18 шілдеде ZAQ-тың Kobelek Effekti атты жаңа үнтаспасы жарық көрді. Дулат Мұхаметқали араға төрт жыл салып, екінші жеке альбомын шығарып отыр. Жинақ жарияланбас бұрын әртіспен жүздесіп, оның мазмұны туралы, жауапкершілік, әлсіздік пен әке болуға дайындығы жайлы сөйлестік.
– Kobelek Effekti альбомы не туралы?
– Альбом таңдау туралы. Кішкентай адамдар мен олардың күнделікті елеусіз таңдаулары үлкен өзгерістерге алып келуі мүмкін.
Kobelek Effekti-нде ішімдегі трансформация жайлы айтамын. Intro-дан Outro-ға дейін тыңдасақ, әндердің өңі өзгере береді. Қараңғы әрі материалдық ойлардан ішкі жарыққа қарай ұмтылысты көресің.
Төрт жыл бұрынғы Do Lot таза экспериментал үнтаспа болып шықты. Мазалайтын ойларымды Ninety One-ның әндері, мәтіндері мен концепциялары арқылы айтып жүрдім. Өзім ашылып көрейін деген ой болған жоқ. Алғашқы альбомымда ешқандай концепция болмады. Әртүрлі жанр мен тақырып арқылы өзімді жаңа бір дыбыста байқап көрейін деген оймен ғана жазылған. Айтар әңгімем болған жоқ.
Kobelek Effekti-ге дейін басқа альбом жазып жатқанмын. Ақырында альбом үшке бөлініп, тап қазіргі сәтте ішімдегі уайымдарымды, түсіндіре алмай, айта алмай жүрген дүниелерімді Kobelek Effekti арқылы шығару керек деген ой келді.
– Көбелек эффекті альбомда қандай кейіпте көрінеді?
– Көбелек эффекті – ғаламшардың бір жеріндегі көбелектің қанат қағысы әлемнің басқа бір бұрышында тайфун не цунами тудыру мүмкін деген теория.
Альбомның интросындағы «Shamdar»-да шамдар сөнген сәтте бала қараңғыға ене бастайды. Оған тек ақша, үй, төрт дөңгелек керек. «Мен қалаға келдім. Бәрін қырам, жоям» деген оймен келеді.
Алайда кейін «Kobelek Effekti» трегінде арман қуған баланы хейтерлер мен түсінбейтін адамдар «мынауың қате» деп аяқтан шалады. Бірақ ол жарыққа қарай жүруді таңдайды. Соңында «Мен күресетін, мені жек көретін адамдар болмаса, мен бұл жерге жетпес едім» деген түйінге келеді. Екінші шумағында сол күресті таңдай отырып, бала Соңғы Жедай сияқты жалғыз қалып қойғанын түсінеді. Алайда оны басқа адамдар қолдап, өзіне сенім арта бастағаннан, бала өз ішінде жабылып қалмай, түнекке емес, жарыққа қарай жүруін жалғастырады.
Альбом қараңғы мен жарықтың арасында таңдау тұрғанда баланың әрдайым жарықты таңдауға тырысатыны туралы айтады. Келесі тректерде өзін құнсыздандырып, эгосы алға шығып, шынайы болмысы жоғала бастайды. Бірақ «Sensez»-де теңін тауып, сол адаммен жаңа адамды өмірге алып келетінін түсінгенде құндылықтарын еске түсіріп, жарық пен махаббатқа түпкілікті тоқтайды да, оянады. Мұның бәрі осы үшін болды деген ой келеді.
Аяғында бала оянуы үшін басындағы шамдар сөнеді, оянуы үшін қараңғылыққа батады. Бұл – көбелек эффекті.
– Көбелек эффекті таңдаумен қатар, көбіне жауапкершілік қой.
– Көбіне, иә. Кейінгі 2-3 жыл ішінде маған мәселе болған нәрсе.
– Pitekantrop скитінде «Әртістерге жауапкершілік артпайық» дейсіз. Бірақ сіз айналысатын шығармашылық көбелек эффекті арқылы тарайды ғой.
