Лос-Анжелесте тұратын ауқатты корей отбасы ұлды болады. Бала беймәлім сырқатпен туады. Дәрігерлерден шипа таппаған шаңырақ Хварим мен Бон Гил атты екі бақсыны Лос-Анжелеске шақырады. Бақсының бірі бұл отбасы марқұм атасының қарғысына ұшыраған деген тоқтамға келіп, оны қайта жерлеуді тапсырады. Бақсы бұл істі екі фен шуй шебері — Сан Док пен Ён Гынға жүктеуді ұсынады.
Тың образдағы танымал өнерпаздар
Кейінгі жылдары әлемде корей кинематографиясының танымалдығы өсіп келеді. 2019 жылы «Паразит» фильмі Оскар сыйлығының иегері болғалы корей фильмдердің әлемдік прокатқа шығуы үйреншікті құбылысқа айналды.
«Эксгумация» да әлемде қалың көпшіліктің назарын аударып, мол табысқа кенелді. Фильм 74-ші Берлин кинофестивалінде көрсетілді. Фильмде әйгілі Олдбой рөлін сомдап, аты аңызға айналған Чхве Мин Сик ойнайды. Бас әйел кейіпкерін өзімнің сүйікті актрисам Ким Го Ын сомдады. Го Ын — тума таланттынан бөлек, еңбекқорлығымен аты шыққан өнерпаз. Кәсібіне адалдығы мен өз ісіне зор жауапкершілікпен қарауы осы фильмдегі бақсы образын да сәтті алып шығуына көмектескен. Ол осы рөлді шынайы сомдау үшін түсірілімнен бұрын бақсыларды бақылап, олардың болмысын зерттеген екен. Мәйітті қайта жерлеу сахнасында Ким Го Ынның жанында шын бақсылар болып, аруақ шақыру жоралғысының дәл орындалуын қадағалаған. TikTok-та кеңінен тараған осы үзіндіні көрген боларсыз. Осы сахнада бақсылардың шын құрал-сайманы түсірілген. Бақсылар Го Ын тіпті түсірілім кезінде бір аруақты шақыра алыпты деседі.
«Эксгумацияда» корей киносының жарық жұлдызы Ю Хэ Чжин да бар. Жаңа буын актерлері арасында топ жарып жүрген Ли До Хен де фильмде мықты перфоманс көрсетті. Романтикалық сериалдармен танылған До Хен кейінгі кездері өзіне тың жанрда бақ сынап, батылдық танытып жүр.
Авторлар бақсыларды, әдеттегі фильмдердегідей, көне дәуірден келген мистикалық кейіпкер емес, заманауи адам ретінде көрсеткені ұнады. Конверс кроссовка киіп, спортзалда жаттығатын Хварим мен Бон Гилді көргенде бақсылар туралы таптаурындарыңыз жермен-жексен болады.
«Эксгумация» оқиғаны бірсыдырғы, баяу баяндап отырғанда беймаза күйден үрейге толы атмосфераға қалай тап болғаныңызды байқамай қаласыз. Сау ете қалатын санаулы ғана қорқынышты скримерді есепке алмағанда, фильмді хоррор етіп тұрған — тамұқ үніндей тылсым музыка.
Драматургиясы бойынша фильм екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде отбасы марқұм атасын қайта жерлеп, сырқат нәресте, бақсылар айтқандай, дертінен айығып шығады. Алайда қарғыстың күші мұнымен қайтпайды. Енді марқұмның сүйегін қозғаған адамдардың өміріне қауіп төнеді. Оқиға бақсылар зиратты тереңірек қазып, жапон самурайының қабірін тапқанда шиеленісе түседі. Екінші бөлімде фильм осы бағытта өрбиді.
«Эксгумация» режиссер Чан Жэ Хённің алғашқы хорроры емес. Бұдан бұрын ол корей шіркеулеріндегі коррупция жайлы «Сабаха» фильмін түсірген. Режиссер хоррор жанры арқылы Кореядағы өзекті мәселелерді көтеруге тырысады. Оның киносында антагонист кім, протагонист кім екеніне көңіл бөлуіңіз керек. Себебі олар әдетте қарама-қайшы идеологиялардың өкілі ретінде жүреді.
