Көркем көрме, қыш кесе, құрақ киім. Dunie дизайн студиясының жолы

Көркем көрме, қыш кесе, құрақ киім. Dunie дизайн студиясының жолы

Суретші әрі дизайнер Әсел Нүсіпқожанова мен күйеуі, сәулетші Ахат Байменов 2020 жылы бастаған Dunie жобасы әуелі жиһаз жасауға қызығып, кейінгі үш жылда дамып, танымал өнер-дизайн студиясына айналды. ’98mag авторы Дәрия Темірхан Dunie ұжымына қонаққа барып, жобаның өткені, бүгіні мен болашағы туралы сұрады. 

Dunie дизайн студиясы — тек қыздардан құралған алматылық өнер-дизайн кеңістігі. Онда жоба директоры Әсел Нүсіпқожановадан бөлек, студия негізін қалаушылардың бірі Руана Есенғосова, концептуал директор Аида Әділбек, арт-директор Юло Хан, дизайнер Айя Сапар мен менеджері Ерке Әлімбекова жұмыс істейді. Үш жыл ішінде жоба түрлі бағытта жұмыс істеп көріп, бірнеше коммерциялық жобаға арт-дирекциялық етті. 2023 жылдың аяғында бренд тағы бір тың бағытқа бет бұрды. Біз әңгімені жоба тарихынан бастадық.

Dunie қалай пайда болды?

’98mag: Әсел, Dunie жобасын жасаймын деген ой қашан пайда болғаны есіңізде ме?

Әсел: Иә, 2018 жыл болатын. Ол кезде аяғым ауыр еді. Өзімнің ASSEL киім брендін қарқынды дамытып жаттым. Ал күйеуім Ахат өзінің сәулет жобаларында жиһазды да жобалаумен айналысып жүрді. Бірақ өзінің студиясынан бөлек жаңа жоба бастап, өзгеше дизайндарды байқап көруді ойлап жүрді. Басында үйге ең қажет заттардан бастап, есік пен төсек жасағысы келген. Жиһаздан бөлек, қолөнершілермен де жұмыс істейік деді. Маған бұл ойы ұнады. Өмірде алғаш рет киімнен басқа бір дүниемен айналыса алатынымды түсіндім. Пластилин алып, абстрактлі бейнелер мен құмыраларды илей бастадым. Жобаға ат іздедім. Қызық идеялар пайда болғанда құрбым, Text and the City жобасының негізінің қалаушысы Әсел Жабасовамен ақылдасуды жөн көремін. Екеумізге де «дүние» деген сөз ұнады.

Аты табылған соң, жобаның бағыты да айқындала бастады. Қандай дүние жасайтымыз түсінікті болды. Біздің қолөнершілермен біріге жұмыс істегіміз келді. Алғашқыда біз Forma ceramics студияның негізін қалаушы Татьяна Найзагаринамен жолықтық. Біраз уақыт серіктес болып, қолөнершілермен жұмыс істеген соң, жоба толықтай өзіме өтті. Күйеуім де өзінің жобасын жаңа бағытта дамытқысы келді. Жобаның негізгі ерекшелігі — біз жұмыс барысында қолөнершілермен бірлесіп, осы істің қыр-сырын үйрену кезінде жаңа дүние жасаймыз. 

’98mag: Ал жобаның үш жұлдызды логосы нені білдіреді?

Әсел: Бала кезімде Балқашқа жиі баратынмын. Есейген соң күйеуіммен, қызыммен, достарымен тағы бардым. Тап сол мен, бірақ Балқашта мүлде басқа адам сияқтымын. Сол мезетте көз алдыма өмірімнің үш кезеңін бейнелейтін үш жұлдыз келді. ASSEL менің жеке, тәуелсіз болмысымды көрсетсе, Dunie тұрмыстағы мені көрсетеді, бұл — отбасылық жоба.

Көрме қарсаңында табысқандар 

’98mag: Шетелден оралған соң жобаның идеясын қолдайтын, мүдделес адамдарды қалай таптыңыз?

Әсел: Юломен біз Италияда оқып жүргенде танысып, бірден тіл табысып кеттік. Юло — ойымды, идеямды бірден түсінетін адам. Мен Қазақстанға оралған кезде Юло әлі шетелде еді. Өзім басқа фотографтармен жұмыс істеп көрдім, бірақ Юло сияқты менің концепциямды фотография арқылы жеткізе алатын адамды тапқан жоқпын. Ал Аидамен жеке көрмемнің қарсаңында таныстық.

