KIIZ Space-тің Шымкенттен Алматыға толықтай көшуі шығармашылық іс-шараларға тойған алматылықтарды аса қызықтырмаса, Шымкент мәдениеті үшін үлкен жаңалық болды. Өнер кеңістік желтоқсанның ортасында Бәрібаевтегі «Домда» ашылмақшы. KIIZ-дің көшуі мен тағдыры туралы негізін қалаушы Шыңғыс Рысқұлов пен жобаның бұрыңғы мүшелері – Музаффар Салметов пен Аман Рахметовпен тіл қаттық.
Маусым айында ‘98mag ұжымы Шымкентке келіп, қала мәдениеті туралы деректі фильм түсірген болатын. Сол кезде біздің ұжымды жылы қарсы алған өңірдің нағыз шығармашылық ошағы болған – KIIZ Space еді.
Сол уақыттан жоба бірнеше өзгерістерді бастан кешті: OYU Fest, Shiza мен Айсұлтан Сеитовпен коллаборациядан жоба мүшелерінің кетуі мен әлеуметтік желілерде барлық посттардың өшірілуіне дейін. Жақында Шыңғыс Рысқұлов өз жобасымен Алматыға көшіп, Шымкенттегі кеңістікті жабатыны мәлім болды.
Жаңа материалымызда KIIZ-бен соңғы жарты жылда не орын алғаны туралы баяндаймыз.
Көшу себебі
Шыңғыстың сөзінше, Шымкенттегі KIIZ Space қазір еліміздің барлық өңірінде орын алып жатырған мәселемен бетпе-бет келіпті. Жылу мәселесі, нақтырақ айтқанда жылу жүйесінің жоқтығы.
KIIZ-дің іші өте суық болып кетті. Алдыңғы қыста да қатты суық болды, сондықтан осы жылы сол жайттардан қайта өткіміз келмеді. Мәселе ғимаратта болды. Жалға берушілер оны жөндегісі келмей, бір ай ақының орнына жөндеу жұмыстарын жасау туралы біздің ұсынысымызды қабыл алмады. «Өздеріңе керек болса – жасап алыңдар», – деген позицияны ұстанды», – Шыңғыc ‘98mag үшін.
фото: @blackberry.di
Резиденттермен не болды
Жазда оңтүстікке сапарымызда KIIZ Space адамдарға толы болатын. Шыңғыстың айналасында өнер-кеңістіктің дамуымен айналысатын резиденттер мен серіктестерден тұратын құрам болды.
Жоба Алматыға көшкеннен кейін резиденттермен не болатынын білгіміз келді. Алайда, соңғы уақытта KIIZ бос қалып, кеңістікте тек Шыңғыс қалғанын білдік.
Бұрыңғы резиденттер өз арт-спейстерін ашты. Жазда Алматыда жүргенімде, олар KIIZ сияқты жобалардың қалай жасалатынын көрдік, енді өзіміздікін ашу керек деп шешіпті. Маған ескертпей жаңа жер іздеп бастаған», – Шыңғыс.
KIIZ Space-ті бұрыңғы жұмыстастарына сеніп қалдырғысы келгенін айтты. Шыңғыс өзінің жаңа жобасы – Syzgan заманауи өнер мектебімен айналысуды жоспарлаған. Демеушілер қаржылай көмек беріп, ол Алматыға бір жарым айға көшіп кетті.
Шыңғыс жоқта әлеуметтік желілердегі KIIZ-дің позициялануымен мәселелер туып: құрам ішінде инстаграм-парақшадағы посттар бойынша кикілжің туған:
Оларға «Не істеп жатсыңдар? Неге орысша жазып жатсыңдар? Қазақша контент жасаңдар!» – деп жаздым. Олар маған «бәрі жақсы, жалға алудың ақшасын жауып жатырмыз» деді. Сол кездің өзінде олар кетуді жоспарлап, маған ол туралы айтпаған», – деді Шыңғыс.
Қыркүйекте кеңістік резиденттерінен арт-спейсті үш күнде босатуды сұраған. Соның өзінде, қазір Шыңғыстың ешкімге реніші жоқ, керісінше, Шымкентте шығармашылық бастамалардың көбейіп жатқандығы оны қуантады. Шыңғыс Аман Рахметовтің кофейнясына барып тұрады. Аман – KIIZ-дің бұрыңғы резиденті, қазір «Цех 361» атты жеке кеңістігін ашты.
