Тек бірнеше жыл бұрын ғана Алматы жерасты жолдары мен Арбатта алғашқы қадамдарын жасап бастаған сарыағаштық 23 жасар Нұрбек Елемес өзін гитарадағы бала атап, отандық музыка сахнасына жаңа дем беріп, ол дем түтінге айналып, тұман арасында жоғалғандай.
Фото: Бауыржан Бисмильдин
і. гитарадағы бала
Кішкентай кезінен сынып сағаттары мен мектептегі шараларда ән шырқап келген Нұрбек 15 жасында әпкесінің қолдауымен Алматыға музыкалық консерваторияға оқуға келіп, оқу үйінің табалдырығын аттамай қайтып, ата-анасының көңілі үшін программист оқуына түседі.
Алайда бірнеше жылдан кейін өз ішінен музыкаға деген махаббатын қайта ашып бастайды. Әпкесіне сыйлыққа берген гитараны қолға алып, Youtube-тағы видеосабақтар арқылы аккордтар мен аспапта ойнауды үйрене бастап, бір ай өткеннен кейін өзінің алғашқы әндерін жазып, 2 апта өткеннен кейін өз ұяң, жіңішке де, зор күшке ие дауысын бөлменің шаршысынан қаланың үнсіз жерасты көшелеріне шығарып бастайды.
Уақыт өте Нұрбектің телефон диктофоны мен камерасына жазылған әндері мен каверлері жерасты көшелерінде жаңғырық болып жаңғырған дауысындай әлеуметтік желілерде жаңғыра бастайды. Енді қадам басушы жасты қазақ тәуелсіз, альтернативті музыкасының жаршылары qazaq indie тобы мен енді қалыптасып келе жатқан Pater 123 жас әртістер құрамы байқайды.
qazaq indie тобының ұйымдастырған концерттерінде dude алғаш рет сахнаға шығып, өзін әртіс ретінде қалыптастыра бастаса, Pater 123 тобының балкондар мен подъездтерде түсірген кавер видеолары әлеуметтік желілерде тарала бастады. Алғашқы лайв орындауынан трансляцияны осы жерде көре аласыз.
Фотода: dudeontheguitar-дің qazaq indie session-дағы бірінші қойылымы.
Фото: @qazaq_indie
Moldanazar, Billie Eilish, Joji-ге каверлер жазудан басталған жол уақыт өте Нұрбектің өз сезімдері мен ойларына толы өмірінде болып жатқан жайттар туралы жеке әндерінің шығуына жол ашты. Ғаламтор төңірегінде қалған диктофонға жазылған сапасы нашар жазбалардың артында сапасы мықты, әсем, таза, ашық жүректі жігіттің әуені мен үнін естуге болады.
ВКонтакте желісінде қалған Нұрбектің алғашқы жазбаларында тақырыптардың әртүрлілігінен оны әртіс және ең бастысы адам ретінде жан-жақты, қайталанбас тұлға екенін көрсетіп, ол тақырыптарды өз жүрегінің сарынынан өткізіп, оны тыңдармандар жүрегінің түбіне жеткізе алатынын байқаймыз. Бұл жазбалардың қазіргі dude музыкасынан ең басты артықшылығы жай ғана – Нұрбек және гитара.
Фото: dudeontheguitar-дің бірінші фотосеті
@aiganymmt парақшасынан алынған
іі. õzen ағысымен
2020 жылдың тамыз айында Абай Құнанбайұлының 175 жас мерейтойына орай «Abay 175» жобасының аясында Hey Monro-мен бірге кейіннен dudeontheguitar-ға ауқымды аудиторияға жол ашып, әр Наурыз мейрамында қосылып, атауында «qazaq» аббревиатурасын қолданатын әр брендттің таргет видеоларының ажырамас бөлігіне айналған «Boiy Bulgan» әні жарық көрді.
Бұл релиз жас әншілердің өткен мен бүгінді, ескі мен жаңа заманды бір әуенде ұштастыра алатын музыканттар ретінде айқындатып, заманауи қазақ музыкасының жаңа ерекше есімдері ретінде тек жас аудиторияға ғана емес, барша буын өкілдеріне танытты.
2019 жылдың жазынан бастап Нұрбек өзінің алғашқы студиялық синглдерін õzen дистрибьюторлық компаниясы арқылы шығара бастайды. õzen мен Нұрбектің жүздесуі dudeontheguitar-дың толыққанды dude-ке айналу процесінің шарықтау шегі болды. Студиялық жазбаларда гитараны синтезатор, барабан сияқты аспаптар алмастырып, уақыт өте dude шығармашылығында меланхолиялық, инди әуендер орнына хип-хоп, трэп бағытындағы тректер келе бастады.
