым»

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде қолына плакат алып шыққан төрт ақынның бірі — Асылан Қуанышұлы. Жақында Асыланның «Steppe&World» баспа үйінен «Күнбатысқа қарай 2128 шақырым» атты жыр жинағы жарық көрді.

Оның поэзиядан бөлек сазгерлік қыры да бар. Ақынның өлеңдері өзі туған өлкенің рухынан алыстамайды. Басқаның норматив эстетикасына отарланбаған төл сезімі мен тәжірибесін білдіруде Асылан еркін ақын:

Мен туғанда…

Ешкім де Ленинді жоқтап жылаған жоқ…

Ертең де…

Ешкімнің жоқтамасы анық…

Тек…

Оның көлеңкесін жол деп ойлаған қайыршыны аяймын…

Оның сенгісі келмейді…

Менің сенгім келеді…

Асылан Қуанышұлы өткен ғасырдың кейінгі жиырма жылында кеңестік жүйенің құлауына Виктор Цойдың «Перемен» деген әні мен бірқатар авторлық фильм әсер етті деп біледі. Сондықтан өнерде азаматтық белсенділіктің аса маңызды екенін алға тартады. Ал елдегі кез келген әлеуметтік-саяси мәселелерге ақындықтан бұрын азамат ретінде алаңдайтынын әрі өз көзқарасын білдіруге қашан да ашық екенін айтады.

«Меніңше, еліміздің негізгі мәселесі — Қазақстан азаматының құқығы жеткілікті деңгейде қорғалмағаны. Яғни, әрбір адам (ұлтына, жынысына, нәсілі мен діни сеніміне, саяси көзқарасына қарамастан) кім, қашан, қай жерде өлтіріп, не ұрып-соғып кетер екен деп және сұраусыз кетпес пе екенмін деп қорықпауға, пікірін ашық айтудан именбеуге, сайлауларда дауысым ұрланып кетпес пе екен деп алаңдамауға тиіс. Дұрысы, мемлекет «заң бәрімізді қорғайды, заң алдында бәріміз теңбіз» деген сенім қалыптастыруы керек еді…» дейді ол.  

АЛАҢ

Қаланы күңіренткен жалғыз қарға

шыршаны айнала жүгірген өзімді есіме салады

әлдеқайда асығатын

немесе

асықпайтын

мұз құрсауынан қашқан өзен

еркіндікке ұмтылады тамшылап

балалар арбасындағы шырылдаған сәбидей

оны сүйреген анадай

қар бетіне жазылған есімім секілді

қоңыр көшеден баяу ағып барамын

өз қолыммен жасаған аққала

балбалға айналып кетердей

қорқамын

төменге кезелген мұз сүңгілері

төбеме шаншылып қалардай

жол жиегінде жатқан бір үзім нан

балалар арбасында шырылдаған сәбидей

қаланы күңіренткен жалғыз қарға секілді Отаным

шыршаны айнала жүгірген өзімді есіме салады

Әлдеқайда асығатын

немесе асықпайтын…

Асылан жеке өмірінің трагедиясын табиғатпен астастырып, өзі өмір сүретін әлемнен өз болмысында туған сұрақтарға жауап іздейді.
«Бәрі «әлем біз үшін жаралмаған, керісінше, біз әлем үшін туғанбыз деген түйінге әкеп тірейді» дейді ол бір сөзінде. Асылан постколониал қоғамның шындығынан қарағанда мейлінше бейотар ойдың салтанат құруына назар салады. Және «кеңестік адам болмысының өлімін» әдебиеттегі жаңа құндылықтардың қалыптасуынан көруге болатынын меңзейді.

Оның ойынша, өзін-өзі іздеу, жалғыздық, әлемнен орнын таппаған адам, адамдар арасындағы шет-шекараны бұзып-жару сынды тақырыптар — бүгінгі Қазақстан әдебиетіндегі маңызды тақырыптардың бірі. Әрі бұл тақырыптар аясында өз сезімдері мен тәжірибелерін көпшілікке айта білу — адам сезіміне билік етуге тырысқан әрі оның тәжірибелерін өз қалауынша интерпретациялауға ұмтылған кеңестік кеңістіктің пәрменіне мойын бұруды тәрк еткеніміздің де бір дәлелі болса керек.

«Осынау тақырыптар өткен ғасырда аз жазылды. Неге десеңіз, ол заманда «кеңес адамы көңілді болуы керек» еді. Оның салқыны беріге дейін жетті. Есесіне, 90-жылдары адамдардың жаны тоқырады. Біздің балалығымыз әке-шешеміздің психологиялық травмаларын сезінумен өтті. Сөйтіп балалық шағымыздан, яки өз болмысымыздан көз жазып қалдық. Дегенмен оны жазуда дәстүрлі құндылықтардан түбегейлі бас тартқан жоқпыз. Керісінше, ұлттық символдар мен метафораларды кеңінен пайдаландық» дейді ақын. Осылайша, отарланған тәжірибелер арқылы жаралы тақырыптарды қозғап, поэзия арқылы өзінше емделу актісін жүзеге асыратын сияқты. Оның «Мәңгілік ойын» деген өлеңінде мынадай шумақтар бар:

Әке,

мен сені іздеп жүріп өзімді жоғалттым,

Арланның азуын бойтұмар қылған өзімді.

Қайранмын…

Құрт түскен азуды сақтағаныңа

сарқылғанынша топырақ-демің.

Көзің боп қалған сол азу төсімді бұрғылап,

ала жіп мойнымды қажаған кезде

топыраққа үнсіз үңілем,

кешірім сұрар деп сен болып.

(…)

Бәрібір

Әзірейіл жанымды суырып оң қолыменен,

сол қолыменен құрт түскен азуды іледі ұрпағым мойнына.

Қайтадан…

мені іздеп жүріп ол да жоғалтады өзін,

не өзін таппай, не мені…

Асылан ұялы телефоны мен қуаттағышы бар қай кезде де өзін еркін ақын санайды. Ал қазір жас ақындарға өз ойын еркін айту, жазу қиындық тудырады деп санамайды.​​

«Әріптердің арасында тығылып жатқым келеді»

Ақын Айдана Шынарбек 2001 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Астанадағы Назарбаев университетін әлем әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған. Айдана өзін ағылшын тілінде өлең жазғанда еркін сезінеді, десе де қазақша-орысша жазған өлеңдері де бар.

Айдана «Гетеронорматив ойға қайшы келетін өлеңдерімді куирфоб, мизогонист қоғамға көрсеткім келмейді» дейді. Ол өлеңдерінде гетеронорматив көзқарас басым екенін алға тартады. Қазақстан қоғамында табу саналатын, бірақ өзі қалам тербегісі келетін тақырыптар көп екенін айтады. Айдана поэзиясында кейінгі қазақ ақындарына тән формадан шығу, өз формасын іздеу талпынысы бар.

Ол өз елінің шындығында өзінің күнделікті өмір барысын оқырманға хабардар етеді. Мүмкін бұл ақынның өзі өмір сүретін қоғамға айтуға болады деген сүзгіден өткен шекаралы ойларының еркін көрінісі болар: 

вижу слова

а в них хочу увидеть себя

подбираю язык

зевнула

пошла слеза

көз алдымда

бұлыңғыр бірдеңе

любительница помечтать

под западный рок

с грузинским вином

в бангладешской толстовке

with american friends

везде не быть в своей тусовке

не находить себя в своих словах

Айдана Қазақстан поэзиясының алуан түрлі кеңістігін еркін кезген жас ақын. Сондықтан мәдениеттің бір ортаға түйісуі ақын поэзиясында көрініс табуы заңдылық. Ол қазақ тілді ақындар көп байқай бермейтін маргинал топтардың бейнесіне көбірек назар салады. Ал тіл мәселесіне келер болса, өзін ана тілінен жат сезінуден болмаса, кейде бір тілді жетік меңгергеннен қарағанда, поэзияның басқа тілде жазылғанда мейлінше шынайы шығатыны себеп болады.

Айдана өлеңдерін тек қазақша жазу керек деген берік қағидаға да иек артқысы келеді, тек «кей тақырыпта орысша жазсам ғана шынайы шығады» дейді.

Оның өлеңдері құндылықтары әртүрлі кеңістіктерде жазылып, әр кеңістік өзіне сай келетін тіл болмысының ашылуына кедергі келтірмейді. Әрине, деколониал көзқарас тұрғысынан әр ақынның сөйлеу құқығына ол өмір сүріп отырған кеңістік иелік етпеуге тиіс, десе де ақын поэзиясы өзін белгілі бір, құндылық, болмаса форма негізінде еркін сезінсе, шығармашылық легитимациядан ада болу, демек еркін болу да осы болса керек.