– Таяқтың екі ұшы бар. Әртісте жауапкершілік бар, иә. Алайда ол жауапкершілікті әртістің өзі алуы керек. Ешкім келіп жауапкершілік артпауы керек. «QMJ» («Қазақстанда Мәселе Жетеді») трегінде жеткізгім келгені де сол – Ninety One ешкімнің жынысын өзгерте алмайды, Sheker сериалы ешкімнің мұрнына ұнтақ тоспайды, рэперлер ешкімнің аузына боқтық сөз салып бермейді, «Дәстүрді» көріп жатқанда ішіңе жын кіріп кетпейді. Өзіне жауапкершілік ала алмайтын ата-аналар мен жауапкершіліктен қашқақтайтын қоғам оны басқа біреуге арта салады.
Біз, өнерпаздар, өнерімізге жауапкершілікті жартылай ғана артамыз. Кез келген шығармамыз – қоғамның айнасы. Кез келген туындыны қоғаммен бірге шығарамыз. Ол дүниелерді жоқ жерден алмаймын. Оның бәрі – қоғамда болып жатқан жайттарға рефлексиям. Түпсанамдағы осы жайттарға деген көзқарасым осылай сыртқа шығып жатқанына бәріміз жауаптымыз.
«Өнер адамдарын алып тастасақ, бәрі түзеліп кетеді» деген ой қате. Өнерпаздарға сыншылар қаншалықты қажет болса, қоғам да өнерге мұқтаж. Біз айна болып, қоғамның безеулерін көрсетуіміз керек. Өнер негативті емес. Ішіңде сол негатив болғандықтан, соны көресің.
– Жауапкершілік туралы айтайық. Ninety One жарты жылдан астам уақыт бойы сахнаға шықпай, еш жерде көрінбей кеткен. Сәуір айында елді су алып, Салтанат Нүкенованың қазасы бойынша сот жүріп жатқанда кенет президенттің жастармен кездесуінде көрінді. Жиынға қатысқан әртіс не блогерлер елдегі маңызды жайттар кезінде үнсіз қалған. «Қазақстанда мәселе жетеді» дей тұра, осындай оқиғалар кезінде үндемей қалғаныңызды қалай түсінсек болады?
– Жиын туралы айтсақ. Бізге жиынға шақыру келгенде не істейміз деп топпен талқыладық. «Президентке тікелей сұрақ қоюға рұқсат беріледі» деді. Әрине, сұрақтар тексеріліп, фильтрден өтті. Президентке тікелей сұрақ қоюдың өзі маған таңғаларлық жайт болды. Біз авторлық құқық мәселесі туралы сұрағымыз келген. «Әрқайсыңды тыңдайды, барлық сұраққа жауап береді» деді. Бірақ президент 10 минутқа ғана келіп, суретке түсіп, кетіп қалды. Ол жерде мақсат бізді есту, тыңдау емес, суретке түсіп кету болды. Пиар-кампанияның бөлшегіне айнала салдық. Содан кейін келуге келіскеніме өкініп қалдым.
Бірақ Ерболат аға президенттің алдында толыққанды презентация қорғаған. Оның идеялары мен ойлары билікке жетіп, қолдау алса екен деген ниет пен сенім бар.
– 2018 жылы «Жас Отанға» кіргеніңізде де «Мені тыңдайды, менің ойларымды қолдайды» деген сеніміңіз болды. Сол жайт қайталанып жатқандай.
– Қайталанбаса екен деген үміт бар. Қаласаң да, қаламасаң да, бұл елде ауқымды дүние жасағың келсе, үкіметпен жұмыс істеуің керек.
Әйтеуір көктем «аяқ астынан келеді», ешкім ештеңеге дайын болмай қалады, зорлық-зомбылық өршіп жатыр, тіпті көршілерімізге де полиция шақырамыз… Айналада кішігірім сюр болып жатыр. Бір жағынан жаман жаққа қарай кетіп бара жатырмыз деп те, бәрі керемет болып кетеді деген эволюцияны да сезіп тұрған жоқпын. Ортасында тұрған сияқтымыз.
Бірақ осыдан бірдеңе шығады деген үміт бар. Бұл жерде жабық болып, қабылдамасаң, кері салдардың барлығы саған қарсы ойнап кетуі мүмкін деп ойлаймын.
– «QMJ» трегінде «Блогерлер бәрін біледі» деп мысқылдайсыз. Бірер секундтан соң «Мен де тура сен сияқты өзгерістер күттім, айырмашылығымыз мен тек көтердім көтті» дейсіз. Бұл ойыңыз өзіңіз мысқылдаған блогерлердің «Бәрін өзіңнен баста» деген бейсаяси көзқарасына пара-пар емес пе?