«Boiy Bulgan» әнімен тыңдармандардың шексіз махаббаты мен нық сеніміне ие болған dude бірнеше ай өткеннен кейін jeltoksan. мен mountflower-мен бірге «Chill Chill» трегін шығарады. Тыңдармандардың нық сенімі – әртіс стилінің аяқасты бірден өзгергенін эксперимент ретінде қабылдап, ұнатуымен аяқталды.
Музыкадағы эксперименттер әртістің сырт келбетіндегі өзгерістерге жалғасты. Harper’s BAZAAR-ға берілген сұхбат фотосетінде dude түрлі-түсті, жарқын шаш үлгі мен киімде жарыққа шықты. Бұл фотосет пен кейінгі әртістің сәндегі және музыкадағы эксперименттері тыңдармандар көз алдында оны американдық рэпер-музыкант Tyler, The Creator-мен нақты салыстыруларға алып келді.
Фото: Бахтияр Беркин және Мика Барни
2021 жыл «kõrpe» альбомымен ашылды. Көрпе сияқты жұмсақ, жылы болуы керек болған үнтаспа шын мәнінде ішіне киіз жүндері салынбаған құр маталардың тігіні секілді бос болып шығып, тыңдармандар арасында аса үлкен талқыға түспесе де, стриминг платформаларда жүз мыңдаған тыңдалымдар жинап, әртіс үшін келесі кезеңге өтуге таптырмас трамплин болды.
Үнтаспада дюдтың инди музыканттан толыққанды хип-хоп әртіске өтуіне үлкен қадамдар жасалғанын және қазақ-ағылшын тілдері мен музыкалық жанрлардың арасында жеңіл, бірқалыпты өте алатынын дәлелдеді.
Егер «kõrpe» альбомында дюд жанрлар арасында ойнап, хип-хопқа кішігірім, бірақ сенімді қадамдар жасаса, кейінгі 2 жылда көптеген әртүрлі рэперлермен фиттер мен сайферлерде қатысу арқылы дюд өзін толыққанды рэпер ретінде қалыптастырды. Тыңдармандар көзінде dudeontheguitar заман талабына сай, хип-хоп бағытының жарқын өкіліне айналды. Бірақ…
Қандай құнмен?
Мұқаба: @cooube
ііі. шимай
2021 жылдың қараша айында Зamandas подкастында dudeontheguitar жақын арада ескі әндерінен тұратын, еш өзгеріске ұшырамайтын акустикалық альбом жарыққа шығаратыны туралы мәлімдеді. Нұрбекті алғашқы ВКонтактедегі жазбаларынан сүйіп тыңдайтын тыңдармандары бұл жаңалықты естіп, үнтаспаны асыға күткен болатын. Алайда уақыт өте альбом жарыққа шықпай, 2022 жылы дюд бірнеше басқа әртістердің сингл, альбомдарында фитте болды. Жеке альбом туралы үнсіздік.
2023 жылдың наурызы. Көптен күткен сәт. dudeontheguitar-дың Tik Tok әлеуметтік желісінде осыдан 4 жыл бұрын жазылған «küt meni» әнінің жаңа, альбомда болатын нұсқасының бөлігі шықты. Осыған дейін әннің түпнұсқасын естімеген тыңдармандар мен соңғы жылдарда әндерді тек Tik Tok желісінен тыңдайтын «жаңа буын» тыңдармандары әнді лезде трендке айналдырып, синглдің промосына үлкен ықпал тигізді.
Артынша ешқандай мән алып келмейтін, әлеуметтік желілер қолданушыларының бірнеше секундтық назарын аудартатын қысқа, жеңіл рилс, тиктоктар арқылы кейіннен бірнеше синглдер мен бүкіл альбомның промокампаниясы құрастырылды.
25 мамыр мектептердегі «соңғы қоңырау» күнінде «Дәптер» альбомы жарық көрді. Альбом қарсаңында барлық қазақстандық медиа-порталдарға жіберілген бірдей пресс-релизде «альбом арқылы әртіс өмір шимайлар мен таза беттерден тұрмайтынын көрсеткісі келген. Сондықтан әндер мінсіз болуы міндетті емес, болмайды да» деп жазылған.
Анығында dudeontheguitar-дың «Дәптері» үлкен шимай мен басы алгебра пәніне арналып басталған, бірақ соңғы жағы тарих сабағына айналып кеткен немесе басы 1 сыныптың әліппесіне арналып, соңы квант физикасына арналған бір толыққанды жеткізер ой, сезімі мен концепциясы жоқ дәптер болып шықты.
«Дәптер» атауы альбом концепциясын ешқалай ашпай, не оны құрастырмай, Канье Уэсттің «College Dropout» пен «Graduation» альбомдарына сәтсіз, орынсыз еліктеушілік пен өз жобаларында ою-өрнек пен латынша жазылған қазақша сөздерді «жай осылай күшті болады» деп қоятын жобалармен бір қатарға қояды.
10 әннен тұратын үнтаспаның жартысы осыдан 4-5 жыл бұрын жазылған әндерден тұрады. Алайда алғашқы кейпінде акустикалық, мұңды болған әндер үлкен өзгеріске ұшырап, ол әндерге орынсыз хип-хоп, трэп элементтері қосылып, бастапқы кейпін толықтай жоғалтқан. Екі бір-біріне сәйкес келмейтін жанрлардың қосындысын тыңдармандар dudeontheguitar-дың кезекті эксперименті деп жағымды қабылдады.
Алайда әртүрлі әлемдердің қосындысы ерекше, әдемі симбиоз тудырудың орнына үлкен быламық ботқаға айналдырды. Ескі әндердің өзгерісі ешқандай жаңа дем бермей, керісінше Гарри Поттердегі дементорлар сияқты ол әндердің ішіндегі жанды алып, оларды «Ойыншықтар хикаясының» бірінші бөліміндегі көрші Сидтің басы қуыршақтан, аяғы көлік дөңгелегінен құралған өлі қуыршақтардың кейпіне түсірді.
Мұқаба:
графикалық дизайнер @qurtd
моушн дизайнер @ashirmak
Дементорлар жан, махаббат, өмірді тек ескі әндерден алып қана қоймай, сәйкесінше Нұрбектің өзінен алып кеткендей. Бір жылдың төңірегінде шыққан синглдер мен соңғы альбомнан қалай Нұрбектің шырқау қабілеттері мен музыкалық талғамының өліп жатқанын байқауға болады. Оны нақты «Zher» трегінің екі нұсқасынан көреміз.
«Zher» әнінің түпнұсқасында dudeontheguitar-дың дауысын нақты, анық ести алсақ, бір жылдан кейін Tik Tok желісінде «Zher» демосы аса үлкен танымалдыққа ие болып, араға бір жыл салып ZAQ пен Дидар Исаханның қосылуымен әннің жаңа ремикс нұсқасы жазылды. Ремикс нұсқада қалай дюдтың дауысы бір жыл ішінде сызылып, мүлдем анық емес күйге жетіп, құрдымға кеткенін анық байқаймыз. Нұрбектің дауысының өзгергенін CURLTAI Youtube-арнасында шыққан şeksız әнінің Live нұсқасынан да байқауға болады.
Егер осыған дейін басқа әртістердің синглдерінде дюд фитте болған кезде оның дауысын басқа саундпродюсерлер өңдеп, жақсы күйде шығарса, жеке альбоммен олай болмады. Альбомның дыбыстық өңдеуі осыған дейін тек жеке биттер және актерлер мен блогерлерден тұратын Балкон тобына әндер жазумен айналысқан Олег Дюков пен Ислам Суннатовқа тапсырылды.
Бит пен әнші дауысының біркелкі болмауы, әндердің әртүрлі девайстарда әртүрлі естілуі, әнші дауысы мен биттердің лас, тыңдауға жағымсыз, ыңғайсыз болғаны, яғни бір сөзбен толыққанды саундтың еш сапасыз нашар естілуі бірінші кезек dudeontheguitar-дың, екінші кезек аталған саундпродюсерлердің жемісі. Не үшін бар мүмкіндігі мен отандық сахнада өз орны бар музыканттың альбомының дыбыстық жұмысы жаңа бастап келе жатқан саундпродюсерлерге берілгені – үлкен сұрақ.
Тоқ етері, альбомды емтихан деп алсақ, dudeontheguitar 1 сыныпта қосу мен алуды үйреніп, 4 жылға жоғалып, 4 сынып соңында үлкен емтиханға келіп, түбір асты есептерін көріп, қосу мен алуды есіне түсіріп, одан бірдеңе құрастыруға тырысып, математикадан ештеңе білмейтін миының қиялына ерік беріп, қисынсыз әртүрлі дүниелер жазып, әжетханаға шыққанда жанындағы парталасы оның дәптеріне былапыт сөздер жазып, соңында dude оған мән бермей, бәрін жаңа парақтан бастаудың орнына, барлық қате, бояу, түсініксіз жазулар мен ешқандай есепті дұрыс, басынан аяғына дейін шығармай шимай күйінде мұғалімге тапсыра салғандай сезім қалдырады.
іv. «неге болды олай?»
Бұл мәтін мен dudeontheguitar-дың шығармашылығындағы күрт өзгерісті көргеннен кейін неге бұлай болды, қалайша үлкен үміт артқан әртіс музыкант ретінде дағдарысқа ұшырады деген сұрақ маза бермейді. Бұған бірнеше себеп бар.
