jeltoksan. «korgasyn» құйғанына бес жыл толды

Мәдениеттанушы Аружан Ербосын әнші Бексұлтан Бақытжанның бес жыл бұрын шыққан «Korgasyn» альбомы өзіне қалай ықпал еткенін және өнерпаздың алғашқы альбомы неге әлі күнге дейін өзекті екенін түсіндіреді.   

«Жаңа леп, жаңа дем» — бес жыл бұрын «Korgasyn» альбомын алғаш тыңдағанда әлеуметтік желіге осылай бөлісіппін. 

2020 жылы жарық көрген «Korgasyn» — бәріміз jeltoksan. деп танитын Бексұлтан Бақытжанның алғашқы альбомы. Альтернатив рэп жанрындағы бұл альбом экспериментке толы. 

jeltoksan. өзінің интеллектуал музыкант және ойлы мәтінгер екенін алғашқы альбомында-ақ көрсетті. Ол әуен жағынан да, мәтін жағынан да бәрін байқап көріп, ең сәтті шыққандарынан осы альбомды құрастырғандай. Жинақты поэзия, рэп, өмір философиясы, халық әнін араластырып, әуенмен кәсіби әрлегені — соның дәлелі.

Жұбатады

Жинақ «8848» әнінен басталады. Бір тыңдағанда махаббат туралы болып көрінгенімен, бұл ән адамның қандай жағдай болса да үмітін үзбей армандауға күш табу керек екеніне үндейді. Басында «Бұл не сандар?» деп түсінбеуіңіз мүмкін, себебі Жер бетіндегі ең биік нүкте бірден есіңізге түспейді. Атауы арқылы адамның санасында, жалпы әлемде «ең» деген түсінік, шек жоқ екенін айтады. Ең жарқын, есте қаларлық әндердің бірі деп есептеймін.

«Sagat 4-te», «Jol», «Kesh emes» әндерінде айналадағы мәселелерден, шын өмірден қашқысы келетін escapism байқалады. Оны «Sagat 4-te» әніндегі «Мазаламайды бостық өскен ішімнен, болғанымда сенімен, тек сенімен», «Jol» әніндегі «Керексіз қарбаластан, керексіз жеңімпазы жоқ бұл жарыстан. Мені құтқар жол, мені құтқар жол», «Kesh emes»-тегі «Мені қалдыр жындарыммен оңашада» деген жолдардан көре аламыз.

«Sagat 4-te» әнінде сүйгенімен бірге болғысы келетін, дегенмен арманы үшін одан бас тартуға тура келген адамды көреміз. «Сағат 4-те ояу шын тірілер» деп бұл алагеуім шақта адам бетпердесін шешіп, шын бейнесі ғана қалатынын меңзейді. Бүкіл әнге саксофон үні ерекше әр беріп тұр. Таңғы сағат 4-те тыңдауға кеңес берем.

Үміт сыйлайды

Nurik Smit лақап атымен танымал Нұрғиса Әнуарбековпен бірге жазған «Jol» туындысы үлкен өмірден, ересек адамның міндеттерінен шаршаған кезде балалық шақты, туған жерді аңсайтын ностальгиядан тұрады. Мұндағы «жусанның иісі» шөлейт жерде туған әр адамды, соның ішінде мені де бала кезіме апарады.

«Unatyp em» әнінің мәтіні біз тыңдап үйреніп қалған әндердің мәтініне ұқсамайды. Онда отырыстарда көп айтылатын, авторы белгісіз «Шын сүйдім» әнінің сөзі, монолог, орыс тіліндегі шумақ араласқан. Осының бәрі әуенмен бірігіп сүйген адамыңмен бірге болған сәттерді сағындырады. Бұл әнге «Ницше сені өлтірмеген нәрсе күшті қылады деген» деп жоғарыда айтқан философияны да кіріктірген. Дәл осы ойды «Otken shaktan» әнінде «Өлтірмесе әлсіз қылмас мені бұл қиындықтар» деп тағы қайталайды.

«Hüzün» — тыңдаған адамды бей-жай қалдырмайтын, жүрегімнен ойып тұрып орын алатын ән. Бексұлтанды jeltoksan. деп алғаш танытқан осы ән десем қателеспеймін. «Hüzün» түрік тілінен аударғанда «мұң» дегенді білдіреді. Мұндағы мұң адам боп еш әрекет етпей, өмірден із қалдырмай белгісіз боп өтуден туған уайым секілді. Оны «Сүйіктім, белгісіздер көп бұл теңдеуде, көп білмесем де, бір затты анық білем. Құйрықты жұлдыз болғым келмейді жанып-сөнер. Қас қағым сәтте, қас қағым сәтте» деген шумақтан анық байқауға болады. Бексұлтан өзінің еңбекпен ғана өскісі келетінін «Олар баққа тіккенде мен тіктім баппенен еңбекке, өмір қағидасы не өсесің, не өшесің» деп әдемі жеткізген.

