«Қызды ұлдан кем көрмеңдер!» «Айқап» әйелдер туралы не жазды?

«Айқап» журналы XX ғасырдың басында қазақ интеллектуалдарына елдегі мәселелер жөнінде үндеу жасайтын мінбер болды. Журнал екпін қойған тақырыптың бірі — қазақ әйелдерінің құқығы, бостандығы мен теңдік мәселесі еді. «Айқаптың» әр бес нөмірінің кем дегенде екеуінде әйелдер құқығы туралы айтылатын. ’98mag авторы Оразай Қыдырбаев аңызға айналған журналдың әйел хақысы жөнінде не жазғанын шолып шықты.

Қазақтан шыққан алғашқы журналист әйел

«Қымбатты аталар! Біз дағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Ер балаларыңыз қанша жақсы, білімді, үлгілі болса, соншама сіздерге абыйыр емес пе?! Сол сияқты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тəрбиелі болсақ, сіздерге абыйырлы болмас па едік? Шариғат бұйрығынша ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп тəрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп тəрбие қылмасын деген шариғат бар ма?»  

Бұл — қазақтан шыққан алғашқы әйел журналистердің бірі Сақыпжамал Тілеубайқызының 1911 жылы «Айқап» журналының 7-нөмірінде шыққан «Қазақ қыздарының аталарына» мақаласынан үзінді. Автор қазақ отбасылары қыз баланы ұлдан кем көретінін, ұлдарын оқытып, қыздарын сабаққа жібермейтінін сынаған.

«Қыздарымыз оқыса бұзылады дейсіз де, біздерді оқудан махұрым қалдырасыз. Бұрынғы ғаялдардың бұзылғандары оқығаннан бұзылған ба екен? Мұны ғақылыңызға салып неге қарамайсыз? Адамды оқу бұза ма екен?» дейді Сақыпжамал Тілеубайқызы. Автор осы мақаласында қыздарды ерте тұрмысқа беру мәселесін де көтереді.

«13-14-тегі қыздарыңызды малға қызығып елу-алпыстағы шалдарға шырылдатып, қолынан ұстап бересіз, көз жасына қарамай. Осыларыңыз жөн бе? Алпыстағы шал 13-14-тегі қызға тең бола ма? Тең болатұғын болса, 13-14-тегі ер балаларыңызға 50-60-тағы кемпірлерді неге алып бермейсіздер?» дейді Тілеубайқызы. Ол қазақ қыздарының білім алуға мүмкіндігі болмай, соның салдарынан өз құқығын қорғай алмай жатқанын айтады. Ал қазақтың оқыған ер азаматтары бұл тақырыпта бір ауыз сөз айтпайтынына налиды. 

Сақыпжамал Тілеубайқызы мақаласын «Айқап» журналына əркім мұңын жазып жатқан соң мен дағы басымыздағы кеңесті қозғап жаздым, журналға басылар деп үміт етемін. Егер басылмаса, журнал ерлер үшін шығарылған екен де, ғаялдар үшін шығарылмаған екен деймін де, бақытымның жоқтығынан көріп қала беремін» деп аяқтайды. 

Бірақ «Айқап» редакциясы автордың мақаласын басып шығарады. Бұл ғана емес, кейін жазған тағы бірнеше мақаласын, басқа да авторлардың әйелдер құқығы туралы жазбаларын үзбей жариялап тұрды. 

«Айқаптың» еленбей қалған тұсы

Ақын, публицист Мұхамеджан Сералиннің жетекшілігімен шыққан «Айқап» журналы XX ғасырдың басында қазақ интеллектуалдарына толғандырған мәселелер бойынша үндеу жасайтын мінбер қызметін атқарды. 

1911 жылғы 10 қаңтарда алғашқы нөмірі жарық көріп, 1915 жылдың қыркүйегіне дейін жұмысын жалғастырған журнал сол кезеңдегі қазақ қоғамына маңызды тақырыптарды көтерді. Журнал үнемі назарда ұстаған мәселелердің бірі — қазақ қоғамындағы әйелдердің мүшкіл жағдайы еді.

Жалпы саны 88 нөмірі жарық көрген «Айқаптың» материалдарын әдебиеттанушы, профессор Бейсенбай Кенжебаев тақырып және мазмұн жағынан тоғыз топқа бөліп қарастырады. Зерттеуші олардың қатарына саяси-әлеуметтік мақалалар, әдеби шығармалар, білім беру ісі, дәрігерлік пен агротехникалық кеңестер, ғылым табыстары, тіл-емле мәселелерін және кітап рецензияларын жатқызған. Кенжебаевтың айтуынша, «Айқап» журналы екпін қойған тоғыз негізгі тақырыптың бірі — қазақ әйелдерінің жайы, бостандық, теңдік мәселесі. Журнал әр бес нөмірінің кем дегенде екеуінде осы тақырыпты қозғаған.

Бұған дейін тарихшылар мен әдебиеттанушылар «Айқапта» жарық көрген материалдарды саяси және әдеби қырынан ғана қарастырып келді де, журналдағы әйел құқығы, гендерлік теңдік тақырыбындағы материалдар елеусіз қалып қойды. Мұның себебі — біз өткен ғасырдың басындағы қазақ зиялыларын тек саяси қайраткер немесе әдеби тұлға ретінде танып жаттық. Ал олардың феминист идеяларға қолдау білдіргені әлі күнге дейін көпшілікке беймәлім.