Аида: Иә, мен Әсел жасаған бұйымдардың жанкүйері едім. Тіккен киімдерін көргенде бірден сән шоуына барғым келді. Лондондағы Goldsmiths университетінде оқуымды бітіргеннен кейін матамен жұмыс істегім келді. Сөйтіп Әселге жанкүйер ретінде емес, осы саладағы әріптесі ретінде жазуға сылтау табылды. 

Әсел: Ал мен ол кезде кескіндемемді салып, өзімнің «Ғажап дүние» көрмеме дайындалып жүрдім. Көрме қайта оралмас жастық шаққа сағыныш сезімі туралы еді. Кіп-кішкентай ғана шеберхананы жалдап жүргенмін. Юлоны көрменің кураторы ретінде шақырдым. Бірақ көрменің қыр-сырын білетін тағы бір адам жетіспегендей көрінді. Тап сол кезде Аидамен танысып, оған кескіндемемді көрсеттім. Оған со-куратор болуды ұсынып едім, келісе кетті. Бір-бірімізге сенім артып, үшеуіміз іске кірістік.  Көрмеге орын таппай, жаңадан кеңістік құру ең қиын жұмыс болды. Көрме аз қалғанда оны бақылайтын, көрерменге экскурсия жүргізетін адам іздедік. Айямен сол кезде таныстық. Айя ең пысық, ең профессионал болғандықтан, бірден қатарымызға қосып алдық. Көрме өте қөңілді, қызық өтті. Әлі күнге дейін жылулықпен еске алам. 

Аида: Көрмеден көп нәрсе үйрендік. Біздің қоғамда «мәңгі аш суретші» туралы түсінік кең тараған. Бұл — суретшілердің өзі емес, ықпалды институциялар енгізген түсінік. Олар суретшілердің жұмысын қолданып, солардың арқасында ақша тапқасы келеді. Сондықтан Әселдің «Өзімді суретші ретінде танытқым келеді, бірақ жобаның коммерциялық жағы да бар» деген шыншыл сөзі маған қатты ұнады. Өзім кескіндемеге аса жақын емеспін, бірақ маған Әселдің суретші ретіндегі тұлғасы ұнады. Ал көрме маған жақсы сабақ болды. Өнерді қалай сату керек, суретшілердің шығармашылығын қалайша қолдай аламыз деген тақырыптарға еркін сөйлеуді үйрендім. Бұл — ұялатын тақырыптар емес, бәрі нақты айтылуы керек.

Әсел: Көрме аяқталғаннан кейін, Айямен ақылдасып Dunie-нің болашағы зор екенін түсіндік. Сол кездері бізге жобалардың креатив бағытына жетекшілік ету жөнінде ұсыныстар келе бастаған. Біріншісі Yourta жобасы болды. Кейіннен NAAW архитектурлық бюросымен abr компаниясының Auyl жобасын жасадық. Бұл жоба Айя екеумізді жақындастырды. Айя менеджер ретінде шыңдалып, қолөнерді үйренді. Ал Руанамен біз ортақ достарымыз арқылы таныстық. Оған Dunie бірден ұнады. Мақсаттарымыз бірдей болғандықтан, тез тіл табыстық.

Руана: Әселдің шығармашылы маған әрдайым ұнайтын. Оның көрмесінде де бардым. Карантин кезінде өзім де жоба бастағым келген. Әсел менің бұл ойымды қолдады. Екінші балам аутизм дертімен дүниеге келді. Бұл маған ауыр кезең болды, өзімді жоғалтқандай болдым. Сол кезде Dunie-ге жұмысқа тұрдым. Бұл жоба түп-тамырымды тануға көмектесті. 9 жасымнан бері Англияда тұрдым. Ересек кезімде Қазақстанға оралғанда Dunie арқылы өзімнің мәдениетімді қайта тани бастадым.

Топпен істеудің артықшылығы

’98mag: Юло, сіздің Dunie-ге, одан өзге жобаларда жасаған жұмыстараңызда бір ерекшелік бар. Заттың суретіне қарағанда оны құдды бір ұстап көргендей боласың. Мұндай стильге қалай келдіңіз?   

Юло: Қызық сұрақ, бұрын бұл туралы ойланып көрмеппін. Өзім баспаға баратын дүниені, каталог, этикетка, брошюра мен анықтамаларды қадағалап отырамын. Оларды ұстағанда адамға жағымды болуы үшін өте сапалы қағаздарды таңдаймыз. Ал суретке түсіргенде детальдарға қатты мән беремін. Біз таңнан кешке дейін жобаны жетілдірумен айналысамыз. Жобаның ерекшеліктерін әуел баста-ақ түсінген адам болғандықтан, маған ыждағатпен кампейн түсіру қиын емес. Оның үстіне біз Әселмен 12 жыл бойы бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Бір-бірімізді айтпақ-ақ түсінеміз. Сәтті шығатыны бәлкім содан шығар.

