Қазақ жастарының той туралы толғамы

Жаз — тойдың маусымы. Бұған күмәніңіз болса, #ҚазақтыңТойыБітпесін деген хештэгке өтіңіз — әп-сәтте-ақ биыл елдің әр бұрышында болған мыңдаған тойдан сурет пен видео менмұндалап шыға келеді. Жастар той туралы не ойлайды? Үлкендер тойды кім үшін жасайды? Авторымыз Әлима Әмірәлина осы сұраққа жауап іздеді.

Автордан

Америкалық Petrelli Previtera отбасылық заң компаниясының дерегінше, Қазақстанда жастардың 82,5 пайызы шаңырақ көтеріп, балалы болуды армандайды. Үйленуді жоспарлаған жастар арасында той тақырыбын айналып өтетіндер аз.

Стереотип бойынша, тойды армандайтын бойжеткендер. Бала кезден қыз балаға қонақсың деп, жақсы келін болуға тәрбиелейтін патриархал қоғамда сыңсу айтып ұзатылуды, ақ көйлек киген қалыңдық болуды армандайтындардың көп болуы, әрине, заңды. Бірақ, маған сұхбат берген түрлі отбасынан шыққан қыздардың әңгімесіне қарап, кейінгі жылдары бойжеткендердің той туралы ойы біршама өзгергенін байқадым.

Той екі жастың еркіндегі мәселе болуға тиіс еді. Алайда жастар қоғамның (ата-ананың, туыстардың) ықпалымен дәстүрді сақтауға тырысады. Айналаң консерватив болған сайын, артылатын міндет те соғұрлым ауыр. Той жасамаймын деген қаншама досыңыз ақырында шақыру жібергенін еске түсіріп көріңізші.

Осы мақаланы жазу кезінде отбасын құрған бірнеше замандасыммен сөйлесіп, олардың той туралы ойын сұрадым. Жауаптары төменде. Материал соңына қарай кейінгі жылдары қазақтың тойы қалай өзгергенін зерттеп жүрген атрополог Динара Әбділданың сұхбаты бар.

Алтынай, 26 жаста. Тараз қаласынан

Шынымды айтсам, тойым болса деп ешқашан армандаған емеспін. Жігітім әсерлі етіп сөз салса ғой дейтінмін, бірақ той жасағым келмеді. Бұған тойдың ақталмайтын артық шығындары мен маңызды күнде танымайтын туыстардың қаптап кетуі сияқты бірнеше себеп бар. Бала кезімнен той деген нәрсе ұнаған емес. Қонақтардың қалыңдықтың көйлегін, жұрттың киімі мен дастарханды әңгіме ететіні ерсі көрінетін. Тамадалардың әр жолы қыздарға: «Сен енді келінсің, отбасыңа енді бөтен адамсың. Жаңа әулетке бақытты болам деп емес, бақытты етем деп бар» деген сөзінен жүрегім айнитын.

Менің де, жігітімнің де той жасағымыз келмейді. Eкеуіміз де жұмыс істеп, өз күнін өзі көріп жүрген адамдармыз. Тойға кететін ақшаны үйдің алғашқы жарнасына немесе саяхатқа жұмсағымыз келеді. Бірақ ата-анамыз той болуы керек деп, солардың «ұят боладысы» жеңді.

Мен жақ та, жігітім жақ та тойға кемінде 4-5 миллион теңге жұмсағалы отырмыз. Сол ақшаның ақталарына сенбеймін. Өзім пәтеріме деп, бірнеше жылдан бері ақша жинап жүргенмін. Біршама сома жиналып қалды. Тірнектеп жинаған қорымның тойға кететініне ішім ашып жүр.

Ата-анам жыл сайын ағайын-туыстың тойына барып, тойана беріп келді. Енді солардан қайтар деп күтіп отыр. Бір досым «Бұл деген нағыз схема ғой» деп әзілдеп еді. Шынымен солай. Тойға келейін деп жатқан туыстарымның біразын танымаймын да. Бар күшіміз соларды қарсы алып, солардың тілегін тыңдап тұруға кететін сияқты.

Ата-анамыздың қысымы болмаса, той істемек едік. Достарымызбен шағын отырыс жасап, естелік ретінде суретке түсіп, шетелге кетер едік. Амал жоқ.