Айдана поэзияның мейлінше шынайы болғанын және белгілі бір тақырыпты өзек етіп алудың міндет емесін алға тартады. Ол еш қысылмастан Қайрат Нұртасты, өзі кездестірген диджейді, Аллен Гинсберг пен Керуакты поэзиясының қонағы етеді. 

ештеңе істегім келмейтін

ештеңе сезбейтін күні

не туралы өлең жазарымды білмеймін

жанымдағы адамдардың әр айтқан сөзі

сол құлағымнан кіріп, оң құлағымнан шығып кетеді

кейде оң құлағымнан кіріп, сол құлағымнан шығады

көбіне не айтып тұрғанын естімеймін де

жұмыс істейм

жұмысым кімге неге керек екенін түсінбейм

серуенге шығам

бәрін тастап, қайта көшіп кетсем бе дейм

кейін үйге қайтып кірем

жуылмаған киім

оқылмаған кітап

үш ай бойы сөйлеспеген досым

бөлмеңді жинасаң

ойың да ретіне келеді дейді

ал мен тек әріптердің арасында тығылып жатқым ғана келеді

«Сонда менің дауысым қайда»

Ақын Әнуар Дүйсенбиновтің есімі Қазақстандағы қазақ және орыс тілді әдеби ортада кеңінен танымал. Мен Әнуармен белгілі ғалым Мадина Тлостанованың «Болмыс, білім және түйсік отарсыздығы» кітабын аудару барысында таныстым. Көп ұзамай Әнуар Дүйсенбиновтің «Musa Publishing» баспасынан «Рухани кенгуру» жыр жинағы жарық көрді. Арнайы дыбыс перформанысымен сүйемелденген жыр кеші де өтті.

Әнуар мейлінше оптимист ақын. Ол поэзияны арнайы оқиғалар, саяси актілер мен құбылыстарға орай жазбайды. Ақын өзімен және әлеммен бетпе-бет келген сәтте пайда болатын тәжірибелері, төл сезімдері мен аффектілерін жырға айналдырады. Бәлкім, өмірдің әр сәті ол үшін поэзия болса керек.

«Шынымды айтсам, мен ештеңе үшін немесе жазу үшін жазамын» дейді. Ақын өмір сүретін орта оның жазуға тиіс тақырыбын, дерті мен еркін айқындайды. Сондықтан поэзиядан артық ештеңе талап етудің қажеті жоқ ол өзекті мәселелерді қаузауға қабілетті емесү

Әнуар поэзияны орысша жазатын, десе де оны қазақша жасауға тырысатын ақын. Оның төл поэзиясында дыбыс маңызды рөл ойнайды. Әрине, тіл белгілі бір ұлттың сезімі мен тәжірибесін өз жадында жаттайтынын ескерсек, бұл тұрғыда дыбыс та тілден кем түспейді.

Әнуар көне ғасыр қойнауларында жазу мектебі қалыптаспай тұрған кезде ауыздан ауызға тарап, бүгінгі күнге дейін жеткен ата-бабамыздың музыкалық бай мұрасы, дыбыс құндылығы өзінің қабылдау, жазу және поэзия арқылы үн қату қабілетіне орасан зор әсер еткенін алға тартады. Осы орайда поэзиясы орыс тілінде сөйлесе де, ақын ата-баба дәстүріне, Силвия Уинтерше айтқанда, зат есім ретінде емес, тәжірибе ретінде қарап, оны дыбыстардың алуан түрлі қиылысында іздеуге тырысады:

Стрепет стрепет безгелдек, ты наводишь трепет

Голос твой стучит-сверчит, крылья твои крепнут

Словно степь проснулась, пыль на моей рубашке

Стаду кланялся ковыль, а оно аташке

Всё сгорело, всё ушло в трещинки Арала

Нет тебя, и нет меня, нас нашло орало

Дух мой как больная рысь, память безразлична

Разрушение, қопарыс, слышу перекличку

Птиц вернувшихся и слух радостнее солнца

Помнишь, степь была пуста?

Нет, такой не помню

Помнишь, степь была пуста? Степь была бесплодна!

Нет, не помню, степь была цельна, полноводна

Собр-собр-собрались и повелеваем

Оставайся с нами здесь, айна-айналайын

Степь гола и голодна, холодна ко всем

Слышишь песню вдалеке, очень уж красиво

Как сказать красиво мне?

