2020 жылы ел коронавирус дертінен карантинге көшіп, карантин барысында қазақстандық музыкада жаңа есімдер ашылып, әртістер музыкамен айналысу мен таратудың жаңа жолын тауып, изоляция кезінде өз болмыстарына көз жүгіртті.
Концерт, той, іс-шаралар тыйым салынған жылы қалай отандық музыкада үлкен өзгерістер орын алып, алдағы бірнеше жылға бағыт-бағдар қалыптастырғаны жайлы бүгінгі мәтінімізде баяндаймыз.
«Коронавирус кет, кет, кет»
16 наурыз Қазақстанда карантин енгізіліп, төтенше жағдай жарияланды. Оқу, жұмыс орындары мен сауда орындары жабылып, қалалардан шығуға шектеу қойылды. Оқу, жұмыс жүйелері онлайн режимге көшіп, көптеген мәдени іс-шаралар кейінге шегерілді.
13 наурыз Қазақстанда коронавирусты жұқтырған алғашқы адамдар анықталған күні эстрада әншісі Марат Омаров өз әлеуметтік желісіне «Коронавирус кет, кет, кет» әнін шығарды. Ән лезде халық ішінде тарап, мемге айналып, Asiya, M’Dee, The Limba сынды көптеген жас әншілер кавер түсіре бастады.
Концерттер мен мәдени іс-шаралар кейінге шегерілгендіктен, жас буынның да, аға буынның да әртістері өз әлеуметтік желілерін дамытуға көшті. Көптеген әншілер Instagram-дағы тікелей эфирлері арқылы онлайн-концерттер ұйымдастыра бастады. Дәл солай ҚР Мәдениет Министрлігі мен Қазақтелекомның «Карантиндегі жұлдыз» жобасында эстрада әншілері онлайн-концерттер жасады.
Әлеуметтік желілер арқылы музыка тарату
Осы бір сәтте TikTok үлкен танымалдыққа ие болып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі әртістер өз музыкасын таратуға ыңғайлы платформа тапты.
Сағат сайын өзгеріп отырған трендтердің арасында Raim-ның «Двигаться» трегіне жүз мыңнан аса бейнелер түсіріліп, бірнеше апта бойы трек Shazam бойынша ТМД елдерінде алғашқы орында тұрып, әлемдік чартта алғашқы жиырмалыққа кірді.
Қазір YouTube желісінде «Двигаться» ортақ есеппен 85 миллионнан астам қаралым жинаған. Бұл жайт қазақстандық әртістің TikTok арқылы әлемдік чартқа шыққан алғашқы сәттерінің бірі болды. Осыған дейін 2019 жылы Imanbek «Roses» трегіне ремиксімен әлеуметтік желілерде танылған болатын.
TikTok-тан бөлек, көптеген әртістер карантин кезінде блогерлерге айналғандықтан, әншілер жиі Instagram желісінде ұтыс ойындар (гивтер) ұйымдастыруға көшті. Концерт, той, іс-шаралар тоқтап қалғандықтан әртістердің басты табыс көзі платформалардан түсетін табыстан бөлек, гивтер мен жарнамалар жасауда болды.
Әртістер блогерлерге айналған шақта, кей блогерлер, керісінше, өздерін әншілікте сынап бастады. Осыған дейін Instagram желісінде каверлерімен танылған 17 жасар Садраддин алғашқы «Алия» әнін шығарды.
Қазіргі таңда 20 миллионнан астам тыңдалым жинаған ән блогерге музыкалық мансабында жол ашып, кейіннен шыққан «Грустный танец» пен Baha Puper (Бахитжан Акпаров) атты блогермен шыққан «Королева» әндері аса үлкен танымалдыққа ие болды.
Блогерлердің аудиторияға әсері туралы айта отыра, сол жылы жазда дебют алған Kalifarniya туралы айтқан жөн. Қазақтілді мамбл-рэп, жеңіл ритм мен есте қаларлық шумақтарымен тыңдармандарды қызықтырған Фархаттың алғашқы «Jurip Kelatasyn» трегін миллиондаған оқырманы бар блогер өз сторисіне салғаннан кейін, ән әлеуметтік желілерде тарай бастады.
Қалай Kalifarniya халық әртісіне айналып, жаңа той музыкасын қалыптастырғандығы туралы сілтеме бойынша оқыңыз.
Музыкалық телеарналар мен жеке YouTube арналардың ашылуы
Карантин кезінде әртістер жеке әлеуметтік желілерін дамыта бастауымен бүкіл халықтық назар теледидарлардан әлеуметтік желілерге көшті. TikTok феноменінен бөлек, желілерде кішігірім аудиторияға ғана танымал жас әртістер уақыт өте көптің назарына түсе бастады.
Көптеген әртістер әлеуметтік желілердің күшін байқап, жеке YouTube арналарын ашып, жаңа әндері мен бейнебаяндарын теледидарлық арналарға емес, өз жеке YouTube парақшаларына салумен айналысты.
Осы бір сәтте әндер тек синглдер ретінде шығып, бейнебаяндар сирек түсіріліп, көптеген әншілер жеке YouTube арналарына әндерін сала бастағандықтан, музыкалық телеарналар бағытын өзгертіп, Gakku TV-дің негізін қалаушыларының бірі Тимур Балымбетов пен Нұржан Еркінұлы бастаған топ арнадан кетіп, құрам өзгерді.
Q-pop
Егер карантин уақытына дейінгі отандық музыка индустриясына назар салатын болсақ, үлкен коммерциялық компаниялар қазақтілді музыкаға назар аудармайтын.
Ал, мемлекеттік концерттерден бөлек, концерттер мен фестивальдер өте сирек ұйымдастырылатын. Қазақстандықтардың өте аздаған пайызы стримингтік алаңдарды қолданатындықтан және онсызда өте сирек концерттерге шығатын Q-pop топтар карантин кезінде дағдарыс кешіп, көбі тарап кетті. Яки, 2019 жылы тек қана жанр әртістерінен тұратын Q-Fest «Алматы Аренаны» жинаса, бір жыл уақыт өтпей, фестте өнер көрсеткен көп топтар жұмысын тоқтатты.
Q-pop-тағы ең ауқымды продюсерлік жоба Ninety One-ды да дағдарыс айналып өтпеді. Тамыз айында топ мүшесі A.Z. ұжымнан кетті. Бұл жайт жанкүйерлер арасында толқыныс пен түсініспеушілік тудырды. Жылдың соңында топ ауқымды онлайн-концерт/шоу жасап, билеттерді сатты. Алайда, шоу үлкен назарға ілікпей, өте аз сатылым жинады.
Кисло-Сладкий & Bonah және Dequine
2020 жыл туралы айтқанда жыл басында орын алған Кисло Сладкий & Bonah мен Dequine арасында орын алған жайтты айтпай кетпеуге болмайды.
28 ақпан õzen бірлестігінің кезекті концертінде рэперлер Кисло-Сладкий & Bonah әнші Dequine-ге харассмент жасаған. Келесі күні Dequine өз әлеуметтік желісінде бұл туралы хабарлап, Данеляға келген хаттардан кейін, рэп-дуэттің осыған дейін де бірнеше қызға харассмент жасағаны мәлім болды.
Бұл жайт отандық музыкалық индустриядағы алғаш рет харассмент мәселесінің көтерілуі мен қоғамның әртісті cancel-деуі болды.
Moldanazar Music
Ғалымжан Молданазар карантин уақытында Орынхан атты әртіс пен өз жиендерінен тұратын лейбл құруды шешеді. Күзге дейін лейбл әртістерінің дебютіне дайындық жүргізіліп, қазан-қараша айларында Орынхан мен Әлидің дебюті орын алды.
Орынхан инди-соул жанрында шырқап, өз қоңыр дауысы мен әндерін оркестрлі әрлеуімен тыңдармандар жүрегінен орын тапса, 16 жасар Әли өзінің қарапайым, мұңды әндерімен жүректерді тербеп, жасөспірімдердің дауысы атанғандай болды.
Түп тамырға оралу
Карантин кезінде өзімен және өз отбасысымен жеке қалған көптеген жандардың өмірлерінде құндылықтары мен болмысына қайта назар салу сәті орын алды.
Изоляция кезінде адамдар өз қанының тарихына оралып, түп тамыры туралы ойлана бастады. Бұл өзекті тақырып шығармашылықта да өз орнын тапты.
Abay 175
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай õzen лейблі ақынның үш өлеңінің («Boiy Bolgan», «Keldіk Talai Jerge Endі», «Men Sálem Jazamyn») заманауи нұсқаларын жазды. Заманауи, жаңа лепке бағышталған әуен бастапқы болмысын жоғалтпай, барша буын өкілдерінің көңілінен шықты. Darkhan Juzz өлеңнің жеңілдігі мен байсалдығын жеткізсе, De Lacure мен Tavat Абай өлеңі рэп туынды ретінде қалай шырқалатынын көрсетті.