Салт-дәстүрге сын

«Айқаптың» авторлары, яғни сол замандағы қазақ зиялылары журнал жарияланған сәттен бастап публицистік мақала, хат-хабар, әңгіме мен поэзия, тіпті жұмбақ сияқты түрлі жанрды пайдалана отырып әйелдер мәселесін көтерген. Мысалы, журналдың 1914 жылғы 24-шығарылымында арғымақ пен есек, аққу мен жапалақ, көгершін мен қаратағанды қосақтап суреттейтін жұмбақтар арқылы қазақ әйелдерінің халін, теңіне қосыла алмайтынын бейнеледі. 

Автор Сейтқали Жолаушин 1911 жылғы 10-шығарылымдағы «Бұрынғы ғаріп һәм қазіргі хал» мақаласында қазақ елінің артта қалуы себебін әйелдерде «право» болмауынан көреді. 1912 жылғы 12-нөмірде автор Әкірәм Ғалимовтың «Бейшара қыз» әңгімесі берілген. Бұл шығармада әдет-ғұрыптың құрбаны болған қыздың өлімі суреттеледі. Журналда осы сарындағы мақалалар мен әңгімелер жиі ұшырасады. 

«Айқапта» жарияланған мақалалардың библиографиялық тізімін жасаған зерттеуші Үшкілтай Субханбердина (фото 1) журналда әйел құқығын көтерген 36 материалды атап көрсетеді. Олар көп әйел алу, қызды қалыңмалға сату, алып қашу, жаңа туған баланы айттыру, әмеңгерлік сияқты әдет-ғұрыптарды сынға алады, қыздардың бас бостандығы мен білім алу құқығын шектемеуге шақырады.

«Айқап» журналы оқырманға үміт сыйлап, шабыттандырып, мәселеге шешім ұсынатын материалдарды да беріп отырған. Мәселен 1913 жылғы 16-нөмірде Орынбор гимназиясын бітірген Аққағаз Досжанқызы Мәскеудегі (фото 2) жоғары оқу орнына түскенін сүйіншілей хабарлайды. Ал 13-нөмірде «Оқыған ноғай қыздары» деген атаумен берілген мақала татар әйелдерінің бала оқыту ісін қазаққа үлгі етеді. Журналдың әр жылғы сандарында ел ішіндегі қыз балаларға білім беру ісі ауық-ауық хабарланып отырған. 

Әйел авторы көп журнал

Журнал шығарушылары түгел дерлік ер адамдардан құралғанына қарамастан, олардың әйел теңдігі тақырыбына асқан сезімталдықпен қарағаны — қазіргі қазақ басылымдарына зор үлгі. Дегенмен әйелдер проблемасын әйелдердің өзінен артық ешкім жаза алмайды. 

Осы тұста «Айқап» журналы әйел авторларға сөз беріп, ішіндегі мұңын жеткізуге мүмкіндік ашқан алғашқы қазақ басылымы болғанын атап өткен жөн. Журналда тілші-журналист ретінде қызмет атқарған Сақыпжамал Тілеубайқызы, Мәриям Сейдалина, Күләйім Өтегенқызы сол кездегі әйелдер мен балалардың мәселесін жиі көтерді.

Мәриям Сейдалина

«Айқап» журналы мемлекеттен бір тиын көмек алмай, толықтай жеке тұлғалардың қаражатына басылып шыққан. Қаржының аздығына байланысты журналдың көлемі де, ондағы тақырыптар да шағын болды. Осыны ескерсек, журналдағы 36 материалдың әйелдер тақырыбына арналғаны басылымның әйелдер мәселесіне аз көңіл бөлмегенін білдіреді.

Түйін

«Айқапта» жарияланған мақалалар журнал сол заманғы ғана емес, қазіргі өлшем бойынша да өте прогрессив басылым болғанын көрсетеді. 

Әрине, журналдағы кейбір ой-пікір қазіргі сәтте сынға ұшырауы мүмкін. Мысалы, бірнеше мақалада автор қыздар ұлдармен құқығы тең жеке тұлға болғаны үшін емес, болашақ ана болғаны үшін білім алуы керек екенін айтқан. 

«Айқап» журналы Ресей империясының отаршыл саясатын айыптаумен қатар, қазақтың ескірген әдет-ғұрпын да өткір сынады. Бүгінде ғылыми талқылауларда жиі айтылып жүрген сөз тіркесімен айтсақ, «Айқаптың» авторлары нағыз деколониал дискурс өндірді. 

Бұл журнал феминист идеялар қазақ қоғамына соншалықты жат емес екенін, гендерлік теңдік ұстанымы кейбіреулер айтып жүргендей батыстан келмегенін, керісінше өз ішімізден шыққанын анық көрсетеді.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Любовь как стихия природы: как Малика Мухамеджан разрушает каноны мелодрам
Культура
#кино
Любовь как стихия природы: как Малика Мухамеджан разрушает каноны мелодрам
Яндекс Музыка запустила шоу на YouTube с казахстанскими артистами
Культура
#музыка
Яндекс Музыка запустила шоу на YouTube с казахстанскими артистами
Краткий гайд по казахстанской литературе: тренды, сообщества и интернет
Ликбез
#общество
Краткий гайд по казахстанской литературе: тренды, сообщества и интернет
Почему мюзиклы важны и как они помогают видеть романтику в рутине
Культура
#кино
Почему мюзиклы важны и как они помогают видеть романтику в рутине
Gorilla Style Wars возвращается с ярким финалом и звёздными гостями
Город
#события
Gorilla Style Wars возвращается с ярким финалом и звёздными гостями