Әдебиет бойынша Нобель алған әйелдер. Олар не туралы жазды?

Биыл оңтүстіккореялық жазушы әйел Хан Ган Нобель сыйлығын жеңіп алды. Ол — бұл марапатқа ие болған тұңғыш азиялық әйел қаламгер. Осыған дейін әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын 18 әйел алған. Жазушы, аудармашы Сафина Ақтай ′98mag оқырманы үшін Нобель алған алты жазушы әйелдің өмірі мен шығармашылығын шолып шықты.

Фото: David Levene / The Guardian

Сельма Лагёрлеф

Швед жазушысы Сельма Лагёрлеф — Нобель сыйлығын алған алғашқы әйел (1909 жыл). Оның «жоғарғы идеализмі, жарқын қиялы және адам жанын тербейтін рухани толғанысы» әдебиеттегі қолтаңбасын ерек етті.

Лагёрлефтің ең танымал туындыларының бірі — «Гёста Берлинг туралы дастан». Швед неоромантизмінің ықпалымен 1891 жылы жарық көрген роман бұрынғы дін қызметкері Гёста Берлингті сипаттай отырып, сол кездегі швед қоғамының болмысын айқындайды.

Өмірдің мәнін іздеу адам жаратылысының ажырамас бөлігі десек те, кейде адам оны өз-өзіне жат болып, басқа адамдарға деген таза махаббаттан табады. Лагёрлефтің шығармашылығы рухани ізденіске басым мән берсе, фольклорлық образдар мен магиялық реализмді қолдануы оның туындыларын жұмбақ ете түседі.

Сигрид Унсет

Нобель сыйлығының медалін 25 мың кронға сатып, кеңес-фин соғысында фин балаларына көмек көрсеткен, ал Нобельден алған қаржысын дарынды балаларға — шәкіртақы, жас норвег жазушыларына қаламақы ретінде үлестірген жазушы Сигрид Унсет әу баста суретші болуды армандаған еді.

Ол Христиания қаласының көшелерін шарлап, сурет салу үшін шабыт іздейтін, ал өмірінің он жылын кеңсе қызметіне арнап, ұзақ жылдар арманының көлеңкесінде күн кешті. Қолы қалт етсе, өлең жазатын, болашақ романының жай-жапсарын ойластыратын. Қарапайым әйелдің күнделікті күйбең тірлігін суреттеген алғашқы шығармасы көпке таныла бастаған кезде Сигридке де еркіндіктің есігі ашылып, мемлекеттік шәкіртақыға ие болғаннан кейін, өзін жауыр қылған жұмысын тастап, шығармашылыққа бел шеше кірісті. Осылайша әйел тағдырының тереңіне бойлаған жазушы әйел төл тағдырының жолаушысына айналды.

Оның ең белгілі шығармасы — «Лавранстың қызы — Кристин» трилогиясы. Орта ғасырлық норвег қоғамы, орта ғасырлық әйел болмысы, оның ұмтылысы, арманы мен бүлігі романға арқау болды. Бас кейіпкер Кристиннің өз қоғамының талап-тілегіне сыймайтын болмысын көрсете білген жазушы психологиялық, философиялық терең драма жазып шықты. Осы үшін 1928 жылы Нобель сыйлығын алды.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде фашизмге ашық қарсылық білдірген Сигрид Норвегияны нацистер жаулап алған кезде КСРО мен Жапония арқылы АҚШ-қа қоныс аударды. 1945 жылы күрескерлік пен шығармашылықты бір ортаға тоғыстырған жазушыға отанына оралу мүмкіндігі бұйырды.

Әдетте көші-қон тәжірибесін бастан кешірген жазушылар тарихи отанына оралуда қиындыққа тап болады, ал туған жерін жоғалтудан туған дертті сезімдер жазушы шығармашылығына тың леп сыйлайтыны анық. Сигрид Унсет бұл кезеңде «Болашаққа оралу» (1942) және «Бақытты күндер» (1942) атты мемуарлық романдарын жазды.

Надин Гордимер

«Жазушы жазушы болып қалуы керек. Мен ешқашан саяси партияның мүшесі болмағанмын. Менің соғысым — жеке соғыс». Бұл Оңтүстік Африкадан шыққан, ағылшын тілінде жазған, 1991 жылы «өзінің ұлы эпосымен адамзатқа орасан зор пайда тигізген» жазушы Надин Гордимердің сөзі.

Десе де Гордимер өз шығармашылығын толықтай Оңтүстік Африкадағы апартеид режиміне қарсылыққа арнады. Ол терісінің түсі үшін айыпталатын, субалтерн топ өкілдері, отарлық режимінде өмір сүретін кішкентай адамдардың тағдырын шығармашылығына арқау етті және олар туралы үздіксіз үн қатты.

Надин Оңтүстік Африкадағы еврей отбасында дүниеге келген, өзінің сөзінше, «терісінің түсі ақ болғаны» үшін тек ақтарға арналған мектепте білім алған. Бірақ 1940-1950 жылдары Оңтүстік Африкада апартеид жарияланып, нәсілшілдік белең алып, тіпті әртүрлі нәсілдер арасында некеге отыруға тыйым салынған тұста Гордимерге де жаңа дем біткендей еді.

Бұрын өз естеліктерінде жазғандай, жазушы «ақ теріні артықшылық» көрсе, бұл саяси оқиғадан кейін оның көзқарасы мүлдем өзгерді. Өзінің ашық көзқарасын төл туындыларында білдіре бастады. Ал «Жалған күндер» романы батыс легитимациялық нарративінен шыға алмаған жазушылардың туындыларынан қарағанда Оңтүстік Африкадағы оқиғаларды еш боямасыз баяндады. Қатыгез әлемнен бас сауғалап, өзінің шеттетілген әлеміне оралған кейіпкердің өмірі туралы оның 1963 жылы жарық көрген «Кездейсоқ махаббат» романы «Жоғалған буржуазиялық әлем» романы секілді Оңтүстік Африкада басылып шығуға тыйым салынды.

Гордимердің 1974 жылы жарық көрген және Букер сыйлығын иеленген «Қорғаушы» романы өз ортасынан жырақ кетіп, жатсыну сезімін бұған дейінгі шығармаларынан да терең жеткізе білген туындысы еді. Ол мұнда Африканы ақ адамдарсыз көруге тырысты. Апартеид саясаты орнығып, легитимацияның кеңістікке билік етуге тырысқан сәтінде адамның қатыгез қоғамнан жырақтап, кімдігін жоғалтуы мүмкін төл болмысынан үй іздеуі заңдылық шығар.

Гордимер де адам тағдырының сондай сезімтал тұстарын дәл көре білді әрі оны тек саясат контексінде берген жоқ. Надин Гордимер ұзақ жылдар бойы саяси позициясын ашық білдірді, өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түскен жоқ. Оның өзі «жеке соғыс» деп атаған бүлігі ақтығында жалпы әлемдік теңдік орнатуда өшпес із қалдырды. Гордимер «адамзатқа зор пайда әкелген шығармашылығы үшін» 1991 жылы Нобель сыйлығын иеленді.

Луиза Глюк

«Дертімнен айығар жол бар еді.

Тыңдаңдар мені,

Сендердің өлім дейтіндеріңді

Мен ұмытқан емеспін.

[…]

О, сендер,

Арғы әлемнен оралғанын ұмытқан жандар,

Мен сендермен тілдесемін: оралуға да болады,

Төл дауыстарыңды табу үшін қаншалық терең адассаңдар да,

Оралыңдар!»

Жеке басының жан дерті, өлім, жоғалту және өзін қайта табу. 2020 жылы Нобель сыйлығын жеңіп алған Луиза Глюк — адам өмірінің тәжірибесі, оның сөйлеуге тиіс дауысына өз поэзиясында орын берген ақын.

16 өлеңдер жинағы, Пулитцер премиясын жеңіп алуы, артынан біраз беделді марапатқа ие болуы, университетте дәріс оқуы — жазушының бізге аян өмір жолы. Жасөспірім кезінде жүйке анорексиясы дертіне шалдыққан соң, ол біраз жылдар психоаналитикалық емдеуден өткен. Ақын мұны анасына деген бүлікпен байланыстырады әрі өз өмірінің университеті санайды. «Дерт — өмірдің ымырт түскен шағы, азапты азаматтық» дейді Сьюзен Сонтаг.

Осынау дертті сезімдер өткен жаққа жиі оралуға, ақынның өзі жырлағандай, «өмірге бір-ақ рет қарайтын сәт — балалық шаққа» мойын бұруға, грек мифологиясын өз жырларына өзек етуге, жалғыздықтан сұлулық тудыруға ынталандырса керек.

Луиза Глюк 1968 жылы «Тұңғыш» атты алғашқы өлеңдер жинағын жариялады. Оны сыншылар өте жоғары бағалады. Ал 1971 жылдан бастап Годдард колледжінде поэзиядан дәріс оқып, онда 1984 жылға дейін жұмыс істеді. Осы аралықта оның 5 өлеңдер жинағы жарияланған екен.