– Бәлкім. Ол әркімнің қабылдауына байланысты. Қандай блогерлерді қарайтының да маңызды. Мәселен, кейбір блогер апат кезінде ірі ұйымдарға қарағанда көп көмек көрсетті. Бұл жерде мәселе блогерлерден бірдеңе күтіп отырған адамдарда болды. «Қазір осы блогерлер маған не істеу керегін айтады» деген ой.
Ақпарат соғысы заманында нақты ой қалыптастыра алмауымның себебі де осы болды. Бәрінің сөзі шындық сияқты. Бүкіл жерде дұрыс нәрсе айтылып жатқандай.
Менің айтқым келгені, блогер де – сен сияқты адам. Ол да бір жерден оқып келіп, ой түйіп, соны бөлісіп отыр. Адамдар жауапкершілікті блогерлерге артып қойған. «Халық астрологияға сенбейді, бірақ жұлдыздар не дейді деп күтеді» деген сөздердің астары – осы.
– Ел ішіндегі жайттарға жауапты билік өкілдерінен жауапкершілікті халыққа бұрып жіберген жоқсыз ба?
– Жоқ, олай ойламаймын. Биліктің де жауапкершілігі бар. Бірақ қоғамда адамдардың өз таңдауы бар. «QMJ», «Demalma»-да саяси, әлеуметтік жайттардан бөлек, мәдениет пен жеке шекара мәселесін көтеремін. Өйткені мен оқи алатын ақпаратты сен де оқи аласың. Мен таңдайтын ақпарат ақырында біздің түпсанамыздың қорегінде айналады. Өкінішке қарай, көпшілік ешқандай қорек бермейтін ақпаратты қабылдайды. Ол мәдениетті қалыптастырады.
Экономика бойынша, басқа да салалар бойынша мемлекеттен сұраймыз. Алайда ойыңды, ізденісіңді, рухани дүниеңді олар тартып ала алмайды. Өзіңнің қолыңда. Кімді естисің, кімді тыңдайсың, қандай адам боласың, көшеде кетіп бара жатып қақырып түкіресің бе – бәрі сенің мойныңда. Менің жеткізгім келген мәселе – осы. «Қазақстанда мәселе жетеді» – кішігірім сарказм. Бұл жердегі халықтың назары қайда ауып жатқаны туралы айтамын.
«Мен өзгерістер күттім» деген жолдарға дейінгі шумақтарда елде осындай мәселелер болып жатыр, соған назар салуға болады деп айтамын. Бәрі суға батып жатқанда елдің бәрі блогер мен әртісті жамандап кетті. Біздің не қатысымыз бар? Ешкім үкіметке әңгіме айтқан жоқ. «Бірақ сендер неге ақша бермейсіңдер?» деп әртіс пен блогерден сұрайды. Әңгіме фокуста. Сенің фокусың осы жақта, ал негізі мына жақта бола алады. Фокусың өзіңде де бола алады.
– Таңдау дегенде үш түрлі ой келіп тұр: Билікке білімі таяз, санасыз халықты билеген оңай. Сондықтан олар ағартуға, дамытуға мүдделі емес.
Біз, сөзсіз, ақпаратты таңдай аламыз. Бірақ бұл жерде тіл мәселесі шығады. Адами, мәдени, рухани тұрғыда көкжиегімізді дамытатын қазақша ақпарат аз. Елді мекендердегі шет тілдерін білмейтін жандарға ақпарат таңдау қиын.
Президентпен кездесуге шақырылған блогерлердің көбі жұртқа рухани азық беріп отыр деп айта алмаймын. Жеңіл контент бөлісетін блогерлерді президентпен кездесуге шақырғанының өзі елдегі мәдениеттің ахуалынан хабар береді.
– Келісемін, иә. Бұл – біз шеше алмайтын үлкен мәселе. Бірақ соны шешуге ұмтылыс бар.
Мен де ауылда өстім. Қазақ мектебін бітірдім. Бізге де ақпарат жетіспеді. Қазір қайда жүрсек те, капитализмге келіп соғыламыз.
Күтіп отыра берсең, отыра бересің. Қимылдап, ізденіп, қозғалуың керек. Уақыт өте келе күткеннің мәні жоғын түсіндім. Жолдар ашылып жатса, барып көр. Жабық па? Басқа жолмен бар. Көрдің. Ұнамады ма? Басқаша істе.
Нақты жоспарың, нақты көзқарасың болмаса, өзіндік дүниеңді істеп шығару қиын болмақ.
