Жоғалған ауыл
Деректі фильм көрерменді Алматы облысы Іле ауданы Ақсай ауылдық округіне қарасты Сокол саяжайына бастайды. Жол ұзақ, саяжайда фильмнің бас кейіпкері Дина Тағабергенова төрт баласымен өмір сүреді.
Дина Қазақстанға Қарақалпақстаннан жиырма жыл бұрын көшіп келсе де, Қазақстан азаматтығын ала алмай баз кешіп жүр. Қаншама рет елшіліктің есігін тоздырса да, нәтиже жоқ.
Динаның бала-шағасымен саяжайда тұрып жатқан үйін қайырымдылық арқылы мешіт берген, ал үш баласы мектепке ұзақ жол жүріп, таксимен қатынауға мәжбүр. Себебі атауы жоқ, картада да жоқ саяжайда мектеп те, емхана да салынбаған. Тұрғындар алыс-жақын елді мекендерге барып ем алуға мәжбүр, ал мектеп жасындағы балалар қыстың суығында да ақылы қатынайтын автобуспен жақын маңдағы мектепте білім алады.
Динаның төрт баласы да мектепке баруға тиіс еді, алайда үлкен ұлы 2021 жылы әлімжеттік көріп, таяқ жеп, салдарынан мүгедек болып қалған. Қазір үйден оқиды. Ал Дина сағаттап жүріп, Алматыдағы шағын дәмханада бір демде бірнеше адамның жұмысын істейді. Еден жуады, ыдыс жуады, дәмхананы күзетеді. Жұмысы біткен соң, ұзақ жол жүріп үйіне қайтады. Бала-шағасының тамағын беріп, сабағын қадағалап, бір мызғып алады да, қайта жұмысқа кетеді.
Жоғалған арман
Дина деректі фильмде алыста қалған туған жерін, балалық шағын сағынатынын айтады. Бала кезінде әнші болуды армандаған оның жылдар өткен сайын арманы алыстап барады. Десе де фильмнің соңында Шәмші Қалдаяқовтың «Арыстың жағасында» атты әнін өз сөзімен әсерлі орындап берді.
Деректі фильм капиталистік дәуірдің үлкен диірменінде қауқарсыз айналып жатқан кішкентай адамның арман-мақсатын алдыңғы қатарға шығару арқылы оның күнделікті өмірдегі тұрмысына мағына үстеп, ой салады.
Дина тап болған әлеуметтік мәселелердің ауқымы кең, ол оны шешуге қаншалық тырысқанымен, түйінін шешілмейтін күрмеудей әлі де қол байлау болып тұр. Деректі фильмде Дина ауылдағы мәселелердің де шет жағасын айтып, бұқараға мәлімдеуге мүмкіндік іздеген ауылдастарының да үндеуін жеткізді. Ал деректі фильм тобы Ақсай ауылдық әкімдігіне ресми сауал жолдағанда әкімдік саяжайға жақында мектеп салыну жоспарда жоқтығын, ауыл статусын алған соң қолға алынуы мүмкін іс екенін айтқан.
Дина — күрескер әйел. Оның күрескерлік бейнесі деректі фильмде айрықша ашылған. Ол өзінің ғана емес, ауылдастарының да мәселесін ашық көрсетуден қорықпайды. Баласы тап болған мәселеде әділдік орнауын, шындыққа қол жеткізуді және азамат ретінде өз құқығын қорғауды қалайды. Әрі өзі сияқты жалғызбасты аналарға қуат беріп, үлгі көрсете білді.
Тілек Ырысбек осыған дейін де субалтерн топтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен арман-мақсатын қаузайтын «Шыңжаңдық адам» деректі фильмдер сериясын жарыққа шығарған еді. Бұл деректі туындылар Қытайдан Қазақстанға оралған қандастардың өмірін таспалау арқылы біресе азаматтық алудағы құжат бюрократиясына, біресе әлеуметтік мәселелерге тап болып, қала берді қоғам тарапынан көп жағдайда шеттетілетін субалтерн топ өкілдерінің дауысын жеткізді.
Әр кейіпкерінде адам өмірінің кішкентай ғана үміті жарқ ететін режиссер деректі фильмде кез келген адамға қолжетімді болуға тиіс қарапайым қажеттіліктерден құр қалып, жырақтарда елеусіз күн кешуге мәжбүр жандардың өмірі туралы көбірек айту маңызды деп санайды.
«Динаның арманы» да аталған мәселелердің әлі де өзекті екенін, қоғамның да, мемлекеттің де легитимациясына қол жеткізуден бөлек, өзінің азамат ретіндегі құқығын қорғау жолындағы кейіпкердің күресін ашық бейнелейді.
Көрермен фильмнен мұржадағы түтіндерге жұтылып бара жатқан елеусіз ауыл бейнесін, көз алдында тұмандана бастаған далаға үнсіз көз тастап, адамды қажытар ұзақ жолда автобуста қалғып кеткен Динаны көреді. Дина мен оның балаларының әрі қарайғы тағдыры көзден де, көңілден де жырақта қала бере ме? Өзі тап болған мәселесінің салмағы зіл тасындай ауыр кішкентай адамның алпауыт мемлекет машинасы алдындағы үні діттеген жерге жете ме?
Қорытынды
Тілек Ырысбектің деректі фильм түсірудегі басты ерекшелігі — ол фильмді қазіргі заманауи медиамен байланыстырады. Кейіпкерлердің өмірін сұраусыз қалдырмай, сауалдар жолдап, ресми мекемелерден жауап алып, оның медиада таралуына үн қосады.
«Дина және дачаның балалары» деректі фильмінен кейін бірнеше көрсетілім өтіп, аталған саладағы спикерлер қатысып, өз ойларын ортаға салды. Тілек Ырысбек Қазақстанда деректі фильм түсіру оңай жұмыс емесін, көп жағдайда қаржы мәселесіне тірелетінін алға тартады.
Сондай-ақ түсірілім барысында кейіпкерлердің өміріне қатысты этикалық дилеммалармен бетпе-бет келеді. Мәселен, балаларды камерада көрсету, олармен ашық сұхбат құру мәселелері терең әрі нәзік тақырып. Дегенмен режиссер мұндай мәселелерді кадрдағы бейнелер арқылы символдық шешімдермен көрсеткісі келетіндей әсер қалдырады.