’98mag: Айя, қалыптасқан суретшілер арасында жас суретші әрі куратор болған қалай екен? 

Айя: Dunie тобы және бұл орта көп өзгеріске ықпал етіп жатыр. Суретші ретінде өзіме көп сұрақ қоятын болдым. Өсемін десеңіз, бұл өте маңызды. Мысалы, Dunie-де жұмыс істеу кезінде өзіңіз шығармашылық зерттеу үшін тақырып таңдап, сол бойынша күнделік жүргізесіз. Мен шырдақ/сырмақ тақырыбын таңдадым. Қазір осы тақырыпты шығармашылық жағынан қарастырып жатырмын.

’98mag: Аида, сіздің жеке суретші ретінде және «MATA», «DAVRA», «Dunie» мүшесі ретінде әртүрлі тәжірибеңіз бар. Белгілі бір идеялар келгенде оны қай жерде, қай жобада қолданатыныңызды қалай ажыратасыз? Суретші бола тұра директорлық қызмет атқару қиын емес пе?

Аида: Расымен, әуелде «Дизайн студияда мен не жұмыс істеймін?» деген сұрақ болды. Бірақ Әсел екеуіміз көрме аяқталғаннан дос ретінде жиі көрісіп, жұмыс бойынша бір-бірімізге кеңес беріп отырдық. Сол себепті Dunie-ні дамыту бойынша айтыла бастағанда, топтың мүшесі ретінде өзімнің қалай көмектесе алатынымды түсіндім. Себебі Dunie-де ең алдымен өзімізге ұнайтын дүниені жасаймыз. Шынайылығымызды сақтай отырып, қолөнершілермен біріге қызық дизайндар жасаймыз. Одан бөлек, маған бұл эскапизмнің бір жолы болды. Суретші ретінде шығармашылығымды ойлап, түңіліп жүретінмін. Ал топпен жұмыс істегенде мұндай үрейге беріліп кетпейсің. 

’98mag: Ал Dunie-нің креатив директоры ретінде күн тәртібіңіз қандай?

Аида: Бірге үстел үстінде алдағы жоспарларды талқылаймыз, скетч жасаймыз, алдағы өндіріс барысын жоспарлаймыз. Бірге тамақтанамыз, соның арасында қонақтар да келеді. Олармен сөйлесеміз. Қызық, жалықпайсың.

Құрақ киім

’98mag: Dunie жобасы жасаған өзіңіздің сүйікті тауарыңыз қайсы?

Юло: Әр туынды бірегей, әрбір заттың тарихы бар. Бірақ өзіме жасаған кілемдеріміз ерекше ұнайды. Кілемдерді тоқыған әйелдермен көп уақыт өткіздік, әңгімелестік. Оның жасауға қаншама уақыт пен еңбек кеткенін білгенде заттың құндылығы бірден артып кетеді екен.

Айя: Маған біздің қыш кеселеріміз қатты ұнайды. Басында олардың үстіне сурет салғым келмеді. Бірақ салатын басқа кісі болмағандықтан өзім кірісіп кеттім. Қазір кеселер — өзіме ең жақын туындының бірі.

’98mag: Dunie дизайн студиясы таяуда алғашқы киімдерін сатылымға шығарды. Сонда ASSEL мен Dunie-нің айырмашылығы қандай? 

Әсел: Бұл көп адамның көкейінде жүрген сұрақ шығар. ASSEL фэшн бренд болды. Әрбір маусым сайын жаңа топтама жасайтынбыз. Әр топтамада 60 түрлі киім-кишек болатын. Онымен түсірілімдер де жасаймыз. Fashion жүйесі өте тез өзгереді. Бірақ ол жоба әзірше істемей тұр. Пандемия алдында бәрін тоқтаттық. Қазір бұл брендтің келешегін ойластырып жатырмын. Әлемдегі контекст өзгеріп, мен де жаңа бағытын іздеп жатырмын. 

Ал Dunie аясында біз fashion жасап жатқан жоқпыз. Бөлек әлем құрастырғандаймыз. Адамдар үйде де, сыртқа да кие алатын киімдер тіктік. Адамның өзіне ыңғайлы, ең бастысы өзіне ғана ұнайтын киім шығардық. Өз арамызда оны «демалғанда киетін киім» дейміз.

’98mag: Енді жаңа дроп туралы айтып берсеңіз. Оның ерекшелігі не болды?