Қызығушылығы аз, білімі жоқ адамдарды манипуляциялау оңай екені рас. Адамның санасы таяз болса, әлденеге сендіріп алу да оңай.
Бірақ бұл маған адамның таңдауы сияқты көрінеді. Осы жағдай саған ұнай ма? Бар нәрсеңе шүкір деп, осылай кете бересің бе? Балаларыңа да сол нәрсені үйретесің бе? Жоқ, әлде сен бұдан қалай да болсын шығуға тырысасың ба? Қарапайым тәрбие мен таңдау мәселесі дер едім.
Қанша жерден математика ғылымдарының докторы бол, бірақ субұрқақта шомылып, талдың астына шаптырып кететін болсаң, біліміңнің бір тиын құны жоқ. Бәрі мәдениетке келіп тіреледі. Қаншалықты білімді болсаң да, мәдениетсіз алысқа бара алмайсың. Осыны ұстанамын. Жай ғана мәдениет. Жай ғана шекараларды сақтау. Жеке тұлғаны мойындау. Мейірімді болу. Бұған да биліктің де әсері бар екенін түсінемін. Бірақ біз күтіп отыра алмаймыз. Күтіп отыра бергенде қалай елу жыл өтіп, немерелі болып отырғаныңды байқамай да қаласың. Немесе сен таңдау жасай аласың. Өзіңнің кішігірім салаң бар. Ақырын өзгеріс енгізіп, кейін сені көп адам тыңдайтын болса, өзгеретін дүние өзгере береді.
Қазір энтузиазмым бұрынғыға қарағанда жоғалып кеткен шығар. Жақында балам туады. Оны осы қоғамға қосайын деп отырмын. Менде екі-ақ таңдау бар: не айналамды барынша өзгертіп, жайлы етуге тырысамын, не кетемін.
Балам өмірге келейін деп жатқанда осындай ойлар пайда болды. Мұнда қауіпсіз емес. Адам адамға сенуден қалды деген ойлар келе бастады. Айналамдағы адамдар мені алдап, қулық-сұмдық көрсетіп жүргенде мен басқаларға не дей аламын? Бір-бірімізге мейірімді бола алмасақ, бір бола алмасақ, айтқан сөзден не пайда? Солай жалғаса береді. Дым өзгермейді.
– Альбомның бас тақырыбы әлсіздік сияқты.
– Бәлкім. Өйткені Alsiz – альбомдағы өзіме ең қатты ұнайтын трек. Көбі бұл әнді мотивация ретінде «Әлсіз болма» деп қабылдайды. Жоқ, керісінше, менің айтқым келген әңгіме – әлсіз болуымыз керек. Керек сәтте әлсіз болу керек. Әлсіз болғым келмегендіктен, керісінше, өзіме жат қасиеттер бойымда пайда бола бастады.
– Alsiz-де бірнеше рет «Әлсіздікті көрсетпе» деп қайталайсыз. Мықты адамның рөлін сомдап, шынайылығыңыздан айырылып қаламын деп ойламайсыз ба?
– Иә, әлсіздік көрсетпеу – токсик маскуллиндік. Біздің қанға сіңіп кеткен нәрсе. Керісінше, әлсіздік көрсет деп айтқым келді. Бәлкім, өзімнің әлсіздігімді көрсеткім келмесе ол тректі, ол шумақтарды жазбас та едім. Қайырмада бетперде киіп жүретінім туралы айтамын. Арасында бетперде киіп тұруың керек. Себебі әлсіздігіңді көрсетсең, сені жеп қояды. Бірақ бұл жаман. Бұлай болмайды. Бұл дұрыс емес. Мен әлсіздік көрсете алмаймын. Себебі мен сендерге сенбеймін. Мәселе сонда.
Өзімді әлсіз етіп көрсеткім келеді. Шынайы болғым келеді. Бірақ сендерге сенбеймін. Негізі мен жабық адаммын. Көп адаммен араласпаймын. Бұған бір себебі – осы. Мен өзімді әлсіз етіп, бүкіл эмоциямды көрсете алмаймын. Өйткені олай етуге болмайды. «Әлсіздігіңді көрсетіп қойсаң, сені жеп қояды». Бұл – өте қате түсінік. Өзіңді, адамдарды алдау. Ақыр аяғында, сені жақсы нәрсеге алып келмейді. Ауырасың. Өтіріктің айналасында өмір сүре бастайсың. Сөйтіп ақырында ештеңені өзгерте алмай қаласың.