Говори әсем

И смотри, во мне исток, новая река

Распознай әсем-цветок ломаного бита

Битая строка несёт свежесть или выход

Чёрный-чёрный хоровод зачинает вихрь

Әнуар Дүйсенбинов поэзияда ескі және жаңа құндылықтар арасындағы байланысты қарастыру өте маңызды деп санайды. Әсіресе деколониал оптикада күш көрсету салдарынан жоғалуға мәжбүр болған дәстүрлерді іздеу және жоғалған дәстүрден туған білімді осы уақытта өзіңді түсіну жолында қолдану өзекті екені даусыз.

«Себебі біз әрі қарай жылжу үшін есебі жоқ құрбан, қан төгіс, зорлық-зомбылықтың салдарынан пайда болған аражіктің орны толып, дертінен айығуға тиіс. Біздің ата-бабаларымыз тәуелсіздік үшін жан алып, жан беріп жатқанда, әлем бір орында тұрған жоқ қой. Қазіргі уақытта көбі дәстүрге қайтып оралуды емес, оны ресинтездеуге бет бұрып жатыр. Біз өткенге мойын бұрған кезде оқиғаны қалай бар, солай қабылдаймыз, тамырымызға қайтып оралуды емес, өткен шақтың естеліктеріне айтулы құрмет көрсетіп, айналамызға аяулы көзқараспен қарап, діңі мықты теректей өз тамырымызды жаюға тырысамыз» дейді ақын. 

Дыбыс пен дауыстың сантүрлі жолдардан өтіп, құс жолындай шегі жоқ қашықтарда қиылысуы бір қызығы, ақынды мәңгілік сұрақ қоюға жетелейді.

Өзімнің дауысым өзімде жоқ

Өзімнің дауысым кеңірдегімде жоқ

Өзімнің дауысым көмейімде жоқ

Өзімнің дауысым ишарамда жоқ

Өзімнің дауысым қолымның қимылында жоқ

Өзімнің дауысым қозғалысымда жоқ

Өзімнің дауысым жанарымның жарқылында жоқ

Өзімнің дауысым кірпіктерімнің шегінде жоқ

Өзімнің дауысым ғасырларда жоқ

Өзімнің дауысым сұлбамда жоқ

Өзімнің дауысым өзімде жоқ

Сонда өзімнің дауысым қайда

Дауысын өз тәні мен Қазақстанның кең атырабынан іздеу арқылы ол өз сөзінде айтқандай, өзін бар сезінетін дәл осы сәттердің дәл осы сәтінде таспалап алады. Ол таспада өз елінің шындығы, ол өмір сүретін қоғамның тыныс-тіршілігі, дәмханалары, тағамдары, мұражайлары мен адамдары бар:

Бәлки «Лағманханадағы» даяршылардың үнсіз басқан қадамында болар

әлде дапанжи, саңырауқұлақ қосылған цомян,

тұздалған қиярдан жасалған мерекелік дұңған сорпасында

әрі атауын бір мысқал есте сақтау керек түркімен шайының сүтінде қайнаған қуырылған күріште болар

Әлде «Аркадағы кофеде» дайындалатын жып-жылы латтеде болар

«Мерей» той-кешенінің «жүргізушілерге» арналған бөліміндегі даяршы қыз сияқты

дауысым қоңырау шалғанда жетіп келетін шығар

Мүмкін армандау қабілеттері жалында оянатын «Рухани жаңғыру» орталығы еріктілерінің бой толқытар мүдделерінде болар

Бәлки бұлттарға азық болған Қазақмыс мұржаларынан шыққан түтінде болар

Әлде Ұлы Отан соғысының ұмыт болған батырларының есімдері жазылған мәрмәр тақтайларда жасырынған шығар

Мүмкін Кеңес әуежайының ақ қарға оранған бағандарының жарықшақтарында шығар…

«Біз өткенді кезінде өз уақытын ұстап қалып, дәл соны жазуға талпынғандардың арқасында білеміз» деген Әнуар Дүйсенбинов ақын ретіндегі «міндетін» өзінен кейінгілер оқи алатын өз тәжірибесі мен естелігін ақ қағазға, болмаса, смартфонға еш боямасыз жазып, қалдыру деп түйсінеді.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Стиль
#мода
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
Культура
#кино
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
Ликбез
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
«Время жить»: эмоциональные качели  с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
Культура
#кино
«Время жить»: эмоциональные качели с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски
Культура
#кино
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски