Omar Apollo – «God Said No»
Осы тізімдегі индиден алыс, попқа жақын альбом. Омар музыка әлемінде хитке айналғалы бірнеше жыл болды. Қандай да бір себеппен андерграунд әртіс пен үлкен поп-сенсацияның ортасында жүр.
«God Said No» – Фрэнк Оушеннің «Blonde» туындысының жаңғырығы естілетін, әуені нәзік альбом. Аполлоның ерекше вокалы бірде баяу, енді бірде көңілді инди дыбыспен әсем үйлесіп, құлақ құрышын қандырады.
Омардың бесінші альбомы – жазғы романтикалық шытырман оқиғаның қызығы мен шыжығын баяндайтын инди де поп жинақ.
Caroline Polachek – Desire, I Want To Turn Into You
Гиперпоп, авангард пен инди-поп тоғысқан альбомды таңертең қосып қойсаңыз, ұйқыңызды тез-ақ ашасыз.
Өнерпаздың жаңашыл, сергек әрі шектен шықпайтын экспериментал әуендері жазда тыңдағанға әдемі. Кэролайн Полачек – гиперпоп жанрындағы басқа әртістерге қарағанда продакшнда өз вокалына көбірек назар аудартатын әнші. Оның тректерінде 2010 жылдардағы клуб музыкасына ұқсас, мың құбылған дыбыстар жоқ.
Кэролайнның альбомын қарапайым поп жинаққа жатқызуға болмайды, бірақ жазда тыңдасаңыз, жап-жақсы көңіл-күй сыйлайды. Әуелі альбомдағы «Dang» синглін тыңдап көріңіз. Осы әннен соң-ақ жинақты қалай түгел тыңдап кеткеніңізді білмей қаласыз.
Mercury Cachalot – Mercury Cachalot
Mercury Cachalot лақап атымен өнер көрсететін қазақстандық әртіс – Мерей Әлімқұлованың дебют альбомы Алматының аптап ыстығында жауған ақ жаңбырға ұқсайды! Музыкалық аспаптар, әсіресе бас гитара анық естілетін туындыларға бірден плейлисімнің төрінен орын беремін.
Әр адамның қателесетіні туралы баяндайтын баяу интроспектив альбом жаздың ең танымал альбомына айналуы керек еді. Жинақ чарттарда көш бастап тұрмаса да, былтыр boygenius-тың «the record» альбомын ұнатқан тыңдарманға бұл шығарма да сөзсіз ұнайды. Альбом жинақы әрі таза естіледі. Экспериментал дыбыс пен лиризм де жоғары деңгейде. «Kelin» мен «Han Iem» тректері – сүйікті әндерім. Mercury Cachalot осы альбомда өзін нағыз инди әртіс ретінде көрсете алыпты.
Two Door Cinema Club – Beacon
Two Door Cinema Club тобы енді құрылған 2010 жылдардың басында, мұңды инди шарықтау шегіне жеткен шақта The Neighbourhood пен the 1975 сияқты топтардың тасасындағы топ еді. Қазір оларды дыбысы ең жақсы сақталған топ дей аламын.
«Beacon» – Two Door Cinema Club тобының мүлтіксіз альбомы. Әрбір трегі еріксіз билетіп, бойыңызға алапат энергия сыйлайды. Бұл альбомды жасөспірім кезде ұзақ жолға шыққан сайын тыңдайтынмын. 2012 жылғы туындыда мистицизмнің тылсым әуені де бар, әсіресе «Pyramid» сияқты тректе осындай сезім оянады. Біреу шытырман оқиғаға ынтық адамның ішіндегі энергияны бейнелейтін альбом бар ма десе, осы жинақты көрсетер едім.
The Last Dinner Party – Prelude to Ecstasy
«BRAT» жазуы туралы естіген боларсыз. Charlie xcx-тің неон жасыл альбомына ұқсас вайбы бар инди рок альбомды ұсынуға рұқсат етіңіздер. «Prelude to Ecstasy» жылдың инди-рок альбомы деп тап қазір дөп басып айта алмаймыз. Бірақ қазірдің өзінде-ақ биылғы ең әсерлі жұмыстардың тізіміне кіргені сөзсіз.
Бұл альбомдағы музыкалық әдістер айрықша көрінеді. Кейінгі кездері сағынып жүрген дыбыс анықтығы бар, әуен бағыты ауысатын сәт те көп. Arctic Monkeys-тің бұрынғы жұмыстары, Кейт Буш пен Queen-нің туындыларын еске салатын коктейль дерсіз. Адам толы автобуста қысылып тұрғанда қосып қойсаңыз, көңіліңіз кәдімгідей көтеріліп қалады.
Lorde – Solar Power
Вундеркинд бала болу қиын. Мұны Lorde жақсы біледі. Әртістің 16 жасында жазған альбомы бірден классикаға айналды. Екінші жинағы аса көп тарамаса да, сыншылар оны мінсіз жұмыс деп мойындады. Бірақ көп жанкүйер Lorde-нің кейінгі жұмыстарын қабылдай алмады. Хип-хоп жанрында жазылған, әсерлі лирикаға толы бұрынғы тректерінен соң ересек адамға айналу кезеңіндегі күйзеліс жайлы, өзін жақсы көретіні туралы көңілді де шынайы альбом көпшілікке тосын көрінді.
Өзіме бұл альбом лайық бағасын алмағандай көрінеді. Әсіресе Lorde студияда жаңа ән жазып отырғанын көрсеткен соң кейінгі жұмысын тағы бір тыңдап шыққанымыз жөн. Биыл жазда өз тыңдарманын тауып та қалар. Тыңдап көріңіз.
Darkhan Juzz – TBRN
2019 жылғы альбомынан бәріміз аңсайтын жеңіл де жайлы вайб есіп тұр. Поп пен инди әуеннің әсем үйлесімі Aperol Spritz-тің ән нұсқасы сияқты: тым тәтті де емес, ауырлық та салмайды. Аласұрған көңілді тыныштандырады.
Былтыр Darkhan Juzz қыршын кетті. Сыршыл әртістің альбомы қашан тыңдасаң да, жақын достың әңгімесіндей әсер етеді. Болашағынан көп үміт күттерген талантты өнерпаздың тректерін қосып, ауық-ауық еске алып тұрайық.
«Қосыл толқыныма, қарап тұрма! Мә, менің отыным сенің отыңа! Уу-ее, шекер-шекер!»
Автордың басқа мақалалары: