ʼ98mag авторы Дәрия Темірхан survival жанрындағы фильмдерді сүйіп көреді! Squid Game-нің үшінші маусымы шыққанға дейін осы жанрдағы корей мен жапон туындыларын сіз де көргіңіз келсе, мархабат.
Battle Royale, 2000
Бұл фильмді survival жанрының атасы деуге болады. Режиссері — Киндзи Фукасаку. Картинадан бұрын-соңды экранда болмаған қатыгездікті көрдік. Бас рөлді Такеши Китано сомдады.
Жапония билігі «Жұмыссыздықпен және жастар арасындағы қылмыспен күрес» деген құжат қабылдап, әр жыл сайын бір мектептегі кездейсоқ сыныпты жан баласы тұрмайтын аралға апарып тастайды. Онда ұйымдастырушылар оқушыларға қару береді де, өмір үшін күресуге мәжбүрлеп қояды. Аралдан тек бір бала тірі шығуы керек.
Екі сағаттық фильмнен адал достық та, аяусыз опасыздық та көресіз. Адам болмысындағы аңғарылмайтын қасиеттерді әшкерелейтін қатыгез де шынайы фильм. Айтпақшы, Квентин Тарантино бұл картинаны жақсы көретінін айтқан.
Liar game, 2007
Топтамадағы картиналармен салыстырғанда, қатыгездігі ең аз сериал — осы. Мұнда адам өлмейді, қан судай ақпайды, бірақ кейіпкерлер қарызға белшесінен батуы мүмкін.
Телехикая жапон мангасы негізінде түсірілген. Корей нұсқасы да бар. Екеуін де қарап шықсаңыз болады. Желісі ұқсас болғанымен, динамикасы мен кейіпкерлер болмысы аздап өзгеше.
Оқиға желісі бойынша Нао Канзаки есімді аңқау бойжеткен күтпеген жерден әлдебір ойынның қатысушысына айналады. Қатысушыларға беймәлім ұйымдастырушы үлкен сомада ақша таратады да, ережені айтады: әр қатысушы түрлі айламен басқа бір қатысушының ақшасын тартып алуы керек. Жеңілген адам қарызға кіреді. Жүрегі жұмсақ Наоға бұл оңайға соқпайды. Бойжеткен әккі алаяққа жүгініп, екеуі тек жеңімпаз болуға емес, ойын ұйымдастырушысын да әшкерелеуге күш салады.
Бұл фильм — интеллектуал ойындар көрсетілген, интрига мен терең психологиялық қайшылықтарға жауап іздейтін фильмдерді ұнататын адамдарға сөзсіз олжа. Авторлар ойын арқылы қорқыныш, манипуляция мен іштарлық адам болмысын қалай өзгертетінін көрсеткен.
As the Gods Will, 2014
Хоррор жанрының шебері — жапон режиссері Такаси Миике түсірген. Сюжеті аса тың болмаса да, осы жанрдағы фильмдердің жақсы мысалы дер едім.
Көзін бір уақ жұмып тұрып, аша қалғанда қыбыр еткен адамды аяусыз өлтіретін әлгі зұлым ойыншықты Squid Gamе осы фильмнен алған ба деп қаласыз.
Шун Такахатта — мектепте оқитын қарапайым оқушы. Бір күні Дарума құдайы оқушыларымен ойын ойнауға келеді. Бас жүлде — тірі қалу. Ойнаудан бас тартқан бала өледі. Бас кейіпкер фильм бойы бұл зұлымдықтың артында кім тұрғанын анықтауға тырысады.
Миикенің визуалы сондай тартымды, режиссерлік шеберлігі таңдай қақтырады. Бірақ кейіпкерлері дұрыс ашылмаған деп сын айтқандар болған. Өзіңіз көріп, бағасын беріңіз.
Alice in borderland, 2020
Survival жанрындағы үздік туындылардың бірі. Бұл хикая әуелі манга ретінде жарияланып, кейін бірнеше форматта жарыққа шығып, ақырында Netflix-тың танымал сериалына айналды.
Бас кейіпкер Рёхэй Арису — өміріне өкпелі, жұмыссыз, бірақ данышпан геймер. Достары Карабэ мен Чота үшеуі тылсым әлемге тап болып, тірі қалу үшін түрлі ойын ойнауға мәжбүр болады.
Визуал өте әдемі. Қаңырап қалған Токио қауіпті ойын алаңына айналып, қала жаңа қырынан көрінеді. Әр ойын — жұмбақ. Оны шешу үшін стратегия, күш пен бірлік керек. Аман қалу үшін арпалыста кейіпкерлер құбылып отырады. Адами қарым-қатынас тақырыбы терең ашылған.
The 8 show, 2024
Телехикая сегіз адамның ойыны жайлы. Бәрі — төрт ер мен төрт әйел — қарыз қамытындағы кісілер. Жақсылыққа үміті жоқ, өзіне қол салудың аз-ақ алдында жүрген бейбақтар.
Кенеттен оларға ойынға қатысу туралы ұсыныс айтылады. Жүлде қоры — мол ақша. Ойын шарты оларға оңай көрінеді: қатысушылар бір ғимаратта аноним ұйымдастырушының талабы бойынша мейлінше ұзақ тұруы керек. Азық-түлік пен су тегін таратылады, ал қалаған нәрсеңді өте қымбат бағада өзің сатып алуың керек. Ойыншылар әркімнің шарты әртүрлі екенін білгенде сериал қыза түседі.
Режиссер Хан Жэ-рим бұл дорамасын «капитализмнің ауыр шындығына айтылған астарлы сын» дейді. Ол «Сериал жақсылық пен жамандықтың тартысын айқын көрсетпейді. Оның орнына шағын ғана қоғам ішінде пайда болатын билік динамикасын көрсетуге тырысады» деген.
Режиссер Хан Жэ-рим — үрей туғызатын фильм түсірудің шебері. Оның бұдан бұрынғы жұмысы — «Төтенше жағдай» фильмін де көруге кеңес беремін.