«Өнерден қорқу — диагноз». Руслан Жұбанышпен сұхбат 

8 қаңтарда täuel[di]siz арт-жобасының авторы әрі жетекшісі Руслан Жұбаныш Астана әкімдігі жобаның жоспарланған кешін өткізуге кедергі келтіріп жатыр деп мәлімдеді. Руслан жобаның Instagram-дағы парақшасы арқылы жасаған үндеуінде «Бұл жолы бұрын-соңды болмаған үлкен тосқауылға ұшырап жатырмыз» деді. Жоба қолдаушылары #МенТәуелсізбін хештегін қолданып, әкімдік пен сарай әкімшілігінің қысымын сынға алып жатыр. ʼ98mag авторы Сафина Ақтай жоба жетекшісі Руслан Жұбанышпен сөйлесті. 

«МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫМ»

Сафина Ақтай: Руслан, täuel[dı]sız арт-жобасының биыл 25 қаңтарға жоспарланған кеші өтпейтін болды. Оны кеше ресми парақшадағы мәлімдемеңізде өзіңіз айтып өттіңіз. Кештің өтпеуіне не себеп? Қандай кедергіге тап болдыңыздар? Тарқатып айтсаңыз.  

Руслан Жұбаныш: Біздің кешіміз былтыр 17 желтоқсанда өтуге тиіс еді. Бірақ 13 желтоқсанда кешіміз өтуі керек болған Астанадағы Жастар сарайы мені шақыртып, залда су құбырын шұғыл жөндеу керек болып тұр хабарлады. Ресми солай деді. Сөйтіп қорытынды кешті кейінге шегеруге тура келді. 

Әрине, бұл шешім бізге оңайға соққан жоқ. Қаншама билет саттық, жан-жақтан келетін көрермен мен қонақтардың алдындағы жауапкершілігіміз бар. Артында не себеп тұрғанын білмейміз, дегенмен амалсыз келісіп, жылы жаба салдық. Сөйтіп кешті 25 қаңтар өткізуге келістік. 

25 қаңтар деген датаны сол залда отырып, зал директоры, оның орынбасары, заңгері, мен, команда — бәріміз бірге бекіттік. Біз көрерменге кеш осы күні өтетінін хабарлап, қызу дайындыққа кірісіп кеттік. 

Қазір заңнамаға сәйкес, бұқаралық іс-шара өткізетін болсаңыз, оны әуелі жергілікті мәдениет басқармасына бір ауыз айтып, хабарлауыңыз керек. Себебі келетін көрерменнің қауіпсіздігіне сіз жауапты боласыз. Мен 13 желтоқсан біздің алғашқы кешіміз шегерілген күні мәдениет басқармасына ресми құжат жібердім. 27 желтоқсан күні басқармадан кештің өтуін мақұлдаған ресми жауап келген. 

Жауап алғаннан соң аудиториямызға 25 қаңтар täuel[dı]sız арт-жобасының Астана қаласында соңғы кеші өтетінін жарияладық. Жаңа жылдан кейінгі алғашқы жұмыс күні, 5 қаңтарда мен кеш өткізу жөніндегі келісімшартты алу үшін Жастар сарайына бардым. Бірақ сарай басшылығы біз кеш өтпейтінін, оның орнына басқа іс-шара жоспарланғанын айтты. «Себебін әкімдікке қарасты мәдениет басқармасынан біл» деді. Мәдениет басқармасы бізге хатты қателесіп жолдағанын, қажет болса, хатты кері қайтара алатынын алға тартты. 

Жастар сарайы мен мәдениет басқармасы байланысып отырғанын ескерсек, бұл нақты кімнің шешімі екені белгісіз. Сарайдың уәжі негізсіз. Себебі Жастар сарайы 8 қаңтарға дейін іс-шара өткізу туралы ешкіммен келісімшартқа отырмаған. Бұл — факт.

 


Біз оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Жастар сарайына да, мәдениет басқармасына да бардық, бірақ олар бір-біріне сілтеумен ғана шектеліп отыр. Сондықтан бұл жерде қай тарап өтірік айтып отыр, қай тарап шынын айтып отыр — болжап білу мүмкін емес. Осы себепті аталған жағдайдан кейін ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болдым. Олай жасамасам, осыған дейін өнер кештерін өткізіп, халық алдында тірнектеп жинаған абыройымыз бен еңбегімізге нұқсан келер еді. 

Сафина Ақтай: Ендігі қадамдарыңыз қандай болмақ? 

Руслан Жұбаныш: Әліптің артын бағамыз. Бірінші рет бас тартқанға келістік, екінші рет ондай жағдайдың болғаны кездейсоқ емес. Ал үшінші рет кедергі болмайтынына кім кепіл? Біздің қазіргі басты міндетіміз — кешті өткізу. Олар басқа ұйыммен келісімге отырып қойса, оны желтоқсан айында бізге көрсетуге тиіс еді. Бірақ олай еткен жоқ.  

«ӨЗ КӨЛЕҢКЕСІНЕН ҚОРҚУ»

Сафина Ақтай: täuel[dı]sız арт-жобасының құрылғанына бес жыл толды. Осыған дейін мұндай мәселелерге тап болдыңыздар ма? 

Руслан Жұбаныш: Біз бес жылда Қазақстанның алты қаласында он екі перформанс өткіздік. Жалпы менің де, команда мүшелерінің де тіреп тұрған ешкімі жоқ, біз — қарапайым өнерсүйер шығармашылық топпыз. Біз жобаны әуел баста таза өз құлшынысымызбен бастадық, одан кейін халықаралық ұйымдардың, адам хақы мен құқын қадірлейтін қорлардың грантымен өмір сүріп жүрміз.

Жалпы бес жылда сахнаны жалға алу болсын, дайындық процестері болсын — ешқайсы оңайға соққан жоқ. Біздің төл шаңырағымыз, яғни арт-кеңістігіміз жоқ, сондықтан қажетімізше дайындық жасап, емін-еркін тұра алмаймыз. Кейде тіпті дайындықтарды университеттердің жер төлесінде өткізген кезіміз болды, көбіне мектептің акт залында жасаймыз. Алайда оның бәрі түйіні тез шешілетін шаруа еместігі айқын, мектеп директорымен, залға жауапты әкімшілермен келісімге келе білу керек. 

Оның үстіне уақытында дайындық жасап үлгеруің керек, себебі мектептің өз ережесі бар. Ал өнер ережеге бағынбайды. Залды жалға алу мәселесі тағы бар. Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларда құны кемі 1 миллион теңге тұрады. Кештен түскен қаржының бәрін өнер көрсетуге жұмсадық. Бұл арт-жобадан осы уақыт аралығын есепке алсақ, бір тиын пайда тапқан жоқпыз, түскен табысты толықтай келесі кешті өткізуге жұмсадық, тіпті өнерпаздар қаламақы да алмайды. Сондықтан әзірге дейін біз көрермендер мен сол бізді қолдаған қор, халықаралық ұйымдардың арқасында күн кешіп келе жатырмыз. 

Бізде, өкінішке қарай, тәуелсіз, еркін өнер жасау әрдайым оңайға соға бермейді, себебі кедергілер шаш етектен. Бұл — жергілікті билік деңгейде отырған адамдардың өз көлеңкесінен қорқуы, яғни ішкі цензурасының басымдығы. Өнерден қорқу — диагноз. 

Қарапайым жастардың сахнаға шығып, тарихи оқиғаларды ой елегінен өткізіп, өнер формасында халыққа жеткізуінен қорықсаң, одан үрей көрсең, бұл — дерттің асқынғаны. Оны қазір дер кезінде емдемесек, ертең тым кеш болуы мүмкін. Бірақ ол дерт асқынып кетті ме деп қорқамын. Кешімізде өлеңі оқылған ақынның бірі Жұлдыз Молдағалидің: 

«Бағалылар қалды астында табанның,
Өмір жайлы айтайықшы, қап, әлгі
Қазақстанда тұрады ғой демесең,
Мен негізі өте еркін адаммын» деген өлең жолдары осы сұрақтың таптырмас жауабы дер едім.  

Сафина Ақтай: täuel[dı]sız кімнен тәуелсіз? Кімнен тәуелсіз болуға тырысады? 

Руслан Жұбаныш: Жоба 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, Астананың атауы ауысқан тұста бастау алды. Өзім мектеп жасынан поэзияға әуес болғандықтан, қазақ поэзиясының әлемдік тақырыптарға дейін қамти алатын әлеуетін жақсы сезініп өстім. 2019 жылы Астананың атауы ауысқанда алғашқы кешімізде: «Баспанасыз босып жүрген кезімде, астанасыз қаларымды білген кім?» деген өлең жолдарын оқыдық. Жалпы тәуелсіз, тәуелсіздік деген сөздерді өте жиі айтамыз ғой. Мектеп жасынан бері «тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын», «тәуелсіздігімізге мұқият болайық, оны қорғайық, аялайық, қадірлейік» дегенді жиі естіп келеміз. 

Негізі біздің жобаның толық атауы «täuelsız» емес – «täuel[dı]sız». Яғни, шаршы жақшаның ішінде тұратын «ді» жұрнағы бар. Ол атаудың өзіндік мәні бар. Менің түсінігімде адам абсолют тәуелсіз бола алмайды. Кез келген адамның бір тәуелді тұсы болады. 

