Қазақстан кинотеатрларында «Жеті гүл» фильмі көрсетіліп жатыр. Алты қыз тапқан әйел күйеуінің арманын орындау үшін ессіз әрекетке барып, үй ішіндегі ғана емес, қазақ қоғамындағы жазылмаған жараның бетін тырнайды. Жазушы, аудармашы Сафина Ақтай ‘98mag журналының өтінішімен фильмді көріп қайтты.
Осыған дейін отандық кинофильмдерге қатысты тағылатын айыптың басым көбі этикалық мәселелерге орай туындайтын. Ол көбіне кейіпкерлердің түрлі стереотиптерге бой алдыруы, гендерлік дискриминация, қазақ тіліне қатысты кемсітушілік көзқарастан да көрінетін.
Режиссер Дархан Кариповтың «Жеті гүл» лирикалық комедиясы тұсауын кесті. Бір жарым сағаттық кинокартина жоғарыда аталған отандық кинофильмдердің басым көбіне тән этикалық өрескелдікке жол бермей, гендерлік теңдікке қатысты тақырыпты өзінше қаузаған.
Көптеген комедиялық фильмді есепке алғанда «Жеті гүл» кинокартинасы бұған дейін жиі ескерілмейтін олқылықтардың алдын алып, нәзік те өзекті мәселелерге мейлінше ұқыпты қарағанын байқауға болады.
Фильм не туралы
Сәулеті келіскен екі қабатты кең үйде тұратын, жылқы баптайтын қожалығы бар еркектің жалғыз арманы — ұлды болу. Келіншегі осыған дейін алты қызды дүниеге әкелген. Алты қыздың алды бой жетіп, өзінен кіші сіңілілеріне қарасатын кезге де келіп қалған.
Әдеттегі патриархал құндылықтар шеңберінде өмір сүретін, ұлды бола алмағаны үшін дос-жаранның алдында қысылып, қайткен күнде дүниеге бір ұлы келсе, өзін нағыз ер азамат деп санауға негіз барына сенетін еркектің жұбайы жетінші сәбиіне жүкті. Әйелі босанатын күнді күйеуі асыға күтіп жүр.
Ай-күні жақындаған келіншектің де үкілеген жалғыз арманы — алты қыздан кейін жолдасына бір ұл сыйлау. Ол арманы әйелдің өң бойынан өніп шыққан қалау-ниет емес. Күйеуіне ұл перзент туып бермесе, жолдасы екінші әйел алатынын айтып, емеурін танытқан. Ал әйел алты қызымен қайда барарын білмей дал. Ата-анасы да қыздың хал-жайын білуге көп келмейді, өмірінде бар арқа сүйейтін жалғыз жан да — күйеуі.
Әйел толғатып, емханаға түскен кезде фильмнің тағдыркесті сәті басталады. Дүниеге тағы да қыз әкелген әйелдің шешімі қандай болмақ?
«Қыз туа бергеніңнен ұяламын»
Осындай қарапайым, десе де шынайы сюжеттен туындаған кинокартина әр кейіпкерінің шешімі арқылы қоғамдағы әбден ескірген көп көзқарасты әшкерелейді.
Қазақстан қоғамы әлі де патриархал құндылықтар шекарасынан шыға алмай келеді әрі ол құндылықтардың адам, әсіресе әйел тағдырына өшпес жара қалдыратын ықпалы мен актісі де көп жағдайда көзге түсе бермейді. Себебі ол әдетке айналған.
Әйел жетінші сәбиінің қыз екенін білгенде жолдасы қоңырау шалады. Оның бар қалауы — «ұлды болдың» деген бір ауыз сөзді есту. Әйелін емханадан бар сән-салтанатпен күтіп алуға дайын тұрған күйеуі телефонның ар жағынан «иә, ұлды болдың» деген сүйінші хабарды ақыры естиді. Сол сәтте-ақ оның қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпей, думандата жөнеледі.
Екі оттың ортасында қалған әйел жанында ұл тапқан көрші келіншекке сәбилерімізді уақытша алмастыра тұрайық деп өтініп, ақша беретінін айтып, жалынады. Көрші әйел ақша үшін бұл ұсынысқа келіседі. Солай көптен күткен «ұлын» құшағына басып, емханадан шыққан әйел бақыттан басы айналып жүрген жолдасына қарай қадам басады.
Әйелдің бұл әрекетіне не себеп болды? Мұның, өкінішке қарай, бірнеше себебі бар. Ұлды болуға деген асқақ тілек талай қыздың тағдырына тосыннан соққан құйын желдей әсер етсе, ұл баланың дүниеге келуі отбасындағы алты қыздың өмірін құнсыздандырып қана қоймай, оларды патриархал ұстанымдардың қатыгез шешімінен де аман алып қалады.
Әйелді мұндай қадамға бойындағы қорқыныш қана емес, оны қоғам таңған стереотиптер де итермелейді. Сәбидің дүние есігін ашуына орай үйде болып жатқан думанды тойға жан-жақтан көрші-қолаң, туыс-туған жиналады.
Фильмде келіншек пен анасының шағын диалогы да бар. Анасы қызының үйіне көп келмеуінің себебін оның үнемі қыз туа беруімен байланыстырады. Қатарынан қыз туа беретін қызының үйіне келуге ұялғанын да айтып қалады. Қызының ұл туғаны үшін бүгінгі жиында кеудесін керіп отырғанын айтқан анасы перзентінің шарасыз шешімі туралы ештеңе білместен жолға шығып кетеді. Ата-анасынан да қолдау таппайтынын түсінген әйел одан сайын тығырыққа тіреледі.
«Алты қызым бір төбе, жалғыз ұлым — тау»
Ертеден қазақ қоғамында ер баланың дүниеге келуі орасан зор маңызға ие болған. Себебі ер балаларды әкесінің артында қалатын тұяғы, отбасының жалғасы, шырағы санап, олардың қоғамдағы орнына да айрықша мән берген.
Билік пен ел үшін іргелі істерде де ер азаматтардың қолбасшылық етуі маңызды саналды. «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық», «Әйел бастаған көш оңбас», «Ерге жаққан әйел елге де жағады» сынды ел ішінде айтылатын мақал-мәтелдер көбіне қыз баланың ер адамдармен иық теңестіріп, әр істе көшбасшылық танытқаннан гөрі отбасы, ошақ қасының қамын күйттеп отыруы әлдеқайда салмақты дүние екенін танытады.
Ұлт тарихында отарлық салдарынан болған зобалаңдар: аштық, ұлт зиялыларының есепсіз қамалып, атылуы, оның артынан ізін суытпай келген соғыс, жер аудару генофондқа өлшеусіз соққы жасады. Осыдан да болар ұл перзент сүюдің маңызы одан сайын арта түсті.
«Жеті гүл» лирикалық комедиясында ұлды болып, еңсесі көтерілген еркек «Алты қызым бір төбе, жалғыз ұлым — тау» деп, жоғарыда аталған ер балаларға қатысты ертеден қалыптасқан ұстанымдардың өз маңызын жоймағанын көрсетеді. Ұлы дүниеге келгеннен кейін күрт өзгерген әке енді алты қызына қит етсе дүрсе қоя береді, қыздарын жалғыз ұлынан алалап «Сендер бекер тудыңдар, пайдаларың жоқ» деп жекіреді.
Ұлдана, Ұлжалғастардың жалғасы
Фильмнің елеулі тағы бір тұсы — алты қыздың да есімі ұл шақыратын есімдер. Мәселен, үлкен қыздарының есімі — Ұлдана, одан кейін Ұлжалғас, артынша Ұлпан, кейінгісі Ұлмекен. Қыздары ұлды болу армандаған әкелерінің өз есімдерін «әбден бүлдіргеніне» өкпелі. Қыздар өзі мен анасының қалауынан тыс ер азаматтың ұмтылысынан шыққан арманға еріксіз араласып, содан зардап шеккендеріне де қапалы.
Десе де әкелерін ешқашан жатырқамаған, керісінше, оған мейлінше мейірім танытып, ата-анасына қолғабыс болып, жаңа туған шақалаққа да қарасады. Үйді бірігіп жинайды, еңбекке белсене араласады және ата-анасының қас-қабағын бағады. Әкелерінен ауыр сөз, артық айыптау естіп, жылап қалса да, бір шоқ гүлге риза болып, мейірім танытуды тоқтатпайды.
Мұның астарында қыз баласының нәзік жүрегі мен таза пейілі туралы үйреншікті пікірлерге иек артылғанымен, бұл әйел затына үнемі екіжақты қарым-қатынас жасауды және оларды қалауынан тыс оқиғаларға қатыстырып, оның нысаны ете беруге болады дегенді білдірмеуге тиіс.
Әйелден тараған әулет
Фильмнің соңында өзінің жетінші рет қызды болғанын, ал әйелінің бұл жаңалықты өзінен жасырғанын білген бас кейіпкер ашуға бой алдырады. Атпен шауып келе жатып, әкесінің көзін көрген, кейін өзінің қол астында фермасында жұмыс істеген кісіге жолығады. Ол қызды болған әкені сабырға шақырып, үйінде ілулі тұрған жеті атасының басы саналатын Ақайдың ер адам емес, әйел адам болғанын, солайша қызды болудан әбден мезі болған ер азаматтың расында әйел бастаған әулеттен тарағанын біледі.
Бұл тосыннан келген хабар бас кейіпкерді бір демде өзгертеді. Ол, әрине, құндылықтарын түбегейлі қайта қарастырды, болмаса, ұлды болу деген арманынан табан астынан бас тартты дегенді білдірмейді. Бірақ осыған дейін тек ер адамдардан тұратын шежіреге қыздың есімі жазылмайды, қыз жат жұрттық, басқа әулеттің түтінін түтетіп, ұрпағын өрбітеді деген көзқараспен өмір сүрген еркектің ішінде қыздарына қатысты жаңа желкілдек сезім пайда болады.
Фильмнің осы тұсында ол қыз баланың да ер баладан бір мысқал кем түспейтін перзенттік маңызын түсінген сияқты. Бір қызығы, жеті атамызды жетік білгенімізбен, жеті апамызды білмейтініміз рас. Ал ру бастаған әйелдер жеті апаны танып-білуге деген ұмтылысты ұштайды.
Фильмнің шешімі тапқыр ойлап табылған және өткен құндылықтарды қайта қарастырып, өзіміз өмір сүріп отырған заман шындығына еш жасқанбай көз тастау туралы ой салады. Бірақ гендерлік теңдіктің ешқандай алғышартсыз, болмаса салмағы бар себептерсіз-ақ қоғамда орнығуы фильмде қайшылықты көзқарасқа әкеледі.
«Жеті гүл» лирикалық комедиясы дәстүрлі құндылықтардың іргесін шайқалтуға тырыспайды. Яғни, дәстүрлі құндылықтар да бір-біріне қайшы келе береді, ал оның кей тұсы ұлттың ертеден келе жатқан адамның шыққан тегі, отбасы мәселесінен алысқа ұзай алмайтынын танытады.
Қазақта әйелден тараған рулар баршылық және мұның қазақы дүниетанымда гендерлік теңдікпен біте қайнасқанын көрсетеді. Бұл бір шетінен анасы мен әжесінің бойында болған еркіндік пен рух отын қазіргі қазақ қыздарының бойында қайтадан маздатуға деген ұмтылыс болса керек.