Gakku TV: Мәдени төңкеріс

Gakku TV: Мәдени төңкеріс

Тоғыз жыл ішінде Gakku TV телеарнасы отандық музыка саласының дамуына үлкен септігін тигізіп, жаңа есімдерді ашуға мүмкіндік берді. Бірнеше жыл ішінде арна әртүрлі кезеңдерді бастан кешті.

Заманауи қазақ жастарының жаңа буынын алып келген мәдени төңкеріс болған Gakku TV туралы Әділ Айжарық талқылайды.

Гәккуге дейін

Гәкку құрылғанға дейін отандық медиа кеңістікте музыкалық телеарналар өте аз болды. Әдетте ол телеарналар шетел әртістерін немесе оларды көрсетуі үшін арнайы ақша төлейтін әртістерді көрсетті.

Осының әсерінен теледидарға шығуға ақша, продюсер, менеджерлері жоқ көптеген талантты музыканттар өз туындыларын ол кезде қазіргідей аса үлкен күшке ие емес әлеуметтік желілерге салып, әндер кішігірім аудиторияның ішінде ғана тарап, ауқымды аудитория назарына ілікпейтін.

Алғашқы қадамдар

Өз өнерін көрсете алатын талантты жастарға арнайы алаң ашу үшін 2013 жылы Санжар Мустафин, Тимур Балымбетов пен Эмиль Досовтан тұратын құрам жиналды.

Телеарна әртістердің бейнебаяндарын олардан еш төлем алмай, тегін көрсетті. Басты талап бейне мен әннің сапалы болуы. Бейнебаянның жетіспеушілігіне қарамастан, Гәкку бейне мен ән сапасына қарай материалды мұқият іріктеді. Бастапқы уақытта 80% ұсынылған материал экрандарға жетпейтін. 

Осыған дейін Hit TV арнасында жұмыс істеген Тимур Балымбетов әртістермен байланыс құру арқылы арнаның медиабөлігін толтырса, әндерді әртүрлі жанрлар мен топтарға бөліп, айдарлар құру арқылы көрермендер саны артты.

Gakku Дауысы

Гәккуге үлкен танымалдық Gakku Дауысы фестивалімен келді. Әр жыл сайын өткізілетін үлкен концерт бір уақытта 50-ден астам әртіс пен 250 мыңнан аса көрерменді жинайтын. Әр жылдары фестиваль хедлайнері болып Димаш Құдайберген, Jah Khalib, Ninety One және басқа да әртістер өнер көрсетті.

Gakku Дауысы бірнеше мың аудиторияға тек отандық әртістердің қатысуымен ауқымды шоу жасауға болатынын дәлелдеп, соңғы екі жылдағы фестивальдар «boom»-ының бастаушылары болды.

Фотода: мерейтойлық Gakku Дауысы фестивалі 2018
Дереккөз: kapital.kz

Q-pop

Арна ашылғаннан бір жылдан кейін Q-pop жанрының алғашқы өкілдері Ninety One сахнаға шықты. Топтың алғашқы атышулы «‎Айыптама»‎ бейнебаяны эксклюзивті түрде Гәккуге шықты. Топқа үлкен хейт легі ағылған кезде Гәкку бойз-бендті ашық түрде қолдап, олар туралы маңызды репортаж мен сұхбаттар жасады.

2015 жылдан бастап Гәкку экрандарына барлық дерлік Q-pop жанрының әртістері жарық көрді. Тіпті телеарнада тек қана атап айтылған жанрдың музыканттарын көрсететін арнайы айдар пайда болды.

Сериалдар

2018 жылы Гәкку экранына арнаның алғашқы сериалы енді бастап келе жатырған музыкант туралы «Арман» сериалы жарыққа шықты. Бірақ арнаның ең қызу талқыға түскен сериалы «Bir Toqsan» болды. Кәріс дорамалар мен америкалық coming age сериалдардың қосындысы болған «Bir Toqsan» бір сәтте көрермен көзайымына айналып, жасөспірімдер өздеріне жақын кейіпкерлерді телеэкрандардан көріп, әр бөлім бірнеше сағат ішінде YouTube желісінде миллиондаған қаралым жинайтын. Қазіргі таңда сериалдың үш маусымы мен спин-оффы бар.

