Қарапайым көрермен үшін мәдениет салаларының ішінде комедия тек көңіл көтерерлік, жеңіл сала деген ой қалыптасып қалғанымен, комедия жанры халық қуанышы мен мұңын қатар алып жүріп, ел ішіндегі өзекті тақырыптарды көтеруші бірден бір құрал.
Бүгін 18 жыл бойы өз көңілашар шоуларымен қазақстандықтарды қуантып келе жатырған бірегей камеди-баддидың шығармашылығына толыққанды шолу жасау арқылы неліктен олардың отандық юморда ерекше нық орны бар екенін талқылаймыз.
Камеди-бадди – екі не бірнеше комиктердің біріге жұмыс істеуінен құрылатын жұп/орта. Осыған дейін де отандық комедияда камеди-баддилер болғанымен, олардың барлығы дерлік театр ұжымдарының ішінде болды. Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазин театрдан тыс жеке дара құрылған алғашқы камеди-баддилердің бірі.
Соңғы 20 жыл ішінде тек қана әзіл саласы емес, кино, шоу, ұйымдастыру салаларының көшін бастап келе жатырған жандардың көбі дерлік өз жолдарын КВН мен Жайдарманнан бастаған. Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек солардың қатарына кіреді.
Қанша дегенмен үлкен сынға алынса да, қазіргі уақытта барлық салаларды квн-шілер жаулап алуы – уақыт еншісіндегі жайт болатын. КВН ойнаған әзілкештердің ең басты қасиеті – жан-жақтылық пен тез бейімделу. Ойын кезінде құрамның әр ойыншысы санаулы минут ішінде тек қана әзілдеп қана қоймай, билеп, ән айтып, ұйымдастырушылықпен айналыса білуі керек.
Сондықтан 2000-жылдың басынан бастап қалыптасып келе жатқан мәдени үлкен мектеп соңғы жылдары белсенді түрде мүмкіндіктердің пайда болуымен өз жемісін бере бастады.
2008 жылы Еркебұлан Жайдарманның чемпионы атанса, Марат Оралғазин белсенді түрде бірнеше жылдар бойы орыстілді КВН-де жетістіктерге жетті. Тез бейімделе білу арқасында Марат пен Еркебұлан параллельді түрде «Астана.kz» (кейіннен «Казахи») КВН құрамасына авторлық қызмет атқарып, 2009 жылы «Мәссаған» шоуының жүргізушілері ретінде алғашқы теледидарлық шоудағы қызметтерін бастайды.
«Мәссаған» жобасының басты ерекшелігі – сол уақыттағы қазақстандық әзіл саласының әртүрлі бағыттары болып есептелген КВН мен театр қойылымдарын бір бағдарламада қатар көрсетуінде. Бұл екі әлемнің бір жерде ұштасуының арқасында жастарға әзіл-оспақ театр өнері қайта ашылып, ал үлкен буынға жастар арасында кеңінен танылып жатқан КВН өнерін ашты. Шоу авторларының мақсаты бойынша «әжелер мен немерелерді бір экран алдында тоғыстыру» болды. Бағдарлама қысқа уақыт ішінде буындар арасындағы көпірге айналуымен көптеген көрермен жинады.
«Мәссаған» туралы айта отыра, алдау операциялары туралы айтпай кетпеуге болмайды. Бағдарламада алғаш рет жұлдыздардың келеңсіз жағдайларға тап болған кезде өздерін қалай ұстайтындығын көрсететін алдау операциялары жүргізілді. Соңғы оңжылдықта кеңінен танымалдыққа ие болған пранк ұғымы елімізде 2009 жылы алғаш рет «Мәссаған» бағдарламасында орын алды.
Осы бір сәтте «Мәссаған» мен «Ду Қол Шоколад» кешкі шоуларының кезінде Марат пен Еркебұланнан бөлек, үшінші жүргізуші ретінде қазір режиссер-сценарист Әділет Жұмабек те болғанын айта кеткен жөн.
Егер Марат пен Еркебұланның мансаптағы жолдарына назар салсақ, жаңашылдыққа деген ұмтылысты жиі байқаймыз. Жаңашылдық әрқашан жаңа дүниелерді ойлап табу емес, әлемдік сахнаның ерекше құбылыстарын отандық менталитеттік жүйеге аударып, соны алғашқылардың бірі болып еңгізе білу.
Марат пен Еркебұлан сценарийін жазып, рөлдерді сомдаған «Вузеры» сериалы ресейлік ТНТ телеарнасының жастарға арналған сериалдарының формасын қазақстандық өмірге тығыз байланыстыра білген сәтті жұмыс болды. Жылдар бойы өздерін ТНТ сериалдарындағы студент жастардан іздеген қазақстандық жастар өздерінің күнделікті өмірлері мен жүректеріне жақын шынайы кейіпкерлерді таба алды. Сөзсіз, «Вузеры»-ге дейін көптеген жасөспірімдерге арналған мемлекеттік телесериалдар болды. Алайда олар асыра сілтенген цензура әсерінен көрермен жанына жақын болып шықпайтын.
«Вузеры» жаңашылдық әкелгенінің басты себептерінің бірі – өзекті болғанында. Жасөспірімдердің жанына жақын таныс кейіпкерлер мен оқиғалар өз уақытының жастарының деректемесі болып кеткендей.
Марат пен Еркебұлан жобалары арқылы тек қана күлдіртіп қана қоймай, маңызды әлеуметтік, саяси мәселелерді талқылайды. Бағдарламада жиі қоғам таптаурындарынан азат болу, қазақи идеология, шынайы болуға шақыру және тағы да басқа ойларды әзіл кейпінде жеткізеді.
