Қазақ әдебиеттегі Алматы

Бейнеленген: «Алматы» қонақүйі, 1980. Дереккөз: tenyakov.com

Қадыр Мырзаәлі армандаған үй қай қиылыста орналасқанын білесіз бе? Ал атақты режиссер Шәкен Айманов қай жерде тұрған? Алматы жайлы сыр шерткен қаламгерлер өз шығармаларында қандай көшелерді суреттеп еді? ’98mag тілшісі қазақ әдебиетіндегі Алматыны аралап шықты.

І 

Қадыр Мырзаәлінің 2004 жылы жарыққа шыққан «Иірім» кітабында Алматы туралы жылы естелік көп. Ақын жас кезінде қай үйді арман еткенін, өзге қаламгерлермен бас қосып, жиі баратын думанханаларын, тіпті отау құрғаннан кейін паналаған жерін де тарқатып жазған. 

«Пәтер алуға керек құжаттың бәрін өз аяғымнан жүріп жинадым, үй іші түк сезген жоқ. Сездірмедім. Ақыры ордер қолға тиді. Абылай хан даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылысқан тұсында теңізге шыққалы дайын тұрған аппақ ақ кемедей зәулім үй алыстан көз тартады. Сұмдық әдемі. Үй емес, арман!» деп жазылған кітапта. 

Жазушыны таңғалдырған сол кездегі зәулім үй қазір қаладағы елеусіз де ескі ғимараттың біріне айналды. Бұрын Старокладбищенская, Сталин атындағы болған көшенің бүгінгі атауы — Абылай хан. «Ақ кемедей» үйдің алдында түрлі дүкендер мен мейрамханалар ашылып, тіршілік қыз-қыз қайнап тұр. 

ІІ 

Бұл жерден шамамен мың метр жоғары, Абай атындағы опера және балет театрына қарай көтерлісек, талай жазушының сүйіп баратын да, суреттейтін де жері — «Алматы» қонақүйіне жетеміз. Дулат Исабековтің «Қарғынындағы» Жасын мен Бағила осы жерде кездесіп еді ғой, есіңізде ме? 

Шығарма кейіпкерлері Жасын мен Бағила кешкі алтыда қонақүйдің алдында кездесуге уәделеседі (Спойлер: кейін екеуі бөлмелердің біріне кіріп, ұзақ әңгімелеседі). 

Қонақүйден қалаға қарайтын көріністі жазушы былай сипаттайды:

«Жасын көше жақтағы лоджияның терезесін ашқанда сырттан қоңыр салқын ауамен бірге төменгі жақтағы фонтанның бірқалыпта сарылдаған даусы қосарлана естілді. Ол екі қалтасына қолын сұғып, қарсыдан көрініп тұрған опера театрына, ерсілі-қарсылы қыдырып жүрген адамдарға, фонтанға ұзақ қарады».  

Алматыда жұрт тамсанып, жадынан шығармайтын қонақүй туралы Қадыр Мырзаәлінің де туындысында кездеседі. Ол бұл ғимараттың жоғарғы қабытында бұрын түстенетін буфет болғанын, ақын-жазушылар сонда жиі жиналатынын айтып еске алады. 

«Мұндайда бәріміздің ат байлайтын жеріміз бір — «Алматы» қонақүйінің жоғарғы қабаттағы буфеттері!» дейді жазушы кітапта.  

Қонақүй қызметкерлерінен қазір жоғарғы қабаттарда буфет бар-жоғын сұрап көрдік. Олар онда түстенетін орын жоғын, кіреберістегі лоббиде орналасқан мейрамханалардан ғана тамақтануға болатынын айтты. 

Бір қызығы, ғимарат 1962 жылы салына бастап, 5 жылдан кейін құрылыс аяқталған. Бұл жылдары тек осы қонақүйіде ыстық су мен жылу болған. Ал оны алғаш басқарған — Рахымжан Қошқарбаев. Арада бірнеше онжылдық өтсе де, ғимарат қаз қалпында. 

Из фонда архива ЦГА КФДЗ Данный текст скопирован с сайта Informburo.kz https://informburo.kz/stati/kak-alma-atu-edva-ne-snesli-istoriya-kultovogo-zdaniya-sovetskoy-gostinicy.html

ІІІ

«Анда-санда бір көрісіп аман-сау сұрасып жүргеніміз болмаса, соңғы жылдары біз араласқан жоқпыз. Бірде Весновка өзенінің жағасында ойда-жоқта жолығып қалдық» деп жазған Мырзаәлі «Иірім» кітабында.  

Шығармада ақын Сабырхан Асановпен ойда-жоқта кездесуін суреттейді. Бұл жағалау талай жастың махаббат куәсі болғаны рас. Алматылықтар арасында «Весновка» деген атаумен танымал өзеннің атауы — Есентай. Жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын өзенінің 8 саласы бар.


Весновканың Тимирязев көшесіндегі саласынан оңға сәл жүрсеңіз, Ербол мен Меңтайдың «Махаббат, қызық мол жылдар» хикаясы жазылған КазГУ-ға табан тірейсіз. Сол жылдары Киров атындағы Қазақ университеті 80 жыл ішінде түрленіп, статусын өзгертіп үлгерді. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашыққа айналды.

«Мен 1945 жылдың он төртінші ноябрі күні осы әсем астана Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдандым… Мен содан бір сағат  қана бұрын, астананың Совет  көшесіндегі университет үйінің  баспалдағына табанымды тіреп, жаңа  ғана үзіліске шығып, дәлізді кернеп тұрған студенттердің арасынан өтіп,  үйдің екінші қабатына көтерілгенде  Алатаудың асқар шыңына шыққандай болып едім. Шыңнан шыңырауға қарағандағыдай басым айналыңқырап, буын-буыным дірілдей түскенін де аңғарғанмын. Енді міне, декан екінші  курсқа қабылдандың дегенде өзім екі  аяғыммен нық басып тұрған деканаттың едені жылжып, қозғала жөнелген сияқтанды. Мен деканат бөлмесінде емес, Алатаудың шың-құздарының үстінде, дүниенің төбесінде қалықтап ұшып бара жатқандай күй кештім» дейді ол. 

Ауылдан келген студенттер, жатақханадағы қызықтар пен қаланың көрікті жерлерін жазушы Әзілхан Нұршайықов ұтымды суреттейді. 

«Ендеше сізге қалай түсіндірсем екен? — Меңтай ернін тістеп, сәл  ойланып  алды.  Университеттің екі жатақханасы бар:  бірі Калинин көшесінде, бірі  Виноградов  көшесінде. Бірақ екеуі  бір  жерде,  қатар.  Виноградов, 62 — біздің жатақхана. Соның 62-бөлмесі. Ұқтыңыз ба? Алпыс екі, алпыс екі, — деді қыз мен ұғып  алсын дегендей әр сөзін соза айтып. Екі рет алпыс екі». 

Үзіндіде аталған екі көшенің біріншісі — Калинин, қазіргі Қабанбай батыр көшесі, екіншісі  Виноградов, қазіргі Қарасай батыр көшесі. 

«Онда біздің  жатақхананы былай табасыз. Үйден шыққан бетіңізде Дзержинский көшесімен  өрлеп, жоғары, Виноградовқа дейін көтерілесіз. Оң жақ бұрышта драма театрының үйі тұр, оны білетін шығарсыз. Театрдан оңға қарай бұрылсаңыз, бір он минуттан кейін Никольский базарына жетесіз. Сол жағыңыздан бір үлкен шіркеудің діңкиіп тұрған, — Меңтай «діңкиіп» деген  сөзді  балаша  созып  айтты, — сары ала күмбезін көрсеңіз — сол Никольский базары. Базардың  қарсысындағы екі этажды жалпақтау сары үй — сіз іздеген жатақхана болады да шығады. Енді табасыз ғой». 

Жазушы Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы Никольск  шіркеуінің  түбіндегі көк базарды да суреттеп берген. Ал бұрынғы Дзержинский көшесіне қазір Наурызбай батыр атауы берілді. 

«Жатақхананың дәл жанынан өтетін  Ұйғыр көшесіне түсіп алып, Алатаудың  алыстан көрінген ақ бас шыңын бетке  ұстап, лағып, тарта бердім. Ол кезде Алматыда үш этаждан биік үйлер болмайтын. Олардың өздері де орталық көшелердін әр жерінен бір бой көрсетіп, қаланың өзге тұстарын бір қабат  жатаған  ағаш үйлер кернейтін. Әсіресе, Ұйғыр  көшесі сияқты сырт аймақтарда  ұзын-ұзын барақ,  жеке-жеке оңаша жай  ағаш үйлер тіпті көп болатын. Солардың ара-арасымен өтіп келе жатқан маған жатаған сол бір жаман үйлер алтын сарайдан кем көрінбей, сол сәтте өзімнің  ғажайып бір бөтен патшалықтың ішін  аралап, кезіп жүргендей жайым барын  бұлдыр сезінемін». 