– Айналаңызға сене алмайсыз ба, әлде тыңдарманға ма?
– Айналама, адамдарға сене алмаймын. Бір сәтте кәдімгідей елден көшіп кеткім келді. Себебі өзімнің бэкграундым бар, жүріп өткен жолым бар. Шығармашылықтың адамы болғандықтан, өзімді еркін ұстап, еркін сөйлеп, еркін жүргім келеді. Соның бәрін істей тұра, қауіпсіздік сезгім келеді.
Басқа елге барғанда қалай жүрсем де, не істесем де, ешкім мән бермейді. Ешкімнің шекарасын бұзбасам болды. Ал бізде өзгенің шекарасы тұрмақ, өзімнің шекарам қайда еді деп қаласың. Кез келген жерде кез келген адам саған қалай өмір сүрген дұрыс екенін үйрете береді. Ақырында ішіңде дақ қалдырып, көңіл-күйіңді бұзады. Айналып келгенде, сен бетперде киіп жүре аласың. Күшің жеткенше. Өйткені әлсіз адамның бетпердесімен жүргеннен кейін, сені солай қабылдап, қабылдаған сайын ауырлап, құлай бересің. Осылайша сенде екі таңдау тұрады: бетпердеге сеніп, өтірікші болып қаласың. Ол бетпердені ұстауға өте көп энергия керек болады. Не бетпердеңді шешесің.
Бірақ маған бәрібір емес. Айналамның не деп жатқанын елемей қоя алмаймын. 8-9 жыл бойы саған агрессиямен «Сен дұрыс адам емессің» деп айтып келсе, қалайша бей-жай жүре аласың?! Қолдайтын адамдар болғанымен, негатив психикаңа қатты әсер етеді. «Біз қате тірлік істеп жүрген жоқпыз ба?» деп ойға батып, күйзеліске түсіп кеткенбіз.
Әртүрлі жағдай болды. Мейірімділік аз көремін. Жер сілкінісі сияқты жайттар болғанда адами тұрғыда көмектесу емес, ақша істеп қалу, жұлып кету, алып кету дегенді көбірек байқаймын. Барлық жағдайда емес, бірақ көбіне солай. Әрине, содан кейін қоғамға сенімсіздік туады. Мен қоғамға сенбесем, баламды қалай бұл ортаға қоспақпын?!
Өзімнің әндерім бар. Ол арқылы адамдарға әсер ете алсам, окей. Ал жүйелі түрде өзгертуге бір адам емес, топпен кірісу керек. Негізі Ерболат ағаның істегісі келгені сол – шоу-бизнес арқылы біраз нәрсені жүйелі түрде өзгерту еді.
– Ninety One-ның «Dopamine»-і шыққан кезде топтан ішкі протесі саяси-әлеуметтік протеске айналып бара жатқан жігіттерді байқасақ, Kobelek Effekti-нде наразылығы басылып, тұрақтылыққа келе жатқан әртіс көрінді.
– Шынымен солай сияқты. Сыртпен арпалысуды тоқтаттым. Өйткені барлық нәрсе ішімде дегенге көзім жетті. Бұрын бұл туралы бір жерден оқып, көріп жүрсем де, практика жүзінде кейінгі кезде ғана ұқтым. Осы ойды ішкі балансымды барынша жақындатып, сыртқы призмалардан барынша алыстап жатырмын.
Kobelek Effekti альбомы психикалық терапиям жүріп жатқанда жазылды. Жарты жыл бойы терапияда клиникалық күйзелістен шығып, сол уақытта қатар жазылған. Kobelek Effekti фундаментал болмысым бар екенін, соған оралғанымды көрсетеді. Өзімнің фундаментал базам осындай деп ойлаймын. Біреуге ұнаймын деген оймен жазбадым. Жай әңгімемді айттым.
– Тұрақтылық әлсіздік пе?
– Меніңше, тұрақтылық әлсіздік емес, тұрақтылық – иллюзия. Сен бір орнымда тұрмын деп ойларсың, бірақ батып барасың не артқа кеттің. Тұрақты ештеңе жоқ.
Тұрақсыздықты қабылдай алмау – әлсіздік шығар.
