Маңғыстаулық хип-хоп

Каспий жағасында орналасқан өңір қазақстандық хип-хоп сахнада өзіндік нық орны мен тұңғыш қазақтілді рэперлері мен халықаралық танымалдыққа ие болған алғашқы қазақстандық рэперлердің шығуымен танылған. 

Бүгінгі мақаламызда маңғыстаулық хип-хоптың тарихы мен қазіргі болмысы туралы айта отыра, жергілікті феномендер туралы сөз қозғап, тарих, мәдениетпен байланыстырып, неліктен маңғыстаулық хип-хоптың отандық сахнада өзіндік маңызы бар екенін талқылайтын боламыз. 

I. Алғашқы қазақтілді рэп

Тәуелсіз Қазақстан музыкасының тарихына көз жүгіртсек, Кеңес Одағының құлауымен осыған дейін әлемге ресейлік оптикамен қарап келген қазақстандықтарға бүкіл әлем мәдениеті ашылды. Дәл солай 1990-2000 жылдардың басында батыстық музыка мен фильмдер аса үлкен сұранысқа ие болды. 

Бұл жылдары Америкада гангста-рэптің шарықтап тұрған шағы болғандықтан, көптеген қазақ жастары орыстілді рэптің орнына америкалық рэпті тыңдап, олардың стилі мен өмір сүру салтына талпынды. Қазақстанда алғашқы кландар мен бөліністер пайда болып, аудандар мен қалалар арасындағы рэп-баттлдар ұйымдастырылып тұрды. Бірақ бұл туралы сәл кейінірек.

ДМХ

1995 жылы Маңғышылақта «Долина Маленьких Хулиганов» (ДМХ) атты алғашқы кландардың бірі құрылды. Ол уақыттары музыкамен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік болмағандықтан, бір топ жастар ұзақ уақыт бойы тек өз аулаларында фристайлмен айналысатын болған. Тек қана 2000 жылы әндерін студияда жазуға мүмкіндік пайда болып, клан музыкалық топқа айналды.

Топ өздерінің алғашқы национал-патриоттық «Қазақша стиль» трегімен тек өз аулаларында емес, бүкіл ел ішінде үлкен атаққа ие болды. Студиялық жазбаланған алғашқы қазақтілді рэп трек жанайқай, атыс пен шуға толы болды.

Алайда топтың ғұмыры ұзаққа бармады. Оған топтың басшысы Қанаттың (PlayDog) заңмен мәселелері себеп болды. 2000 жылы Қанат 18 жасында ұрлық үшін бір жыл түрмеде отырып, 2003, 2011 жылдары күрделі қылмысқа қатысқаны үшін екі рет қайта түрмеге түсті. Ортақ есеппен 17 жыл түрмеде отырған Қанаттың әсерінен ДМХ жаңа әндер жазбай, өз жалғасын таппады.

ДМХ тректерінде аудан, бауырлар мен жауапсыз махаббат тақырыптарында оқып, Қазақстандағы гангста-рэптің негізін қаласа; музыкалық тұрғыда ол уақыттағы мүмкіндіктердің шектеулігіне байланысты тректерінде батыстық рэперлердің биттерін қолданатын болған.

Smerch a.k.a Жақау

2002 жылы рэпке аяқ басқан Амангелді Өтешов бір жылдан кейін «Хип-Хоп 2003» фестиваліне қатысып, бүкіл Қазақстанға аты шықты. Мансабының басын Қылышбек атты досымен бірге Smerch тобында бастап, рэп-баттлдарға жиі шығып тұрған.

Адайдың Жақау руынан тараған Амангелді өз лақап аты ретінде руының атын алса, Маңғыстау даласы құмды дауылдар мен шаңды боранға толы болғандықтан топтарының атын Smerch деп қойған. 

Жақау отандық сахнада аса күрделі жанайқайға толы хардкор рэп орындаушылардың алғашқыларының бірі болды. Өз тректеріндегі әлеуметтік, саяси мәселелерге деген көзқарасын айқаймен жеткізгеннен тыңдармандар санасында ерекше орын қалдырып, ой салады.

Әлеуметтік мәселелер тұрғыда тұрмыстық, отбасы, бауыр мен барша жұртқа үндеулер жолдаса, саяси туындыларында парақорлық, әділетсіздік тақырыптарын қозғаған. 2011 жылы орын алған Жаңаөзендегі оқиғалардан кейін Жақау өзі жаңаөзендік болғандықтан, саяси тақырыптар тректерінде жиірек көтеріліп, одан бетер күрделілек бола түсті. Дәл солай «1986», «Қара тізім» сынды тректері шығып, алматылық G.H.A.D тобымен «Ол күнге де жетерміз» бірлескен туындысында алғаш рет оппозиционерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімдері туралы сөз қозғалады.

Қазақтілді хип-хоп сахнада орын алған ең басты баттл жаңаөзендік Жақау мен оңтүстік-шығыс қазақстандық ASH ҚаZаҚ Pro бірлестігінің рэперлері Damon мен ШYNGYS арасында болды. Бірнеше үлкен даулы тректерге жалғасқан баттл қазақтілді хип-хоп әртүрлі бағыттар мен өзіндік айтары бар ойларына толы екенін дәлелдеп, қанша жерден бөліністерге алып келсе де, жанрдың дамуы мен нығаюына көп үлесін тигізді.

Biko a.k.a Domalak

2000-жылдардың ортасында Biko лақап атымен өнер көрсетіп бастаған Нұрлыбек Аденов хардкор-гангста-рэп шарықтап тұрған шақта, отандық сахнаға позитивке толы R&B, рэп бағытын алып келді. Көше жауапсыз махаббат, бауырлар тақырыбынан гөрі, сыныптастар, ауыл, әсем махаббат туралы шырқады. Biko-ның туындылары тек қана ауладағы жігіттер мен рэп тыңдармандарының назарын аудартып қана қоймай, қазақтілді рэпті кеңірек аудиторияға паш етті.

Одан бөлек, Biko алғашқы қазақ тіліндегі рэп-баттлдың финалисті. Бірнеше уақыт өткеннен кейін үшінші ресми хип-хоп баттл өз бастауын алып, Domalak есімді рэпер халықтың назарын аудартады. Еш қиындықсыз әр кезеңнен өткен рэпердің орындау стилінен тыңдармандар Biko-ны байқай бастайды. Шынымен де, бұл Biko-ның альтер-эгосы болды. Domalak-тың сайыстағы тректері жеке дара тректер болып танылып, Нұрлыбек үшінші баттлдың жеңімпазы атанды.

Domalak қанша жерден баттлдарға қатысып, жеңімпаз атанғанына қарамастан, ешқашан дауға түсіп, кикілжіңдерге қатыспайтын. Жоғарыда айтқанымыздай, Нұрлыбек қазақтілді рэпке жарық сәулені алып келген рэпер болғандықтан, керісінше, қалалар арасындағы бөліністер мен жеккөрініштікке толы баттлдарды сынаған. Оны «Қарапайым заттар» үнтаспасындағы G.H.A.D тобының мүшесі Masta-мен бірге жазған «Неге керек форум?» трегінен айқын көре аламыз.

X.A.U.S (Zhako, ТайФун, U.l.a)

2000-жылдардың ортасында құрамына Zhako мен ТайФун есімді орындаушылар кіретін X.A.U.S тобы құрылды. Рэпер мен әуенді бөліктерді шырқайтын орындаушыдан тұрған топтың әндерінің тақырыптары көбіне жаралы махаббат туралы болды.

X.A.U.S-тың «Сүйемін сені» әні жақында жарық көрген Salem Social-дың «Түркістанский сериал» мен «Пацанский кипиш» жобаларынан кейін жаңа дем алып, жастар арасында тарай бастады.

ТайФун 2016 жылдан бері трек шығармаса, Zhako U.l.a есімді ақтаулық хип-хоптың алғашқы орындаушысымен бірге 2021 жылдан бастап қарқынды түрде шығармашылықтарымен айналысып, Ақтауда жүздеген халыққа жеке ән кеш өтікізіп, Caspiy Tour фестивалінде жас орындаушылармен бірге сахнаға шықты.

II. Орыстілді рэп

Big Som

90-жылдардың соңы теңіз жағасындағы сауықкештік өмірдің қалыптаса бастаған кезі деуге болады. 1998 жылы кезекті бір клуб ашылып, Самсон Аракелян есімді 19 жасар жігіттің диджей-сеттері жүздеген халықты жинай бастады. Самсонның сөзі бойынша, сол кезде Ақтауда 150 мың адам тұрғанның өзінде оның кештерінде 1000-нан астам адам жиналатын болған.

Осы бір сәтте Самсон өзінің жеке әндерін жазуға болатынын ұғып, алғашқы тректерін шығара бастайды. Самсон уақыт өте Big Som лақап атын алып, тректері қала ішінде ғана емес, Қазақстанның батысында үлкен атаққа ие болып, әндер көбейген сайын танымалдығы да арта түсті.

Ғаламтордың келуімен Big Som, кейіннен оның жанынан құралған ондаған рэперден тұратын Som Clan ұжымы Ресей мен ТМД елдерінде атаққа ие бола бастады. Ғаламтор форумдарының бірінде «Каста» тобы ТМД рэперлерінен тұратын әнжинақ шығармақшы екенін естіп, Som Clan «Покажи мне деньги» трегін жіберді. Трек  «Каста» тобына ұнап, әнжинаққа кірген сәттен топты Мәскеуде өтетін екі ірі фестивальге шақырды. Бұл сәт қазақстандық рэптің алғаш рет халықаралық деңгейге шыққан сәті болды.

Хип-хоп табыс әкелетін сала болмағандықтан, Сом бірнеше жылдар бойы мұнайшылық пен музыканы бірге алып жүрді. Алайда, 2008 жылы Сом толыққанды өзін музыкаға арнауды шешіп, студия ашады. Осы бір кезекті студиялық күндердің бірінде Ақтаудың әнұранына айналатын «7292» трегі жазылды.

Өз әндерін жазудан бөлек, Сом 2013-2016 жылдар аралығында жыл сайын Aktau Open Fest музыка мен спортқа толы үлкен фестиваль өткізумен айналысқан. 2016 жылы 100 мың адамды жинаған фестивальдің хедлайнерлері ретінде Каста, L’One, Макс Корж, Da Gudda Jazz сынды танымал музыканттар болған. Бұл сәт бүкіл Қазақстанның мәдени тоғысуы болып, Ақтау өнер ошағы атанғандай болды.

Уақыт өте Big Som тек өз қаласына танымал андеграунд-диджей, рэперден поп-музыкамен рэпті бір жерде ұштастыра білген нағыз халықаралық танымалдыққа ие болған музыкантқа айналды. Сом әндеріндегі сан алуан тақырыптардың көтеруімен әртүрлі жандарды өз тыңдарманы ете алды. Дәл солай оның музыкасынан теңіз жағасындағы сауықкештерге толы көтеріңкі көңіл күйлі өмір мен көше өмірін айқын көре аламыз.

 

Skif

Рэпер Skif из Актау выпустил свой сольный трек после девятилетнего перерыва

2009 жылы Аман Шагировтың шимайдағы өлеңдері Ақтауда Doma Doma-ның студиясы ашылған сәттен бастап музыкалық туындыларға ауысты. Жоғарыда айтып өткен ақтаудың әнұранына айналған «7292» трегінен бөлек, бес жыл ішінде Skif бірнеше үнтаспалар мен микс-тейптерде бой көрсетіп, 2014 жылы ән мен рэпке толы «Город на скале» жеке альбомын шығарды.

Алайда 2014 жылы Skif жеке себептеріне байланысты музыканы қойып, тек тоғыз жыл өткеннен кейін ғана павлодарлық рэпер Truwer-мен бірге жазылған трекпен қайта оралды. Қазіргі уақытта Аман музыкасымен белсенді түрде айналысып, соңғы жылдары сахнаға оралған ескі мектеп әртістері ішінен өз нық орнын қалыптастыруда.