Батыл месседж
Хоррордың идеясын толық түсіну үшін Корея мен Жапонияның қарым-қатынасының тарихын білуіңіз керек. Корея 1910-1945 жылдары Жапонияның отары болды. Жапония империясы корей зиялы қауымын қынадай қырды. Жаппай жапондандыру науқаны жүріп, корей тілінде білім беруге тыйым салынды. Жапонша есім алғысы келмеген корейлер қудаланды. Көп корей есімін жапон тіліне бейімдеп, империяның адал азаматына айналды. (Корея мен Қазақстанның тарихы ұқсас екенін байқадыңыз ба?)
Ауқатты отбасының арғы атасы репрессия жылдары өз халқына опасыздық жасаған. Ол есімін өзгертіп қана қоймай, корейлерге қарсы шабуылдар кезінде жапон әскерінің шебінде болған. Осындай жолмен мал жиып, дәулеті ұрпағына қалады. Бұл фильм — Кореядағы бақуатты әулеттерге айтылған сын. Елде қара халықтың мол табысқа кенеліп, баюы қиын. Дәулетімен танылған корей әулеттерінің жеті атасына үңілсек, репрессия жылдары халқына адалдығымен аты шыққан кісілер емес.
Фильм желісі бойынша, зиратты тонауға келген корейлерге залым жапон самурайының аруағы кедергі келтіреді. Бұл — картинаның символизмге толы тұсы. Корея жылдар бойы Жапония иемденіп алған байлығын қайтара алмай келеді. Кейіпкерлер жапон самурайдың аруағымен шайқасып, оны ақыры бақсылық дәстүрмен, яғни корей халқына тән мәдениетпен жеңеді. Корей бақсылары ұлттық киім киіп, ұлттық аспаптарда ойнап, жоралғылар кезінде дұғаларды көне әдеби корей тілінде айтуы керек.
Хоррордың жаңа рөлі
Кейінгі жылдары хоррор жанры көрерменнің зәресін алуды ғана көздемейтін болды. Жанр аудиторияға терең ойды әсерлі жеткізу амалы ретінде де қолданыла бастады.
Режиссер Жордан Пилдің фильмдері — осының жарқын мысалы. Жордан фильмдері арқылы қара нәсілді америкалықтардың мәселесін қозғайды. Расизм бұрынғыдай айқын көрінбесе де, түбімен жойылмағанын, қара нәсілділер әлі де зардап шегіп отырғанын айтады.
Шынымды айтсам, осы фильмнен соң корейлерге қызыға да қызғана қарадым. Олар өнер арқылы өз тарихындағы ақтаңдақтарды ашық талқылап жатыр. Отарландыру кезеңін отарландыру деп еш цензурасыз айтады, жапон тілін мектептерде оқытпайды, атын жапоншаға бейімдемейді, отарлаушы тілінде сөйлемесем, жұмыссыз қаламын деп қорықпайды.
Қазақ киносы отаршылдық саясатының салдарын қалай көрсетіп жүргенін бір сәт еске түсіріп көріңізші. «Қазақтар орыстың отарлауынан жапа шекті, әлі де зардабын тартып келеді» деп ашық айтып жүрміз дей аласыз ба?..
Мен олай ойламаймын. Қазақ киносынан «отарлаған орыстың арасында да жақсылар болған, қазақтың ішінен де сатқындар шыққан» деген тайғанақ ойдан басқа іліп алар ештеңе көрген жоқпын. Ондаған жыл өтсе де, (өзге мәселелер сияқты) отарлау тақырыбына келгенде әлі күнге дейін орысқа жалтақтауымыз қазақ халқының санасындағы тарихи жараның бүгін-ертең жазыла қоймайтынын білдірсе керек.