Жігерлендіреді

«Kesh emes» — альбомдағы ескерту ән сияқты. Алты ішек гитараның үні оның жалынышына ерекше әуез беріп тұр. Ескерту әннің қатарын «Jyltyraktar» толықтырады. Өмірдің жылтыраған өткінші қызықтарына берілмей, көңілді кірлетпей, ең бірінші өз алдыңда таза болуға, «саған ол керек емес, сен әлдеқайда биіктесің» деп төменге түспеуге шақырады. Жылтырақ өмірдің түбі жалғыздық екенін еске салады.

Альбомдағы ең ерекше ән «Yapuray» дер едім. «Жылатқан, уатқан, қуантқан, құлатқан да сол» деген Шәкәрімнің «Адамның еркі қайда?» өлеңінен қайталана беретін үзінді, бэктегі Бекболат Тілеуханның дауысы басқа әлемге апарып тастайды. Бексұлтанның жерлесі аңыз адам, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымның «Биіктік» әнінен алған «Қыр баласы өспейді тауға қарап, қыр баласы қол созады аспанға» деген үзінді әнді шарықтау шегіне жеткізіп, әдемі аяқтап, ғарыштан үйге әкеледі. 

«Hüzün»-дегі еңбек туралы ойын «Жасасам әрекет, маған құдай береді» деп мұнда да жалғайды. Басында бұл әнді мүлде түсінбеппін, бірақ өте тыныш жерде, табиғат аясында жалғыз тыңдағаннан кейін jeltoksan.-ның репертуарындағы сүйікті әндерімнің біріне айналды.

«Otken shaktan» әні қимасыңмен болашақ жоқ екенін түсініп, өткен шақта қалдыруға тура келгендегі сезімді, қиналысты дәл суреттейді.

«Сезім жоқ жерде дым да өспейді» деп барлық жерде махаббат пен мейірім керек екенін меңзейді. Бексұлтан бір сұхбатында революцияға дейінгі қазақ ақындарын сүйіп оқитынын айтқан. Әндегі «Шықпағанда мен бұл шыңға болу үшін жарқын нұр, кім бар айтшы суырылып мендей бола алатын?» деген жолдар Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Шәкірт ойы» өлеңінен шабыт алып жазылғандай әсер қалдырады.

Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Jaiykpen juzdeskende» әнін тыңдарман өте жылы қабылдады. Бұл әнге Бексұлтанның туған жерге деген бар махаббатын салғандай. Кейінірек төлқұжатына айналғаны да бекер емес шығар.

«Kobelekter»-де адам өміріндегі бақытқа, қуанышқа толы әдемі сәттерді бейнеленген. Мұнда автор «Бұл сәт қайта келмейді» деп «сәтті ұстап үйрену» керегін айтады.

Альбомдағы әр әннен Бексұлтанның әртіс ретіндегі өзінің қайталанбас қолтаңбасын көруге болады. Арманға адал болу, оған еңбекпен ғана қол жеткізу, қиындықтар туғанда бәрін тастап бала кезді аңсап, өсіп өнген туған жерге қашып кеткің келу, кейін сабаңа түсіп, сынақтардың шыңдайтынын түйсіну — әр адам өмірінде болатын процестер. Өмірден өткенге дейін де бұл процесс қайталана беруі мүмкін. Альбом әлі де өзекті болуы осыдан. 

Неше жыл өтсе де тыңдаған сайын әндері бірде күш беріп, бірде ностальгияға батырып, енді бірде өмір туралы ойландыратынына қарағанда, бұл жинақ уақыт өте ұмытылатын туындылардың қатарынан емес.  

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Is This a JoJo Reference? Да!
Культура
#кино
Is This a JoJo Reference? Да!
Память, сайт-специфичность, Kanye West. Выставка F.P.V.21 Barry Kudaiberdy
Город
#события
Память, сайт-специфичность, Kanye West. Выставка F.P.V.21 Barry Kudaiberdy
Казахстанский спектакль попал в программу Festival d’Avignon
Культура
Казахстанский спектакль попал в программу Festival d’Avignon
Год цензуры в Казахстане
Ликбез
#общество
Год цензуры в Казахстане
Всё, что нужно знать о 9-м сезоне Eurasian Fashion Week
Стиль
#мода
Всё, что нужно знать о 9-м сезоне Eurasian Fashion Week