Kaytranada деген кім?
Канадалық продюсер Kaytra алғашқы ремикстерін 2010 жылы SoundCloud-та жариялай бастады. Кейін екі альбомын шығарып, сыншылар мен тыңдарманнан жоғары баға алды. Amine, Андерсон Паак және Виктория Моне сияқты әртістермен жұмыс істеді. Жанет Жексонның «If» әніне жасаған ремиксі кеңінен тарағанда, Kaytra жұмысын осы бағытта жалғастырамын деп шешкен сияқты.
Kaytra-ны көпшілік 2013 жылғы Boiler Room DJ сетінен соң тани бастады. Бұл сет сол кездегі андерграунд хаус музыканың жарқын мысалы болды. Құлаққа жағымды ремикстер мен оған беріле билеген қыз-жігіттің арқасында видео TikTok-та қатты таралды.
Продюсердің хитке айналған бірнеше әні бар. «YOU’RE THE ONE», «Be Your Girl» және «10%» синглдері біраз тыңдарманның репитінде тұр. Таяуда Kaytranada-ның альбомы шықты. Оның бұл жұмысы несімен ерекше?
Бұрын музыка тыңдау үшін бір жерге баруымыз керек болатын. Қазір ондай шектеу жоқ. Автобуста күй тыңдаймын десеңіз де, техно музыка ырғағымен кітап оқығыңыз келсе де, қалауыңыз оп-оңай орындалады. Kaytranada-ның TIMELESS альбомының да ерекшелігі сол – ондағы музыканы кез келген уақытта кез келген адам тыңдай алады. TIMELESS альбомы, атауы айтып тұрғандай, қандай да бір уақытқа байланбаған.
TIMELESS – дижейдің сеті
Альбоммен танысарда әуелі оны дижейдің миксі деп қабылдаңыз. Не дегенмен Kaytranada дижей ғой!
TIMELESS – бір биттен екіншісіне баяу өтетін, тамаша үйлестірілген сет. SpongeBob әуені бразилиялық фанкпен араласып, Бетховеннің классикалық туындысына ұласатын ботқа микс емес. Ұстамды, жинақы.
Бір әннің ішінде музыканың ырғағы мен үні бірнеше рет өзгерсе де, әуелгі бағытынан таймайды. Әрбір трек – тұтас бір топтаманың бөлігі. Бірін-бірі толықтырып тұр. Әрқайсының маңызы, айтары бар.
Бірақ шебер аты – шебер. Музыка тыңдап отырып, бөлмеден шығып кетсеңіз, қайта кіргенде аса үлкен өзгеріс байқамайсыз: бірсыдырғы биттер еріксіз билетіп жібереді.
TIMELESS – альбом
Альбомды дижей сеті ретінде қабылдаған әсерлі болғанымен, ол ұзақ уақыт бойы студияда жазылған туынды екенін ұмытпауыңыз. Ендеше, бұл туындыны альбом ретінде қарастырып көрейік.
TIMELESS – батыл жұмыс. Біреу дижейдің сеті мен толымды альбомының қандай айырмашылығы бар деп сұраса, TIMELESS-ты көрсетуге болады. Kaytra-ның бұрынғы жұмыстары тым абстрактілі, дерексіз болғандықтан, мәніне аса үңілмей тыңдай беретінбіз. Үйге атмосфера сыйлайтын әуен іздегенде ішінен таныс әнді таңдап, қосып қоя салушы едік.
Бірақ бұл альбом бұрынғы альбомнан өзгерек. Тректер – тұтас туындыға тән вайбтың бір бөлшегі ғана емес, жеке ән ретінде де астары бар, айрықша шығармалар.
Альбом тыңдарманды баурап алғанымен, басқа өнерпаздардың туындылары сияқты анығын әртістің өзі ғана білетін тылсым, түпсіз терең ойлармен қинамайды. Ондайдың ауырлығын, мәселен, Кендрик Ламардың әндеріндегі әр тармақты шұқшия қарап, астарын іздеп кететін тыңдарман жақсы біледі. Kaytranada бізге ондай салмақ салмайды. TIMELESS – мінсіз ситуэйшншип. Қазір көңілді көрініп, артынша мұңды астары әшкере болатын екіұдай еңбек емес.
TIMELESS – әндер жинағы
Кейбір әртіс синглды керемет жазғанымен, альбомға келгенде ақсап жатады. Ақырында әйтеуір біреуі хитке айналар деген үмітпен топтастырылған қойыртпақ шығады. Kaytranada-да керісінше: тек бір-екі әні танымал болғанымен, TIMELESS альбомы оның мықты тұсын әйгілеп берді.
Біріншіден, альбом аясында бірнеше танымал әртіс жұмыс істеген. «Witch» әнінде – Childish Gambino, «Do 2 Me» трегінде – Андерсон Паак, ал «Snap My Finger»-де PinkPantheress-пен фичериң бар. Kaytranada бұл альбомында әрқайсы әр алуан бірнеше әртістің басын қосқан. Бұл – жақсы продюсердің қасиеті.
Kaytranada-ның тағы бір ерекшелігі – әмбебаптығы. Тыңдарманның бірін қалдырмай таңдай қақтырған әртіс жоқ. Ариана Грандені ұнатпайтындар да бар, кейбіреуге K–pop жақпайды. Бірақ Kaytranada әркімнің көңілінен шығатын тректер жазуға тырысады. Яғни, ерекше дыбыс пен көптің талғамы тоғысқан нүктені дәл табады.
Тек әртістің бұл ерекшелігі өзіне жау болып шықты: әмбебап әндері назардан тыс қалып қойды. Kaytra-ның жұмысы – досыңызбен кездескенде талқылайтын не терең музыкалық білімімен көпті таңырқатқысы келгендер тыңдайтын музыка.
Kaytranada-ның әуенімен сүйемелденген «Weird» әні Дурранд Бернаррдың ерекше вокалын айшықтап, оны жаңа деңгейге көтереді. Ал «Drip Sweat» продюсердің әдеттегі жұмыстарына қарағанда сәл агрессив шыққан. Бит пен дыбыс 90-жылдардағы продакшн стиліне келеді. Билеуге, жаттығу жасауға таптырмас трек. «Snap My Finger» – альбомдағы ерекше әннің бірі. Pink Pantheress пен Kaytranda-ның стильдері шебер үйлесім тапқан. Әнмен бірге келетін вижуал видеосы да көздің жауын алады.
Басқа әртістердің альбомындағы кей әндерді қорытуға біраз уақыт кетеді. Бит пен ұйқасына үйренуіңіз керек. Осы тұрғыдан Kaytranada-ның продакшны бар мақтауға лайық. Өлеңнің ырғағы сізді өзі табады. Әннің оныншы секундында-ақ еріксіз қимылдап, ырғаққа ілесе бастайсыз. Көптеген дижей түсіндіруге тырысатын Kaytranada продакшнның артықшылығы – осы.
Бір күдігім бар
Альбом – жазғы демалыста достарыңызбен көңіл көтергенде тыңдауға болатын таптырмас туынды. Жұмысқа барарда ұйқыңызды кофемен емес, Kaytra-ның осы альбомындағы әлсіз де ырғақты биттерімен ашсаңыз болатын сияқты.
Өзін жеке дара қарастырсақ, TIMELESS – тамаша туынды. Бірақ басқа альбомдарымен қатар-қатар тыңдамағаныңыз жөн. Әйтпесе Kaytra-ға тән стильдегі қысқа биттердің шырмауына түсіп қаласыз да, әртістің музыкасы фондағы елеусіз дауысқа айналуы мүмкін.
Альбомның youtube-тағы мұқабасына Kaytra-ның студияда отырған суретін қойыпты. Отыратын жер таппаса да, өнерпаз жайбарақат жүр. Бұл суреттен өзім символика көрдім: Kaytra өзін танымал еткен бөлмеде қамалып, яғни сәнді стильдің тұзағына түсіп, шыға алмай қалған сияқты.
Әртіске тән lo-fi дыбысы қазір тренд шыңында тұрғанымен, бұл уақытша ғана құбылыс болуы мүмкін. Kaytra әуенді араластырғанда не ремикс жасағанда осы дыбысқа әуес. Баяу, төмен битке толы әуен кез келген адамды билетіп жіберетіні рас. Бірақ кейде дижей осы дыбыстың шеңберінен шыға алмай қалды ма деп қаласың.
Kaytranada талантты продюсер екеніне дау жоқ. Бірақ оның жаңашыл стилі аз уақыттан соң қызықсыз әуенге айнала ма деп қорқамын.
Бекер күдіктенген боп шықсам екен.