SL Community

SL Community әртүрлі рэперлерден өзгеріп отырған ұжым болған. Бірлестіктің ең белді, тұрақты мүшелері – R-Khan, Ashok алғашқы этникалық хип-хоптың қалыптастырушылары десек болады.

«Құрылтай», екі ауқымды үнтаспадан тұратын «Великая степь», «Тайны эпох» туындыларында рэперлер Қазақстан тарихының әр маңызды оқиғаларын баяндай отыра, оны халық әндерінің сэмплдерімен әрлеп, ағартушы рэппен айналысты.

«Ұлы Дала»

Жақау, Probella Centre, Ula & Zhako, West ARS, Som Clan, BlackBoy (ДМХ)

Осыдан екі жыл бұрын Маңғыстау рэпінің ардагерлері бас қосып «Ұлы Дала» ауқымды сайферін жазды. Тректе Қазақстандағы қазақтілді рэп пен орыстілді рэптің негізін қалаған тұлғалар өз тамырларына оралу арқылы туған жерлері туралы шырқап, Маңғыстаудың маңғаз даласының кейіпін әуенмен жеткізді.

Бұл осыған дейінгі айтылған Маңғыстау хип-хопының ескі мектебінің ұштасқан сәті.

III. Маңғыстау хип-хопы қазір

Қазіргі күні Маңғыстау хип-хоптан бөлек, жергілікті музыкамен айналысатын жандарың саны 2000-жылдарға қарағанда күрт төмендеген. Ондаған жылдар бұрын музыкамен айналысқан орындаушылардың санаулысы ғана белсенді түрде әндерін жазуды жалғастырса, соңғы жылдары Маңғыстаудан жаңа әртістер шыға қоймады. 

Taspay 

Есбол Таспай 2018 жылы «Сүйгенді сүй» мұңды лирикаға толы әнімен жүректерді елжіретіп, 2019 жылы V $ X V PRiNCE-пен бірге фитінен кейін үлкен танымалдыққа ие болды. 

Алматы мен Ақтау арасында өмір сүретін Есбол өз әндерінде теңіз толқындарына ілескен мұңын тыңдарманның ойы мен жүрегінің түбіне жеткізе біліп, қайғылы махаббат тақырыбын жиі зерттейді. 

Музыкадағы мөлдір шынайылығы тек бір тақырыптың төнірегінде емес, барлық тақырыптарда да анық байқалады. jeltoksan., Aidhn-мен фитінде өз жүріп өткен жолы мен айтқысы келетін ойлары туралы талқылап, жерлес ағасы Domalak-тың «Аққан тер» трегінің шумақтарын сэмпл ретінде қолданады. Бұл екі мектептің ұштасқан сәті болды.

Quansh Nazarov

2016 жылы WhatsApp желісі арқылы Drake-тің «Hotline Bling» трегіне әзіл ретінде жазылған «Айлық түскенін қайдан білейін» бейнеролигі тарай бастады. Бұл ақтаулық Қуаныш Назаровтың жұмыс уақытында контейнердің ішінде жазылған туындысы еді.

Әлеуметтік желілерде Қуаныштың бұдан бөлек басқа да көптеген пародиялық әндері таралып, Қуаныш өзінің жеке әндерін жазуға көшті. Дәл солай 2018 жылы үлкен хитке айналған «90-60-90» әні жарық көрді.

Қуаныштың шығармашылығына әзіл ретінде қарасақ та, ол маңғыстаулық диалект пен шетелдік рэперлердің кейпімен қазақстандық көрермендердің өмірлеріне жақын күнделікті тақырыптар туралы айтуымен тыңдармандар мен қарапайым әлеуметтік желі қолданушыларын баурап алды. 

IV. Неге маңғыстаулық хип-хоптың өзіндік орны бар?

Жоғарыдағы ақпараттармен бөлісіп, теңіз жағасындағы өңірінің музыкасының басты феномендері туралы айтып, қалай деген сұраққа жауап бердік. Ендігі кезек неге маңғыстаулық хип-хоптың өзіндік орны бар деген сұраққа жауап іздеу.

