Осыдан үш жыл бұрын ғана мамбл-рэппен жеке шығармашылығын бастаған Kalifarniya жаңа субжанр қалыптастырып, ол субжанр уақыт өте жаңа той музыкасына айналды.
Соңғы жылдардағы қазақ поп сахнасының ең басты тренд қалыптастырушысы мен жаңа халық әртісі туралы мәтінімізде баяндаймыз.
Мансабын Q-pop топта бастаған Фархат Калиев Kalifarniya лақап атымен 2020 жылы карантин кезінде жеке шығармашылығына бет бұрып, алғашқы «Jurip Kelatasyn» трегін шығарды. Трек лезде тыңдармандардың қызығушылығын да, түсініспеушілігін де тудырды.
Кей тыңдармандарға жеңіл ритм мен қазақ тіліндегі алғашқы мамбл-рэп болғанымен ерекше ұнаса, кей тыңдармандарға мәтіннің жеңілдігі мен түсініксіз орындау ұнамады.
Мамбл-рэп пен терме
2010-жылдардың ортасында аса үлкен танымалдыққа ие болған рэптің мамбл субжанры жеңіл ритм, бір тыңдағаннан мағынасыз көрінетін мәтін мен тамаққа салып орындаудан тұрады.
Егер де қазақтың ұлттық музыкасына көз салатын болсақ, орындау жағынан мамбл-рэп терме өнеріне ұқсас екенін байқаймыз. Вокалдық шырқау, керісінше, тамаққа салмай айтуды талап етсе, термеде тамаққа салып айту керек.
Фархат кішкентайынан музыкалық мектепте оқып, ұзақ уақыт бойы термешілікпен айналысқан. Сондықтан жоғарыдағы ұқсастықтарға назар салсақ, Kalifarniya-ның не үшін мамбл-рэпте шырқайтынын айдан анық түсінуге болады.
Жаңа той музыкасы
Екі түрлі әлемдердің қосындысы отандық сахнада жаңа субжанр қалыптастырып, ол субжанр уақыт өте жеңіл, билеуге ырғақты әуенмен әрленген, қабылдауға оңай мәтінді болғандықтан жаңа той музыкасына айналды.
Егер де соңғы жылдарға дейінгі той музыкасына қарасақ, ырғақты әуен, жеңіл мәтін эстрадалық кейіпте болды. Ал соңғы жылдары Kalifarniya, Qanay, Меховая 8/1 сынды әртістердің пайда болғанымен, той әндерінде эстрадалық элементтерге гөрі, хип-хоп элементтерін жиі байқауға болады.
Бұл субжанрдың той музыкасына айналуының тағы бір себебі «Хабар» телеарнасындағы Cover Show бағдарламасы. Бағдарлама барысында жас әртістер ескі әндерді жаңа, заманауи әрлеумен шырқайды.
Екі буынды бір экранның алдында жинауымен шоудағы каверлердің көбі кейіннен тойларда жиі қосылып, шоу арқылы жас әртістер бүкіл халықтық деңгейге шығуға мүмкіндік алады. Дәл солай Kalifarniya-ның шоуда орындаған әндері ортақ есеппен 15 миллионнан астам қаралым жинады.
Kalifarniya шығармашылығының басы мамбл-рэппен басталғанымен, әртіс өзін әртүрлі жанрларда сынап, бір әннің өзінде-ақ бірнеше жанрда шырқайды. Рэп, диско, баяу әндер мен терме жанрларының арасында еркін ауыса алу арқасында жаңа дыбыс қалыптасады. Бұл жанрлардың арасындағы бірсарынды ауысуды Qanay-мен бірге жазылған «Ритм-такт» трегінен байқай аламыз.
Жеңіл, көңілді ырғақ пен әндердің көбі билеуге арналғанына қарамастан, Фархат әндерінде толыққанды оқиғаларды баяндап, өз шынайы сезімдерімен бөлісіп жатады.
Ең танымал әндерінің бірі «Доза» «Ерлер жылайды» сөзімен басталып, сүйгенінің көзіне шөп салған жігіттің оқиғасын әңгімелесе, «Aspan», керісінше, сүйгенінен айырылған жігіттің суық хабарды естігендегі сезімдері мен қалай бақытты сәттерді еске алып, өзін кінәлайтынын баяндайды.
Әртүрлі жанрларды қосу арқылы жаңа, бірақ соның өзінде түсінікті, халыққа жақын дыбысты қалыптастырып, тыңдармандарымен өз ішкі әлемімен бөлісіп, оқиғалар баяндауы арқылы Kalifarniya көбіне түсініспеушілік тудырса да, нағыз халық әртісіне айналуда.
Соңғы уақыттары ашық, жарқын образдарды киіп, музыка мен сыртқы кейіпте көбірек тәжірибелер жасап жүрген әртістің ары қарайғы жолын қызығушылықпен бақылайтын боламыз.