Шоулар

Телеарна тек қана 24/7 әндердің ротациясымен айналыспай, ойын-сауық шоуларды түсіріп, өнердің әртүрлі салаларын деректеумен айналысты.

  • Zhauap ber әртістермен блиц-сұхбат.
  • Tynda екі әртіс отандық және әлемдік әндерді табуға тырысады. 
  • Если честно/Ашығын айтқанда Тимур Балымбетовпен сұхбат.
  • Follow Wars әртістер өздеріне жазылған жағымсыз пікірлерге жауап береді.
  • Top 10 Аптаның тoп-10 әні.
  • Ұят Parade қисынсыз, кринж клиптерге әзілді шолу.
  • Кинокөрме кинопремьерларға шолу мен актер, режиссер, көрермендермен сұхбат. 
  • Tanys Bol жаңа, жас әншілермен танысу.
  • Астар Неадекват – «Между двумя папоротниками» жобасының баламасы, қонақпен әзілді түрде сұхбат.
  • СветскийOUT – әртістердің лукына шолу.

Той Думан

Gakku ең алғаш құрылған сәтте барлық әндер бір арнада болды. Соның ішінде той әндерінен тұратын Той Думан арнайы айдары болды. Жоғарыда айтып өткендей алғашында Гәккуге 80% бейнебаяндарды алмағандықтан, той әндеріне де талаптар жоғары болып, уақыт өте той әндерінің бейнебаяндарының сапасы, кейіннен саны артып, бөлек Той Думан телеарнасын құру шешімі қабылданды.

Той Думан Gakku жүйесіндей әртүрлі шоулар мен айдарларының арқасында және бейнебаяндардың көптігі мен алуантүрлігімен мегаполистерден тыс елді мекендерде күн ұзаққа жүретін нағыз халықтық телеарнаға айналды.

Қазіргі Gakku 

Телеарна жаңа музыканттардың көбеюі кезінде бейнебаяндар түсіріп, алғашқылардың бірі болып дистрибьюциямен айналысты. Одан бөлек өз уақытында тек қана телеарналық ротациядан басқа, әлеуметтік желілерді дамытып, YouTube-қа бейнебаяндар салу үрдісін қалыптасырып, көптеген әртістерге өз өнерін монетизациялауға болатынын көрсетті.

Алайда пандемия уақытында музыкалық лейблдердің құрылуы мен көптеген әртістер әлеуметтік желілер күшін байқап, өз YouTube арналарын ашып, бейнебаяндарын сол арналарға салып бастауымен Gakku өз белсенділігін жоғалтып бастады. Gakku-ден тыс әлеуметтік желілер арқылы өз музыкасын таратумен айналысатын әртістер керісінше үлкен танымалдыққа ие бола бастап, назар телеарналардан self-made жаңа буынға көшті.

2020 жылдың ортасында Тимур Балымбетов бастаған құрам телеарнадан кетті. Уақыт өте арнаның халыққа берері азайып, Top 10 бағдарламасының әр шығарылымы сайын бірінші орын алатын Q-pop топтар арқылы кішігірім белсенділікті ұстап, жаңа шоулар саусақ санарлы шығарылымдармен дамымай тоқтап, алдыңғы телехикаялардай аса үлкен танымалдыққа ие бола қоймаған идеялық және атмосфералық тұрғыда Bir Toqsan-нан айырмашылығы жоқ Tuimedaq және Kóbelek жасөспірімдік сериалдары мен киберспорт туралы Oina сериалы жарық көрді.

Осы сәтте телеарна алдында екі таңдау тұрды: әрі қарай қазақ заманауи музыкасының жаршылары болып қалу немесе белсенділікті көтеру үшін блогерлер мен тиктокерлерді телеарнаның шоуларына шақырып, олардың бейнебаяндарын ротациялау.

Телеарна екінші жолды таңдады және бұл жол керісінше құрдымға алып келді. Блогерлер мен тиктокерлердің бір сәттік аудиториясы телеарнада тұрақтамай, белсенділікті көтеруге еш септігін тигізбеді. 2021 жылы қазақстандық клиптерді тамашалауға ресейлік тиктокер Даня Милохинді шақыру телеарнаға үлкен хейт алып келіп, көрермендер көзінде төмен түсірді. Бұдан бөлек арнада пайда болған әртүрлі жандардың сүйікті тиктоктарымен бөлісетін TIKTOKHANA айдары телеарнаға жаңа өмір бере алмады.

Қазір Gakku TV YouTube арнасына кіргенде апталық жаңалықтар мен айына бір рет шығатын блогерлердің бейнебаяндарынан басқа ештеңе көрмейміз. Одан бөлек жақында ғана телеарнаның бастапқы идеясымен сәйкес келмейтін Қазақстан тарихы туралы видеоэсселердің арнаға шығып бастауы көптеген сұрақтар туғызады. Өнер мен ойын-сауық контент арасында білім беру контентті салу арнаны бар күшімен тірі ұстап қалуға деген мәжбүрлі әрекеттер секілді көрінеді.

Gakku TV арнасының бастапқы алтын құрамы қазір IZI платформасына көшкеннен кейін, IZI Gakku жолын қайталауда. Әртүрлі музыка, сән, өнер салаларына шолу, дайджест шоулар, радио мен қазақ музыкасын ротациялау уақыт талабына сай платформа өзгергенімен, ішкі құралдарының дәл сол қалпы қалғанынын айқын белгісі.

Қорытындылай келе… 

Соңғы уақыттары телеарна өз бастапқы идеясынан қатты алшақтап, музыка мен бастапқы салалары бір жерде тоғыспайтын блогерлер мен тиктокерлер ордасына айналса да, Gakku TV заманауи қазақ музыкасының ғана емес, заманауи қазақ жастарының жаңа буынын алып келген мәдени төңкеріс болды.

Телеарнаға шығатын материалдардың тиянақты іріктелуі бейнебаяндардың уақыт өте сапасының және санның артуына әсер етті. Тек музыканың емес, бейнебаяндардың сапасының артуы индустрияға жаңа есімдер мен өз ісінің мамандарын берді. Айсұлтан Сеитов, Мәлік Зенгер, Медет Шаяхметов сынды қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі клипмейкерлердің алғашқы жұмыстары Gakku-де жария болды.

Алматы қаласының туған күнімен тұспа-тұс келетін Gakku Дауысы жыл сайынғы фестивалі көптеген жаңа әртістердің алғаш сахнаға шығуына және тыңдармандарға жаңа есімдерді ашуға үлкен септігін тигізді.

Лайн-аптағы әртістердің саналуандығы көптеген жазғы фестивальдарға шақырылмайтын, бірақ соның өзінде танымал әртістердің тыңдармандарына сүйікті музыкантының өнерімен тамсануға мүмкіндік береді. Фестивальдің феномендігін осы жылы өткен Almaty Cover Show концертін адамдар қателесіп Gakku Дауысы деп қабылдағанынан көре аламыз.

Ұят Parade, Кинокөрме мен Астар Неадекват жобалары әртіс пен көрермен арасындағы көпірді бұзып, самоиронияны алып келсе, Jauap ber, Ашығын айтқанда айдарлары мен әншілермен тікелей эфирдегі сұхбаттар әртістерді жақын тануға жол ашты. Телехикаялар қазақи дорамалар жанрын дамытып, жасөспірімдерге жүректеріне жақын жаңа кейіпкерлерді ашты.

Тоғыз жылға жуық өмір сүріп келе жатырған арна қазақ музыкасына жаңа есімдерді ашып, белгісіз музыканттардың көрінуіне жол ашты. Ozgeler айдарында поп бағытынан тыс инди, еркін музыканттарды жариялау арқылы көптеген альтернативті әртістер өз тыңдармандарын тапты. Жасөспірімдік кезде Gakku телеарнасын қараған жандар қазір қазақ әртістерінің жаңа буыны болып келді.

Жоғарыда айтылған тек бір ғана телеарнаның жетістіктері ең басты қоғамдағы өзгерісті алып келді. Заманауи қазақ жастарының жаңа буынының келуі, кіші ел комплексінің жойылуына жасалған қадамдар мен қазақ тілінің қоғам көзінде мәртебесінің өсуі.

Gakku TV — қоғамдық төңкеріске алып келген нағыз мәдени феноменалды төңкеріс.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Стиль
#мода
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
Культура
#кино
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
Ликбез
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
«Время жить»: эмоциональные качели  с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
Культура
#кино
«Время жить»: эмоциональные качели с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски
Культура
#кино
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски