Q-pop жанрының жарқын өкілдері — Alpha тобының құрылғанына биыл қазанда үш жыл толды. Осыған орай топ тамызда Қазақстанның сегіз қаласына тур ұйымдастырып, Alpha 2.0 атпен концертін қойды. ‘98mag авторы Дәрия Темірхан топ мүшелерімен Alpha-ның үш жылдық жұмысы мен қазақ шоу-бизнесі туралы сөйлесті.
Тур барысында топ алғаш рет «ALMANY TISTEME Tome 1» және «-18», «HIT», ЕР альбомдарының әндерін орындады. Турдың қорытынды концертті 1 қазанда Алматыда өтті.
Топ мүшелері — A.Boo (Әбілқайыр Мәдеш), Dark (Дарын Амангелді), I (Ақжол Серікжанұлы), N.B (Нұрлыбек Хамит) пен Qozzy (Тілеужан Уәлиев). Олар әуелі продюсер, JUZ Entertainment жетекшісі Ерболат Беделхан ұйымдастырған Project X шоуына қатысқан. Кейін JUZ Entertainment-те трейни болды.
Бұл орталықта өнерпаздар үш жыл бойы шыңдалып, 2021 жылы «Сypher» атпен алғашқы синглін шығарды. Қазір Alpha тобы Ten Label продюсерлік орталығымен жұмыс істейді. ‘98mag өнерпаздармен Алматыдағы концерттен соң сөйлесті.
‘98mag: Alpha-ның үш жылы қалай өтті? Топ ретінде ең ауыр және ең бақытты сәттеріңізді айтып беріңіздерші.
A.Boo: Ең бақытты сәт — топ құрылған кез. Біз дебютті ұзақ күттік. Үш жыл дайындалдық. Сондықтан «Сypher» дебют әніміз шыққанда қатты қуандық.
I: Ал дайындық кезеңі ең ауыры болды. Қай жанрда айтамыз, қайсы стилистикамен шығамыз, қандай әнмен бастаймыз — бәрін ұзақ талқыладық. Адамдар қалай қабылдар екен, көрілім аз боп қалмай ма деп қатты уайымдадық.
‘98mag: 2016-2020 жылдары q-pop топтар пайда болып, көбі түрлі себеппен тез тарап кетіп жатты. Тап сол кездері сіздер сахнаға шығуға дайындалып жүр едіңіздер. Топтар тарап жатқанын көргенде қандай күй кештіңіздер? Алда не болар екен деген үрей тумады ма?
Qozzy: Әрине, не күтіп тұр екен деп әр адам уайымдайды ғой. Бірақ бізде басқа топтардың қателігін сырттай бақылауға мүмкіндік болды. Себебі біз сахнаға шықпай тұрып ерекшелігімізді түсіндік. Біз өмірге де, жұмысқа да жүйелі түрде қараймыз. Басқа q-pop әртістермен сөйлескенде көбі процеске профессионал ретінде қарамайтынын байқадым. Шынымды айсам, мен де ондай топтардан болашақ көрмейтінмін. Ал бізде тез тарап кетеміз деген қорқыныш болған жоқ.
I: Сондықтан сахнаға тезірек шыққымыз келетін.
‘98mag: Кейбіріңіз JUZ Entertainment-та трейни болдыңыз. Онда стажердің күні қалай өтетін?
N. B: Әртістерге шабыт түнде келеді дейді ғой. Түнде ән жазуға құлшынысың артады. Таңға дейін ән жазатын кеземіз болды. Сосын таңнан кешке дейін ұйықтаймыз.
A.Boo: Жоқ, арасында би сабақтары да болды!
I: Би мен вокал сабақтары болды, әр ай емтихан тапсырдық. Психологиялық дайындықтан да өттік. Себебі әртіс болу ән айтып, би билеумен шектелмейді. Моральдық тұрғыда да сау адам болуыңыз керек. Сондықтан бізді осы жолға келуге дайындады. Адамдардың сөзін, пікірін, хейтті қалай қабылдау керегін үйретті.
‘98mag: Образдарыңыз елдiгі патриархал еркек бейнесiне қайшы. Осы үшін желіде болсын, шын өмірде болсын сын айтып, агрессия танытқандар болды ма?
A.Boo: Интернеттен гөрі шынайы өмірде сынап сөйлегендер болды. Мен мұндайды басында қабылдай алмадым. Ала көзбен қарағандар да болды. Біраз уақыттан кейін бәріне жеңіл қарайтын болдым. Қазір ондайға мүлдем мән бермеймін.
Qozzy: Стиль мен сыртқы образымыз — ішкі дүниемізді көрсету жолы. Әртіс болу — жұмысымыз, содан болар қазір ондайға түсіністікпен қараймыз. Бұрын түсінбесек те, қазір хейтті жымиып қана қабылдаймыз.
‘98mag: Киім-кешек пен әшекейді өздеріңіз таңдайсыздар ма?
N. B: Қазақстанда дарынды стилист пен дизайнер өте көп. Солардың біразымен жұмыс істедік. Бейнебаяндарда түрлі стилиспен серіктес болдық. Ал концертерімізге өзіміз киінеміз.
I: Топ мүшелері ретінде қолтаңбамыз көрінгенін қалаймыз. Берген киімді кие салмай, өзіміз таңдап киінгіміз келеді.
N. B: Бізге әрбір деталь өте маңызды.
I: Концертте киімді әр әннің вайбына қарай таңдаймыз. Мысалы, баяу ән болса, жинақы киінеміз. Ырғақты ән болса, экстра болып шығамыз.
N. B: Қазақстандағы басым көпшілік адамның көзқарасына біздің образ сай келмейді, иә. Бірақ бұл — адамның өзін танытуы, өзі туралы айту амалы. Сондықтан өзімізді көрсетуден қорықпаймыз.
I: Әртіс болған соң өзімізді біреудің пікіріне бола шектегіміз келмейді. Жан-дүниемізді әдемі көрсетіміз келеді.
N. B: Бастысы фанаттарымызға біздің киінгеніміз, сахнадағы өзімізді қалай ұстайтынымыз ұнайды.
‘98mag: Жақында «Almany Tisteme» альбомының екінші бөлімі шығады. Өте концептуал, толық форматтағы альбом деп есептеймін. Жинақ концепциясын қалай ойластырдыңыздар? Неден шабыт алдыңыздар?
I: Альбом атауындағы «Almany Tisteme» тіркесін бір әнімізден алдық. Тап осылай аталатын әніміз бар. Бірақ әлі шыққан жоқ. Қазір оның бар кереметін көрсететін тәсіл іздеп жатырмыз. Сол ән шыққанда альбомның концепция да ашылады. Бұл әнді жазарда өмірдегі түрлі оқиғалардан шабыт алдық. Dark айтатын шумақта осы сөз тіркесі бар еді.
Qozzy: Бұл атау біз альбом арқылы жеткізгіміз келетін идеяны ашады. Бәріміз сол шумақты ұнатып, альбом атына сол тіркесті қоямыз деп шештік.
‘98mag: «Cypher» атты алғашқы синглдың мәтiнi батыл жазылған. Әнде Қазақстандағы шоу-бизнестi сынайсыздар. Шоу-бизнестегі әріптестеріңіз бұған не деді?
I: «Cypher» бойз-бенд үшін, расында, өте батыл шешім шығар. Ән cypher форматында жазылған, яғни ешқандай шумақ пен қайырма жоқ. Топтың бес мүшесі кезек-кезек өз шумағын ғана айтады. Өзімізді осылай таныстырғымыз келді. Себебі басқа бойз-бендерден ең үлкен айырмашылығымыз — бесеуміз де композитормыз. Біз әнді де, мәтінді де өзіміз жазамыз. Сол ерекшелігімізді көрсеткіміз келді. 2019 жылдан бері трейни болып жүріп, шоу-бизнестің біраз қырын көрдік. Көрген жайттарымыздан шабыт алып жазған едік. Бірақ ол нақты біреуге арналған туынды емес. Сондықтан болар, ешкім бізге реніш білдірген жоқ.
N. B: Ренжісе де, айтпаған шығар. (күледі)
‘98mag: Ал кейінгі жылдары шоу-бизнесте қандай да бір өзгерістер болды ма? Саланы жақсы жаққа өзгертетін жаңа тенденциялар бар ма?
I: Қазақстанда қазір әрбір жанр мен субжанрлардың қазақша сөйлейтін фанаттары көбейіп келеді.
Qozzy: Музыканттар да көбейді. Бұл — қуантарлық жағдай. Бірақ, өкінішке қарай, шоу-бизнестің бизнес жағы әлі дамымай тұр. Бұл жүйе дұрыс болмағандықтан көп әртіс өз шыңына жете алмай, шыдамы таусылып, ақырында беріледі. Алайда музыкаңа қалай көңіл бөлсең, бизнеске де тап солай мән беруің керек. Бізге сол жетіспейді. Бірақ біз Қазақстанда өнер дами береді дегенге сенеміз.
‘98mag: Сүйікті қазақстандық альбомыңыз қайсы?
Qozzy: «Дос-Мұқасанның» «Бетпақдала» альбомы.
I: Біз «Дос-Мұқасан» ансамблінен зор шабыт алдық. Екі жыл бұрын «Бетпақдаланы» тағы бір тыңдап шықтық. Сол заман үшін мұндай деңгейде музыка жазу — нағыз ерлік.
I: Zaq, «Kobelek Effekti».
A.Boo: Zaq, «Do Lot».
‘98mag: Әлемдік әртістер арасында кімнің концертіне барғыңыз келеді?
I: Travis Scott.
A.Boo: Coldplay.
N. B: Мен k-pop тыңдағанды жақсы көрем. Сондықтан Exo мен BTS-тің концертіне барғым келеді.
‘98mag: Қандай қазақ не әлемдік әртісімен бірлесе жұмыс жасағыңыз келеді?
A.Boo: Billie Eilish-пен толық форматта альбом жазғым келеді. Бұл туралы тіпті түс те көргенмін. Екеуіміз альбом жазып отыр екенбіз.
N. B: Raye-мен бірлесіп жұмыс істегім келеді. Өте мықты әртіс!
Qozzy: Топ ретінде бірлесе жұмыс жасау үшін концепция мен өмірлік ұстанымдарың сәйкес келуі керек. Сондықтан Қазақстанда таңдауымыз көп емес. Жеке қалыптасқан әртіспен альбом жазу қиын, оны топтың алтыншы мүшесі ретінде қосып қоя алмаймыз ғой. Ал топтар арасында тек 91 келетін сияқты.