«ОН ЖЫЛДЫҢ ТҮЙІНІ»
Әділхан: Альбомыңыз неліктен «Бақытты бол» деп аталады?
ACE: 2015 жылы Ninety One тобы құрылғалы ұстанатын философиям — осы. Сахнада өнер көрсетіп болғанда, сұхбат беріп жатқанда, тыңдарманмен сөйлескенде әрбіріне бақыт тілеп отырдым. «Басқаға бақыт тілесең, өзіңе екі есе боп қайтады» дейді ғой. Осы сөзді жиі айтып жүрдім де, кейін оны 91-дің тыңдарманы бір-біріне айта бастағанын көрдім.
Он жылда әр істің бір қорытындысы, бір түйіні болады. Кейінгі он жылдағы өмірімді, жүріп өткен жолымды осы сөзбен қорытындылап, адамдарға альбом арқылы тағы бір рет бақыт тілегім келді. Бұл — мен жеткізгім келетін ой.
Әділхан: Альбом дыбысында әлемдік поп-әртісттердің ықпалы естіледі. Өз плейлисіңіз жинақтағы дыбыс концепциясына ықпал етті ме?
ACE: Осы альбомды мейлінше ұстамды етіп жасағым келді. Үнтаспаны толығымен попса дей алмаймын. Синти-поп, боссанова, R&B әрі баллада кездеседі. Өйткені өзім сол бағыттағы әртістерді тыңдап өстім. Тыңдап өскен музыкам old school әртістері болатын. Bring on the Тight, Boyz II Men-нен бастап, одан кейін Bruno Mars, Justin Timberlake, бер жағында The Weeknd және басқа әртістер талғамымды қалыптастырды. Бұл альбом экспериментал бастама болды, сондықтан ештеңе күткен жоқпын.
Альбомдағы тректер көп сараптаудан өтті, сондықтан әр әннің өз орны бар. Жинаққа өзіме іштей резонация берген әндер қосылды.
Шынымды айтсам, музыкант ретінде өзіме сенімім жоқ еді. Топта жүргенде де ондай сенімділікке қол жеткізе алмадым. Маған әнді керемет жаза аласың деп ешкім айтқан жоқ. Бірақ бойыма бар сенімділікті жинап алып, асықпай қадам жасап көрдім. Дебютқа шығарда жүз пайыз сенімділік болуы керек.
Бірақ сенімділікке толықтай қол жеткізе алмайды екенсің. Мен уақыт өте келе өзіне сенетін музыкант боламын, әндерім де хит болады. Осы ниетіммен, жалыныммен ойлағаныма жетемін.
Әділхан: Сонда альбом соло әртіс ретінде мен не істей алар екенмін деген сұрақпен жасалды ма?
ACE: Иә. «Қандай күй кешер екенмін? Музыкант ретінде сенімім бар ма? Сенімді бола аламын ба?» деген сұрақтармен жазып шықтым. Әрине, жарты жыл бұрын жұмыс енді басталған кездегі қорқынышым мен қазіргі қорқынышым екі басқа. Өзіме сенімім арта бастады. Бұдан да керемет дүние жасай алатын сияқтымын деген ой келді.
«КӨП КҮМӘНДАНАСЫҢ»
Әділхан: Басқа продюсер, сонграйтерлермен жеке жұмыс істеудің топпен жұмыс істегеннен қандай айырмасы бар екен?
ACE: Жігіттермен жұмыс істеуге үйреніп қалған екенмін. Топта жұмыс істеу қиын әрі оңай. Онда бәрін бірге ақылдасасың, өз партияңа ғана күш саласың да, толық ән жазу процесіне аса көп қатыспайсың.
Ал соло әртіс болсаң, басынан аяғына дейін әр іске өзің кірісіп, дыбыс қандай болуы керек, қандай сурет, қандай видео қою керек деген сұраққа жауап іздеп, бәрін бір өзің әдемілеп жасауға тырысасың. Жалғыз өзің жүгіресің. Сондықтан бұл — жаңа деңгей. Жұмыс қиындады, әрине, бірақ бұл керемет тәжірбие болды. Бұл жол өзіңе деген сенімді күшейтеді екен. Қолымнан келеді екен ғой деп, алда не боларынан қорықпайтын боласың. Ешкімге тәуелсізсің. Сондықтан сенімің күшейеді.
Әділхан: Жалғыз альбом шығару несімен қиын екен?
ACE: Шешім қабылдауға келгенде қиналдым. Себебі жиі күмәнданасың. Өз дедлайныңды өзің қоясың, қандай контент жасайтыныңды өзің білесің, түпкі шешімді де өзің қабылдайсың. Топта бір-бірімізге көмектесіп, ақылдасып шешім қабылдаушы едік. Қазір өзім тез арада шешім қабылдауға мәжбүрмін. Бұл да бір тәжірибе.
Әділхан: Соло әртіс ACE пен 91 тобындағы ACE-тің айырмашылығы қандай?
ACE: Бірінші айырмашылығы — жеке жүрген ACE қазір ешқандай қиындықтан қорықпайды. Тағдыр қалай өзгерсе де, ештеңеден тайсалмайтын ACE. Қандай қиындықты да қопарып тастайтын АСЕ. Керек болса, теуіп тастайтын ACE, а-ха-ха! Ішкі тәртібі жақсарған адам болдым. Бұған топтағы жұмыстың көмегі көп тиді. Жауапкершілігім күшейді. Бір түсінгенім — асықпай, еңбектеніп қадам жасау отыру керек. Сонда мақсатыңа жетесің. Қатеңнен сабақ алсаң, берілмесең, барлығына жетесің.
Әділхан: Соло әртіс ретінде альбомның промосымен айналысу қаншалықты қиындыққа соқты?
ACE: Өте қиынға соқты. Былтыр Қазақстанда көп мәселе болды. Қалжыңы бар жеңіл видеолармен өзіме назар аудартып отыруға қысылдым. Байқасаңыз, медиада атмосферасы минорлы, мұңды әндер көп шырқалды. Өйткені халықтың вибрациясы сондай болды. Ал мен, керісінше, көбіне мажорлы, сергек әндер шығардым. Басты мақсатым позитив әндер жазу болды.
Әділхан: Заманауи әртіске музыкасын тарату үшін әлеуметтік желіге тәуелді болғаны ыңғайсыз емес пе?
ACE: Ыңғайсыз болды өзіме. Тыңдарманға әніңді таратуға берілген уақыт өте аз. Яғни, 4-5 секундтың ішінде адамды қызықтыра алмадың ба? Болды! Кезек — келесі әртісте. Сол себепті маркетиңі мықты адамдар көп нәрсеге жетті. Менің ең әлсіз дүнием маркетиң болды. Видео, сурет жағынан тапқырлық, креатив керек екен. Енді соған көбірек күш саламын.
ACE-ТІҢ «ӘЛСІЗ ТҰСЫ»
Әділхан: Альбомдағы әндердің көбінде авторлық өзге адамдарға тиесілі екен. Өз тұлғаңыз музыкаңызда көрініс таба ала ма?
ACE: Өз тұлғамды қалай таныстырамын деген сұраққа әр әртіс әр түрлі жауап береді. Өнерпаздардың мақсаты әртүрлі болады. Бірі музыкасы арқылы тұлғасын таныстырып жүрген тұста өз эгосымен күресіп жүрген болар, енді бірі ішкі монологын шығармашылық арқылы шығарғысы келер.
Ал мен өзімді таныстырғым келсе, тікелей эфирге шығып: «Мен ACE-пін!» деп айта аламын. Адамдарға қызық болса өзімді таныстырамын, қызық болмаса ешкімді маған назар аударға мәжбүрлегім келмейді.
Әндерімді бүгін өзім жазбасам да, бәлкім ертең барлық әнімді өзім жазармын. Алайда «Міне, өзім де істей аламын» деп біреуге бірдеңе дәлелдегім келмейді. Жылдар бойы өз ісіне дағдыланған музыканттар мен мәтін жазатын ақындар бар. Солардың әнін ары қарай керемет етіп, өз көзқарасыңа бейімдеп орындау — үлкен жетістік. Өзім жаздым ба, басқа біреу жазып берді ме — оған бас қатырмаймын. Әр адамның талабы мен қалауы әртүрлі. Өзім соған аса мән бермеймін. Керемет ән тұрса, оны неге орындамасқа?
Әділхан: Махаббат тақырыбы Ninety One-ның шығармашылығында көп көтерілді. Бірақ қоғамдық, әлемдік мәселелер де жиі қамтылатын. Соло шығармашылығынызда күн тәртібіндегі тақырыптар туралы айтқыңыз келе ме?
ACE: Әндерім арқылы елдегі қиын мәселелерді көтергім келсе, оны махаббат жайлы ән ырғағында айтып жеткізу қиын ғой. Мұндайды топпен жасау оңайырақ, алайда өзім де әлеуметтік мәселелерді қозғап көргім келеді. Бірақ іштегі толғанысымды қалай шығарарымды әзірше ойланып жатырмын. Ондай тәжірибеге әлі барып көрмедім. Болашақта көрерміз.