Аида: Біз әртүрлі кітаптарды ақтарып, өзімізге ұнайтын дүниелерді іздейміз. Қолөнершілердің жұмысына таңдана қарап, олардан шабыт аламыз. Бізде түрлі жылдары, түрлі аймақтарда тігілген құрақ көрпелердің фотолары бар. Соларды шолып, әрбірінің түсін, олардың өзара үйлесімін зерттедік. Жаңа дроптан соны көруге болады. Құрақ үйде бар маталардан жасалады ғой. Біз де соны назарда ұстадық. Жаңа дроп үшін арнайы мата әзірлеп, оған принтімізді басып шығардық. Принт ұзындығы — 4 метр, сондықтан киімдердің түсі де, оюлары да қайталанбайды. Кәдімгі құрақ жасағандай болдық.

Қолдаусыз қалған қолөнер

’98mag: Қазіргі өндірістеріңіз экологиялық па?

Аида: Өкінішке қарай, жоқ. Себебі киіздің өзін Қырғызстаннан тасымалдау кезінде бізге арнайы қағазға орап жібереді. Оған арнайы күтім қажет. Қандай да бір затты бір жерде өңдеп, тап сол жерде сатсаңыз ғана экологиялық өндіріске қол жеткізу мүмкін шығар. Алайда қазір Қазақстанда бұлай істеу қиын. Бірақ жобаны экологиялық етуге тырысып жатырмыз. 

’98mag: Ендігі мақсаттарыңыз қандай? Өндірісті үлкейтуге тырысасыздар ма?

Руана: Әлбетте! Бірақ осы жылды біз шығармашылыққа, өзіміздің эксперименттерімізді жасауға арнап жатырмыз. Қыздардың бәрі суретші, шығармашылық қазір маңыздырақ. Ешқайда асықпаймыз. 

Аида: Алдағы уақытта әлемдік ритейлға шығу жоспарда бар. Ал студия ретінде түрлі бағытта дамығымыз келеді. Бәлкім үйдің ішіне керек заттың бәрін жасармыз. Одан кейін өзге де кеңістіктерді қамти алатын шығармыз. Эксперименттеріміз бізді суретшілік, дизайнерлік және техникалық дүниелер жасауға бейімдеп жатыр. 

’98mag: Қазақстан нарығында бәсеке зор ма, әлде мұндай жоба аз ба? 

Руана: Салыстырмалы түрде айтсам, біздің нарық кішірек. Шетелде өндіріс барысы баяғыда айқындалып қойса, бізде әлі жолға қойылмаған. Dunie — өзіме бірегей жоба. Үздік студия деп білемін. Ал бәсекелестеріміз бар ма, жоқ па — бейтарап баға бере алмаймын. 

’98mag: Өндіріс кезінде қандай қиындықтар болды?

Руана: Қиындықтар үнемі болады. Қанша дайындалсаң да, күтпеген мәселе шығып тұрады. Әйелдер жанашыр жандар ғой, топ ретінде бір-бірімізді үнемі қолдап, бір-бірімізге көмектесіп отырамыз.

Аида: Техникалық жағынан бәрі біз ойлағандай шықпауы мүмкін. Біз қадағалай алмайтын жайттар болады. Кейде ойымызды толық іске асыра алмай жатамыз. Себебі Қазақстанда қолөнер дәстүрі ұмытылып, шеберлер азайып барады. Бұған үкіметтен қолдаудың жоқтығы да себеп болып отыр. Бұлай кете берсе, алда қытайлық үлкен мануфактураларға тапсырыс беруге мәжбүр болармыз. Бірақ үмітімізді үзбейміз.

Әсел: Келешекте текстильмен жұмыс істеп, сол бағыттағы қолөнершілерді жұмыс орнымен қамтамасыз ету үшін мануфактура құрғымыз келеді. Бірақ оған әлі біраз уақыт бар.

’98mag: Сұхбаттарыңызға рақмет!

Фото: dunie.studio

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
КАОС — безумное переосмысление древних мифов
Культура
#кино
КАОС — безумное переосмысление древних мифов
Wukong: о лоре первоисточника, ставшем поп-культурным феноменом
Ликбез
#истории
Wukong: о лоре первоисточника, ставшем поп-культурным феноменом
ARTиШОК открывает новый сезон и запускает круглосуточный марафон событий
Город
#события
ARTиШОК открывает новый сезон и запускает круглосуточный марафон событий
Doechii-дің жаңа микстейпін неге тыңдауымыз керек?
Культура
#музыка
Doechii-дің жаңа микстейпін неге тыңдауымыз керек?
Секс, нацисты и триумф Альмодовара — чем запомнился 81-й Венецианский кинофестиваль
Культура
#кино
Секс, нацисты и триумф Альмодовара — чем запомнился 81-й Венецианский кинофестиваль