Тұрақсыздық – дамуға алып келе алатын фактор. Тұрақсыздықты қабылдау – дамуға алып келе алатын фактор. Бірақ бұған кепілдік жоқ. Тұрақсыздықтың салдары әртүрлі ғой. Мысалы, экономиканың тұрақсыздығы сені кедейге айналдырады. Бірақ дұрыс әрекет етсең, бай бола аласың. Экономика үнемі тұрақсыз. Сол сияқты кез келген нәрсе тұрақсыз. Олар сенің дамуыңа алып келуі мүмкін.
Алматыдан Астанаға көшуім – өзіме үлкен қадам болды. Бұл – тұрақсыздықтың салдары. Жер сілкінісі – тұрақсыздықтың амбассадоры. Жер сілкінісінен қорқып, әлсіздік танытып, көшіп кеттің деуге болады. Немесе отбасыңның жайлылығы үшін комфорт зонадан комфортсыз зонаға көшіп кеттің деп қарауға болады.
– Маған, керісінше, Алматыдағы тұрақсыздықтан Астанадағы тұрақтылыққа көшкендей болып көріндіңіз.
– Біздің өмір онсыз да сондай ғой. Әрдайым тұрақсыздық болады. Тұрақсыздықтан асып өту үшін тұрақтылыққа ұмтыласың. Тек тұрақтылық та мәңгі емес. Ол бір өзгерістерге алып келеді. Әрдайым солай. Біз комфорт зонамызды бұзып, уақыт өте комфорт зонаға айналып кеткен кезде қайтадан бұзамыз. Өмір сүреміз.
Өзгеріс, яғни тұрақсыздық адамды сындыра алады. Ары қарай жылжуға деген отын сөндіріп тастай алады. Жақсы да, жаман да әсері бар өзгерістерді қабылдай алсаң, күштісің деген сөз. Қабылдай алмай, сынып қалсаң – әлсіздіктің белгісі. Өзгере алғанның өзі – өте үлкен күш.
– Outro-дағы «Өз тұлғамның көлеңкесіне айналдым» жолы туралы айтсаңыз.
– Адамдардың көзінде ZAQ деген белгілі бір тұлға мен образ пайда болды. Өзім жоқ болып кеттім. Денемнің ішінде тұрған біреуді жоғалттым. ZAQ-тың шын екеніне сеніп қала жаздадым. Адамдардың құрастырып берген образына сәйкес болуға тырыстым. Соған сеніп қалдым. Солай тұлғамның көлеңкесіне айналып кете жаздадым. Менің түпсанамнан туған ZAQ емес, керісінше, мен ZAQ-тың бір бөлшегіне айналып бара жаттым. Бәрі керісінше болып кетті. ZAQ менен маңыздырақ сияқты болып қалды. ZAQ-тың дауысы қаттырақ шығатын сияқты болып қалды. Сөйтіп қарапайым өмірде сәл-пәл өзімді жоғалтып алдым. Қарапайым өмірдегі тірліктер жайсыздық тудыра бастады. Өзімді ZAQ-тың образына сәйкестендіру үшін ZAQ сияқты бола бастадым. ZAQ көбіне ақылды, көп оқыған болып көрінеді. Олай емес. Мүлдем олай емес. Көбі айтқан сөзін қазбалап, дау шығарып жатады. «ZAQ-тың қателесуіне болмайды. Ондай мүмкіндігі жоқ. Ол әрдайым дұрыс нәрсе айтуы керек».
Жоқ, олай емес. Мен ондай емеспін.
Тұлғаңның көлеңкесіне айналып кету деген – сол. Айналып кете жаздадым. Оған орын беріп қоя жаздадым.
Менің жұмысым отбасымнан қымбатырақ болып кете жаздады. Бір тәулікте 10-15 сағат жұмыста жүремін, 5-6 сағат ұйықтаймын, қалған уақытта ғана отбасыммен боламын. Бар қызығушылығым – жұмысым ғана. Отбасыма уақыт бөлмей кеттім. Уақыт өте мұның қате екенін түсіндім. Себебі тез күйіп кетесің.
– Әке болуға дайындығыңыз қалай?
– Жауапкершілік деген нәрсені шын сезе бастадым. Тез есею керек болды. Бірақ скуф болып кетуден қорқамын.
Балам өмірге келейін деп жатқанда ғана адамдарға сенім аз екеніне көзім жетті. Қандай қоғамға қосқалы жатырмын деген ой келді. Бірақ объективті түрде қарасақ, бәрі тым жаман да емес.
Керісінше, мен сенімімді арттырып, айналама сенуді үйренуім керек. Өйткені онсыз болмайды.