Сөзсіз ең басты себеп аяқасты келген үлкен танымалдық пен атақ. Қазақстандық музыкалық нарықтың кішкентай болғандығы әр әртісті ерекшелеп, басқалардан даралайды. dudeontheguitar жағдайында. Жарқын, өзіндік ерекше үні мен стилі бар бала ұмыт болған ескі әндерді жаңғыртуымен, соған қарамастан арасында аудиторияға дөп түсетін заманауи бағыттағы әндер жазуымен барлық аудиторияның шексіз махаббатына бірден ие болды. Бұл махаббатпен бірге «dudeontheguitar сондай ерекше, талантты жарқын, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік стилі бар, қазақтың Тайлері» деген сөздер келді.
Аяқасты үлкен махаббат, әр үтіктен «сен ерекшесің» деген сөздер мен dude қандай ән шығарса да, не істесе де аудиторияның еш конструктивті сынына ілікпей, қабылдауы мен махаббатына ие болуы – dudeontheguitar-дың әртіс ретінде өзін жоғалтуына алып келді. Халықтың «Boiy Bulgan» кезінен қалған сенім кредиті көрсоқырлық пен әртістің әр сөзі мен іс-қимылдарын қабылдауға алып келді. Айнала мен көрермендері ой салмағандықтан әртістер дұрыс жолда жүрмін деп ойлап, шын мәнінде қалай бір жерде дамымай тұрып қалғанын, не кері жағдайда құрдымға кетіп бара жатқанын байқамайды.
Фото: Дамир Бешаков
Екінші мәселе – õzen дистрибьюторлық тобына келген әр әртістің осыған дейін қандай жанрда өнер көрсеткеніне қарамастан уақыт өте хип-хоп бағытына өтуі. Әндердің стримингтерге шығуы мен тыңдармандар арасында таралуы сияқты õzen дистрибьюторлық тобы беретін мүмкіндіктер мен лейбл тусасының ішінде музыканттардың көп бөлігі хип-хоп бағытында болғандықтан көптеген инди, поп әртістер өзін рэп бағытында сынап бастайды.
Darkhan Juzz секілді кей санаулы мультижанрлы әртістер үшін бір жанрдан екінші жанрға өту табиғи түрде өтсе, жанрын кенет бірден өзгерткен көптеген басқа әртістер үшін бірінші кезек өзін жоғалту мен екінші кезек басқа дәл сондай әртістер арасында жоғалуға алып келеді.
dudeontheguitar шығармашылығы туралы сөз қозғалған кезде «заман талабына сай» деген сөздер жиі қолданады. dudeontheguitar шын мәнінде заман талабына сай уақыт продукты.
Бірақ дюд заман қойған талаптар мен ережелерге сай боламын деп өз-өзін әртіс ретінде жоғалтып; шығармашылығы басында жүрекжарды, жеке әндер жазудан қазіргі күні бірнеше күн өткеннен кейін ұмытылып кететін фаст-фуд музыка жасайтын; бірнеше жыл бұрын бүкіл сезімі мен махаббатын құйған әндерін қателік, шимай деп санап; оларды уақыт өте жансыз қуыршаққа айналдырып; өз жүрегінен шыққан ескі әндерін Tik Tok дәуірі мен музыканы стримингтерге шығарғанда Speed Up нұсқасымен бірге шығаратын музыкантқа оңайлықпен бере салатын; айналасы мен тыңдармандары ой салмай, қабылдай беретіндіктен өз дауысы мен музыкасына немқұрайлы қарап; «эксперимент» сөзін жамылып бірнеше жыл бойы қисынсыз, ашық түрде нашар музыка жазып жатқан өзінің ішінде музыка мен сәулені өлтіріп жатқан музыкантқа айналды.
«Сезімсіз әнді қалай айтамын» деп шырқаған әртіс музыкасына ешқандай сезім мен ой салмай, ән жазған және шырқаған кезде көзіндегі мөлдірі мен отын өшіріп алып, өмір өзен болса өзен ағысымен жүзіп келіп, қазір қақ ортасында бір орында тұрып қалып, батып, қайық тесіктерін түрлі-түсті пластырьлермен жабыстырып жатқан әншіге айналды.
Мақала соңын dudeontheguitar-ға өзінің «shyq» әнінің сөздерімен тіл қатумен аяқтауды жөн көрдім.
«Күн бөлмеңе үңілді,
Көруге бұрыңғы түріңді.
Ұмыттың мүлде күлуді…
Тартып тұр артыннан бір бөлігіңді.
Саған ұқсамайды, ұқсаса да ұсқынсыз,
Қанатсыз ұша алмайсың, қонатын жерің құз.
Айналаң ой салмайды,
Кешегі күн тумайды»
Бұл плейлист арқылы dudeontheguitar музыкасы уақыт өте қалай өзгергенін байқай аласыз.