Қазақстандық Steppe&World баспа үйі мен АҚШ Дипломатиялық миссиясы америкалық автор Рейчел Луиз Снайдердің «Сырты бүтін» («No Visible Bruises») кітабын қазақ тілінде басып шығарды. Әлемде талай жүлдеге ие болған бестселлер үйдегі зорлық-зомбылықтың шындығын бүкпесіз айтып, көзден таса қалған хикаяларды баяндайды. Заңгер, фембике Айгерім Құсайынқызы ʼ98mag журналының өтінішімен кітапты оқып шығып, бұл еңбек қазақ оқырманына неге маңызды екенін талдап шықты.
«Сырты бүтін» — заманауи әдебиетте үйінде де, қоғамда да зорлық-зомбылық көретін әйелдердің тағдырын жаңа қырынан талдаған маңызды кітап. Автор Рейчел Луиз Снайдер әйел өміріндегі мәселелерді ауқымды әрі жүйелі түрде зерттеген. Ол жеке тағдырлар арқылы мәдени және әлеуметтік кедергілерді әшкерелеп, қоғамның құрылымдық мәселелері мен заңнаманың әлсіздігін жазып, олар бастан кешкен азапты тұтас қоғамның дерті ретінде көрсетеді.
Мазмұны
Рейчел Луиз Снайдердің «Сырты бүтін» еңбегі — үйдегі зорлық-зомбылық туралы стереотиптер мен қате түсініктерді тереңірек талдайтын бірегей еңбек. Бұл деректер мен статистиканы ғана емес, зорлық-зомбылыққа қатысты заңдар мен құқықтық жүйелердің шектеулерін де ашып көрсететін шынайы зерттеу. Автордың шеберлігі мәселені нақты адамдардың өмірі мен олардың күресі арқылы жеткізуінде жатыр. Автор оқырманды осы тақырыптың шынайылығымен таныстыру үшін жеке оқиғалар, статистикалық мәліметтер және зерттеулер арқылы мәселеге жан-жақты көзқарас ұсынады.
Рейчел Снайдер үйдегі зорлық-зомбылықтың жасырын, бірақ барлық жерде болатын құбылыс екенін аша отырып, құрбандардың үнін, сезімін оқырманға аса ауыр салмақ салмай баяндаған. Автор бұл тақырыпқа статистикалық деректермен, өмірдегі оқиғалармен және зорлық-зомбылықтың құрбандары мен қылмыскерлерінің жеке әңгімелері арқылы үңіледі.
Кітап оқырманды ақпаратпен таныстырып қоймай, белсенді әрекет жасауға итермелейді. Ол зорлық-зомбылық құрбандарымен және зорлықшыл адамдармен сөйлесе отырып, олардың жан дүниесіне үңіледі. Кітапта келтірілген шынайы оқиғалар адамды бей-жай қалдырмайды.
Кітаптың әдеби құндылығы, ең алдымен, оның тілі мен баяндау шеберлігінде жатыр. Снайдер күрделі әлеуметтік тақырыпты нәзік сезімдермен байланыстыра отырып жеткізе біледі.
Мысалы, ол зорлық-зомбылықтың құрбандарына ғана емес, олардың қоршаған ортасына тигізетін әсерін де жан-жақты ашып көрсетеді. Бұл тұрғыда автор адамның жеке тәжірибесін қоғамның жалпы проблемасымен үйлестіре баяндайды. Ал бұл кітапты тек деректі еңбек ретінде емес, әдебиет туындысы ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Кітапта автор оқиғаларды баяндап қоймай, бірнеше еңбекке сілтеме беріп, зорлық-зомбылықтың әлеуметтік, құқықтық және психологиялық тұрғыдан қаншалықты күрделі екенін терең зерттейді. Кітап ортасында өзіңізді бірде журналист, бірде тергеуші, бірде жәбірленуші, ал кейде криминалист те сезінуіңіз мүмкін.
Кітаптың ең әсерлі тұстарының бірі — автордың зорлық-зомбылықты «жеке мәселе» ретінде емес, қоғамның барлық деңгейіне әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс ретінде сипаттайды.