Тарихқа көз жүгіртсек, Кіші Жүз халқының әртүрлі мемлекеттер мен кезеңдер арасында өзіндік ерекше орны болған. Орта ғасырларда Майқы бидің «Кіші Жүзге найза беріп жауға қой» сөзінен қаншалықты еліміздің батыс өңіріндегі тұрғындардың қызуқанды, батыл болғанын байқаймыз. 

Ал мәдениетке көз жүгіртсек, басқа өңірлерден ерекше аталатын Маңғыстау күйлері мен терме, халық әндерін тыңдасақ, тез, екпінді, қызбалыққа толы екенін байқаймыз. Бұған халықтың күн-көрісі, ылғи шабуылға дайын отыратындығынан бөлек, өмір сүретін жерлері де әсер етеді. Жазық, маңғаз, құр дала. Осы бір географиялық мекенде өмір сүріп, екпінді жанайқайға толы тарих пен мәдениетті жастайынан бойына сіңірген сәби ортасының арқасында дәл сондай құйындай мінезбен өсіп, өз саласына сол күшті бағыттайды. 

Тарихи, мәдени, географиялық себептерден бөлек, әлеуметтік себептерге қарасақ, маңғыстаулықтардың басқа өңірлер түсіне және қабылдай бермейтін өзіндік диалекті мен сөйленісі бар екенін еске салайық. Барынша сөздерді қысқарту, тез сөйлеу және көп жерлерде жоқ тек маңғыстаулық сөздер – басқа қалалардан бөлудің орнына, бірінші кезек, ерекшелеп, мәдени кодына айналған десек болады.

Көптеген музыканттар өз әндерінде диалект сөздерді қолданып, әнге тек маңғыстаулық колоритті беріп қана қоймай, орындаушының қай жақтан екенін, қандай әлемде өмір сүретінін айқындайды. 

Музыкалық тұрғыда, жоғарыдағы факторлардың барлығын қоса алғанда, не үшін алғашқы қазақтілді рэп хардкорды болғанын түсіне аламыз. ДМХ кейіннен Жақау сынды орындаушылар өз шындығы мен айтарын айқай арқылы жеткізген. 

Шындық пен еркіндік әрқашан протест айқай кейпінде шықпайды. Осы бір сәтте музыкалық тұрғыдан мәтіндік саралауға көшеміз. Шындық, оның ішінде шынайылық әртісті толғандыратын ойлардың максималды түрде әртіске тән, жан жүрегінен қалай шығып тұр солай шыққанында. ДМХ мен Жақау ішіндегі жан дүниесін айқай күйінде шығарса, Big Som мен Domalak жеңіл, әсем түрде шығарады. R-khan мансабы бойы Қазақстан тарихын дәріптеумен айналысса, Taspay өз мұңын Каспийге шертумен айналысады. Қуаныш Назаров барынша ақтаулық болмысымен шырқаса, X.A.U.S жаралы сезім туралы шырқайды. 

Маңғаз даланың қызуқандылығына қарамастан, Маңғыстаудан шыққан әртістер музыкасында өз-өзімен бетпе-бет келу арқылы, әлсіз болып көрінуден қорықпайды. Шынайылықтың белгілі бір деңгейіне жеткендігінің арқасында маңғыстаулық музыканттар көше өмірі, бауырлар туралы баяндай отыра, мұңайып, жылап, жауапсыз махаббат салдарынан қайғыратынын жасырмайды.

P.S. Бұл мақала зерттеулік және деректемелік бағытта жазылған. 

P.P.S. Жоғарыдағы ескі мектеп әртістері туралы мәтін барысында West ARS, West Side, Probella Centre, Grif сынды көптеген әртістерге ғаламтор желілеріндегі ақпараттар мен материалдардың таяздығынан кеңінен тоқтай алмадық. Түсіністік үшін рақмет!

Сондай-ақ оқыңыз

Қазақстандық музыкадағы саяси әндер

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Стиль
#мода
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
Культура
#кино
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
Ликбез
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
«Время жить»: эмоциональные качели  с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
Культура
#кино
«Время жить»: эмоциональные качели с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски
Культура
#кино
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски