Ескі де жаңа «Қожа». Советтік шығармаға тың көзқарас

13 наурыздан бастап Qalan компаниясы ұсынған, режиссер Қуат Ибрагимов пен сценаристер — Садық Шерімбек, Нұрдәулет Омарбектің «Қожа. Жаңа саяхат» фильмі көрерменге жол тартты. Баршаға белгілі Қожа образын қайта түрлендірген бұл фильм қаншалықты сәтті шыққан? ‘98mag авторы, жазушы Сафина Ақтай талдап шықты.   

Қазақ классикасына айналған Абдолла Қарсақбаевтың 1963 жылы шыққан «Менің атым — Қожа» картинасын көріп отырып, одан төрт жыл бұрын — 1959 жылы жарық көрген әйгілі режиссер Франсуа Трюффоның «Төрт жүз соққы» (Les Quatre Cents Coups) фильмі арасында айрықша байланыстың бар екеніне көз жеткізесің. 

Трюффоның кейіпкері Антуан Дуанель де, Қарсақбаевтың кейіпкері Қожа да — қоғамдық нормаларға бағынбай, үнемі бүлік көрсететін жасөспірім балалар. Екеуі де өгей әкелерімен тіл табыса алмайды, мектепте бұзықтық жасайды, оның ақыры ұрлықпен аяқталады. Ал фильмнің түйінінде Трюффоның кейіпкері түзету мекемесіне тоғытылып, одан қашып шығып, тәртіпке бағынбай шарасыз күйге түссе, Қарсақбаевтың Қожасы, керісінше, совет қоғамы бекіткен тәртіпке бағынып, үлгілі пионерге айналады. 

Франсуа Трюффоның «Төрт жүз соққы» фильмі кинематографияда жаңа форма жаратып, кино философиясын жаңа деңгейге көтерсе, Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым — Қожа» фильмі советтік пропагандаға бой алдырған классикалық нарративіне қарамастан, қазақтың көшпелі болмысының протестік бұлқынысын бейнелей алды. 

Нағыз Қожа кім?

Шын мәнінде нағыз Қожа кім? Менің ойымша, нағыз Қожа — шығармашылық ғұмырын Кеңес одағының саясатына қарсылықпен өткізген, жұмбақ жағдайда өмірден өткен жазушы Бердібек Соқпақбаевтың өзі, оның балалық кезеңі. Бұл повесть 1959 жылы жарияланып, қазақ жазушыларының ішінде алғашқылардың бірі болып француз тіліне аударылған еді. 

Бердібек Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» сынды романдарында сырттай бақытты болып көрінетін, ал шын мәнінде бақытсыз совет өмірінің бейнесін әшкерелейді. Содан да болар Еркін, Қожа, Сұлтан сынды кейіпкерлерінің есімінің өзі қарсылық символына толы. Ал Абдолла Қарсақбаевтың фильмінде оның бас кейіпкері — Бердібек Соқпақбаевтың жазушы Қожасы емес, советтік арманы асқақ ғарышкер Қожа. 

Жақында көрермен назарына жол тартқан және бүгінгі мақаламыздың арқауы болған заманауи Қожа — жазушы болуды армандайтын, өзіндік интерпретациясы бар әрі ең бастысы — Соқпақбаевтың кейіпкеріне жақын болмыста түрленген бала бейне.

Жаңа фильм не туралы?

Бас кейіпкер — 15 жастағы Қожаберген жазушы болғысы келеді. Оған соғысқа кетіп, оралмаған әкесінің жадында жатталған бейнесі себеп. Солайша, фильмнің өң бойы бала Қожа әкесін, онымен ғайып болған балалық естелігін іздейді. Ол бұзықтық жасап, Жантаспен жаға жыртысып, Жанарға ғашық болып, бұзақы Сұлтанмен талай шытырманға тап болғанына қарамастан, әкеге деген сағынышы фильмнің өң бойы одан бір елі алшақтамайды. 

Режиссердің негізгі идеялық шешімі де әке образына баса назар аударуды көздесе керек. Әкенің жоқтығынан туған жара — отарлық жараның негізгі өзегі, соғыста есепсіз қырылған азаматтардың отбасы өмір бойы арқалайтын дерт жүгі. Уақыт өте келе бұл жара көмескі тартқанымен, адам жадында арман, үміт отын жағуға қабілетті. 

Мұны фильмнің соңында белгілі жазушы атанған Қожаның ересек бейнесінен көреміз. Қарсақбаевтың фильмінде Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Санжардың талай жылдарды артқа тастап экран бетінде қайта жаңғырған бейнесі әсерлі шыққан. Фильмнің бұл тұсы уақыт рухы тұрғысынан ұтымды шыққанымен, фильмнің сюжеті өрбіген кеңестік заманның ре-экзистениясы нанымды емес. Мүмкін бұл әр өнер өз уақытының перзенті екенін айқындайтын болар. 

Бүлік шығармай жүре алмайтын Қожаның Сұлтанмен Қаратайдың мотоциклін байқаусызда өртеп жібергені, болмаса оның Сұлтанмен арпалысып жатқан тұста жардан құлап кеткендей әсер қалдыратын тұстары ырғақтық шынайлыққа сай келмейді. Бұл сценарий асығыс жазылғанан болар деп топшылаймын.

Екі Қожаның айырмасы

Фильмдегі Қожаның жосығы — советтік Қожа мен постсоветтік Қожаның жосығының гибриді. Қарсақбаевтың фильміндегі Қожа — ойнақы, мейлінше еркін әрі күлегеш. Ал жаңа Қожаның болмысы мүжілген, шешімі жасық. 

Қарсақбаевтың Қожасында Жантасқа күш көрсету сахнасы жоқ, оның қолынан келетін бар озбырлығы — резеңкемен сия ату. Ал жаңа Қожа өзін балағаттаған Жантасты соққыға жығады. Бұл бір шетінен зорлыққа легитимдік бергендей көрінеді. Қазіргі заманның шындығында бұл — қауіпті шешім. 

Қарсақбаевтың фильмінде ең жағымсыз кейіпкер кім екені белгісіз: ол Жантас па, Қожа ма, Сұлтан ба әлде Қаратай ма — ол туралы кесіп айта алмаймыз. Ал «Қожа. Жаңа саяхат» фильмінде жағымсыз кейіпкер — жәбірленуші.

Фильмде Сұлтанның көпшілік алдына шығып, өз кінәсін мойындауы оның бейнесінің жаңаша репрезентациясы дер едік. Алайда бұл көп жағдайда бозбалалық қарсылықтың іргесін сөгіп, көпшіліктің мақұлдауына ие болғысы келетін жаңаша Сұлтанды көз алдымызға әкеледі. Аталған сюжеттік шешім Кеңес одағы және оның азаматтары Қожа, Сұлтан сияқты бұзақы, моралдық нормалардан аттап басатындарды тәртіпке сала алады деген мағынаға иек артатындай. Яғни, басқаның басқа болуға деген ұмтылысы өрескел шешім саналып, айып тырнағына ілігеді. 

Сұлтанның ішкі қарсылығы әкесіне деген өкпе-реніштен туған еді, сондықтан да ол көпшіліктің мақұлдауына мұқтаж болған жоқ. Десе де фильм өзінің әу бастағы әкенің бала өміріндегі маңызына қатысты идеясын бұл тұста қайта жаңғыртқанын байқаймыз. 

Ана мен әйел образы

Қожаның анасы — Миллат повесте де, Қарсақбаевтың фильмінде де көлеңкеде қалмайды, оның әйел образына және ана рөлін алып шығуына басым мән беріледі, оны арнаулы бөлек сахналардан да көре аламыз. Ал Ибрагимовтің фильмінде Қожаның анасының образы ашылмаған, әйел ретіндегі ішкі қайшылықтары мен күйзелісі байқалмайды. Мұнда Қожа тек әкесін ардақтайды, бірақ төлнұсқада Қожаның анасымен тілдесетін әсерлі монологтары бар. 

«Қожа. Жаңа саяхат» фильмінде бас кейіпкердің анасымен қарым-қатынасында қайшылығы көп. Қарсақбаевтың фильмінде Қожа тәртіп бұзып, мектепте жиналысқа түскеннен кейін анасы үйінде теріс қарап жатып қалады. Анасының өзіне ренжіп, күйреп, қапаланғанын көрген Қожа анасынан кешірім сұрап, өз әрекеттерінің қателігін түйсінеді. Ал бұл түйсіну оны жаңа өмірге қадам басуға жетелеген еді. Осы арқылы Қарсақбаев әйелдің ер адамнан кем түспейтін мысын, әкенің орнын толтыратын қажыр-қайратын танытқан еді. 

Қорытынды

Әлемдік кино кеңістігінде әйгілі классикалық туындылардың ізін жалғайтын ремейктер аз емес. Мәселен, Альфред Хичкок, Михаэль Ханеке, Майкл Манн секілді режиссерлер өз фильмдерін өзі қайта түсірсе, кейбір режиссерлер айтулы классикалық фильмдерді жаңаша жаңғыртқан. 

Оның көпшілігі сыншылар тарапынан сәтсіз деп танылса, кейбірі түпнұсқаның мазмұнын сақтап, стилін жаңартып, табысты ремейке айналған. Ал сәтсіз ремейктер түпнұсқаның атмосферасын жойып, визуалды жаңалықпен ғана шектеледі. 

Осы тұста «Қожа. Жаңа саяхат» — классиканың сәтсіз көшірмесі ме, әлде жаңа буынның өзіне таныс бала бейнеге қайта өмір сыйлауға деген ұмтылысы ма? Фильм әртүрлі түрткілердің синтезінен туған туынды. Оны қазақ ұжымы қазақ тілінде қазақ аудиториясына бағыттап түсірген. Диалогтары қанық, қазіргі отандық көптеген фильмге тән шұбар тіл, солғын монологтар жоқ, кейіпкерлердің образы мүлтіксіз таңдалған. 

Бұл фильм — Трюффоның картинасы іспетті кинотуынды да емес, пропагандалық үндеулерді де айналып өткен; сценарийлік деңгейде кейбір кемшіліктерге жол бергеніне қарамастан, тәуелсіз Қазақстан киносының нарық сұранысына бейімделген өзіндік интерпретациясы бар көркем туынды. 

Классиканың шын бағасын түсіну үшін оның көлеңкесіне де көз салу керек шығар.


Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
«Питер Пэн: Кошмар в Нетландии» — Marvel от мира трэш-хоррора
Культура
#кино
«Питер Пэн: Кошмар в Нетландии» — Marvel от мира трэш-хоррора
Нематериальное в материальном. О коллективной выставке «Полотно»
Город
#события
Нематериальное в материальном. О коллективной выставке «Полотно»
«Охота за книгами — часть работы»: история трёх уникальных букинистических Алматы
Ликбез
#истории
«Охота за книгами — часть работы»: история трёх уникальных букинистических Алматы
Как «Поднятие уровня в одиночку» изменило аниме
Культура
#кино
Как «Поднятие уровня в одиночку» изменило аниме
«Не умирай»: история миллионера-фанатика, который хочет жить вечно
Культура
#кино
«Не умирай»: история миллионера-фанатика, который хочет жить вечно