Бұрын Ұйғыр атауы болған көше қазір Ахмет Байтұрсынұлы атауын алды. Шығарма кейіпкері Ерболдың айтуынша, бұрын Алматыда үш қабатты үйден биік ғимараттар болмайтын. Қазір ең биігі 168 метрлік 38 қабатты құрылыс.

Фотографии предоставлены Государственным архивом города Алматы и Архивом комиссии по канонизации святых Алматинской епархии. для exclusive.kz

IV

Никольск шіркеуінен батысқа қарай тура 2 шақырымдай жүрсеңіз, “Әртістер үйіне” жетесіз. Ол қандай үй? Мұнда кімдер тұрған?

Алматы — Қазақстанның мәдени астанасы, өнер мен шығармашылықтың қайнаған ортасы. Мұнда музыка, кино, бейнелеу өнері, театр сияқты өнер салаларының көрнекті өкілдері шоғырланған. Кеңес заманында Алматы еліміздің басты мәдени орталығы болғандықтан, көптеген танымал өнер адамы осында қоныстанды. Сол кезде оларға арнайы баспаналар салынған еді. Қалада «Шығармашылық үйлері» пайда болды. 

Адиля Норузованың «Махаббатпен, Мара» атты шығармасында қала  «Шығармашылық үйінде» өскен кішкентай қыздың көзімен бейнеленеді. Кейіпкер Ақмарал Артықова — әнші Бибі Артықованың қызы. Балалық шағы Виноградов көшесіндегі «Әртістер үйінде» өткен Мара Алматыны сондай жылы суреттейді. 

Ақмарал Артықованың айтуынша, арнайы салынған «үйдің» көбі кейін сүрілген, ал «Әртістер үйі» орнында. Бұл үйде қазақ ұлттық профессионал театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, актер Қалыбек Қуанышбаев, режиссер әрі актер Шәкен Айманов, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер тұрған. 

«Ал біздің Әртістер үйі сол қалпы, қабырғасының түсі ғана өзгеріп тұрады» деп жазылған кітапта.

V

Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасында да Алматының біраз көшесі мен саябағы аталып, кейіпкері Ғалия оқыған ЖенПИ-ге, қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне аса көңіл бөлінеді. 

«Көне дерт қайта қозғалды. Жараның аузы қайта тырнап ашылды. Күндіз-түні Ғалия басымнан шықпайтын болды. ЖенПИ — қаладағы атақты оқу орындарының бірі. Мен ол туралы бұған дейін де, талай қызықты сөздер естігем. Бірақ өзім барып көрген емеспін. Қалада ЖенПИ-ді білмейтін, оны сөз етпейтін студент аз. Сезімтал бір жас ақынның газетте ЖенПИ туралы жазған өлеңін оқыған едім. Онда ол оны «сұлулар галереясы» деп атаған» деп жазылады кітапта.  

«Сұлулар аллеясының» биыл жаңа ғимараты пайда болды. ЖенПИ шынында талай жігіттің сүйікті орнына айналғаны жасырын емес.


Фото: Facebook/Андрей Переверзев

Алматы туралы ыстық естелігін Қалихан Ысқақ та бөлісті. Оның «Алматыдағы ең ыстық жер» деген әңгімесінде «Қазақфильм» киностудиясы суреттеледі. Жазушының айтуынша, бұл жер ауыспалы ғана емес, тура мағынасында да ыстық болған. 

«Алматыдағы ең ыстық жер — киностудияның маңы. Ауласындағы термометрдің тілі қашанда қаланың тымырсық демінен бес-алты градусқа озады да тұрады. Осы ауланың қақ ортасында көміп тастаған су қоймасы, көк томпақты шыр айнала су бүркіп тұратын елірме түтіктер бар, көркі мен көлеңке тастайтын көрі емен де осында… Бірақ ағаларымыздың ізі қалған, өнері мен өнегесін тастап кеткен бүгінгі Концерт залы, кешегі «Қазақфильм» біздің көзімізге әлі ыстық… Алматыдағы ең ыстық жер сонда қалған сияқты көрінеді де тұрады» дейді ол. 