Автор бұл мәселенің психологиялық, әлеуметтік, экономикалық тамырларын да ашады. Үйдегі зорлық-зомбылықтың құрбандарын «Неге кетпейді?» деп кінәлау мәдениетіне жауап бере отырып, автор зорлықшыл қарым-қатынастардың күрделілігін терең көрсетеді: «Жәбірленушілердің көпшілігі озбырдан қашуға тырысады, бірақ оларды ұстап қалатын кедергі тым көп. Әлеуметтік стигма, экономикалық тәуелділік, құқықтық жүйенің әлсіздігі — осы факторлар олардың еркіндігін тежейді».
Снайдер әрбір оқиғаны өз алдына шағын трагедия ретінде жеткізеді, бірақ олар біртұтас оқиғалар желісіне бірігеді. Оның әңгімелері тек қасірет емес — автор үміт пен өзгерістер мүмкіндігі туралы да айтады.
Оқырманға ықпалы
Кітап ортасында «Мен мұнда қандай рөлдемін? Мен оқырманмын ба, әлде осы оқиғаның оң нәтиже табуына ниеттес белсендімін бе?» деген сұрақтар жетегінде жүріп, кітап кейіпкерлерімен ғұмырлас екеніңізді, кейде біз тек жаңалық беттерінен оқитын құрбандардың құрбысындай күйге түскендей боласыз. Бұл кітапта үйдегі зорлық-зомбылықты қарапайым, бірақ шынайы ашып көрсетілген.
Автор нақты деректер мен статистика арқылы ғана емес, шынайы оқиғалар арқылы оқырманның жүрегіне жол табады. Монтанадағы Мишельдің немесе Рокидің оқиғасы бізге Қазақстанның Маңғыстауындағы Мөлдір мен Гүлнұрдың үнсіз күресін еске түсіреді. Бұл оқиғалар әр әйелдің күресі қаншалықты ұқсас екенін және бұл күрестің географиялық шекарадан тыс жатқанын көрсетеді.
Кітаптың негізгі ерекшелігі — автордың құрбандардың да, қылмыскерлердің де психологиялық, әлеуметтік жағдайларын терең зерттеуі. Автор өмірлік тәжірибелер арқылы үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарын көрсетіп, оқырманды бұл мәселеге тереңірек үңілуге итермелейді. Зорлық-зомбылықты «жеке мәселе» ретінде ғана емес, тұтас қоғамға әсер ететін «қоғамдық дерт» ретінде сипаттауы — өте маңызды идея.
Снайдер нақты оқиғалар арқылы зорлық-зомбылықтың физикалық жарақаттан әлдеқайда тереңде жатқанын көрсетеді: «Зорлық-зомбылықтың ең қауіпті түрі — оның көрінбейтіні. Денеге түскен жарақат жазылады, бірақ қорқыныш пен психологиялық жара құрбандарды ұзақ жылға тұсап тастайды».
Снайдер зорлық-зомбылықтың құрбандары мен олардың айналасындағы адамдар арасындағы динамиканы шынайы әрі жанашырлықпен сипаттайды: «Махаббат — зорлық көрсетушінің ең қуатты қаруы. Ол бұл қаруды басқару мен манипуляциялау үшін қолданады». Бұл зорлық-зомбылықты тек физикалық әрекет емес, психологиялық бақылаудың бір түрі ретінде түсінуге мүмкіндік береді.
Кітапта зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңызы мен мүмкіндігі де тарқатып жазылған. Автор әлеуметтік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының бірлескен күш-жігерінің қаншалықты тиімді болуы мүмкін екенін мысалдар арқылы дәлелдейді: «Алдын алу жүйелері адамдардың өмірін сақтап қана қоймай, қоғамдағы зорлық-зомбылық мәдениетін өзгертеді».
Снайдердің тілі нәзік әрі шынайы. Ол құрбандардың жанайқайын оқырманға жеткізіп, олардың оқиғасын өте сақ, құрмет көрсете отырып баяндайды. Кітаптың ең әсерлі тұстарының бірі — автордың сұрақ қою әдісі: «Неге құрбандар кетіп қалмайды?», «Қоғам ретінде біз не істей аламыз? Біз қалайша құрбандарға көмек көрсетіп, зорлық-зомбылықты тоқтата аламыз?» деген сұрақтар қою арқылы біз қоғам ретінде неге бұл мәселені тоқтатуға жеткілікті әрекет жасамайтынымызды сұрайды. Бұл ой адамды бей-жай қалдырмайды және әр оқырманды жеке жауапкершілікке шақырады. Біздің қоғамға дәл қазір керегі де осы сияқты.
Қазақстанға маңызы
Бұл еңбек қазақ оқырманына өзекті. Себебі біздің қоғамда да үйдегі зорлық-зомбылық әлі де жасырын сипатқа ие. Бұл кітап біздің өзімізге, құқықтық жүйемізге және әлеуметтік мәдениетімізге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Зорлық-зомбылықты тек заң арқылы емес, сонымен қатар қоғамның сана-сезімін өзгерту арқылы жеңуге болатынын көрсетеді.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы зорлық-зомбылық мәселелерін салыстыра қарасақ, екі елде де проблема түбірінде ұқсас екенін көруге болады. Екі қоғамда да үйдегі зорлық-зомбылықтың жасырын сипаты бар, құрбандардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуы жеткіліксіз. Қазақстан үшін бұл кітап зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау жүйесін жетілдіруде ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар, автор құқық қорғау жүйесіндегі кемшіліктерді де ашып көрсетеді: «Құқықтық жүйе көбіне құрбандарды емес, зорлық-зомбылық жасаушыларды қорғайды. Қоғам ретінде біз бұл жүйенің өзгеруіне қол жеткізуіміз керек». Бұл сын әлемдегі барлық елге, соның ішінде Қазақстанға да өзекті. Бұл кітапты оқып отырып, зорлық-зомбылық мәселесі бір отбасының мәселесінен асып түсіп, бүкіл қоғамның дертін бейнелейтінін терең түсінесіз. Бұл кітабы тек ақпарат бермейді, ол әрекетке итермелейді.
«Сырты бүтін» тек деректерді жеткізу үшін емес, қоғамдағы терең өзгерістерге түрткі болу үшін жазылған. Бұл еңбек Қазақстан сияқты елдер үшін зорлық-зомбылыққа қарсы саясатты жетілдіру мен құрбандарды қорғау жолдарын іздеуде құнды құрал бола алады.
Қазақ әдебиетімен салыстыру
Бұл еңбек — феминистік көзқарастың жарқын көрінісі. Автор зорлық-зомбылықтың түп-тамырына үңіліп, оның патриархаттық мәдениетпен тығыз байланысын ашады. Еңбек қазақ әдебиетінің әйел тағдырына көрсеткен классикалық шығармаларымен үндес болғанымен, тақырыпты мүлде жаңа қырынан қарастырады.
Қазақ әдебиетіндегі әйел тағдыры туралы айтсақ, Ғабит Мүсіреповтің «Ана жыры» немесе Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» сынды шығармалар әйелдің күрделі тағдырын көрсетіп, ішкі жан дүниесін ашуға тырысады. Бұл туындыларда әйел образы рухани күштің, қайсарлықтың, аналық борыштың символы ретінде суреттеледі.
Ал Снайдер, керісінше, әйелдің осал тұстарын, оның қорғансыздығын және құқықтық жүйенің оларға жеткілікті қолдау көрсете алмайтынын әшкерелейді. Жазушы қоғамның зорлық-зомбылыққа бей-жай қарауынан туған трагедиясын ашады: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық — бір отбасының мәселесі емес, бұл тұтас қоғамның бейқамдығының нәтижесі».
Қазақ әдебиетінде әйелдің рухани-эмоционалдық күресін суреттейтін шығармаларда көбіне отбасылық қарым-қатынастарға мәдени тұрғыдан оң көзқарас ұсынылады. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуы» әйелдің қоғамдағы орны мен жеке бостандығын бейнелейді, бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін ашық көтермейді. Снайдер бұл мәселені толық ашып, құрбандардың құқығы мен мүмкіндігін терең зерттеп, көркем әдебиет әдістерін қолдана отырып шебер жеткізеді.
Қазақстан мен АҚШ
Рейчел Луиз Снайдердің «Сырты бүтін» кітабы үйдегі зорлық-зомбылықтың алдын алу мен оны құқықтық тұрғыда реттеуге арналған маңызды мәліметтер ұсынады. Кітаптағы заңдарға сүйене отырып, Қазақстан мен АҚШ-тың осы мәселе бойынша саясатын салыстыруға болады.