Айбек, 28 жаста. Шымкент қаласынан

Үйдің тұңғышы ағам үйленбей, жолын маған берді. Тойымыз пандемия қызып тұрған шақта өтті. Күнара бір адам ковидтен көз жұмыпты деген хабар тарап жатқан. Бірақ әке-шешем оған қарамады. Біздің үйдің алғашқы тойы деп, тыйым салынса да жүздеген адамға той берді. Сендер не дейсіңдер деп бізден ешкім сұраған жоқ. Алғашқыда қойыңыздар, ұят болады ғой дегеніммен, бір қарасам, шақыруларды толтырып отыр екем.

Тойға ақшаны үйдегі бәріміз таптық. Азын-аулақ жинаған ақшамды бердім, әжем гәптен жиналған ақшасын берді, анам еңбек демалысынан түскен ақшаны қосты, ағам көлігін сатты. Бәрібір жеткен жоқ. Беташарды бөлек, үлкен тойды бөлек, құдалықты бөлек өткізді. Үйдегілер сұрап қалса, жоқ деп қалмайын деп, 1 миллион теңге кредит алдым. Өмірдегі ең үлкен қатем сол болған шығар.

Үйленгенімізге үш жыл өтсе де, әлгі кредиттен соң өзім түсіп қалған қарыз қақпанынан әлі күнге дейін шыға алмай келемін. Қаржылық сауатсыз адам болсаң, той оңбай жығылатын жерің.

Тойдың қалай өткені келіншегім екеуіміздің есімізде жоқ. Сол күнді ойласам, көз алдымда аласапыран боп жатады. Келіншегім асығыс шашын істетті, тойхана асығыс барып, тығылып кірдік, асығыс тост айтқызды, асығыс биледік, асығыс тамақ іштік, асығыс вальс биледік, асығыс суретке түсіп, асығыс үйге қайттық. Бірақ үйдегілерге той ұнады.

Үй іші той істейміз деп шешкендерге айтарым арпалысып әуре болмаңдар. Олардың шешімін бәрібір өзгерте алмайсыңдар. Шақыратын адамдарын бәрібір шақырады. Сондықтан бекерге дауласып, артық бас қатырудың қажеті жоқ. Тілек айтқанда орныңнан тұр, қасыңа келген адамдармен күліп амандас. Болды. Той екі жастың естелік жинайтын күні емес, ата-анасының алдындағы міндеті ғана. Бастысы жат жерге келіп, онсыз да қобылжып жүрген қалыңдығыңа барынша жағдай жасап, соның көңіл-күйі көтеріңкі болғанын қадағала.

Дана, 27 жаста. Алматы қаласынан

Той жасауды армандайтынмын. Қызбын ғой. Ақ көйлек киіп, бір күн ханшайым болғым келетін. 25 жасқа дейін ақ көйлек киюді армандадым. Өзіме тілек картасын жасап, бірінші кезекте ақ көйлектің суретін жапсырып едім.

Бірақ 25 жастан асқан соң тойды кім үшін жасаймыз, оған қанша ақша кетеді деген сұрақ пайда болады екен. Сөйтіп оның қып-қызыл шығын екенін, той туралы ойымның бәрі жас баланың қиялы екенін түсіндім.

Оның үстіне жігітім отбасының тұңғышы болғандықтан, ата-анасы міндетті түрде той істейтін болды. Ал өзім үйде жалғыз қызбын. Ата-анам жалғыз қызын дұрыстап ұзатпай ма дейтін ел-жұрттың сөзінен қысылды. Сонымен екі жақта да той болатынын түсіндік. Бастапқыда тойдың не керегі бар, шағын отырыс жасай салмаймыз ба деп жүрген жігітімнің де, менің де ойым өзгерді. Кезінде ақ көйлек киіп, ханшайым болғысы келген ішімдегі кішкентай қыз да оянып кеткен сияқты.

Той үшін кредит алу дегенді естімеген екенмін. Ата-анам алса, алған да шығар. Біздің әулетте бір дәстүр бар. Біреу той жасаса, бәрі сол отбасына жүз-екі жүз мыңнан ақша жинап, шығынның бір бөлігін бірігіп жауып тастайды.

Той бойынша барлық шешімді анам мен әкем қабылдады. Анам дәстүр бойынша үлкендермен де ақылдасқан. Мен процеске мүлдем араласпадым. Өзім де анама бәрін қалағаныңыздай істей беріңіз дедім. Себебі ұзатуым маған емес, ата-анамның абыройы үшін жасалатынын түсіндім. Бұл той солардың мерекесі, намыс мен мәртебесінің көрінісі.

