Оралу
Леди Гага немесе Стефани Джерманотта — итальян текті америкалық әнші, композитор әрі актриса, Нью-Йорк қаласының тумасы. Ол ерекше сән үлгісі, зор даусы және Just Dance, Poker Face, Bad Romance сияқты хит әндерінің арқасында танылған. Оның бірталай музыка жанрын қатар алып жүретіні жоғары бағаланады. Былтыр оның серігі Майкл Полански оған сөз салған еді. Ал бір аптадай бұрын Гага жаңа альбом шығарды — бұл оның араға бес жыл салып поп-музыкаға оралғаны.
Алдыңғы абзацтағы өзара байланысы әлсіз тақырыптарды қатар қою әдісі (juxtaposition) бекер таңдалған жоқ, себебі біріншіден, жаңа альбомның бірталай туындысына «алпауыт жұлдыз, әнші, эпатаж шебері» Гага мен «Нью-Йорк тумасы, итальян текті» Стефанидің арасындағы текетірес арқау болса, екіншіден, біршамасы Стефани мен Майклдың арасындағы махаббатты баяндайды.
Альбомның үнінен бірден байқалатыны — Гаганың кей тұста «дәстүрлі мақамына» оралғандығы, яғни мансабының басындағы синти-поп және диско жанрларының ықпалы айқын. Әсіресе ақпанда шыққан Abracadabra синглінің қай бөлігін алсаң да — шумағы, қайырмасы, бриджі — бәрі де Гаганың бұрынғы хиттерінен құралған құрақ көрпе сияқты. Клипі де Гаганың жиынтық образдарының пародиясына ұқсайды, ал одан бірер ай бұрын шыққан Disease синглінің клипі екеуіне ортақ негізгі сарын — Гаганың 2011 жылғы Marry The Night клипіндегі «көңіліңнің түнектеріне қарсы күрес, көлеңке тұсыңа қарсы күрес» сарыны өз жалғасын тапқан.
Жаңа үн
Алайда жаңа альбомды Гаганың өткен репертуарына қанша ұқсатқанымызбен, бұл ол үшін толықтай жаңа үн екенін де жоққа шығара алмаймыз. Альбомды әралуандық пен эксперименттен шаршамайтын Гаганың өткен репертуарына салыстырғымыз келетіні де содан болар — ішіндегі әндерді бір жанрға, бір қалыпқа сыйдыра алмайсың.
Дәл осы альбомында Гага жанр, мақам, үн тұрғысынан біркелкілікке ұмтылмағанын өзі де мойындайды. Альбом атауы да содан өрбіп тұр: mayhem сөзі ағылшын тілінде «аласапыран, хаосты» білдіреді. Жалпы Гага ондаған жыл бойы бірталай хит шығарып келе жатқанына қарамастан, тың тәсілдерден, тәжірибелерден, жаңа бағыттарды меңгеруден еш тартынбайтыны қуантады.
Бұл альбом айғақтап берген бір факт — сән әлемі болсын, музыка, кино болсын — түрлі салада көптен бері болжанып келген 2000 жылдар ностальгиясы расымен нық бекігені. Біз оның талай белгісін трендке қайта оралған кең шалбарлар, шалбар белдігін төмен түсіріп кию, джинстерден байқаймыз. TikTok сияқты әлеуметтік желілерде Кайли Миноуг, Хилари Дафф, Софи Эллис-Бекстор, Backstreet Boys сияқты орындаушылардың 2000 жылдарғы хиттеріне де «қайта жан бітіп» жатыр.
Қандай да бір өткен дәуірге деген әуестіктің қайта өрлегенін адамдардың жастығы мен бейқам өмір кешіп жүрген күндеріне, көбіне бала кезіне деген сағынышы деп түсінуге болады. Сондай-ақ, балалық шағы дәл осы 2000 жылдарға түскен адамдар тап қазір нарыққа бойлап еніп жатыр — ол әрі еңбек нарығы (яғни, олар ержетіп, бойжетіп, жұмыс күшіне айналды), әрі тұтынушылық нарық (яғни, олардың сатып алу қабілеті қалыптасты). Сонымен қатар, сән трендтері циклге сай жұмыс істейтіні де айтылады, яғни жиырма жыл бұрын танымал болған нәрсе қайта трендке айналуының ықтималы жоғары-мыс.
Альбомға шолу
Альбом Disease әнінен басталады. Ән Гаганың жан жаралары, басынан кешкен зақымсоңы стрестік бұзылуы (PTSD) және өнерден тапқан жұбанышы жайында. Гаганың «ішкі жындарына қарсы» күресі мен психикалық мәселелері бұған дейінгі 2020 жылғы 911 сингліне де арқау болған еді.
Бұдан кейін бірден Abracadabra тұрғаны бекер емес, өйткені Disease ішкі күйзеліс пен қиындық жайлы болса, Abracadabra өмір сынақтарын қабылдай білу жайында. Disease-де ұйқысыз, азапты түндер айтылса, Abracadabra-да «It’s time to cast your spell on the night», яғни «түнді сиқырлайтын сәт келгені» айтылады. Бұл әнде Гага расында бұрыннан келе жатқан әйгілі сиқырын қолданған: «Rah-rah, romah-roma-mah-mah, ooh Gaga» немесе «Judas, Judah-as, Judas, Ga-ga» дегендегідей толық мағынасы Гаганың өзіне ғана мәлім танымал жаңылтпаш мұнда да бар:
Abracadabra, amor-oo-na-na
Abracadabra, morta-oo-ga-ga
2000 жылдардың ностальгиясы жайлы айтқанымды түсінбесеңіз, Garden of Eden («Жұмақ бағы») әнін тыңдап көріңіз. Ыбырай діндерінде Адам ата мен Хауа ананың жұмақ бағында жүріп, Ібілістің еліктіргеніне бой алдырып, құдайдың қаһарына ұшырайтыны жайында тәмсіл бар. Бұл әнде болса түнгі өмірде, клубтарда жиі кезігуге болатын түрлі алдап-арбап ұсынылатын дүниелерге аллюзия жасалып тұр. Келесі сингл дәл осы ән болады деген болжамдар да бар, оған әсіресе қайырмасы үлес қосып тұрғанға ұқсайды.
Perfect Celebrity («Мінсіз жұлдыз») әнінде біз қайта Гаганың немесе, дәлірек айтқанда, Стефанидің өз-өзімен диалогіне ораламыз. Бұл жолы әңгіме оның танымалдықпен қарым-қатынасы жайында. Жалпы Гаганың репертуарында танымалдық, атақ тақырыбына ойландыратын туынды аз емес, оның өнер жолы 2000 жылдары The Fame («Атақ»), Starstruck («Жұлдыз ауруы»), Paparazzi («Папарацци») сияқты әндерден басталған. Ол әндерінде сол замандағы шоу-биз, жұлдыздар мен папарации арасындағы адамгершілік сипатынан айырылған қарым-қатынас, қадір-қасиеттен жұрдай жұлдыздар образы жалпы сыналған еді. Ал Perfect Celebrity әнінде Гага өзінің жылдар бойы әлем жұлдызы болып келгендегі жеке тәжірибесінен сыр шертеді. Әннің ең маңызды тіркестерінің бірі — «You say, “I love you”, I disintegrate» («Мені сүйем дегеніңде, санам ыдырай бастайды»), яғни Гага өзіне айтылған жылы сөздің нақты қай қалпына бағытталғанын түсінбейтінін және бойына әрі сахналық образын, әрі жеке болмысын сыйдырып баққандағы дилеммасын бір сөйлеммен түйіндеп беріп тұрғандай.
Vanish Into You әні жайлы өзім ондай болжамдарды ести қоймасам да, оның сингл болуға барлық мүмкіндігі бардай көрінеді. Бұл әннің әуезінен де, сөзінен де шексіз махаббат сезіледі. Гага бұл ән — осы альбомға арнап жазған алғашқы әні екенін, сүйген адамымен бітісіп, бір болғысы келетіні жайында екенін айтқан еді.
Келесі әннің үні Гага үшін ерекше. Killah («Киллер») әнінен бұған дейін The Weeknd, Фарелл Уильямстармен бірігіп бірталай хит шығарып үлгерген, тітірентетін әрі дуалайтындай әсері бар техно стилі үшін танылған диджей Gesaffelstein бірге продюсерлік еткені айрықша сезіледі. Мәтіні жағынан Sexxx Dreams, Teeth немесе дәл осы альбомдағы Garden of Eden мен The Beast сияқты әндеріндегідей Гаганың сексуал энергиясына меңзеп тұрғандай. Альбомда 1980 жылдарға меңзейтін әндер қаз-қатар тұрғаны да тегін емес болар: келесі Zombieboy әнінің сүбелі бөлігі — айқын 1980 жылдарғы синтипоп, ал кей жерін жеке өзім 2000 жылдардың танымал хиттері — Гуен Стефанидің Hollaback Girls әніне және Modjo дуэтінің Lady (Hear Me Tonight) әніне ұқсаттым. Бұл ән Гаганың марқұм досы, Zombieboy («зомби-жігіт») деп танылған модель Рик Дженеске арналған. Осы тректен де сингл болады деп үміт күтуге болады.
LoveDrug («Есірткі махаббат») әнінің атауы оның бар мәнін ашып тұр: Гаганы түрлі мазасыз ойдан құтқаратын нәрсе — ол сүйіктісінің «есірткі-махаббатынан “ұрып алу”» (I just need a dose of the right stuff // I just need a hit of your love drug). Осыдан кейін тұрған тоғызыншы трек те махаббат тақырыбына арналған. How Bad Do U Want Me әнінде Гага сүйіктісі өзін осы қалпында сүйетінін жырлайды. Бұл әннің сөзі мен үнін бірталай жұрт Тэйлор Суифтің әдеткі репертуарына ұқсатқан. Бұл Тэйлордың поп-музыка әлеміне кейінгі жылдары ықпалы күшейгенінің айғағы болуы мүмкін. Ал Don’t Call Me Tonight әнінің мәтіні — альбомдағы ең әсерлі мәтіндердің бірі, ал әуені жағынан қайырмасының алдындағы бөлігі (pre-chorus) ерекше баурап алады.
Гаганың феминистік ұстанымы бұрыннан мәлім. Олар Scheiße, G.U.Y., Free Woman әндерінің мазмұнынан әсіресе көрініс тапқан. Бұл альбомда да Shadow Of A Man («Ер адамның көлеңкесі») әні Гаганың ерлердің тасасында қалып қойғысы келмейтіндігі жайында. Басқа салаларға қарағанда әртүрлі топтың репрезентациясы мәселесі сондай бір өршіп тұрған жоқ қой дейтін поп-музыка әлемінің өзі сексизмнен ада емес, сондай-ақ продюсерлер әлемінде әлі де ерлер басым.
The Beast («Хайуан») әнінің қайырмасы Гаганың ресми релизі болмай қалған, алайда жанкүйерлеріне ерекше ұнаған трегі Brooklyn Nights-қа ұқсас, басқа бөлігі Гаганың өнердегі ізашарларының әрі ұстаздарының бірі — Майкл Джексонды еске салады (мысалы, Blue Gangsta, Dirty Diana немесе Liberian Girl). Әннің ерекшелігі әрі құдіретті тұсы — гитара. Бұл ән де қарым-қатынас жайлы, яғни сүйіктісінің ішіне жасырынған «хайуанды» көргісі келетіні айтылады. Тақырыбы жағынан бұл Гаганың ең әйгілі хиттерінің бірі — Bad Romance-ті еске салуы мүмкін.
Сыршыл әндер
Треклисті ғашықтар туралы екі ән қорытындылайды — Blade Of Grass («Бір тал шөп») және альбомның алғашқы синглі, Бруно Марспен бірге орындалатын Die With A Smile («Ажалды күлімдеп қарсы алу»). Бұл әндер Гага үшін айрықша ыстық болғанға ұқсайды. Әнін «бір тал шөп» деп атағанының өз тарихы барын бірнеше сұхбатта айтқан болатын: Майкл Полански оған сөз салғанда, «бір тал шөп сыйлап сөз салсаң болады» деген екеуара әзілден шыққан-мыс. Сұхбаттарында Гага бұл әнді тіпті келешек балаларына көрсетіп, бұл ән әкесі жайында екенін айтқысы келетінін атап өткен еді.
Джастин Бибер болсын, Бритни Спирз болсын, басқа алпауыт жұлдыздарға келгенде, БАҚ әдетте олардың жеке өмірін жіліктеп әлек болып жатады. Гаганың жөні бөлек: оның эпатажды образдары, таңғалдырудан шаршамайтын перформанстары тұрғанда, оның жеке өмірі, керісінше, қашанда елеусіз қалатын. Сондықтан отбасын құрып, бала сүйгісі келетіні жайында әңгімелерді дәл Гаганың аузынан естіген, расында, таңсық екен. Оның өміріндегі бұл үлкен жаңалық жаңа альбомның негізгі тақырыптарының бірі болғанының өзі — маңызды ерекшелік.
Ал Die With A Smile — авторларының ішінде бірінші Гаганың өзі емес, басқа адам тұрған жалғыз трек, яғни негізгі авторлық Бруно Марста болғанға ұқсайды. Бруно Марсқа тән әдеткі поп әрі соул балладалы үн бірден байқалады. Бұл әннің де ерекше мықты тұсы — мәтіні. Чарттардан ойып тұрып орын алған ән жуырда «Дуэт/топ болып орындалған үздік поп-ән» номинациясында Grammy жүлдесін ұтып алды.
Үш онжылдықтың әрбіреуінде хит шығара білген Гаганың жаңа музыкасы оның музыкант, автор ретінде дамығанының, өскенінің жаңа белесін айғақтайды. Мен үшін бұл альбомның ең ерекше тұсы — тұла бойыңды билеп алатын айрықша тәтті бір ностальгиялы үн болды.
Жұртшылықтың ностальгиясын пайдалану — кинода да, музыкада да кең тараған тәсілдердің бірі. Алайда бүгінгі клиптік заманда ностальгия феноменінің өзі құбылып, «жеделдей» бастағандай. TikTok трендтерінде 2000 түгіл, 2010-2015 жылдардың музыкасына деген сағыныш, millenial whoop-қа деген ностальгия оянып келеді. Өткен-кеткеннен бір жұбаныш іздейтінімізді әлемді жайлаған коронавирус індеті де біраз өршіткендей. Қысқасы, қазір ностальгияны айла-тәсіл ретінде пайдаланатын музыка аз емес, яғни бәсекелестік өте жоғары, оның ішінен Гаганың альбомы жарып шыға ма, жоқ па — ол да уақыт еншісінде.