Abay 175 туындыларының ішінде тыңдармандардың жүрегінен ерекше орын алған ән – dudeontheguitar мен Hey Monro орындауындағы «Boiy Bulgan» болды. Бұл туынды жас әншілердің өткен мен бүгінді, көне мен жаңа заманды бір әуенде ұштастыра алатын музыканттар ретінде айқындатып, заманауи қазақ музыкасының жаңа ерекше есімдері ретінде тек жас аудиторияға ғана емес, барша буын өкілдеріне танытты.
dudeontheguitar мен Hey Monro тандемі сол жылы Тәуелсіздік күніне орай «Желтоқсан желі» өлеңінің авторы Абдрахман Асылбектің сөзіне жазылған «Tugan Jer Tolgauy» әнін арнады. Almaty Symphony Orchestra-мен бірге орындалған ауқымды шығарма туған жердің барлық тұсын сезініп, Отан анаға деген толғанысқа толы махаббат жырындай болып тыңдармандар жүрегін елжіретті.
jeltoksan. – «Jaiykpen juzdeskende»
Сол жылы жарық көрген маңызды туындылардың бірі jeltoksan.-ның Мұхтар Шахановтың өлеңіне жазылған әні мен бейнебаяны.
Өлеңде бір адамның өмірін тарихпен салыстырып, адам тарихтан кіші екені айтылса, бейнебаянда репрессияға ұшыраған ақынның соңғы сәттері көрсетілген. Атылуының алдында ақын өз өлеңдерін тығып, мұра қылып қалдырып кеткен шабаданды бейнебаян соңында қазіргі күндегі жасөспірім бала жер астынан қазып алып, өзімен бірге алып кетеді.
Соңғы уақыттары тарихқа көз салып, өз түп тамырына оралып жатырған жандар бейне соңындағы баладан өздерін көре алды.
Халық аспаптарының жандануы
16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай Buhar Jerreau тобының бұрынғы мүшелері Эмиль Досов, Шоқан Нукушев пен «Батырхан Шөкенов атындағы қор» басшысы Наргиз Шөкенова The Buhars жобасын паш етті.
Халық аспаптары көп жанның ойында көнелікпен ассоциация тудырғанымен, үш туындыдан тұратын EP-де The Buhars тек қана халық аспаптарын заманауи лепте қолданады.
«ХХ ғасыр келуімен көптеген халықтардың аспаптары глобализацияға ұшырады. Аспаптар бұған дейін мыңдаған жылдар бойы сол кезең туралы баяндағанымен, ХХ ғасыр келуімен аспаптар өткен шақ туралы айтып бастады», – Шоқан Нукушев
jeltoksan. мен жетігеннің бір-біріне жауап қайтаруы, дауылпаз бен сэмплденген жетігеннің әрлеуімен өткір әлеуметтік антиутопиялық мәтін мен me and my invisible orchestra-ның өлім мен өмір туралы ой легі – The Buhars-тың алғашқы EP-інде кездесетін элементтер.
Саясат пен музыка
Жыл «Ирина Кайратовна» шығармашылық ұжымының «5000» бейнебаянымен қорытындыланды. Бейнебаянда 2020 жылы орын алған қасіретті саяси, әлеуметтік мәселелер көтеріліп, репрессия, жемқорлық, оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтің өлімі сынды қазақ тарихының қара беттері көрсетілген.
Көптеген сілтемелерге толы бейнебаян ел ішінде резонанс туғызып, талқыға түсіп, миллиондаған қаралымдар жинайтын топтың осындай қадамға барғаны қоғамды таңырқатты.
«5000»-ның шығуынан бірнеше күн бұрын «Ирина Кайратовна» Ninety One-мен «Taboo» трегін шығарды. Дөңгелек үстелде ел ішінде ауқымды фанбазаларға ие, мансаптарының басында бүкіл халықтық хейттен өтіп, таптаурындарды бұзған екі ұжым қоғамда «табу» болып саналатын саяси, әлеуметтік тақырыптар туралы әңгімелейді.
Қанша жерден айнала лай болып жатса да, топтар өздерінің бастапқы мақсаты – бүгін мен ертең болуы үшін әндетуін жалғастыратынын баяндайды.
2020 жыл алдағы бірнеше жылға қазақстандық музыканың бағыт-бағдарын қалыптастырып, әлеуметтік желілердің қолданысы артқандықтан еркін жас орындаушылар өз кішігірім аудиториясынан бүкіл халық назарына шығып, карантин кезінде көптеген жандардың өз түп тамырларына орала бастаған сәтте ол ойлар мен көзқарастар шығармашылықта да өз кейпін таба білген сәтті жыл болды.
Карантинге дейін және кейін деп бөлінетін отандық индустрияда жаңа той музыкасы қалыптасып, жаңа есімдер шықса, ал ИК, Ninety One сынды топтардың ішкі протесттері әлеуметтік, саяси протесттерге айналып, басқа да әртістер мен тыңдармандарға таптаурындар мен шекараларды бұзу қалыпты дүние екендігін көрсетті.