ҮШ ӘЙЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫ
Өзім бүгінгінің батылы деп санайтын Баян Мақсатқызы осы фильмді түсіруге кіріскен сәтте-ақ бұл «Бақыт» атты фильмінің бақытсыз жалғасы ма деген күдік туғаны рас. Бірақ ауыл мен қала қазағының, ене мен келіннің күйбең тірлігін келемеждеуден жалықпайтын, жауыр болған комедиялардан кейін бұл фильмнің көрерменді есеңгіретіп тастайтыны сөзсіз.
Үнемі қараңғылықта жүретін теңіз қарақшылары бірден жарыққа шыққанда көзіне зақым келмес үшін бір көзін қара матамен таңып алатыны сияқты, көрермен талғамын қалыптастыру үшін де уақыт керек. Жарыққа бейімделуге уақыт пен машық қажет болса, талғамға келгенде де солай.
Қуандық Бишімбаевтың сот процесінен қалған жараны жадымызда қайта жаңғыртатын ауыр тұстары бар бұл фильмді көру кейбір әйелдердің жанын қайта жарақаттауы мүмкін. Үнемі қайтып келетін кітаптар мен авторлар болады, бірақ ешқашан қайтып оралғыңыз келмейтін өміріңіздегі кейбір кезеңдерді еске салатын фильмдердің бірі — осы картина. Мұндай фильмдер сол кезеңге қайтып келуге мәжбүрлейтіндей әсер етеді.
Әйел ғасырлар бойы ер адамның ермегі үшін жаратылған “жұрнақ” ретінде қабылданып келді. Осы көзқарасты фильм авторлары сынауға тырысқан. Фильмде көп әйел өзін сөзсіз танитын анық образдар бар.
«Жауап бер» картинасында қылмыстық іс жүргізу процесінің үш тарабы — судья, айыптаушы және қорғаушы рөліндегі үш әйелдің тағдыры бейнеленген. Үшеуінің де тағдыры үш еркекке байланған. Бірі — анасы қабылдамаған әйелге үйленгісі келетін еркек. Ол еркекті «әйелдің мойнындағы үй тірлігін» істегені үшін жұрт «қатын» деп келеке етеді. Екіншісі — он жыл бойы өзін екінші отбасы ретінде көріп, ұл туып беруді талап ететін төсектес абьюзер. Ал үшіншісі — анасы, әпкесі мен әйелінің арасындағы кикілжіңді шеше алмай жүрген бозбала-еркек.
Фильмдегі бес әйелдің тағдыры әр алуан. Бірақ олар біріксе, әйелді кеудесінде жаны бар адам деп мойындамайтын патриархал қоғамға қарсы жұдырық болары анық. Туындының негізгі идеясы — осы.
БАҚЫТТЫ ӘЙЕЛ ЖОҚ ФИЛЬМ
Әйел бақытты болуы үшін міндетті түрде отбасылы, балалы болып, енесі мен қайын әпкесінің разылығын алуы керек пе? Әрине, жоқ! Әйел бақыты өзгелердің өлшемімен таразыланатын қоғамда әйелдің әрекеті үнемі сыналады. Кейде «жанашырлық» пен «қамқорлық» сияқты ұғымдар әйелдің еркіндігін шектеу мен бақылау түрінде келеді. Мұны нақты түсініп, бағалай алмаған әйелдің барар жері қайда? Қабір, түрменің төрт қабырғасы немесе тұңғиыққа жетелейтін күйзелістің ауыр жолы. Тым қатал естіле ме? Өкінішке қарай, бұл — шындық.
Адам өлтіру мен әйелді «әйел болғаны үшін» өлтіру (фемицид) арасындағы айырмашылықты түсінбейтін ер адамдар қылмыстың мотивін түрліше қабылдайды. Мәселен, әйел өзін-өзі қорғау мақсатында күйеуін өлтіріп, бас бостандығынан айыру мекемелеріне қамалуы — қазіргі заманғы феминистік криминалистиканың басты зерттеу тақырыптарының бірі. Бұл — әйелді ақтау емес, оны түсініп, әділеттілікке бір қадам жақындау әрекеті.
Қылмысты тергеу барысында «Қалай өлтірді?» деген сұрақтың орнына «Неге бұл қылмысқа баруға мәжбүр болды?» деген сұрақты қою қажет. Ғылымды алға жылжытатын сұрақ «Неге?» болса, феминистік криминалистика да осы — «Әйел неге күйеуін өлтірді?» деген сұраққа жауап іздейді. Осы тақырыпты зерттеген Netflix-тің «Why Women Kill» (Әйелдер неге өлтіреді?) атты көп сериялы хикаясы да феминистік призмадан жауап іздеуге тырысқаны үшін сынға ұшыраған болатын.
