«Орда» тобымен қоштасу. Соңғы сөз

Тамыздың аяғында «Орда» тобы жаңа әрі соңғы «udai» әнін шығарды. Ал келер жылы қарашада топ ақырғы концертін бермек. ′98mag авторы Дәрия Темірхан 25 жылдық тарихы бар ұжымның қазақ музыкасына сіңірген еңбегін талдап шықты.

Жол бастаушы

«Орда» — қазақтың жаңа музыка тарихындағы ең ықпалды топтың бірі. Екі отбасындағы ағайынды өнерпаздар — Ерболат, Есболат, Жанболат Беделхандар мен Дастан, Рүстем Оразбековтер алғаш «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ театрының сахнасында өнер көрсетіп, 2000 жылы «Орда» деген атпен музыкадағы мансабын бастады. 

«Орданың» алғашқы әрі жалғыз альбомы — «Белгісіз жан». Жинақта «Кеш мені», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Қағаз кеме», «Қашқын», «Қилы заман», «Сен сұлу», «Ұмытшы, жаным», «Кеме» сияқты қазақша, «Jam on», «The meaning of the life» сияқты ағылшынша және «Если бы я мог» атты орысша ән болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақстандық әншілер ресейлік нарықты көздеп, сонда танылуға тырысатын. «Той-бизнес» те сол кездері қалыптаса бастады. Яғни, қазақша ән айтып, тойға шығасың не орысша ән айтып, Ресейде таныласың деген екі жол тұрды. «Орда» екі таңдауға да келіскен жоқ.

Америкалық музыканы тыңдап өскен Беделханов пен Оразбеков ағайындылары r’n’b жанрында қазақша ән жазды. Синглдары бірінен соң бірі хит болып, топ ел ішінде кеңінен танылды. 

Сөйтіп «Орданың» жетістігін үлгі тұтқан жас өнерпаздар да бойз-герлс бендтерге біріге бастады. Жаңа топтар бірінен соң бірі құрылып, қазақша ән мен заманауи клип көбейе берді.

Ресейдегі тәжірибе

Қазақстан нарығын әбден тәнті еткен «Орда» әйгілі продюсер Юрий Айзеншпистің шақыруымен Ресейде бақ сынап көрмек болды. 

Олар қырғызстандық «Bangor» тобымен бірге жұмыс істеді. Кейін сол топтың мүшесі Нұрлан Алымбеков «Ордаға» қосылды. Құрамы жаңарған топ «Қилы заман» және «Jam on» әндеріне бейнебаян түсірді. «Орда» Ресейде жүргенде орысша әндер жазғанымен, ешбірі жарыққа шыққан жоқ. 

Ресейдің музыка нарығында азиялық әртістерге тең мүмкіндік берілмесін түсінген «Орда» Қазақстанға оралып, ішкі нарықтағы жұмысына ден қойды.

Бейнебаяндар

«Белгісіз жанның» клипі — қазақша әндер мен бейнебаяндар да заманауи бола алатынын көрсеткен көркем туынды. Сол уақыт үшін өте батыл қадам. Бейнебаянды өзбек режиссері Баходир Юлдашев түсірген еді. Онда 2000 жылдарға тән хипхоп эстикасы бар. Образдары да өте сәнді. Бұрын қазақ эстрадасында болмаған хореографияны да осы клиптен көрдік.

Ағылшынша «Jam on» әніне түсірілген бейнебаян 2000 жылдары танымал болған клуб әндерінің атмосферасын шебер жеткізген. Тимбаленд пен Тимберлейктің ықпалы байқалады. Клиптегі күрделі би, бас рөлдегі сұлу кейіпкер, үстеріндегі ақ жиде, қара пиджак, кең көк жинс — бәрі-бәрі топ әлемдік трендерден хабардар болғанын көрсетеді.

Жаңа онжылдықта «Орда» өзгерді. Образдары сол кездері таныла бастаған k-pop жанрынан шабыт алғандай әсер қалдырды. Бұл «Запрещенные танцы» фильмінің саунтрегі болған «Ғашықсың ба?» клипінен айқын көрінді. Маскулин бейнесі жоғалып, k-pop-қа тән андрогин образдарға көшті. Топ мүшелері көзін бояп, шашын сәндеп шыға бастады.

«Орда» елдегі табу тақырыптарды көрсетуден қорыққан жоқ. Мәселен, 2013 жылы шыққан «Жауап бер» бейнебаянында екі әйелдің махаббаты көрсетілді. Клип сол жылы шыққан «Ұлы Гэтсби» фильмінен шабыт алған. Әртістердің де, басқа актерлердің де образы шебер жасалған. Шағын фильм дерсіз.

«Орда» тобының «udai» әніне түсірілген бейнебаяны топ тарихына біраз емеурін жасайды: қабырғаларға өздерінің ескі суреттері мен әндерінен үзінділер жазылған. Ал хореография топ мүшелерінің өзі танытқан q-pop жанрына ұқсайды.

Q-pop әкелген

Белгілі бір деңгейге жеткен соң «Орданың» кейбір мүшесі өз шығармашылығына ден қойып, танымал әншіге айналса, басқалары продюсерлікпен айналысып, қазақ музыкасының дамуына елеулі үлес қосты.

Ерболат Беделхан k-pop жанрының әлемге танылғанын көріп, олардың шығармашылық жүйесін меңгеру үшін Оңтүстік Кореяға барды. Ұзақ ізденістен соң Ninety One пайда болды. Оның інісі Есболат Беделхан да q-pop продюсері ретінде бақ сынап көрді. Ол құрған Black Dial тобын көпшілік жақсы қабылдағанымен, жұмысы көпке созылған жоқ.

Екі ағайынды қазақ тілін әйгілей түскен субмәдениет қалыптастыруға күш салды. Есболаттың өзі де, ол құрған Ninety One да ауыр айып пен өткір сынға қарамастан, кәсібилік пен креативті ұштастырған жұмысын тоқтатқан жоқ. Ақырында хейтерлерін жеңді. Бұрын эстрадада ғана жүрген продюсерлер соларға қарап бой түзеп, көптеген q-pop топ құрыла бастады. Бастаманың бәрі бірдей сәтті болған жоқ, әрине.

Ал q-pop-қа тән андрогин образдар Қазақстандағы сән, өнер һәм мәдениет туралы қалыптасқан түсінікті түбегейлі өзгертті. Жұрт батыл киінуден бұрынғыдай қорықпайтын болды. Бұл — «Орда» тобы 25 жыл бұрын бастаған еңбектің бір жемісі деуге болады.

Түйін

«Орда» жиырма бес жыл бойы әндерінен де, образдарынан да есіп тұратын еркіндік пен жаңашылдықтан айырылған жоқ. Олар қазақ музыкасын өзгертуге көп күш салып, қоғамды да жаңаша ойлауға итермеледі. Әлемдегі үздік мысалдарға бой түзеп, төл музыканы жаңа қырынан танытты.

Есболат Беделхан бір сұхбатында «Алғаш сахнаға шыққанымызда «Орда» тобының аудиториясы болған жоқ. Қазір өткенді саралап қарасам, біз жалғыз болыппыз. Тым ерте шыққан сияқтымыз. Қазір шыққанымызда жағдай басқаша болар ма еді» деген. Расымен, топ өз уақытынан ертерек құрылып, лайық бағасын ала алмай қалғандай көрінеді. Бірақ өнер осындай топтардың арқасында алға жылжитынын да ескеру керек. 

Өнерге жүйелі де жауапты көзқарасының арқасында олар 25 жылдығын үлкен сахнада атап өтіп, келер жылы күзде тыңдарманды соңғы рет қуантып кетпек. Сөйтіп топ ресми түрде жұмысын тоқтатады.

«Орда» қазақ жастарының үш буынына мол естелік сыйлады. Кейінгі жылдары топ жұмысы бәсеңдеп қалғанымен, ара-тұра төртеуінің басы қосылып, қуантып тұратын. Олармен қош айтысу көп адамға, оның ішінде маған да қиынға соқпақ. «Ғашықсың ба?» деп сұрасаңыз, иә, мен оларға мәңгілік ғашықпын!..

Фото: @nur.photo.krg
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Тоқалдықты заңдастыруға тырысқан «Нурикамал»
Культура
#кино
Тоқалдықты заңдастыруға тырысқан «Нурикамал»
Казахстанские студенты спроектировали гоночный электроболид для Formula Student 2025
Бизнес
#технологии
Казахстанские студенты спроектировали гоночный электроболид для Formula Student 2025
Как в Казахстане встретили Международный день недоношенных детей
Город
#события
Как в Казахстане встретили Международный день недоношенных детей
«Мужчина в квадрате»: почему женщины любят гейский секс
Ликбез
#общество
«Мужчина в квадрате»: почему женщины любят гейский секс
Красный — символ силы. О выставке «Әй-ел!»
Город
#события
Красный — символ силы. О выставке «Әй-ел!»