Камеди-бадди мен BAS Production авторлар ұжымынан ел ішінде ерекше толғаныс туғызған «Патруль», «Бәсеке», «Сәке» жобалары шықты. «Патруль» жемқорлыққа толы полиция жүйесінің күнделікті өмірін көрсетсе, «Сәке» де жемқор жүйеге батып жатырған мемлекеттік жоғары лауазым өкілдерінің мәселесін айқындатты. Ал «Бәсеке» хикаясы бір-бірімен бәстескен екі кәсіпкер оқиғасын алып, оны шетелдіктердің қазақстандық кәсіптерді иеленуі, бизнестегі ұлттық айдентиканың қалыптасуы сынды тақырыптармен толтырады.
«Бажа» сериалы әзілдік тақырыптары жағынан орта жастан асқан жандарға арналған жоба болғанына қарамастан, тұрмыстық жайттағы әзілдер мен ұят, алып қашу, жұрт не дейді, қазақилық сынды тақырыптарды қозғайды.
Бейне Marat Oralgazin Youtube арнасынан алынды.
Бір қарағаннан күрделі тақырыптардың көтерілуі көрермендерді алшақтатудың орнына, сюжет комедия арқылы жеткізілгеннен қарапайым көрерменге жеңіл түрде сіңеді. Жоғарыда атап өтілген сериалдар белгілі троптар мен бейнелерді қолдана отыра, оларға жаңа көзқарас тастап, ащы, терең тақырыптарды қолдану арқылы мәселелерге төменнен алыс дүниедей қараудың орнына, көпшілік қоғамда бетпе-бет келуге үлкен септігін тигізеді.
Өзектілік туралы айтқанда тек қана күн тәртібінде тұрған тақырыптарды көтеру ғана емес, 18 жыл бойы жұптың көрермен көзінде өз белсенділігін жоғалтпай, барлық буын өкілдеріне де жаға білуі туралы айтып өткен жөн.
Қазақстандық көңілашар сұхбат жобалардың басты мәселелерінің бірі – жаңа жұлдыздарды қабылдау мен жабықтықта. Оған себеп телеарналардағы өзін-өзі цензуралау. Сөзсіз, тек соңғы уақытта ғана үлкен дағдарысты бастан кешіріп жатырған телеарналар барынша өздерін сақтап қалу үшін жаңа толқынға көңіл бөліп, өз бағдарламаларына шақырып бастады.
Егер де камеди-баддидың жылдар бойғы «Мәссаған», «Ду Қол Шоколад», «Қызық Times» және «Қызық Live» кешкі шоуларына көз салсақ, олардың әзілдеу стилінің нығая түсуімен, қалай мәдениет саласының өзгергенін анық байқаймыз. 14 жыл бойы шығып келе жатырған кешкі шоулар қазақ қоғамының деректемесі іспеттес.
2010-жылдардың басында шоудың басты қонақтары эстрада жұлдыздары болғанына қарамастан, шоуға енді қалыптасып келе жатырған альтернативті сахнаның өкілдері де қонақ ретінде келді. Дәл солай Ғалымжан Молданазар мен Som Clan-ның алғашқы теледидардағы эфирлерінің бірі «Ду Қол Шоколад» бағдарламасында орын алды.
Соңғы жылдары өз орнын нығайтып, аяққа тұрған отандық индустрияның жұлдыздары «Қызық Live» бағдарламасында қонақ болды.
Жоба тек үлкен эстрадалық жұлдыздар мен кино өкілдерін шақырып қана қоймай, тек қана ғаламтор арқылы өз мансаптарын қалыптастырған блогерлер мен әлеуметтік желілер феномендерін де шақырып тұрады. Ел көзінде жүрген қонақтарды шақырып, оларға тиянақты дайындалу мен ең бастысы қабылдау арқасында шоу жылдар бойы жас буынды да қызықтыруда.
Жылдар бойы қалыптасқан жан-жақтылық пен барлық буын өкілдеріне жұмыс істеу арқасында олар өздерін барлық жерде еркін ұстай біледі. Үкіметтік қала күндері сынды үлкен концерттер жүргізсе де, өз жобаларында ашық түрде саяси жайттарға әзілдеп, сынаудан бас тартпайды.
Сондықтан да саяси жүйені мақтайтын немесе елемейтін әзілкештерге қарағанда, Еркебұлан мен Марат халық наразылығын жеткізе білетіндігінен ел ішінде нағыз халықтық комиктер деп саналады.
Бейне Marat Oralgazin Youtube арнасынан алынды.
Мәтін бойы Еркебұлан мен Мараттың әлеуметтік маңызы туралы талқылап, ең басты ойды қалдырып бара жатырғандаймыз.
Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек – ең классикалық үлгідегі сапалы, мықты камеди-бадди.
Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазин дуэті – америкалық юмордағы кеңінен тараған жақсы мен жаман полиция қызметкерлерінің образы. Яғни, Марат шоуды бағыттап, өзін қонақпен өте сыпайы түрде ұстаса, Еркебұлан, керісінше, кенеттен туатын гон әзілдер мен дөрекі әзілдер айту міндетін алады.
Бір-бірінен айырмашылықтардың көптігі мен соның өзінде бірдей болуынан екеуі әрқашан бір-бірін толықтырып отырады. Бұл ерекше тандем шоу мен жұп өткізетін концерттердің бір жақты болып кетпей, барлығын баланста ұстауға үлкен әсер етеді.
Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек тандемі алғашқы жобаларынан-ақ халықты байланыстырушы көпір рөлін атқарып келеді. Барша буын өкілдеріне қызықты бола біліп, өз жобаларында көрермендерді тек қана күлдіртіп қана қоймай, әлеуметтік, саяси мәселелер туралы ой салумен айналысады.