VI

«Сұлулар аллеясынан» 5 квартал жоғары көтерілсеңіз, жазушы Қабдеш Жұмаділов «Тирандар тырапай асқан жыл» әңгімесінде суреттелген гүлзарға жетесіз. 

 «Алматыда Қабанбай батыр көшесі мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысқан жерінде бір шағын гүлзар бар. Бір кезде соның дәл іргесінде «Пионерлер сарайы» орналасқан. Мына гүлзар балалардың демалыс орны болып та саналатын. Соның шарапаты ма, әлде өзге бір себебі болды ма, Алматының бау-бақша, тал-терегін түгел отап, үй салып жатқан заманда, осы гүлзар ғайыптың ісімен аман қалыпты. Қазір шағын да болса сол саялы бақ қарттардың аяқ суытатын жеріне айналған. Әр жерде тізе бүгетін орындықтары бар».

Жазушы суреттеген бұл гүлзар қазір «Қарағайлы паркі» деп аталады. Оның аумағы кеңейіп, абаттандырылды. 

«Пай-пай, неге ғана жұрт Алматыны сұрамайды, неге ғана Алатаудың сұлулығын маған айтқызбайды?!», «Күні-түні Алматым, Алатауым туралы жалықпай әңгімелер едім» деп жазған Баубек Бұлқышевтың соғыс кезінде жазылып, жарияланбаған романы бар. Ол «Алматылықтар» деп аталады. 

«Алматы менің қалам. Сондықтан да менің Алматым деген мақтаныш, мені толқытып жоғары көтереді. Сен кімсің деген сұраса, мен совет азаматымын, алматылықпын деп жауап беруге жаным құмар» деп басталады роман. 

Шығарма кейіпкері Ғазиз сұлу Алматыны Москва, Ленинград, Киевтен артық болмаса, кем емесін айтады. Кейіпкер бұрынғы Карл Макс, қазіргі Дінмұхамед Қонаев көшесімен жүріп, қаланың көрікті жерлерін сипаттап, қиялға беріледі. 

«Алматылықтарға Ғазиздің жүріп келе жатқан Карл Маркс көшесі таныс. Олар бұл көшемен талай рет жүрген. Бұл — Нева проспектісінен бір де кейін емес. Мұнымен жүріп келіп театрға да, паркке де, моншаға да, магазинге де бұрыла салуына болады. Алматының проспектілері, тіпті, өзгеше емес пе? Әттең, қазір Владимир Маяковский тірі болса, біз оны қонаққа шақырар едік, жақсылап тұрып қозының етін астырып қойып, қанып ішкен сары қымыздың буымен Алматыны аралауға шығар едік» делінген шығармада.  

Тарихы терең, мәдениеті бай, әдебиет пен өнердің қилы келбетін тоғыстырған Алматы талай қаламгердің шабытын оятты. Тауы, суы мен ерекше «вайбын» суреттеген туындылар аз емес. Олардың ішінде Шерхан Мұртазаның »Қызыл жебесі», Әзілхан Нұршайықов пен Бауыржан Момышұлының шығармалары бар. Ал мақалада сөз болған орындар — оның аз бөлігі ғана.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Тимоти Шаламе и его модный промотур
Стиль
#мода
Тимоти Шаламе и его модный промотур
КАК ПЕРЕРОЖДАЕТСЯ КАЗАХСТАНСКИЙ ФУТБОЛ
Ликбез
#общество
КАК ПЕРЕРОЖДАЕТСЯ КАЗАХСТАНСКИЙ ФУТБОЛ
«Да здравствует независимое кино!» или как Американская киноакадемия раздала награды
Культура
#кино
«Да здравствует независимое кино!» или как Американская киноакадемия раздала награды
В каком наряде Майки Мэдисон получила свой первый «Оскар»
Стиль
#мода
В каком наряде Майки Мэдисон получила свой первый «Оскар»
The Ordinary: простые составы, громкие скандалы и уникальный маркетинг
Стиль
#красота
The Ordinary: простые составы, громкие скандалы и уникальный маркетинг