Ал 1992 жылы оның Нобель сыйлығын алуына тікелей түрткі болған, ең танымал өлеңдер жинағы «Жабайы ирис» («The wild Iris») жарық көрді. Бұл жинақ сондай-ақ Пулитцер марапатына да ұсынылды. Бағбан мен гүлдердің өмірдің мәні туралы өзара диалог орнатуы жыр жинағына негіз болған. Луиза әкесінің өмірден өтуі, әпкесінің небәрі жеті күн өмір сүріп, шетінеп кетуі, жан жарасы, ересек өмірдегі сәтсіздіктері туралы әр жинағында төл өмір тәжірибесін еш боямасыз айта білді.

Поэзия — өмірдің өзі ғана деген осы болса керек. 2020 жылы Нобель комитеті Луиза Глюк туралы «Оның еш қатесіз үн қатқан поэзиялық дауысының суық сұлулығы жеке адамның болмысын жекедара етті» деп жариялады. Ал ақын бір ғана сауал тастады:

«Жолдар да көп болды, нұсқалар да аз емес,

Жолдар да көп болды, бірақ бірде-бір жол жоқ,

Ал соңында не болмақ?..»

Анни Эрно

Мен Анни Эрномен алғаш рет 2022 жылы таныстым. Сол жылы ол Нобель сыйлығын алды. Венеция кинофестивалінде «Алтын арыстан» марапатын иемденген Одри Диванның «Оқиға» кинокартинасын көргенім де есімде. Фильм Анни Эрноның романы негізінде түсірілгенін білгеннен соң жазушының шығармашылығы туралы іздене бастадым. Ал биыл үш романымен таныстым.

Жазушы әйел тағдырының сан түрлі бұрылыстарын батылдықпен ашық жаза білді. Әйел тағдыры — Анни Эрно шығармашылығының өзегі.

Өзінің «Қыздың жады» романында Эрно орта таптан шыққан қыздың ер адаммен болған алғашқы жыныстық тәжірибесі және соның салдарынан өз кімдігін жоғалтуы, жан күйзелісі мен ұят сезімі, өзі өмір сүрген қоғамның шындығы туралы баяндайды. Бұл — автобиографиялық роман.

Анни алғашқы туындысын колледжде оқып жүрген кезінде жазған, бірақ «амбицияға толы шығарма» деген баға алғаннан кейін ол шығармашылыққа тек 1971 жылы оралды. Ол кезде жазушы екі баланың анасы еді. Ал жолдасы оның шығармашылығына қолдау білдірмеген, сол себепті «Бос шкафтар» романын жолдасынан жасырып жазған.

Ол әр туындысында өмір тәжірибесін ашық жазудан сескенбейді, сол арқылы оқырман әйелдің өз еркіндігін іздеуі, өз болмысынан жатсынуы, секс тәжірибесі, қызғанышы мен ғашықтығы, айыпқа ілігуден қорқу және бүлігімен таныса алады. Әлбетте, әр шығармада уақыт рухы маңызға ие. Себебі уақыт өткен сайын адам өмірінің тәжірибесі оны өткен күнмен байланыстыратын көпірге айналса, әр естелік оның ересек болуы мен өз болмысына жақындай түсуінің куәгеріне айналмақ.

Анни Эрно мұны шебер көрсете білген жазушы. Оның 2003 жылы жарық көрген «Билік құшағында» романы адам тәні мен жанының тіл табиғатын зерттеудегі маңызды туындысы. Бас кейіпкер әйел алты жылдық қарым-қатынастан кейін өз жұбымен ажырасады. Бірақ бұл ажырасу бәрінің соңы емес, керісінше өз әлемінде бұрын-соңды сезіп білмеген сезімдерге тіл біту сәті еді.

Авторды адамның тәні, сөз, жазу, ессіздікте туатын ойлары қызықтырады. Ол құдды өз-өзін алыстан аңдитындай, өз құпиясын бүге-шүгесіне дейін біліп тұрса да, сол құпияны қайтадан сөйлете түсуге тырысатын және өзінің өзіне әлі талай дүниені айтпағанына күдіктенетін тыңшыдай.

Хан Ган

Ал биыл Швед Академиясы 2024 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығы иегерінің есімін жариялады. Ол — оңтүстіккореялық жазушы Хан Ган.

«Өз шығармашылығында Хан Ган тарихи жаралар мен көзге көрінбейтін шектеулерді зерттейді, өзінің әр шығармасында адам өмірінің нәзіктігін жалаңаштайды. […] Төл экспериментал мәнерінде заманауи прозаның жаңашыл жазушысына айналды» деп жазды Нобель комитеті.

Хан Ганның шығармашылық дебюті 1993 жылы басталса да, оның романдары араға он жыл салып, шет тілдеріне аударыла бастады. Жазушының әйгілі «Вегетариан әйел» романы аударылғаннан кейін 2016 жылы Букер жүлдесін жеңіп алды.

