Телехикаяны көрген болсаңыз, көп дорамаға тән азиялық тартымды жігіт пен сұлу бикешті, Алтай тауларының сұлу табиғатын, Абай әндері мен қазақ күйлерін, кәсіби операторлық жұмыс пен сәтті түс коррекциясын бір сәтке ысырып қойып, сериалдың негізгі идеясына зер салып қарайық.
«Менің Алтайым» телехикаясы не туралы? Тақырып өзектілігі неде? Бұл фильм қазақ жігіті мен қытай қызының мөлдір махаббат дастаны ма, әлде Шыңжан қазақтары жайлы манипуляцияға толы кезекті көркем пропаганда ма?
Сериал не туралы?
Телехикая жылқы фермасында ат бапкері болуды мұрат еткен қазақ жігіті Батай мен жазушы болуды армандайтын Вэн Сю есімді бойжеткеннің махаббат хикаясын арқау етеді.
Роман желісі 20 ғасырдың соңындағы қазақ өмірін баяндайды. Батай – бүркітші Сұлтан шалдың қара шаңыраққа ие болатын кенже ұлы. Үйдің тұңғышы Мұрат маскүнемдіктен қайтыс болып, Сұлтан шал жесір келінін Батайға әмеңгерлікпен қосқысы келеді. Батай бұған қарсы. Келіні Төкеннің де өз аңсары бар. Ол көрші ауылдағы моңғол жігітімен көңіл жарастырған. Сұлтан шал келіні Төкеннің моңғол жігітпен қосылуына шарасыз рұқсат бергенімен, немерелерін шешесімен бірге өзге жұртқа жіберуді құптамайды. Кенжесі қытай қызына ғашық екенін білген соң ақсақалдың қарсылығы тіптен күшейді. Телехикаядағы шиеленістің бірі осымен тұйықталады.
Әрине, қорытынды жетінші, сегізінші бөлімдегі бас антагонист – асыл тас іздеуші, тамыр қазғыш қытай контрабандисі болғанымен, оның бейнесі батыс капиталисінің образына көбірек ұқсайды және қазақ кейіпкерлер арасынан жағымсыз кейіпкер жасауға батылдық таныта алмағандықтан, аралас некені орта тұстағы бөлімдер арқылы жүзеге асыруға тырысады.
Ақырында шалдың көшпенді дүниетанымы қирап, модерн өмірден жеңіледі. Немерелерін келіні Төкенге тапсырып, моңғол жігітпен отау құруына рұқсатын береді.
Қорытынды бөлімнің соңында Сұлтан шал мен ауыл старостасы бастаған қазақтар Вэн Сюдің отбасында тату-тәтті бас қосып, Шаған мейрамында тұшпара жеп, от шашуды тамашалайды. Сол шақта қалаға кеткен Батай үш жылдан кейін ауылына оралады. Жаңа жыл, от шашу! Батай оралды! Батай мен Вэн Сю қауышты! Саяси пропаганданың ең әдемі жеңісі.
Бүркітші Сұлтан шалдың образы
Оқиғада назарға тұрар маңызды кейіпкерлердің бірі Батайдың әкесі – Сұлтан. Ол – аңшы, түзтағысы қыранды қолына үйреткен айтулы құсбегі. Дегенмен қытай үкіметі аң аулау мен қару сақтауға тыйым салғаннан кейін өзін барынан айрылған дәрменсіз адам сезінеді. Ол мейлінше көшпенді өмірді сақтап, модерн өмірді жат көреді. Заманның жаһанданып келе жатқанын сезініп, дәстүрді үзбей сақтап қалуға барынша тырысқанымен, шарасыздығына іштей мойынсұнады.
Бұл тұрғыда Сұлтанның образы өз мәдениетін қытайландыру саясатынан сақтап қалу үшін Қазақстанға көшіп келіп жатқан шыңжаңдық қазақтардың образына көбірек ұқсатуға болады.
Дегенмен телехикая дәл осы Сұлтан секілді ұстанымдағы қазақтар жаһандануға көніп, модерн өмірді қабылдауын және аралас некені қалыпты жағдай ретінде көруін насихаттайды. Әрине, қазіргі қоғамда аралас неке қалыпты дүние әрі жар таңдау әркімнің жеке таңдауы болғанымен, телехикаядағы оқиға желісі бұған неге соншалықты мән бергені екіұшты ой қалдырады.
Сұлтан образын көшпенді даланың қожайыны ретінде көрсеткісі келгенімен, ол телехикаяда түркі дүниесінің тотемі – қасқырды қытай кейіпкерлерін ажалдан сақтап қалу үшін үкіметтен жасырып жүрген мылтығымен атып өлтіреді. Фильмнің соңында жылқыны да Батай садағымен жазым етеді. Жануар Батайдың ең жақын серігі еді. Жылқы қазақтың да ең сенімді досы саналатынын жақсы білесіздер.
Жазушы туралы
Телехикаяның жарық көруіне арқау болған деректі шығарманың авторы, Қытайдағы жазушыларға арналған түрлі беделді марапаттардың иегері, шыңжаңдық әйел жазушы – Ли Жуан. Оның Шыңжаңның Алтай аймағындағы көшпенді халықтардың тұрмыс тіршілігі туралы көптеген шығармасы бар. Бұған дейін «Алтай аймағы», «Қыстау», «Алтайым» секілді біршама кітабы жарық көрген. Ли Жуан сұбаттарында Шыңжаңдағы қазақ жазушысы Еркеш Құрманбекқызын аса жоғары бағалайтыны, шығармашылықта етене қарым-қатынаста екенін үнемі айтып отырады.
Жазушы bcaf.org.cn сайтына берген сұхбатында Шыңжаңдағы қазақтардың көшпенді өмірінің жойылып бара жатқанын, бұл үрдіс Қазақстанда мүлдем жойылып кеткенін және ондағы халықтардың айырмашылығын айта келіп, Қазақстандағы қазақтарды орысқа ұқсатады. Жазушы автобиографиялық романындағы кейіпкерлердің шын өмірде кім болғанын, отбасына қалай көмектескенін әрі жергілікті халықтардың оларды қалай қабылдағаны туралы айтып, қазақ қоғамына сіңудің қиындығын баяндайды.
Сериалдың ықпалы
Абай әндері, қазақ күйлері, қара жорға мен қазақтың дәстүрлі киімдері, жайлау өмірі, кинодағы кадрларға ажар беріп, көрермендерді баурап алғанымен, өзге отарлаушы елдердің тәжірибесінде жиі кездесетін жергілікті халықтарды маскүнем етіп көрсету стереотиптері бұл телехикаяны айналып өтпейді.
Қытай тілінде телехикая рецензияларының басым көбі Алтай табиғатын көргісі келетін туристердің саны күрт артқаны туралы жарыса жазса, келесі жаңылықтарда Қытайдың ең танымал Юй Ши есімді актерінің қазақ жігітінің, яғни бас кейіпкердің рөлін сомадағанын туралы баяндайды. Өзге ақпарат беттерінде телехикаяның Канн кинофестивалінің шорт-тізіміне енгені туралы жиі айтылады.
Телехикаядан кейін кітапқа сұраныс күрт артып, Қытайдағы танымал WeChat әлеуметтік желісінің кітап оқу платформасында күндік онлайн оқырмандар саны 800 мыңнан асып, жалпы рейтингінің екінші орнына жайғасқан. Ал Алтай өлкесіндегі туризмге сұраныс күрт артқандықтан Қытай сайттарынан билеттер мен турлардың таусылғанын оқып білуге болады. Xinhuanet.com агенттігінің мәліметі бойынша, телехикаядан кейін Алтай тақырыбын интернеттен іздеу көрсеткіші 200 пайыз артып, топтық турлардың апталық сұранысы өткен апта көрсеткішімен салыстырғанда 247 пайызға өскен.
Бұған дейін Шыңжаң қазақтарының тұрмыс тіршілігі жайында «Қасен-Жәмила», «Жетім қыздың махаббаты», «Көрікті мекен», «Гүлбике», «Ақсарбас», «Наратқа Махаббат», «Соңғы көш» секілді көптеген фильм түсірілген.
Бұл телехикаяның да аталған фильмдерден аса үлкен айырмашылығы жоқ. Телехикаяның негізгі идеясы кейінгі жылдары Қытай үкіметі жиі үгіттеп жүрген аралас неке саясаты мен Шыңжаңдағы қазақтар секілді аз ұлттарды, субалтерн топтарды модернге, яғни, ғалым Мадина Тлостанованың тілімен айтқанда, «модернити» – отарлық өмірге бейімдеу.
Қорытынды
Жергілікті халықты сөйлеу қабілетінен айырып, субъектіден объектіге айналдыру және өз идеологиясына сай таңбалау – отарлаушы елдердің ең көп тараған әдістерінің бірі. Телехикая тақырыбындағы «Менің Алтайым» деген мәлідеменің өзі – меншіктеудің айқын көрінісі. Әсіресе, қытай актерінің қазақтың рөлін сомдап, қазақша жасанды әрі шорқақ диалог құруы қазақ көрерменін субтитрге телміртіп қойды.
Телехикаядағы екінші идеологиялық бағыт – отарлаушының отарланушыны өзіне ұқсамайтыны үшін айыптау және оған модерн өмірді мінсіз ету арқылы жергілікті халықтардың дәстүрлі тіршілігін өмір сүруге жарамсыз етіп көрсетуге талпыныс. Бұл әсіресе Сұлтанның мотоциклге міне алмайтын сәттерінде айқын көрінеді. Әрі осылардың ішіндегі ең абсурды – жергілікті халықтардың тұрмысын модерн өмірге көшуге үгіттегенімен, қытайлық көрерменді Алтайдың көркем табиғатын тамашалап, сондағы көшпенді халықтардың тартымды өмірімен және бай мәдениетімен танысуға шақырады. Олардың мәдениетін экзотикалаумен қатар, өзін оларға өркениет жеткізуші «ақ адамдар» сипатында репрезентациялайды.
Осы мазмұндағы пропагандалық телехикаяның Шыңжада әлі күнге дейін зардап шегіп жатқан жазықсыз жандардың, диссиденттер мен аз ұлттардан құралған интеллигенцияның бұғауда отырғанына қарамастан, Еуропадағы белді Канн кинофесивалінде аталған телехикияның қалайша үздік шорт-тізімге еніп отырғаны таңқалдыратыны рас. Телехикая жуырда «Жетінші арна» эфирінен көрсетілетіні Қазақстан үкіметінің Шыңжаң қазақтарының тағдырына үстірт қарайтынын тағы бір ұқтырып, Шыңжадағы саяси жағдайларға қолдау танытатындай әсер қалдырады.