Зорлық-зомбылыққа қарсы заңдардың қабылдануы. АҚШ-та 1994 жылы қабылданған Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық туралы заң (Violence Against Women Act) үйдегі зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде тануға алғашқы қадам болды. Бұл заң құрбандарға құқықтық қорғау мен көмек көрсетуге мүмкіндік берді, бірақ автор атап өткендей: «Тіпті осындай ауқымды заңның өзінде қаржыландыру жетіспеушілігі жүйенің тиімділігін шектейді». АҚШ-та бұл заңның әр бес жыл сайын жаңартылуы оның үнемі өзгерісті талап ететінін көрсетеді.
Қазақстанда үйдегі зорлық-зомбылық 2024 жылға дейін Қылмыстық кодекс бойынша ауыр жарақат болған жағдайда ғана қылмыс ретінде қарастырылып келді. Мысалы, Қазақстанда «құқық бұзушыға қорғау ордерін беру» тәжірибесі бар, бірақ оның орындалуын бақылау әлсіз.
Қаржыландыру мен ресурстар. АҚШ-та Violence Against Women Act қабылданғаннан кейін федералдық деңгейде зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесуге бюджет бөлінді. Автор атап өткендей: «Үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарына көрсетілетін көмекке жылына миллиардтаған доллар жұмсалады, бірақ бұл мәселені түбегейлі шешуге жеткіліксіз». Қазақстанда әйелдерге арналған панажайлар мен көмек көрсету орталықтары саны шектеулі, ал олардың жұмысы көбінесе халықаралық ұйымдардың немесе жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың қаржыландыруымен жүзеге асады. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі әлдеқайда аз.
Алдын алу бағдарламалары. Снайдер High Risk Teams және Danger Assessment Programs сияқты алдын алу шаралары туралы жазады. Бұл бағдарламалар зорлық-зомбылық әрекеттерін болжау және құрбандарды қорғау үшін тиімді тәсілдер ұсынады.
Мысалы, «Danger Assessment» жүйесі құрбандарға зорлық-зомбылық қаупін бағалауға және оларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақстанда мұндай жүйелі алдын алу бағдарламалары енді ғана қолға алынып жатыр. Зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған бірнеше заң әлі де жетілдіруі керек, ал оның жүзеге асырылуы көбіне полиция мен әлеуметтік қызметкерлердің дайындық деңгейіне байланысты.
Қару-жарақ пен зорлық-зомбылық. Автор атап өткендей: «Үйдегі зорлық-зомбылық кезінде қару қолданылса, құрбанның өлім қаупі 500 пайызға артады». АҚШ-та қару-жарақтың кең таралуы зорлық-зомбылық жағдайларындағы өлім-жітімнің артуына әсер етеді. Қазақстанда қаруға қол жеткізу қатаң бақылауда болғанымен, бұл зорлық-зомбылықты азайтудың жалғыз шешімі емес. Қару қолданылмаса да, зорлық-зомбылықтың басқа түрлері жиі кездеседі, мысалы, психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылық көп.
Снайдер зорлық-зомбылық құрбандары туралы жаза отырып, қоғамның бұл мәселеге реакциясын айыптайды.
Ол АҚШ-та 1994 жылы қабылданған Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық туралы заң жайында: «Бұл заң қоғамды оятуға көмектесті, бірақ зорлық-зомбылықпен күресу үшін ол жеткіліксіз. Бізге құқықтық тетіктерден бөлек, мәдени сананы өзгерту қажет» дейді.
Бұл идея Қазақстан үшін де өзекті. Бізде де заңдар бар, бірақ олардың толық іске асырылмауы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және қоғамның үнсіздігі құрбандарды көмексіз қалдырып жатады.
«Сырты бүтін» — бұл жай ғана зерттеу емес, бұл үнсіздікке қарсылықтың символы, бұл қоғамды оятуға арналған жанайқай. Бұл кітап мәселені көрсетіп қана қоймай, оны шешу жолдарын ұсынады. Снайдердің еңбегі бізге әйелдер үнін тыңдаудың, олардың құқығын қорғаудың және қоғамдағы стереотиптерді жоюдың қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет еске салды.