Ет жеуден бас тартқан бас кейіпкер Ён Хенің бұл әрекеті ол көрсетуге қабілетті жалғыз бүлік еді. Авторитар әкесі де, өзінің күйеуі де оның бұл әрекетіне патриархал қарсылық танытса, әпкесі әйелді «қалыпты өмірге» қайтарып, құтқаруға тырысады. Десе де Ён Хе өсімдікке айналуды, осылайша ережелер мен шектеулерге толы адам өміріне экзистенциалист тілмен айтқанда «бүлік көрсету арқылы жоқ деуді» қалағандай.

Хан Ганның «Вегетариан әйел» романы оқырмандар арасында өте танымал, алайда Швед академиясы жазушының «Адам әрекеттері» романына да ерекше тоқталып, Хан Ган романның бір тұсында Софоклдың «Антигона» трагедиясының негізгі мәтініне оралады деп жазады.

«Адам әрекеттері» — саяси актінің болмысын ашатын протестік шығарма. Бұл шығарманың негізіне айналған әрі Хан Ганның туған қаласы саналатын Кванджуда болған көтеріліс жазушы небәрі 10 жаста еді. Қалада болған протест акциясын үкімет әскері аяусыз басып-жаншып, салдарынан жүздеген адам көз жұмды. Бұл қанды оқиға болашақта жазушының шығармашылығына арқау болды. «Тарих құрбандарына дауыс беруге тырысу арқылы аталған эпизодты қатаң қатыгездікпен кездестіреді, осылайша куәгер-әдебиет жанрына жақындатады» деп жазады «Адам әрекеттері» туралы Нобель комитетінің төрағасы Андерс Олссон.

Хан Ганның ағылшын тілінде жарық көрген соңғы романдарының бірі — «Грек тілі сабақтары». Өміріндегі сан қилы күйзелістерден кейін сөйлеу қабілетінен айрылған әйел өзіне ежелгі грек тілін үйрететін зағип мұғаліммен танысады. Бұл — адам тәнінің шектеулігі адам жанына шекара болмайтынын айрықша баяндаған шығарма. Зағип мұғалім Хан Ганның өзі сүйіп оқитын жазушысы Борхеске келтірген сілтемеcі болар. Себебі мұнда жоғалтудың философиясы мүлдем басқа қырынан ашылады. Борхестің «Ажалсыз» әңгімесіндегідей Гомер болып, таяуда улиесше Ешкім болмайтын, ал кейін барлық адамзатқа айналып өмірден өтуді қалайтын кейіпкеріндей жоғалудың мәні — біртұтастыққа айналып, өзара сіңісіп кету, ал әр жоғалтуда өз кімдігімен бетпе-бет келу актісі іспетті.

Осылайша, екі кейіпкер де бір-бірінен өз кемшіліктері мен жоғалтқан әлденелерін табады. Хан Ган — жаңашыл жазушы және әдебиет бойынша Нобель сыйлығын жеңіп алған он сегізінші әйел.

Түйін

Аталған мақалада алты әйел жазушының шығармашылығы мен өміріне тоқталдым. Соның ішінде Надин Гордимер, Хан Ган сияқты колониализмнен зардап шеккен елдерден шыққан жазушылардың туындыларымен таныс болу қазақстандық оқырман қауымға өте маңызды деп санаймын.

Ал Анни Эрно мен Сигрид Унсеттің шығармашылығы әйел теңсіздігі жолындағы күресте айрықша рөл ойнайды. Әр әйел жазушының тәжірибесі тұтас адамзаттың тағдыры, саясат, әйел болмысы, көші-қон тәжірибесі, отарсыздық дискурсына орасан зор үн қосты. Бұл, Спивактың тілімен айтқанда, әдебиеттің әдебиеттенуі жолында жасалған айтулы қадамдар десек, қателеспейміз.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
То, что внутри: убийство идеальных незнакомцев в Восточном экспрессе
Без рубрики
#кино
То, что внутри: убийство идеальных незнакомцев в Восточном экспрессе
Итоги Gorilla Style Wars 2024: Брейкинг вновь на вершине!
Город
#события
Итоги Gorilla Style Wars 2024: Брейкинг вновь на вершине!
Ел тарихын таспалаған «Ағайынды»
Культура
#кино
Ел тарихын таспалаған «Ағайынды»
Как прошёл юбилейный Х сезон Visa Fashion Week Almaty
Стиль
#мода
Как прошёл юбилейный Х сезон Visa Fashion Week Almaty
Созерцательная декоративность: откровения выставки «Русла моих рек»
Город
#события
Созерцательная декоративность: откровения выставки «Русла моих рек»