«УГОЛ 29 А» мен «Цех 361»
KIIZ Space-тен бөлек, біздің оқиғамызда тағы екі мекен бар екенін айтып өткен жөн. Ол Шымкенттегі «УГОЛ 29 А» кофейнясы мен «Цех 361» арт-кеңістігі. Екі жобаның да негізін ақын Аман Рахметов қалады.
3 маусым KIIZ-де «УГОЛ 29 А» атты өзімнің кофейнямды аштым. Шыңғыс кетіп, өз жұмысын Музаффарға берді. Біз жақсы жұмыс істедік, әдеби кештер ұйымдастырып, жазушыларды алып келдім. Сосын Шыңғыс жаңа көзқараспен келіп, көрші резиденттерді кеңістікті босатуды сұрады. Ал мен өз шешіміммен кетуді шештім», – деп Аман еске алады.
Сол кезде ол «Цехты» ашу туралы ойламаған, бірақ KIIZ концепциясы жиі өзгеріп тұратындықтан өзінің идеялары үшін жаңа мекенді іздеген.
Әскери қызметтен кейін KIIZ-ге келдім. 17 жыл бойы әскери қызметте болып, біреудің астында жүруден шаршадым. Өзімнің жобамды ашқым келді. KIIZ-де де біреудің басқаруында жүрдім», – Аман.
KIIZ Space-тің бұрыңғы резиденттері – Нұрибану мен Иван кеңістіктен шығарылғаннан кейін Аманмен бірнеше уақыт жұмыс істеп, сосын өздері жеке кеткен.
1 қазан Аман «Цех 361» кеңістігінің техникалық ашылуын жасады. «361» қарапайым әлемнен шығу дегенді білдіреді.
Соның өзінде, Аман да Шыңғыс секілді арт-спейстің дамыту барысында қиындықтарға душар болуда:
Өнер-кеңістіктің мәселелері бірдей – жылу мен жарықтың жоқтығы. Кеңістік ескі ғимараттарға жаңа тыныс береді. Сондықтан көп ақша құю керек. Бірақ кез-келген уақытта ғимараттың иесі келіп, ғимаратты тартып алуы мүмкін», – Аман.
KIIZ-дің Алматыға көшуі туралы Аман ештеңе ойламайды. Оның сөзінше Шымкентте «Цех 361» те, KIIZ Space те жұмыс істесе жақсы болар еді.
Мен үшін KIIZ адамдар туралы. Ғимараттың өзі емес, өнер-кеңістікке келетін адамдар ұнайтын», – Аман.
Жоба резиденттерінен бөлек, серіктестері де кетті. Оның ішінде біздің KIIZ туралы деректі фильміміздің кейіпкері және кеңістіктің дамуына ұзақ уақыт бойы ат салысқан – Музаффар Салметов.
Біз онымен байланысып, жазда орын алған KIIZ Space-тің бөлінуі туралы сөйлестік.
Серіктестермен кикілжің
Музаффар жобадан тамыздың соңында Шыңғыспен сөзге келмеуінен шығып кеткен. Онымен әңгіме барысында кикілжіңнің артында терең оқиға тұрғанын және ең басты оқиға, Шыңғыспен соңғы келісім екенін білдік.
Шілденің басында маған және үшінші серіктесімізге KIIZ-ді басқаруды қалдыратыны және ол жобаның негізін қалаушы болып қалып, жобадан кететіні туралы келістік. Қол алыстық. Жұмысқа араласпайтындығы туралы уәде берді. Осы сәттен бастап жобамен өзіміз айналыстық», – дейді Музаффар.
Оның сөзінше, Шыңғыс уәдесінде тұрмаған. Аздаған уақыт өткеннен кейін олар сөзге келіп қалыпты:
Шыңғыс маған хабарласып: «Сендердің жұмыстарың түкке тұрмайды, бәрін құртып жатсыңдар, мен оралғым келеді» деді. KIIZ оның жеке жобасы сияқты болды. Бұл маған қатты тиіп кетті, себебі кеңістікте тек ол жұмыс істемеді. Үлкен құрамның әр резиденті жұмыс үшін өз жанын берді», – Музаффар.