Сондықтан біз оның мәнін кештен кейін үнемі көрерменнің еншісіне қалдырдық. Көрермен тәуелді ме, әлде тәуелсіз бе? Ал мен өнер тәуелсіз әрі еркін болуға тиіс деп санаймын. Нақты өнердің ғана формасына салып осы сөзді анықтайтын болсақ, онда біз өнерде тәуелсіз топпыз деп кесіп айта аламын. Өйткені осы уақыт аралығында қандай дүние алдымыздан кезіксе де, тайсалған емеспіз. 

«ӨНЕР ЕРКІН, ШЕКСІЗ, ТӘУЕЛСІЗ»

Сафина Ақтай: Қандай тақырыптарды өзек етіп алдыңыздар? Тақырыптар нені негізге ала отырып таңдалды? 

Руслан Жұбаныш: Біз көпшілік назарына ұсынған он екі перформанстың төртеуі мына заманауи өнер кештеріне негізделді. Алғашқы кешіміз — «Тәуелсіз», одан кейін «Бетперде», сосын «Хикая», соңғы кешіміз «Жерге табын адам енді» деп аталды. Төрт кештің қоғамға өзіндік ой салар мәні болды. 

Мысалы, «Бетперде» кешінде постковидтік бетперде киген кезең, індеттен шыққан қоғамның ахуалы сөз болды. «Хикая» өзіміз күнделікті әлеуметтік желіде салатын стористер, біз оны қазақша «хикая» деп аудардық. Қазір «хикая» сөзі қазақ тілді телеграмда ресми бекітілді. Біз ол сөздің кең насихатталуына ат салыстық деп санаймын және оны мақтан тұтамын. Ол кеште біз хикаяларда өтіп жатқан өмірді саралаған едік. Қаңтар оқиғасы, Украинадағы соғыс, күнделікті өмірдегі күйбең тірлік — бәрін хикаядан бақылап отыратын жандарға айналдық. Перформанстың негізгі өзегі де осында. 

«Жерге табын адам енді» атты кешіміздің атауы түсінікті шығар. Сонау 1961 жылы Гагарин алғаш ғарышты бағындырған тұста ақын Олжас Сүлейменов «Адамға табын жер енді» атты атақты поэмасын жазды. Біз араға талай уақыт салып, бұл сөздің мағынасын қайта қарадық. Өйткені аштық жайлаған, атом улаған даланың, су тасқыны сияқты апаттардың куәгері тек адам емес, Жер Ана да оған куә. Сондықтан Жер Ананың жай-күйіне назар аударатын уақыт келді. 

Менің ойымша, өнердің құдіреті, атқаратын функциясы — болашақты болжай білуінде. Өйткені ол қоғамда болып жатқан өзекті және болуы мүмкін өзекті дүниелерді алдын ала көрегендікпен көре білуге тиіс. Сондықтан біз қазір әлемде ең үлкен мәселелердің бірі — климат өзгерісін қаузай отырып, осылайша өзімізше үн қатқымыз келді.  

Сафина Ақтай: Сценарий жазуда, тақырыптар таңдауда қаншалықты тәуелсізсіздер? Елдегі саяси жағдайды ескеріп, іштей шектеу бола ма? 

Руслан Жұбаныш: Біз өзімізді ешқашан шектеген емеспіз. «Мына тақырыпты көтерсек қалай болар екен?» сынды сұрақтарға тап болып көрген жоқпыз. Біздің түсінігімізде өнер еркін, шексіз, тәуелсіз. Өнерде өзімізге тұсау салсақ, ол — тоқырау, құлдырау. 

Тақырыптарды таңдағанда елдегі, әлемдегі ахуалға мән береміз, ол тек саясат қана емес, экология, гендер, отарсыздану сияқты да тақырыптарды қамтиды. Қозғайтын тақырыпты қоғамның тамырын басып отырып таңдаймыз.

Сафина Ақтай: Сіздер жобаны сахналау барысында аштық, полигон тартқызған зардап, Қаңтар оқиғасы, Қазақстан өңірлерінде болған су тасқыны сынды өзекті мәселелерді көтересіздер. Бұл мәселелерді көтергеннен кейін немесе жобаның ықпалымен қоғамда әлдеқандай өзгерістер болды ма? Астанадағы шараны қорытынды кеш деген екенсіз. Жобаның тоқтауына белгілі бір жанама себептер бар ма?

Руслан Жұбаныш: Біздің кештен кейін қоғамда үлкен өзгерістер болды ма, болмады ма — нақты айта алмаймын. Оны саралау өте қиын, өйткені ол — көзге көрінбейтін көрсеткіш. Мен бар жауапкершілікті бір ұйымға, я болмаса театрға артып қоюдан аулақпын. «Сендер бір тақырыпты талай жыл көтеріп жүрсіңдер, ал не тындырдыңдар?» дегенге саятын жалаң нарратив бар. Алайда әркім өз хал-қадірінше, өз деңгейінде көтергені абзал деп білемін. 