Бай болсаңыз, достарыңыз да қалталы адамдар болуы мүмкін. Мұндайда тойдың шығыны тойанамен ақталады. Бірақ біздегідей қарапайым отбасылардың тойы өзін-өзі жабуы сирек. Негізі тойдың орнына екі жасқа пәтер, көлік не басқа құнды дүние сатып әперсе, жақсы болар еді. Ертең балам тойдың керегі жоқ десе, оның орнына қуана-қуана қалаған нәрсесін алып берер едім.

Асхат, 30 жаста. Павлодар қаласынан

О бастан той өткізгім келген жоқ. Келіншегім де қаламады. Тек жақындарымызбен жиналып, отырып қайтайық деген ой болды. Бірақ ақырында анам тойға көндірді. Үйлену тойымды қатты көргісі келіпті. Жарайды, бірақ бәрін өзіңіз ұйымдастырасыз дедім.

Той Павлодарда өтті. Ол кезде мен Алматыда тұратынмын. Анам бәрін өзі істеді. Несие алды ма, жоқ па білмеймін. Ештеңеге араласпадым. Анама біз тойдың қарсаңында келеміз деп ескертіп қойдым.

Ажырасып кетсем де, той болғанына өкінбеймін. Қызық өтті, жақсы естелік боп қалды. Бірақ өзім енді той жасамаспын. Шынымды айтсам, үйленгім де келмейді. Мұның бәрі артық бюрократия сияқты.

Динара Әбділда, антрополог

Зерттеуіме сүйенсем, жастардың көбі той жасағысы келмейді. Алайда бұл жерде шешім ақша төлейтін адамда болғандықтан, ата-ананың қалауы басым болып кетеді. Дегенмен жастарды қолдайтын ата-аналар да жоқ емес. Оған қарамастан, араласатын ортасы қысым көрсететіндіктен қалыптасқан дәстүр бойынша жасауға мәжбүрлі.

Қазіргі тенденция той жасамай-ақ, некелесе салу. Бірақ екі жақтың да туыстары мұндайға келісе бермейді. Үйлену қоғамдық рәсім. Оған туыстар куә болуы керек. Көбі үйленгенге куә болғанын қалайды. Бізде келін институты бар. Қызға барған жерінде дұрыс көңіл бөлуі үшін жағдайыңды көрсетуің керек. Мұны той арқылы жеткізеді. Сонда ахуалыңды біледі, туыстарыңды көреді. «Отбасымыздың мүшесіне дұрыс қараңыздар» дегенді ашық айтпай, осындай іс-әрекетпен жеткізеді.

Бүгінгі тойға қарап, қазақтардың өмірінде болып жатқан өзгерістерді байқауға болады. Мысалы, қыз жасауы өткен ғасырдың стандарттарына сай қалып қоймай, қазіргі нарық заңдылықтары мен трендтеріне қарай бейімделіп келеді. Жәй ғана құрақ құрап, жасау жинайтындай әйелдердің қазір бос уақыты болмағанымен қатар, бұл іс түрін барлық ұрпақ жалғастырмайды.

Қазір құрақ құрап, көрпе жасаудың өзі бизнес түріне айналған. Жасаудың қазіргі күндегі бір функциясы – қыздың шыққан отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын (символдық тұрғыда) өз таныс-туыстарына паш етумен қатар, болашақ қайын жұртының алдында ауқатты, сыйлы екендігін көрсету. Көптеген жаңа дәстүрді нағыз қазақтікі деген идеямен, өз қызметін сатуға тырысатын бизнес иелері ойлап табады. Мысалы, тұсаукесердегі зат таңдауды асабалар енгізген.

Қоғамда индивидуализм артып, туыстық қарым-қатынастар әлсірегенде қазіргі көп кісілік той түрі азаяды. Той үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Аз аздан жаңа элементтер қосылады. Алайда тойдың қазіргі сипаты таяу арада түбегейлі өзгереді деп айта алмаймын.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Стиль
#мода
Как прошёл IV сезон Visa Fashion Week Tashkent
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
Культура
#кино
Фильм казахстанской режиссёрки вошёл в шорт-лист кинопремии Alternativa Film Awards
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
Ликбез
КАК РАЗОБРАТЬСЯ В КАЗАХСТАНСКОМ ФУТБОЛЕ?
«Время жить»: эмоциональные качели  с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
Культура
#кино
«Время жить»: эмоциональные качели с Флоренс Пью и Эндрю Гарфилдом
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски
Культура
#кино
«Жезтырнақ» — elevated horror по-казахски