Әйелдің бақыты үнемі оның әлеуметтік рөлі мен қоғам алдындағы ешқашан өтелмейтін «қарызы» арқылы өлшенуге тиіс пе? Бәлкім, біз «қылмыс» ұғымына деген көзқарасымызды өзгертіп, қайта қарауымыз керек шығар? Бұл сұрақтың жауабын кейіпкерлер де, режиссер де өз биігінен іздейді, ал сіз, көрермен, өз талғамыңыздың биігінен табасыз.
Бұл фильмде бақытты әйел бейнесі жоқ. Ұлттық арналардың жарнамасынан түспейтін қасиетті ана, бақытты әйел немесе өнегелі келін бейнесін бұл фильмнен таппайсыз. Бұрынғы фильмдер әйелдер мәселесін кішірейтіп көрсетсе, бұл фильм көрерменді шынайылығымен шошытады.
ҮЙРЕНГЕН «ШЫНДЫҚТЫ» СЫНАУ
Кино өнері әйел бейнесін азап шегуші және өзін құрбандыққа шалуды «қалыпты жағдай» ретінде қабылдауға үйреткенін ескерсек, бұл фильм осындай патриархаттық стереотиптерді сынға алуға батыл қадам жасайды.
Бүгінгі әйел режиссерлер бұл мәселеге қарсы тұруға тырысады. Мысалы, Хлоя Чжаоның «Көшпенділер жері» фильмінде бас кейіпкер қиындықтарды бастан өткерсе де, өзін құрбан ретінде емес, таңдау жасаушы тұлға ретінде көрсетеді. Грета Гервигтің «Барби» фильмінде әйел кейіпкер өзін-өзі табуға және гендерлік стереотиптерді бұзуға ұмтылады. Дегенмен Оскар жүлдесіне ұсынылған Кен бейнесі бұл күрестің тамыры тереңде екенін тағы да дәлелдейді.
Ал «Жауап бер» фильмі келін бейнесін келеке ететін жеңіл комедияларға да, қазақстандандық көрермендер сүйіп көретін «Рэкетир» фильміне де ұқсамайды. Бұл фильм қалыптасқан құқықтық жүйені, біз үйренген шындық пен болмысты сынайды, «Адам өлтіру» бабы бойынша сотталған әйелдердің тағдырына үңіледі. Батыл сұрақтар қояды, жауап талап етеді. «Жауап берші!» деп жалынады, «Жауап бер!» деп налиды. Фильм кейіпкерлері өз сұрағына жауап іздейді.
Сіз де бұл фильм барысында өз сұрақтарыңыздың жетегінде кетіп, виктимизацияның көп қырын сезінесіз. Бас кейіпкер шынымен күйеуін өлтірді ме? Өлтірсе, қандай жазаға лайық еді? Оны өлтіруге не итермеледі? Осы сансыз сұрақтар сізді фильмнің әр минуты сайын ширықтырып, босаңсуға мүмкіндік бермейді. Сұрақтар өте өзекті, ал көтерілген мәселелер бүгінгі қоғамға аса маңызды.
Бұл сұрақ кімге қойылған? Әйелдерге жасалған қиянатқа кім жауапты? Күйеуін өзін-өзі қорғамақ болып абайсызда өлтіріп алған әйелдің әрекетін әділет органдары қалай бағалайды?
А.Грибоедов кейіпкерлерінің бірі айтатын «Бізді кім соттамақ?» деген сұрақтың жауабын өзіңіз іздеп көріңіз. Сот деген кім? Әйелдің мәжбүрлі қылмысының күретамырын көре алатын толерант қоғам ба, әлде әйелдің қылмысын кешірмейтін, айыптауға бейіл кінәлаушы қоғам ба?
Біз әйелге келгенде — прокурор, ал еркеке келгенде адвокат болуға бейімделіп кеткен қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Осы жағдайды өзгертуге бағытталған мұндай фильмдер әйелдерді періште ретінде көрсетуге ұмтылмайды. Бірақ кейбір еркектердің бұл әлемді көптеген әйел үшін тозаққа айналдырып жібергенін айқын көрсетеді.
Фильм осындай сұрақтарды көтере отырып, әйел өмірінің шексіз көп қырын ашады. Әйелдің күресі, оның еріксіз таңдауы, әділдікке талпынысы — бұл мәселелер жеке адам деңгейінде ғана емес, бүкіл қоғам деңгейінде қаралуға тиіс. Өйткені әйелдің бақыты мен құқығын қорғау, оның өз өміріне өзі ие болғанын қамтамасыз ету — тек әйелдің жеке күресі емес, қоғамның моральдық деңгейінің көрсеткіші.