Өнер — үлкен терапия. Мысалы, қордаланған мәселелер айтылмай, еңсерілмей, сахналанбай ішімізде қала берсе, ол үлкен жараға, күйікке айналады. Біз онсыз да зардабы аз болмаған аштықты, атомды көрген қоғамбыз. Сол дүниелер ең болмаса сахнаның буымен, өнердің күшімен сыртқа шығуы керек қой. Бізге кешке келген жандардың көз жасына ерік беріп, шер тартқатқанын талай көргенмін. Сондықтан өнер жобасы ретінде біздің басты қаруымыз да әсер ете білу болса керек. Осы орайда айтайын, бұл жоба алда жалғасады. 

«ҚАЙРАТ НҰРТАС ЕМЕСПІЗ»

Сафина Ақтай: Қазір täuel[dı]sız сияқты Қазақстанда өзекті мәселелерді көтеретін, өзіңіз айтқандай мейлінше ойлы өнер көрсетуге тырысатын арт-жобалар туралы не айтасыз? Ондай жобалар жоқтың қасы десеңіз, оған не себеп деп ойлайсыз?

Руслан Жұбаныш: Жалпы ондай жобалар жоқтың-қасы деп айта алмаймын, алайда дәл біздің жобаның баламасы жоқ. Біздің басты ерекшелігіміз — поэзиямен коллаборация. 

Десе де тек сахнада ғана емес, сурет, жазушылық, би, ән-күй өнерін танытатын түрлі форматтағы жобалар баршылық қой. Ол өнер түрлеріне өсіп-өркендеу үшін бағыт-бағдары мен мазмұнын анықтайын қолдау керек. Сондықтан өз жобаңа, өз күшіңе, өзің атқарып жатқан ісіңе сенімді болсаң, соңына дейін барып, таудай талап пен төзім танытудың маңызы зор.

Сафина Ақтай: Бір сөзіңізде сахналық қойылымдарға жастарды кастиң арқылы іріктейтініңізді айттыңыз. Өнерпаз жастарға қаламақы төлене ме? Әлде олар өз еркімен еш қаражат алмай өнер көрсете ме? 

Руслан Жұбаныш: Жобаға жастар, жалпы өнерпаздар жыл сайын кастинг арқылы іріктеледі. Бізді көбі театрмен шатастырып жатады, бірақ біз — театр емеспіз, экспериментал арт-жобамыз. 

Ерекшелігіміз де сол — бізде қатып қалған ереже жоқ, эксперимент жасаудан қорықпаймыз және жобаның жыл сайын құрамы өзгеріп отырады. Жаңа құраммен жаңа тыныс ашылады. Жоба коммерциялық мақсатты көздемейді. 

Былтыр аймақтарда өнер көрсеттік, соның өзі біз үшін айтулы жетістік. Алғашқы Астанадағы кешіміз тегін өткен, одан кейін билет мың теңге болды, бүгінде бағасын бес мың теңге деп белгіледік. Мұның өзі — бізге зор прогресс. Мұның бәрі бір сәтте жасалмайды. Кейде командаға әзілдеп «Біз Қайрат Нұртас емеспіз» деп қоямын. 

Шынында, интеллектуал өнердің расында аяғын алшаң басып, бірден лап етіп жануы өте сирек құбылыс. Арамызда өнерге қатысы жоқ, алайда өнерге ерекше құштар биолог, химик жастар бар. Біздің басты мақсатымыз — талантты жастарға сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік жасау. 

Мысалы, олар осыған дейін алты қаладағы ең үлкен жетекші залдарда дүйім жұрттың алдында өнер көрсетті. Жоба мүшелерінің бірі, Қытайдан көшіп келген қандасымыз Нұрзат Мұтиханқызы «Бұл жоба менің арманымды орындады» деп жиі айтады. Ол кісі бала кезінен сахнада өнер көрсетуді армандаған. Армандардың бәрі, өкінішке қарай, орындала бермейді ғой. Сондықтан жоба кішкентай армандардың орындалуына үлкен сахнада мүмкіндік беріп жүргені қуантады.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Четверо в лодке, не считая собаки: как «Поток» стал главным фаворитом Оскара
Культура
#кино
Четверо в лодке, не считая собаки: как «Поток» стал главным фаворитом Оскара
Искусство Алматы: что посмотреть в феврале
Город
#события
Искусство Алматы: что посмотреть в феврале
«Eusexua» от FKA Twigs: будущее поп-музыки теперь в Y2K, и это нормально
Культура
#музыка
«Eusexua» от FKA Twigs: будущее поп-музыки теперь в Y2K, и это нормально
Что происходит с «Домом на Барибаева, 36»?
Город
Что происходит с «Домом на Барибаева, 36»?
KazakhYuvelir отметили международный день ювелира
Город
#события
KazakhYuvelir отметили международный день ювелира