Келісім бұзылғаннан кейін үшінші серіктес кетіп, сосын Музаффардың өзі де кетті.
Кеңістік резиденттері менің кеткенімді сөгіп, Шыңғыстан KIIZ-ді алып қалу керек деді. Бірақ мен ештеңе істегім келмеді, себебі ол оның жобасы. Нөлден тұрғызды және мен оны құрметтеймін. Сондықтан іс кикілжіңге келгенде кетуді шештім», – Музаффар.
Инстаграм-парақшадағы орыс тіліндегі посттар бойынша сөзге келуді Музаффар былай түсіндіреді:
Шыңғысқа контент, бірінші кезек, қазақша болады, сосын орысша болатынын айттым, себебі бізде әртүрлі аудитория. Орыс тілінде сөйлейтін жандар да біздің іс-шараларда қатысқанын қаладым. Біз онымен бұл туралы да осыған дейін келіскенбіз. KIIZ-ге оралғаннан кейін тек қазақша жүргізді», – Музаффар.
Сонымен қатар, Музаффардың сөзінше, бұрыңғы резиденттердің өз кеңістіктерін ашқысы келгендігі кикілжіңнің басты себебі болмаған. Оның сөзінше Шыңғыс екеуі KIIZ-ге қарама-қарсы тағы бір арт-спейс ашылып, қала тұрғындарының шығармашылық шаралар арасында таңдауы көбірек болғанын қалаған. «Резиденттер – еркін адамдар», – деді.
Музаффар KIIZSPACE-те 2023 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істеді. Қазір оқуды қолға алып, Шымкентте мәдени жобалармен айналысуды болашаққа қалдырды. Шыңғыс екеуінің тандемін сәтті жұмыс деп ойлайды, себебі «KIIZ-ді дамыту барысында бір-бірін жақсы қолдап тұратын» болған.
Алматыға кеңістіктің көшуі туралы ойын сұрадық.
KIIZ Алматыда ашылып, бірақ Шымкентте жабылмауы керек еді. Себебі KIIZ Space-тің басты идеясы – қала мәдениеті мен шығармашылығын дамыту. Бұл үлкен жоғалту. Осыны кешіре алмадым. Күнде кеңістікте болып, мекен өмір сүрсе екен деп көп жұмыстандым. Шымкентке қалай керек екендігін көрдім ғой», – дейді Музаффар.
KIIZ Алматыда
KIIZ Space 16 желтоқсанда Бәрібаевтегі «Домда» өз жұмысын бастайды. Алматыдағы ашылуға Шыңғыс жалғыз келмейді:
Саид Атабековтің ешкім көрмеген 10 жұмысын алып келдік. Сонымен қатар, Шымкенттен аспазды алып келе жатырмын. Күнде түсте палау мен кәуәп сатамыз», – деп Шыңғыс өз жоспарларымен ‘98mag-пен бөлісті.
KIIZ Space-тің инстаграм-парақшасынан барлық посттарды өшірудің алдында Шыңғыс киіз басумен айналысатынын жариялаған болатын. Осы уақыттың ішінде басылған киіздердің саны көп болғаны сонша, Алматыда іс-шара жасауға болады. Осы идеямен Бәрібаевтегі «Дом 36»-ның негізін қалаушы Дәурен Тюлеевпен жұмысы басталды. KIIZ Space қазіргі уақытта «Домды» тегін жалдауда.
Шыңғыстың сөзінше, ол әлі арт-кеңістіктің бағытын іздеу барысында. Осы жыл ішінде көрмелер, кинокөрсетілімдер, концерттер сынды әртүрлі форматтарды көріп, әлі тәжірибе жасауды жалғастыратындай. Сондықтан жоба өз айдентикасын жиі өзгертеді. Ал Алматыға көшіп келуі уақытша жайт екен:
Шымкентке қайта ораламын. Алматыда жаңа таныстар тауып, одан да мықты боламыз! Шымкентке оралғанда біреуден жалға алып отырғым келмейді. Мүмкін, жер алып, KIIZ-ді басынан қалаймыз», – деп түсіндірді Шыңғыс.
Біздің оқырмандар мен басқа да көптеген жандарға Шымкент мәдениетін ашқан KIIZ Space-тің тағдырын ары қарай бақылайтын боламыз. Қай жерде болмасын.