«Өсекші қыз» (Gossip Girl) — 2007-2012 жылдары алты маусымы шыққан, жасөспірімдерге арналған америкалық телехикая. Үш жыл бұрын сериалды қайта тірілтуге талпыныс жасалғанымен, бастама сәтсіз аяқталды. «Өсекші қызды» жұрт неге жақсы көрді? Жаңа нұсқасын көпшілік неге қабылдай алмады? ’98mag авторы Дәрия Темірхан талдап көрді.
Ықпалды сериал
Америкалық жазушы Сесили фон Зигесардың кітабы бойынша түсірілген «Өсекші қыз» сериалы бірнеше толқын жасқа мәдени тұрғыда зор ықпал етті.
Бас кейіпкерлердің сәнді киімі мен әр алуан кейіпкердің мінез-құлқына әсіресе жасөспірім қыздар көп еліктеді. Махаббат үштағандары мен ғашықтардың риясыз сезімі әлі күнге дейін ел есінде. Ал бас кейіпкерлерді сомдаған актерлер қазір де бізге Манхэттен элитасындай көрінеді. Сериалда Lady Gaga, Florence the machine, Хилари Даф, Тайра Бэнкс сияқты көп жұлдыз камео ретінде қатысты.
2021 жылы «Өсекші қыздың» жалғасы шықты. Бірақ ол көрермен көңілінен шықпай, екі маусымнан кейін түсірілім тоқтады. Телехикаяның жалғасына тап сол продюсер мен сценарист қатысқан еді. Алайда жаңа нұсқа неге көпшілікке ұнаған жоқ? Ескі «Өсекші қыздың» танымал болуына не себеп?
Оқиға желісі
Кейінгі жылдары жасөспірімдер өмірінің көлеңкелі тұстарын көрсеткен сериал көп шықты. Нашақорлық, бейберекет секс, сатқындық пен қылмыс… Бірақ «Өсекші қыздың» мазмұны 2000 жылдардың ортасы шені үшін жаңалық болатын. Сериал кейіпкерлері 16 жасында виски ішеді, бір-бірінің көзіне шөп салады, қымбат киініп, клубтан шықпайды. Мұндайды бұрын көрмеген толқынға «Өсекші қыз» нағыз шок болды!
Телехикая Нью-Йорктің Жоғарғы Ист Сайт ауданыңда тұратын мектеп оқушылары мен ата-аналарының өмірін көрсетті. Бас кейіпкер Серена Ван Дер Вудсен құрбысының жігітімен төсектес болғаннан кейін бір жылға қаладан кетеді. Бірақ кейін мектепке оралуға мәжбүр болады.
Сирена мен достарының өмірін сырттай бақылап, бәрін әшкере ететін анонимді «Өсекші қыздың» деген сайт бар. Ары қарай спойлер жасаймыз, сақ болыңыз! Бұл сайтты жүргізетін — Дэн Хамфри. Дэннің ата-анасы аса ауқатты болмаса да, баласын Америкадағы ең қымбат мектепте оқытуға барын салады. Сымбатты Дэнді өзіне қаратқысы келетін қыз көп. Бірақ Дэннің көздегені — Серена еді.
Дэн сериал бойы Манхэттеннің элитасы саналатын жастарды жөнге салуға тырысады. Олардың өмір сүру салтын сынап, көлеңкелі тұстарын жымысқы жолмен әшкерелеп отырады. Ол осы элитаның бір мүшесіне айналғысы келген-ді.
Дэн Хамфридің рөлін ойнаған Пэнн Бенжли «Сен» (You) телехикаясында сталкер маньякты сомдаған еді. Актердің өзі бірде «Сенде» Дэннің тағы бір образын сомдағандай болдым» деген.
Шынайылығынан айырылған
«Өсекші қыз» 2021 жылдың шілдесінде қайта шыға бастады. Ондағы оқиғалар Нью-Йорктегі тап сол «Констанс Биллард» мектебінде өрбиді. Бірақ арада тоғыз жыл өткен.
Сериалдың әуелгі шығарылымымен салыстырғанда, жаңа нұсқасында көрерменге өсекші кім екені, оның мақсаты не екені бірден айтылады. Бұл жолы бас кейіпкер Кейт Келлер атты ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болады. Кейт Дэнге ұқсайды: әйел танымал жазушы болғысы келеді әрі Манхэттеннің жастарын жөнге салуды көздейді.
Авторлар жаңа нұсқада бұрынғы сериалдың бар артықшылығын сақтауға тырысқан. Танымал музыка, сәнді киімдер, көңілді кештер мен секс — бәрі бар. Соған қарамастан жаңа «Өсекші қыз» көрермен көңілінен шықпай, екінші маусымнан соң түсірілім тоқтады.
Сыншылар сериалдың тоны мен мазмұны кейінгі жас буынға тым бейімделіп, баяғы ережесіз қырғын мен көрерменді қинайтын интрига жоғалғанын айтты.
Жаңа нұсқада авторлар кейіпкерлер образын бүкпесіз ашқаннан гөрі бай мен кедей арасындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесін көрсетіп, инклюзияға көбірек мән бергені де байқалады. Актерлер ойынына да көңілі толмағандар көп.
Жаңа нұсқада авторлар әлемдегі оқиғаларды жиі сөз етеді. Мысалы, пандемия мәселесі мен америкалық депутаттар туралы айтылып жатты. Ескі «Өсекші қыз», керісінше, шынайы әлемдегі мимырт тірлікті біраз ұмытуға мүмкіндік беретін.
Одан бөлек жаңа нұсқада авторлар кейіпкерлер мәселесін ұсақтап жібергендей көрінді. Ескі нұсқасында, мәселен, Чактың әкесі қайтыс болып, байлығы құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрады, ал Сирена есірткімен әуестеніп, сотталып кете жаздайды. Ал жаңа «Өсекші қызда» жастар инстаграмдағы жазбаларын уайымдап әлек.
Ескі «Өсекші қызды» заманауи көзқараспен талдасақ, сериал уақыт сынына шыдамасы анық. Зорлық жасауға тырысқан жігіт тартымды, ал токсик қарым-қатынас романтизациялана көрсетілген. Дегенмен 2000 жылдардағы телехикая индустриясының жемісі болған сериал жасөспірімдер өмірін боямасыз көрсеткен туынды болды. Кейіпкерлер сериал аяғына қарай өзгергенімен, бірнеше маусым бойы жасаған лас тірліктерін тез ұмыта қою қиын. Бірақ оларды бақылаған қызық еді.
Ал жаңа «Өсекші қыздың» мұндай шынайлыққа батылы жетпейді. Авторлар кейіпкерлер болмысын бүкпесіз ашуға емес, инклюзив сериал шеңберінен шығып кетпеуге барын салған сияқты. Осылайша заманауи этика сынынан қашқан. Бірақ тым алысқа қашқаны сондай — «Өсекші қыздың» бізді ғашық еткен болмысын жоғалтып алған.